• Руханият
  • 24 Қараша, 2022

ЖАҢА ДӘУІРГЕ ЖОЛ АШАТЫН ТАРИХИ ТАҢДАУ

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Сонымен елді елеңдеткен, қалың бұқараны алаңдатқан президенттік сайлау да аяқталды. Алдын ала мәлім етілген «Еxit poll» әдістемесі бойынша жүргізілген сауалнамалардың алғашқы қорытындылары да мәлім болды. Айта кетейік,  «Еxit poll» қорытындысының нәтижелерін алдын ала үш бірдей ұйым  жария етті. Нәтижесінде, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз деп танылды.

«ЕXIT POLL» НЕ ДЕЙДІ?

«Қазақстан» телерадиокор­по­рациясының тапсырысы бойынша сауалнама жүргізген «Ашық қоғам» өңірлік зерттеулер халықаралық институтының жауабына сенсек, Қасым-Жомарт Тоқаев —82,45 пайыз­ дауыс алған. Мейрам Қажыкен —2,23 %, Жигули Дайрабаев — 3,33%, Қарақат Әбден — 2,54, Салтанат Тұрсынбекова — 2,08%, Нұрлан Әуесбаев — 2,17%, «Бәріне қарсымын» – 5,2%.

Ал AMANAT партиясы жанын­дағы Қоғамдық саясат институты жүргізген «Еxit poll» нәтижесі бойынша сайлаушылардың 85, 52 пайызынан астамы кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берген. Ал Жигули Дайрабаевқа – 2,67 пайыз, Қарақат Әбденге – 2,61 пайыз, Мейрам Қажыкенге – 2,43 пайыз, Нұрлан Әуесбаевқа – 1,93 пайыз, Салтанат Тұрсынбековаға – 1,44 пайыз дауыс­ берілді. Ал «бәріне қарсымын» бағанына дауыс бергендердің үлесі 3,4 пайыз шамасында. Енді тағы бір «СОЦИС-А» кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» ЖҚ өздері жүргізген «Exit poll» қорытындысына назар аударайық. Аталған ұйымның зерттеу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев – 82,02 пайыз­бен жеңімпаз атанған. Ал Қарақат Әбден – 2,84%, Нұрлан Әуесбаев – 2,38%,  Жигули Дайрабаев – 3,68%, Мейрам Қажыкен – 2,62%, Салтанат Тұрсынбекова – 2,24 %, «Бәріне қарсымын» – 4,22%.

Осылайша, үш ұйымның көрсет­кіші бойынша «Exit poll» қорытын­дысында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз деп танылды. Әрине, аталған үш ұйымның жүргізген сауалнама қорытындысының ресми мәліметтен сәл ғана айырмашылық болатыны белгілі.

 

ҚАЙ АЙМАҚТА КӨРСЕТКІШ ЖОҒАРЫ?

Әрине, дауыс беру барысында қай аймақтың белсенділігі жоғары болды? Мұны сарапшылар араға бірнеше уақыт салып, халыққа ашық жария етіп отырды. Бұл жағынан бұқаралық ақпарат құралдары жаңалықтан кенде қалған жоқ. Сонымен, Абай облысы – 80,18%, Ақмола облысы – 78,87%, Ақтөбе облысы – 72,20%, Алматы облысы – 72,10%, Атырау облысы – 70,87%, Батыс Қазақстан облысы  – 67,77%, Жамбыл облысы – 79,57%, Жетісу облысы – 81,43%, Қарағанды облысы  – 78,39%, Қостанай облысы – 79,28%, Қызылорда облысы  – 80,31%, Маңғыстау облысы – 66,18%, Павлодар облысы – 77,58%, Солтүстік Қазақстан облысы – 78,24%, Түркістан облысы – 80,37, Ұлытау облысы – 75,48%, Шығыс Қазақстан облысы – 79,49%, пайыз дауыс берді. Ал респуб­ликалық маңызы бар қалалар бойынша Астана қаласы – 48,67%, Алматы қаласы  – 28,72%, Шымкент қаласы тұрғындарының 59,79 пайызы пре­зиденттік сайлауға қатысты. Ең тө­менгі нәтиже Алматы қаласында болға­нын айта кету қажет. Қашан да сайлауға белсенділігі төмен Алматы бұл жолы бұрынғы ырғағынан жаңылған жоқ. 

 

ОСК-ның қорытындысы қандай?

Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы сайлау барысында журналистер қалың бұқараны ақпараттан кеш қалдырған жоқ. Тың жаңалықтар жиі беріліп отырды. Сайлау күні шамамен 9 брифинг өтіп, ақпарат шұғыл беріліп отырды.

Сонымен, ОСК төрағасының дерегіне сенсек, кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31%-ы дауыс берген. «Бәріне қарсымын» бағанын 460 484 немесе 5,8% сайлаушы таңдаған.

Сонымен бірге Жигули Дайрабаевқа – 271 641 немесе 3,42 пайыз, Қарақат Әбденге – 206 мың немесе 2,6 пайыз, Мейрам Қажыкенге – 200 907 немесе 2,53 пайыз, Нұрлан Әуесбаевқа – 176 116 немесе 2,22 пайыз және Салтанат Тұрсынбековаға – 168 731 немесе 2,12 пайыз дауыс берілген.

— Сонымен, нақтыланған сайлаушылар тізімдеріне сай, жалпы сайлаушылар саны 11 млн 953 мың 465 адамды құрады. Оның 8 млн 300 мың 46 адамы немесе 69,44 пайы-зы дауыс беруге арналған бюллетендерді алды. Дауыс беру күні Президенттікке кандидаттардың 11 мыңнан аса сенім біл­дірген адамдары, шетелдік халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардың 15,5 мыңнан аса байқаушысы, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан аса байқаушы сайлауды бақылауды жүргізді. Сайлау учаскелерінде 1225 қазақстандық БАҚ өкілдері, 23 елдің 41 шетелдік БАҚ-тың аккредиттелген журналистері ақпарат таратты, – деді Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.

 

ЖЕҢІСТІ МОЙЫНДАУ ДА – МӘДЕНИЕТ

Әрине, «Әділетті Қазақстан» құру жолында өзінің бағдарламасын жария етіп, халыққа ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаевқа қалған бес үміткер лайықты қарсылас бола алмады. Әрине, жеңісті, жеңілісті мойындау да ерлік. Қорытынды нәтиже жария етілген соң, қарсылас болған кандидаттар Тоқаевтың жеңісін мойындады. Жеңімпазды құттықтады. Өзіне сенген және дауыс берген сайлаушыларға алғысын айтты.

Сайлау барысында үміткерлер халықтың назарын аудару үшін пиардың сан түрлі әдіс-тәсілдерін қолданды. Кандидат Салтанат Тұрсынбекова үгіт плакаттарын көшеге өзі ілді. Сайлауға «Президент болу үшін бара жатқан жоқпын» деп те мәлімдеме жасап, жұртшылықты таңғалдырды. Ол сайлау науқанында 12 облысты аралап, 16 мың шақырым жол жүрді.

Ал кандидаттардың арасындағы екінші әйел Қарақат Әбден сиыр сауды, атқа мінді. Оның ұраны қазақы ұғымға жақындау болды:«Асығым алшысынан түссін!». Отбасына, қоғамға, Отаныма не керегін мен білемін». Қарақаттың штаб мүшелері 10 мың миллилитрге жуық қан тапсырды.

Ал президенттікке кандидат Мейрам Қажыкен 28 күн ішінде 13,6 мың шақырым жол жүрді, бұл – 14 аймақ, 17 қала (оның 2-і республикалық маңызы бар) және кенттер. Бас-аяғы 40-қа жуық кездесу өткізді. Кандидат өзінің үгіт-насихат науқанын Павлодар облысында бастап, қасиетті Түркістанда аяқтады.

«Ауыл» партиясынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаев «ауыл шаруашылығын экономиканың драйверіне айналдыру қажет» деп есептеді. Дайрабаев жілік сындырды, ат тағалады. «Мемлекет ауылға деген көзқарасын өзгертуі қажет» деген ұстанымда болды. Нәтижесінде үшінші орын алды.

Ал ЖСДП атынан ұсынылған Нұрлан Әуесбаев Қазақстанның 15 қаласы мен кенттерін аралап шықты. Ал нәтижесі белгілі.

 

ЕЛ ТАҢДАУЫНДАҒЫ ТАРИХИ МҮМКІНДІК

Сайлау аяқталған соң, Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа барып, кезектен тыс Президент сайлауын­дағы «Ашық қоғам» аймақтық зерттеулер халықаралық институты жүргізген Exit poll-дың қорытындысымен танысты.

«Exit poll»-дың нәтижесі жарияланғаннан кейін Республикалық қоғамдық штаб мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін ерекше, тарихи науқан өткенін атап өтті.

Сонымен қатар мықты мемлекет құрамыз десек, ең алдымен, әділдік орнату қажет екенін, онсыз ешқандай да реформа болмайтынын айтты. Оның айтуынша, бәріміз бір ұлт, бір қоғам болып іске кірісуіміз қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне үлкен сенім артқаны үшін коалицияға ризашылығын білдірді.

– Қоғамдық штабқа, сенімді өкілдеріме, еріктілерге рақмет айтамын. Сіздер еліміздің әр түкпіріне бардыңыздар. Ауыл-аймақтар, шалғай елді мекендер назардан тыс қалған жоқ. Ел арасында үгіт-насихат жүргіздіңіздер. Бұл – үлкен жұмыс. Оны мен ешқашан ұмытпаймын. Сол себепті бүгінгі көрсеткіш – бәрімізге ортақ жеңіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның пікірінше, сайлау заңға сәйкес өтті. Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауы жаңа саяси дәуірге жол ашатынын айтып, алдағы уақытта басты билік институттары түгел жаңғыртылатынын жеткізді.

– Конституциялық реформаны толығымен және нақты жүзеге асырамыз. Еліміздің саяси құрылысын жаңа қалыпқа түсіреміз. Экономиканы түбегейлі өзгертеміз. Халқымыздың әл-ауқатын арттырамыз. Соның бәрін ойдағыдай атқару үшін бізге бірлік керек. Сондықтан әрдайым бірге болайық! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөзінің соңында ол шараға қатысушыларды Жаңа, Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырып, бақ-береке тіледі.

 

1598 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы