• Руханият
  • 24 Қараша, 2022

СОЛАЙ ДА СОЛАЙ!

Беттің бапкері –  Қазақстанның мәдениет қайраткері, 
көрнекті суретші Еркін Нұразхан.

«Оспанхананың» тұсауын өзі кесіп еді 

Бір өзі бір байтақ, бір театр Көпен Әмір-Бек енді аңызға айналады. Артында қалған аса бай мұрасы өз алдына, айтқыштығының өзі бір төбе еді ғой. Қайсыбір жолы «Ана тіліне» оның болмысын жарқыратып ашқан «Күлкі корифейі» (№13, 6.04.2022 ж.) атты Бауыржан Омарұлының ғажайып мақаласы шықты. Осы күндері өзіне бір қанат біткендей, дүр сілкініп жүрді. Хабарласушылар көп болса керек. Сол мақала шығардың алдында әріптестермен басқосуда «Ертең «Ана тіліне» бір сұрапыл нәрсе шығады. Әй, сен де оқы» депті Бауыржанға. 
–  Жүрсін Ерман екеуміз депутат боламыз деп өте алмай, соның күйігінен «Парламент» шегіп кетеміз – деуші еді. Мұндай түйе құлататын сөздер Көпекеңде көл-көсір еді ғой. 
Осы «Оспанхана» ашылғанда өзінен бетер қуанды. Батасын беріп, тұсауын кескен де өзі. Сол күндерде қазақ күлкісінің көрнекті қайраткерлеріне бір бет арнап отыруды да ойластырғанбыз. Соның бірі Көпен Әмір-Бекке арналады деп жүргенде ғайыптан көз жазып қалдық қой. Бұйырған күні бүгін екен. 
Өмірде өлетін, ізсіз кететін нәрсе көп. Бірақ өнер өлмейді. Ол орнатқан күлкі күмбезі сонадайдан күміс шашып, жарқырап тұратыны кәміл. 

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ ШЕРХАН МҰРТАЗА ТУРАЛЫ КӨП СЕРИЯЛЫ КИНОСЦЕНАРИЙ

КИНО ЖУРНАЛ

 

«Елім, саған айтам,

Елбасы, сенде тыңда!»

Камал дос!

Сен де құлақ түр.

Себебі, сен – соқа, мен – трактор.

 

БІРІНШІ СЕРИЯСЫ

 

Мәртебелі мырзалар!

Біраздан бері

Жанымды жегідей жеп жүрген құрт бар.

Әрине, оны түсінетін де,

Түсінбейтін де жұрт бар.

 

«Ерді еріншектік,

Жерді арамшөп аздырады».

Мені біреулер «Ұлтшыл» деп жазғырады.

Өкпелейді.

Өкпелесе көшке берген тайлағын алсын,

Немесе мен секілді

Қайта-қайта депутат боп сайланып алсын.

Жетесізге жеті айтып,

Санасызға сан айтып,

 

Сессия сайын көзімді алайтып

Тіл туралы

Өңешіміз жыртылғанша айтыстық.

Тартыстық.

Қырқыстық.

Жата қалып жағаны да жыртыстық.

Не бітті?

Бәз бір депутат мырзалар:

«Жылама,

Жыласаң тағы да ұрам!» деп желікті.

 

Сонда солардың діттегені не!

«Мемлекеттік тіл екі тілде жүрсін!» дейді.

Не деген сұмдық?

Құйқаң шымырлап, жүрегің дүрсілдейді.

Сиырдың тілі – біреу,

Ешкінің тілі – біреу,

Доңыздың тілі – ол да біреу.

Тек жыланның тілі ғана айыр.

Бұл не?

Жылан болсын дегені ме,

Әлде, лаң болсын дегені ме?

Түсініксіз!..

 

ЕКІНШІ СЕРИЯСЫ

 

Мырзалар!

Жалпы

Жаманшылық ойлағандардың

Арқасына алты қотыр,

Желкесіне жеті қотыр шықсын.

Қасиын десе қаны шықсын,

Қасынайын десе жаны шықсын.

Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін!

Солай ма, Қалаубек мырза?!

– Шерхан-ау, саған халқың ырза.

Сен бүкіл түркіге туыссың.

«Руға бөлінген у ішсін!»

– Солай ма, Мұса мырза ?

– Солайы – солай!

Ештеңе жоқ оңай.

«Бөлінгенді бөрі жесін,

Айрылғанды аю жесін!»

– Солай ма, Толымбек мырза?

– Шераға!

Құдайдың құтты күні

Айтып жүрсіз дуалы ой.

«Ұлт пен сана»,

«Ұлттық парыз»,

Бәріне де қуә ғой.

Қарға тамырлы қазақпыз,

«Қарына тартпағанның қары сынсын!»

– Солай ма, Әмірхан мырза!

– Шераға!

Аса құрметті Шераға!

«Табалдырықтан биік тау жоқ».

Біз тұрғанда сізге келер жау жоқ.

Алайда Абай айтқандай:

«Қазақтың жауы – қазақ».

Турасын сөйлеп туғанына жақпайтын

Сіздей қазақ аз-ақ!

Аз!

Өте-е-е аз, Шераға!..

– Сырт көз сыншы:

«Шерхан Тынысты біледі,

Тыныс жұмысты біледі»

Деп тақпақтайтын көрінеді.

Тыныс мырза,

Сіз бұ гәпқа «нима»дейсіз?

Мырза Шераға!

Тесік ауыз тек тұрмайды.

Не бірдеңе жеп тұрады,

Не бірдеңе деп тұрады.

Қай ауыздың қақпағы бар?

Біздің өзбек ағайындардың да тақпағы бар.

Былай:

«Дар хакихат, битта оданнинг

Битта қолтигиға

Ихта таруз сиғнайди» деп гәпырады.

Әй, олар да қатырады!

Қазақшасы:

«Бір қолтыққа екі қарбыз сыймайды» дейді.

Сыйғанда қандай!

Сіздің қолтығыңызға біреу емес,

Бірнеше қарбыз сыйып жүр.

Мәселенки, әлгі Әмірхан,

Қалаубек,

Мұса,

Толымбек

Жамбыл,

Рафаэль...

Тағы да бір-екі әйел

Олардың орынбасары бар.

Барлығы да бір қолтыққа сыйып жүр.

Айтқан сөзіңізге айрандай ұйып жүр.

– Ендеше,

Жақсы журналист – ырыс,

Жаман журналист – ұрыс.

Солай ма, Тыныс?...

– Дұрыс Шераға, дұрыс!

– Дұрыс болса дұрысыңыз,

Бүгін бітті бір ісіміз.

Мен Президентке кеттім,

Жұмысыңызға кірісіңіз!..

ҮШІНШІ СЕРИЯСЫ

 

Мәртебелі мырзалар!

Тіл туралы қашанғы таласамыз?

Андай-мұндай,

Әжік-күжік,

Пыти-сыти деп

Отырып ап бал ашамыз.

Қара суды

Қанша сапырсаң да май шықпайды.

Тас маңдайындағы әжімді

Тұрар Рысқұлов туралы жазған

Бес кітабын айшықтайды...

 

Ешқашан ергенім жоқ

Бір ағындарға.

Не дейсің қарындас?

Сұрағың бар ма?

Айта ғой.

 

– Ағай, бұ қазақта

Сізден өткен ірі жоқ дейді.

Арақ ішпейді,

Темекі тартпайды,

Қыз-қырқынға қыры жоқ дейді.

Рас па?

– Ай, мына қыз мұңайтты.

Мені еркек емес деп кім айтты?

Мені біреулер:

«Тарпаң!

Ашушаң депутат» деп кінәлайды.

Маған ол пікір ұнамайды.

Аш адам ашушаң келеді.

Ауыл – ел аш болса,

Ашушаң болмай не етерсің?

Бір көзің айға қарап,

Бір көзің сайға қарап ‘

«Нервный» боп кетерсің.

Бұ қазақ

Кетіп бара жатса да құр кетпейді.

Біреулер мені:

«Тоң!

Бірбет!» дейді.

Құдай екі жүздіден сақтасын!

 

Халықтың нанын жегесін,

Оның қамын да жеу керек.

Ел үшін кеуделеп,

Әлімді жиып тірнектеп...

Сонда мені «Бірбет!» деп,

Атағаны ма құрметтеп?

Түсініксіз!..

 

Қазір не көп,

Өзіңнен бетер зор көп.

Қазір не көп,

«Ананы қорғау,

Мынаны қорғау» туралы қор көп

Мен таң қалам!

Бұ қазақ әуелі қорлайды,

Сосын барып қорғайды.

Тұрар Рысқұловты қорладық па?

 

Қорладық.

Әрі итеріп, бері жығатын

Қазақ деген зор халық!..

 

ТӨРТІНШІ СЕРИЯСЫ

 

Вы хотите что-то сказать? Кто вы? Безработный? Да-а, сочувствую!

Но-о, политика – дело тонкое. Я скажу образно: «Правительство – паруса, народ – ветер, государство – корабль, время – море». Если государство корабль – то мы политики матросы его. Я тоже матрос. Есть еще вопрос?

Вообще, вопросы пора задавать на государственном языке: Олжас Сулейменов знает «Тысячуодно слово». И даже мэр города Алматы Виктор Храпунов знает такие слова, как «Айналайын», «Рахмет» и «Кө-өп рахмет!..»

Последнее убежище негодяя – политика. Я писатель! Зачем я полез в политику? Для того, чтобы одним негодяем было меньше в политике.

Наш корабль несмотря шторм инфляции и всякие девальвации уверенно держится курс к двухтысяча тридцатому году. Я с радостью встречу эту дату, тем более мне тогда, в двухтысяча тридцатом году, стукнет 99 лет.

 

БЕСІНШІ СЕРИЯСЫ

 

Қазір үкімет шығарған Жарлықты

Қайта-қайта оқумен

Халықтың даусы қарлықты.

Тіпті «Жарлықты орындау туралы да

Жарлық бар.

Бұған кінәлі кім?

Сен бе?

Сен емес.

Мен бе?

Мен емес.

Енді кім?

 

Баяғыда біреу

Үйлене салысымен соғысқа кетіпті.

Бес жылдан соң оралса

Үйінде үш бала өріп жүр екен.

Кім әйелін соғыста қорып жүр екен?

Күйеуі:

«Оу, бұ қалай?» демей ме?

Әйелі:

– «Бірінші бала-а-а-ам

Сен соғысқа кеткенде іште қалған!» дейді.

– Екінші бала ше?

– «Сен соғыста жүргенде

Ескі шалбарыңды

Өзіме шақтап істеп алғам!» – дейді.

Соны колхоздың жұмысына киіп жүріп,

Екінші бала пайда болды.

– Ал, үшінші бала қайда болды?

– Осыған келгенде,

Апам да аң-таң, мен де аң-таң!..

 

Сол айтпақшы,

Орындалмайтын Жарлықтың көбейгеніне Апам да аң-таң,

Мен де аң-таң!

Айтсаң – «Ойбай, Шерхан

Тарпаң!»

 

Мен біреуді қиратайын,

Немесе, мұқатайын деп тұрғам жоқ.

Кешірерсіздер,

Қазір менің ашуым кеп тұрған жоқ!..

* * *

Иә, Шерағаңның шері жоқ...

Қайтқан ба?

Татаршалап айтқанда:

– Все равно,

Нервісі яхшы, шыдамды сияқты.

Парламент – огород,

Шерхан абзи – садовод.

Но, суы немношка азайған

Напорсыз шлангы сияқты!..

 

АЙТСАМ ДАУСЫМ ЖЕТЕР МЕ?

 

Әй-әй, заман, әй, заман,
Мына заман қай заман?
Ғаббас кетсе Жаппас бар, 
Сайтанға шайтан сай заман. 
Бабалардың басынан 
Өтті талай зар заман.
«Азулыға бар заман,
Азусызға тар заман».

«Әр патшаның тұсында 
Бір сұрқылтай» дегендей, 
Сұрқылтайын өзінің 
Туғыза ма әр заман?
ҚАШҚАНЫН көріп қоянның 
Түңілесің қалжадан.
Зар илетпей заманды 
Бұғау салар бар ма заң?

Қопаңдатып құйрықты 
Қорқытпайтын «түрме» деп, 
Жердің дауы бір бөлек,
Жесір дауы бір бөлек.
«Ала жібін біреудің 
Аттап кетіп жүрме!» деп,
Бабы күшті баяғы 
Бабалардан қалған заң.
Алаяқты аттатпай 
Аяғынан шалған заң,
Кең көмейлі жемқорды,
Кеңірдектен алған заң. 
Дүниеден өттің бе? 
Дүбірлетіп жалған заң!

Көзі таймас көкемнің 
Көзін дереу ойған заң.
Оя салып ойпыр-ай,
Орнына көзін көрген заң.
«Жемейтіндер шынында 
Жер астында жүр екен,
Не қылсаң да о қыл!» деп 
Өз заңын өзі жойған заң.

Заң туралы зар илеп 
Айтсам дауы жетер ме? 
Саңырауға айтқандай 
Сарнадым ба бекерге?
Бір заңымды биле деп 
Айтайын ба екі елге?

Көп заңымды көкпар ғып, 
Әркім тартып кетер ме? 
Шырмауықтай шырмалып 
Бір-бірімен баттасқан,
Тоғыз қабат торғауыт 
Мафияға өтпес заң.
Тон кигізіп сабайтын 
Ештеңе де етпес заң.
Күннен күнге күшіктеп, 
Көбейсе де жетпес заң!..

Артық-ауыз айтпа деп, 
Аузымызды жапқан заң. 
Еңіреп туған ерлерге 
Қара күйе жаққан заң. 
Қауқары жоқ қарттарға 
«Әрі жүр!» деп айтқан заң. 
Кінәсін дереу мойындап 
Райынан қайтқан заң.

Сиыр ұрлап жегенді 
Бір күн қамап баққан заң.
Бір кесе сүт ішкенді 
Он жылға айдап жатқан заң. 
Қыстыгүнгі қыраудай 
Күн жылыса – аққан заң. 
Айтып-айтпай не керек, 
Мынауский қатқан заң!..

НӨМІРДІҢ НҮКТЕСІ

Біз «келер жылы, яғни 2023 жылдың басында Алматы қаласында Теміржан Базарбаевтың әндерінен кеш өтеді» дегенді естіп, елең ете қалдық. «Ұмыт бола бастаған композиторды іздеуші кім екен?» деген оймен, ұйымдастырушысын да сұрастырдық. Іздестіргенде, қызыққа тап болдық. Ұйымдастырушысы – Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының төрағасы Болатбек Қатықбаев. Біз танысқан судьяның өзі де өнерден алыс емес. 50-ге жуық әннің мәтінін әрі әнін де жазған. Ал оның негізгісі – патриоттық әндер.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

 

1604 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы