• Тарих
  • 24 Қараша, 2022

«АРХИВ – 2025» БАҒДАРЛАМАСЫ: ҚЫРҒЫЗ МҰРАҒАТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ БОСҚЫНДАРЫ ТУРАЛЫ ҚҰЖАТТАР

Бірнеше жылдан бері «Ұлы даланың тарихы және мәдениеті бойынша шетелдік архивтер мен қорлардағы археографиялық жұмыстар (анықтау, сараптау, цифр­лау)» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ғылыми жобасы негізінде «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы даярланып, жүзеге асырылып келеді. Осы бағдарламаның жүзеге асырылуына ҚР Орталық мемелекеттік архиві де өзіндік үлесін қосуда. 

«Ұлы даланың тарихы және мәдениеті бойынша шетелдік архивтер мен қорлардағы археографиялық жұмыстар (анықтау, сараптау, цифрлау)» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ғылыми жобасын жүзеге асыру бойынша үйлестіру және әдістемелік жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік ұйымдармен, архивтермен, ЖОО-мен, ғылыми қауымдастықты жұмылдыра отырып, ұлттық тарихтың ашылмаған тұстарын ашуға мүмкіндік беретін отандық және халықаралық архивтердің құжаттары негізінде ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында Ұлттық архив және Сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығы жанынан «Архив – 2025» ғылыми-әдістемелік орталығы құрылды.

Осы үйлестіру орталығының жұмысына белсене араласқан ҚР Орталық мемлекеттік архиві Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің қолдауымен Ресей, Франция, Түркия, Белоруссия, Қырғызстан және т.б. елдерде археографиялық экспедиция ұйымдастырды. Сондай топтың бірі, осы мақала авторлары Қырғызстан Респуб­ликасы Бішкек қаласына жоспарланған мерзім аралығында Қазақстан Респуб-ликасы Орталық мемлекеттік архиві, Қазақстан Республикасы Президентінің архиві, ҚР Ұлттық архив қорларына Бішкек қаласындағы орталық архивтерден (ОМА, ҚСҚ ОМА, Бішкек қалалық архиві, ҚР Жоғарғы соты) бұрын әкелініп өткізілген істер мен құжаттар тізімімен мұқият та­нысты. Бірақ осы кезеңге дейін Қырғызстан архивтерінен әкелінбеген құжаттар бары анықталды.

Іссапар мақсатына сәйкес Бішкек қаласындағы орталық мемлекеттік архивтерден төмендегідей бағыттар бойынша құжаттар мен материалдар жинақталды:

– XVIII–XIX ғасырдағы Жетісу өңіріндегі Ресей отарлау саясатының кеңінен етек жаюына негіз болған әртүрлі экспедициялардың қорытындылары мен есептері, Қоқан хандығымен қарым қатынастар; 

– 1884 –1916 жж. Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы, 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілістің Ыстықкөл, Шу ошақтары және осы Жетісу облысы қазақ-қырғыздарының ара қатынасы;

– «Сырдария облысы Әулие-Ата уезі бастығының басқармасы (Әулиеата қаласы) 1868–1917 жж.» қорынан Ұлы жүзге қатысты Ошақты, Сиқым, Шымыр, Қоралас т.б. болыстықтардың басқарушылары мен ауыл старшиналарын қаржыландыру жөніндегі сайлау парақтары мен үкімдердің көшірмесі;

– 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі және 1850–1921 жылдардағы Жетісу өңірінің Ресейге қосылуы (1920 ж. 30 қаңтар –1921 ж. 3 ақпан);

– Жетісу аумағындағы ұзаққа созылған отарлау саясаты барысындағы сұлтандардың өзара қарым-қатынасы, олардың патшалыққа билікке қызмет етуі мен қарсылығы, ұлт-азаттық көтері­лістердің барысы туралы есептер мен мәліметтер (1884 –1916 жж.);

– Қырғыз АССР-нің жұмысшы, шаруа және Қызыл әскер депутаттары Кеңестерінің орталық атқару комитеті (ОАК) жұмысы, қаулылары, шешімдері мен жеке құрам бойынша бұйрықтар  (1915 –1919);

– Бүкілодақтық атқару комитетінің (БОАК) Қазақ және Қырғыз Республикалары арасындағы мемлекеттік шекараларды нақтылау туралы бірінші кеңесінің хаттамасы. Қырғыз АКСР-і мен Өзбек АКСР-і арасындағы аумақтық дауларға қатысты КСРО ОАК хатшылығы отырысының №36 хаттамасынан үзінді және оған қатысты материалдар (1926-1932);...

– Қырғыз және Қазақ АКСР ара­сындағы шекараларды нақтылау жөніндегі мате­риалдар (3 қаңтар-30 желтоқсан 1928);

– 1920 –34 жж. ашаршылық жылдары Қырғыз АКСР аумағында көшіп келген, босқын қазақ-көшпелілері, босқындары туралы материалдар мен мәліметтер (1926–1934 жж.);

– Жетісу революциялық комитетінің бұйрықтары, ерекше комиссияның баяндамасы, қазақ босқындарды орналастыру туралы мәлімдемелер мен хат алмасулар. 1-б. (1920 ж. 30 қаңтар –1921 ж. 3 ақпан);

– Түркреспубликасы ХКК, ОАК Жетісу облысындағы қазақ босқындарды орналастыру жөніндегі арнайы комиссия­сы­ның және уездік ревәскери комитетінің бұйрықтары. Одақтың хаттамалары. Әс­керге жұмылдырылғандарды (мобили­зация­ланғандар) жабдықтау туралы Азық-түлік бөлімімен алмасқан хаттары (1917–1924);

– Жетісу облыстық атқару комитетінің, уездік, қалалық ревкомның, аштыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның ауыл шаруашылығы саласынан таза мал шаруашылықтарын босату, ашаршылық зардаптарын жою, қалалардың санитарлық жай-күйі туралы, қоғамдарды тіркеу тәртібі және олардың съездерін шақыруға рұқсат беру туралы қаулылары, циркулярлары, нұсқаулықтары, өкімдері. Реформа жүргізу бойынша алмасқан хаттарының көшірмесі алынды (1923 ж. 24 қаңтар –1923 ж. 29 желтоқсан);

– ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы қазақ-қырғыз қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани өмірі, алғашқы қазақ кеңестік республикасының құрылуына қатысты құжаттар, мемлекет қайраткерлері туралы;

– Ұлт тарихындағы ірі тарихи құбылыс  «Алаш» қозғалысы және оның қазақ-қырғыз қайраткерлеріне қатысты да тың мәлімет жинақталды.

Айта кететініміз, археографиялық экспедиция барысында алып келген құжаттар бұрын еш жерде жарияланбаған және тарихи құндылығы ерекше маңызды. Мысалға, осы уақытқа дейін қазақтың біртуар перзенттері Т.Рысқұлов пен Қ.Сарымолдаевтың және басқа да қазақтардың Ауыл шаруашылығы және мемлекеттік мүлік министрлігінің Пішпек төменгі ауылшаруашылық мектебінде оқы­ғандығы туралы көп айтылып та, жазылып та жүр, бірақ соның құжаттық дәйектемесі еш жерде кездеспеген еді. Осы жолғы іссапарда сол құжаттың түпнұс­қа­сынан көшірме алуға мүмкіндік туды (суретте).

Өткен ғасырдың 1929 –1933 жылдары елді жайлаған аштықтың салдарынан Қазақстанда бұрын-соңды болмаған босқындар саны байқалды. Кейбір деректерде көрсетілгендей, 250 мың қазақ Қырғызстаннан пана тапты.

1932 жылы қазақтардың Қырғызстанға жаппай қоныс аударғандығы туралы ҚР Орталық мемлекеттік архиві қорларындағы деректерде Қазақстанның басқа облыстарын қоспағанда, 1930-1932 жылдары 16 ауданның 8812 шаруашылық Қырғызстанға көшкен. Қоныс аударушылардың көпшілігі Алматы, Кеген, Шұбартау, Үржар, Аягөз, Балқаш аймақтарында орналасқан қазақтар болды. Сонымен қатар  Алматы облысынан Қытайға 14824 қазақ шаруашылық, облыс ішіндегі басқа аудандарға – 19755, Қазақстанның басқа аймақтарына – 842 шаруашылық кетуге мәжбүр болғандығы көрсетілген. Осындай үдере көшу барысында 1932 жылы Қырғызстанға қоныс аударған қазақтардың саны 25-30 мың шаруашылыққа жеткен. 1932 жылдың ортасында Алматы төңірегінің өзінен Қырғызстанның солтүстік бөлігіне кеткен отбасылар саны 7300-ге (35000-40000 адам) жуық болғандығы туралы шетелдік ғалым И. Огайонның зерттеулерінде де айтылады. 

Бізге осы уақытқа дейін қазақ босқын­дары туралы ҚырАКСР ХКК төрағасы Ю.Абдрахмановтың «Күнделігіндегі» қысқа ғана жазба таныс еді. Онда, 1932 жылғы 25 ақпандағы жазбасында: «Фрунзе маңында 2-қала – аштық пен кедейлік салдарынан қоныс аударған қазақ азаматтарының киіз үйлер қаласы өсті. Бұл Филиптің жұмысының нәтижесі» екендігін ашық айта келіп, Маркстің капиталистік дамыған елдер, оның капитализмі, аурулары (бұқараның күйреуі, дағдарыс, жұмыссыздық және т.б.) тек оған баратын елдердің болашағын көрсетеді деген тұжырымын келтіреді (Филип – Ф.И.  Голощекин (1876–1941) – 1925–1932 жж. БКП(б) Қазақ Өлкелік комитетінің бірінші хатшысы болған). Осы жазбасында «Қазақтардың тағдыры мен болашағы қырғызды көрсетпей ме? Ұқсас. Бүгінде тіпті қыңыр ақымақ адамдар 32-жыл отар санының азаюына әкелетінін мойындайды. Шахрай мал союды кейінге қалдыру туралы жеделхат жіберді, өйткені бұл 150 мың (қарапайым санау) түлік, өсім береді. Бірақ ол мені ет дайындаудың мал басының азаюына әсер ететінін дәлелдегенім үшін көпшілік алдында сынаған еді. Фактілер тіпті үмітсіз ақымақтарды да ақылды етеді», – деп жалғастырады (А.О. Шахрай) (1898–1949) – 1930–1934 жж. БКП(б) Қыробкомының жауапты (бірінші) хатшысы болған). Байқап отырғандарыңыздай, қырғыз астанасы маңында 2-қаланың пайда болуы дегеніміз, қазақ босқындары санының күн санап өсе түскендігін, сол тұстағы республика билігін қолына ұстаған Голощекиннің содыр саясатының салдары екендігін де, асыра сілтеу саясатының кесірінен мал басының күрт азайғандығынан да хабар береді.

Ал архив құжаттары осы жазбада айтылғандарды кеңейте түседі. Осынау ауыртпалы кезеңде босқын қазақтарға олардың тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі. Қырғыз үкіметі оларды орналастыру және астықпен қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-шараларға көмек көрсететін болады. Қырғыз АССР ХКК төрағасы Ю.Абдрахмановтың тікелей араласуымен қазақ босқындары орналасқан жерлерде арнайы дүңгіршектер ашу арқылы 61425 кг бидай және 4140 кг тары жеткізу және оның жеткізілуіне Бүкілодақтық астықты дайындау және өткізу жөніндегі кеңсе (заготзерно) қорын пайдалану қажеттілігі көтеріледі.

Елді жайлаған аштық салдарынан өз туған жерінен амалсыз үдере көшіп, өзге елде босқын атанған қазақ қоныс аударушыларын жаңа жерде орналастыру мақсатында жүргізілген жұмыстар жалғасын тапты. Осы мақсатта 1933 жылдың 17 наурызында Қырғыз АКСР ХКК №132 «Қырғызстан аумағындағы қазақ босқындары туралы» қаулысы қабылданады. Аталған қаулы бойынша Қырғызстан аумағындағы қазақ босқындарын орналастыру мақса­тында Халық еңбек комиссариатына жұмысшыларды ирригация, жол құрылысы жұмыстарына тарту, өнеркәсіптік және шаруашылық кәсіпорындардың мұқтаждықтары үшін – оларды бірінші кезектегі жұмысқа қабылдауды қамтамасыз ету ұсынылған.

Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы халық комиссариатына (Наркомзем) Қырғыз жеріндегі қазақ халқының қоныстануы бойын­ша олар орналастырылатын тиісті аудан, жер алаңын көрсете отырып, атқарылатын іс-шараларды әзірлеу және РСФСР ХКК-ның комиссиясының қарауына ұсыну үшін оған қажетті материалдық шығындарды есептеу қажеттілігі де қамтылған.Қаулыда ОАК жанындағы Балалар комиссиясына және Қырғыз Қызыл Крест және Жарты Ай қоға­мына аудандарды, контингенттерді және қажетті материалдық шығындарды айқындай отырып, қазақ балаларына арналған балалар колонияларын ұйым­дастыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеуді және босқын қазақтарды орналастыруға қажетті материалдарды РСФСР Халық комиссиясына ұсыну тапсырылды.

Қазақстандағы Кеңес үкіметі мен Коммунистік партияның аграрлық саясаты мен саясаты, көшпенділердің дәстүрлі шаруашылығына зорлық-зомбылығы мен болашақ тағдыры туралы ойланбастан жүзге асырылған солақай саясатының салдарынан (1929–1933) қазақтардың жат жерлерге үдере көшуі кеңінен өріс алды. Осындай жаппай көшу үдерісін тоқтату мақсатында және Түркреспубликасы тарапынан шара қолдану қажеттілігі күн тәртібінде тұрды. Қазактардың қырғыз жеріне тоқтаусыз келуіне және қазақ ұйым­дарының оларды Қазақстанға қайтаруға тиісті шаралар қолданбауына байланысты Қырғыз АКСР ХКК 1933 жылғы 1 сәуірде №156 «Қырғызстанға келген қазақ шаруашылықтары туралы» арнайы қаулысы қабылданды. Онда олар РСФСР ХКК-нен Қазақстан үкіметін қазақ­тардың ҚырАКСР аумағына одан әрі көшуіне жол бермеуі үшін шешуші шара­лар қабылдауға міндеттеуін сұрайды. Сонымен қатар Қатынас жолдарының халық комиссариатынан (НКПС) Түрксіб бойынша қазақ босқындарын ҚырАКСР ау­мағына тасымалдауды тоқтату туралы Түрксіб дирекциясына міндеттеуді де талап етеді.

Қырғызстан жұртшылығы өздерінің әлеуметтік-экономикалық қиындық­та­­рына қарамастан аштықтың салдарынан ауа көшіп келген қазақтарға ­барын­ша көмек көрсетуге мәжбүр болды. Тоқтаусыз ағылған қазақ босқындарының Қырғызстанның бір ғана Беловод аудандық атқару комитеті 1933 жылғы 5 сәуірдегі ақпараты бойынша осы аудан аумағында тұратындарының саны 12 ауыл/кеңестің және 2 совхоздың мәліметтері бойынша  490 шаруашылық, оның ішінде 102 адам жұмыстарға орналастырылғандығын хабарлайды.

Айтылғандармен қатар қазақ балаларын орналастыру, балалар үйі мен тамақ­тандыру пунктері арқылы қамқорлыққа алу жұмыстары да жүргізілген. Мысалға, Қырғыз АКСР ОСК жанындағы Бала­лар­дың өмірін жақсарту жөніндегі Орталық комиссия жауапты хатшысының 1933 жылғы 8 сәуірдегі баяндамалық жазбасында 1932 жылдың қараша айынан бастап, ағымдағы жылдың 25 ақпанына дейін тамақтандыру пункттерінде 1300 қазақ балаларының қамтылғандығы көрсетілген. Ал 1933 жылдың 21 қаңтарынан бастап, Қазақ­стан үкіметімен келісім бойынша 2000 бала алынып, балалар үйіне жіберілген. Балалар үйінде, қабылдау-бөбекжайларда 200-ге дейін қазақ балалары бар, бұл Қырғызстандағы балалар үйіндегі балалардың 20% құрайды. Балалар үйлерінің 14 қана шағын желісіне байланысты 1060 адам саны бар балалар мекемелері мен тамақтандыру пункттерді ұйымдастырудың шұғыл қажеттілігі туындайды, бұған 2400 бала қам­тылады. 4 сәуірден бастап Фрунзе қаласында 400 балаға арналған қабылдау және тамақтандыру пункті ашылады. Қаражаттың шешілуіне қарай көшедегі қараусыз балаларды тарту және оларға көмек көрсету бойынша басқа да іс-шаралар өткізілетіндігі баяндалған.

Қырғызстан үкіметі Қазақстанға оралғысы келетіндерге көмек ретінде 5 мың фунт астық, 4 млн сом ақшалай қаражат бөлу арқылы да көмектескен. 1939 жылғы жалпы одақтық санақ қорытындысы бойынша Қырғызстандағы этникалық қазақтардың саны 24,0 мыңға жетіп, халықтың жалпы санының 1,7% - құрағанын байқаймыз.

Дегенмен, 1932–1933 жылдары елімізді жайлаған зұлмат аштықтың салдарынан Қазақстаннан кеткендерді қайтару туралы Қазақ үкіметі арнайы қаулы қабылдағандықтан, қаражат бөліп, бірқатар шаралар жүргізе бастайды.Қорыта келгенде, қырғыз еліне жүргізілген археографиялық экспедиция барысында алынған құжаттар бұрын жарияланбаған және Қазақстанда ғылыми айналымға тартылмағандықтан ұлт тарихының кейбір айтылмаған парақтарын түгендеуге қосылған үлес деп айтуымызға болады.

Зирабүбі ТӨЛЕНОВА,

ҚР Орталық мемлекеттік архиві Әлеуетті зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты

2170 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы