• Руханият
  • 01 Желтоқсан, 2022

ЖІБЕК ЖОЛЫ, 50

ҒИБРАТ ПЕН ҒИМАРАТ

Тарландары белсеніп,

Тарпаңдарды еңсеріп,

Тоғыз қабат ғимарат,

Тұрар кейде теңселіп...

 (Журналистік фольклордан)

Бұл көшенің Жібек жолы даңғы­лына айналғаны бертінде ғана. Ал ілгеріде Максим Горький көшесі деп аталатын. Қазақ қаламгерлерінің осы бір қасиетті құтханасы сол дәуірде атақ-даңқы аспандап тұрған атақты жазушының есімімен аталуы кездейсоқ емес секілді көрінетін. Осы көше мен 8 наурыз көшесінің қиылысындағы тоғыз қабатты әйнек қабырғалы зәулім үй байырғы кезеңдегі Алматының ең әдемі ғимараттарының бірі еді. Ол тұстағы астанамыздың көкке шан­шылған жалғыз «небоскребі» – «Қазақстан» қонақ үйіндей болмаса да, шынымен қапталған шаңыраққа еңсені көтеріп кіретінбіз.

Мұнда астанадан шығатын негізгі ба­сылымдардың бәрі дерлік орна­ласқан-ды. «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Лениншіл жас», «Ленинская смена», «Жетісу», «Огни Алатау», «Ұйғыр авази», «Фройндшафт», «Ленин кичи», «Спорт», «Біздің Отан», «Қазақстан пионері», «Дружные ребята» газеттері, «Мәдениет және тұрмыс», «Ара», «Қазақстан әйелдері», «Білім және еңбек», «Балдырған», «Пионер» журналдары, бәрі осында. Бірқатар басылымдар бір қабатқа екеу-үшеуден орналасады. Ал дүмі мықты, діні қатты «Социалистік Қазақстан» тұтас бір қабатты бір өзі жайлап жатады. Едені ерекше паркеттелген әйгілі үшінші қабаттағы ағаларымыз сондай байсалды. Аяқтарын алшаң басып жүреді. Жанынан тапырақтап өтіп бара жатсаң, жалт қарайды. Ал жетінші қабаттағы «Жас алаштың» жігіттері жігерлі. Олар жастарды бауырға тартады. Ара-тұра бара қалсаң, құлаш-құлаш тапсырма беріп жібереді. Ал жазылу бағасы 1 сом 8 тиын тұратын «Қазақстан пионерінің» сарбаздары тіпті елгезек. Әр редакцияның өз болмысына сай мінез-құлқы қалыптасқан. Қысқасы, баспасөздің балалығы мен даналығына дейін осы жерде бас қосқан.

Бұл ілгерідегі кезең үшін өте жақсы ойластырылған жоба болатын. Тоғыз қабатты ғимаратта әзірленген газет-журнал іргесіндегі зәулім баспаханада басылады. Бүгінгі «Дәуір» баспасы ол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің баспаханасы деп аталады. Мұның ішінде не жоқ дейсің?! Бүкіл редакцияның есеп-қисабын реттеп отыратын ортақ бухгалтерия, журналистердің жалақысы мен қаламақысын беретін касса, спорт залы, теннис үстелі, бәрі саған қызмет етеді. Тек уақыт тапсаң болды. Әр редакцияның өзінің машинисткалар бюросы бар. Онда үш-төрт қыз-келіншек сенің аузыңнан шыққан сөзді заматында қағып алып, зырылдатып басып отырады. Машинка басу өнерін жетік меңгерген соң ба, бұл бюроның бұйра шашты қыздары шетінен өр келеді. Әсіресе, біздер, сол кездегі мұрнына құрт түспеген бозбалалар машбюроға кіргенде аяғымыз бір-біріне шалынысып қалады. Өйткені, олардың кірпігі бірден кеудеңе қадалады. Сосын мақаламызды шала-пұла диктовка жасап болып, дереу та-йып тұрамыз. «Машбюро, аш бюродан қаш бюро!». Сонымен, бұл дегенің – кішігірім баспасөз қалашығы.

Айдың аяғына таман тоғыз қабатты ғимараттың бүкіл журналисі бесінші қабаттағы кассаның алдында тоғысады. Ол кезде бүгінгідей банкоматка карточкаңды сұға салып, судыратып ақша алатын заман түске де кірмейтін. Айтпақшы, әдепкіде әріптестеріміз сол банкоматыңызға үйренісе алмай, қағазға қол қойып, қаламақы алу тәртібін көпке дейін аңсап жүргені есімізде. Содан кассаның ойығына телміріп, кезегіңді күтіп тұрасың. Мұндағы кезек дегеніңнің өзі де шарттылау. Атынан ат үркетін атақты жазушылардың төбесі көрінсе болды, біз, жастар жағы қоғадай жапырылып жол береміз. Мәселе, кезекте емес, көңілде. Сол күні қанша адамның ризашылығына бөленетін кассада отыратын шырайлы апайымыздың жүзі бал-бұл жанады. Сол күні жылқы мінез асау ақындар суатқа бет қояды. Сол күні тоғыз қабат жайла-а-ап тербеле бастайды. Сол кездегі балауса жас құрақ – біз де қоса тербелеміз... Бірақ біздікі не тербеліс екенін өзіміз де білмейміз.

Әйнек қабырғалы үйге кірген де арманда, кірмеген де арманда. Әсіресе қалам ұстаған баланың есіл-дерті – осы үйге тым болмаса бір рет бас сұғу. Ондай мүмкіндікке ие болатын бақытты балалар бар. Олар – мектепте жүргенде «Қазақстан пионері» газетіне үзбей мақала жазып тұрған жас өрендер. Міне, осы жөргегінен жазу үйреніп шыққан ұл-қыздар қаздай тізіліп, бесінші қабаттағы «Қазақстан пионеріне» кіріп бара жатқанда кәдімгідей қызығасың. Өзіңнің оларға қарағанда сәл кещелеу екеніңді еріксіз мойындайсың. Дәлірек айтсақ, мектеп бітіріп, журфакқа оқуға түсуге келген ұландарды «Қазақстан пионері» өзі шақырады. Жас перілердің қолында осы газеттің штаттан тыс тілшісі екенін айғақтайтын қоңыр куәлігі болады. Тегінде, мұндай куәлікті кәсіби журналистер ғана ұстайды. Олар куәлігі жоқ бозөкпе студенттердің қасынан ысқырып өте шығады.

Ел-жұрт жаппай баспалдақ арқылы екінші қабатқа көтеріледі. Екінші қабаттан әрі қарай сені сол замандағы техниканың сұлтаны – қоңыр есікті лифт күтіп тұрады. Лифтіге кіріп, түймені баса бергеніңде анадай жерде не Мұзафар аға, не Тұманбай аға келе жатады. Дереу тоқтата қоясың. Тоқтамай қойса, қабыса берген екі есіктің ортасына бір аяғыңды көлденең қойып үлгересің. Байқамасаң, сапасыздау бәтеңкеңнің табаны аударылып кетуі де мүмкін. Аударылса, аударыла берсін. Анау-мынау емес, классиктің өзі лифтіден қалып қойғалы тұрғанда бәтеңке деген не тәйірі? Содан Тұмағаң лифтіге мінеді. Ал сен батылдығың жетіп, дауысың көмейіңнен әзер шығып амандасқан соң, біразға дейін деміңді ала алмай тұрасың. Өйткені сені қазақ поэзиясының мысы басады. Ол шығып кеткен соң ғана «Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып басылған», – деп ыңылдап, бөлмеңе беттейсің.

Бұл ғимараттың ішінде үйіңе бармай алты ай жатсаң да аштан өлмейсің. Өйткені әйгілі баспахананың асханасы күні-түні ашық тұрады. О, онда құс сүтінен басқаның бәрі бар. Азуы алты қарыс Цеканың дәмханасы баспаханада күні бойы қорғасын әріптің уын жұтатын жұмысшылардан ешнәрсені аямайды. Шелектеп сүт береді. Тағамның дәмдісін солардың аузына тосады. Олармен қабаттасып, кезекшілікке келген біз де сол жерден табыламыз.

Тоғыз қабаттың тіршілігі тұрақты. Таңертең жүздеген қаламгер ғима­ратқа шалқар шабыт арқалап кіреді. Содан кешке дейін шабыттың қара қазаны үнемі қайнап тұрады. Шығар­машылықтың шуақты шаңырағы сол қазанды ешқашан оттан түсірмейді.

 

ЖЕТІНШІ  ҚАБАТТЫҢ ЖЫРЫ

Таланттар бұл талайғы,

Топ жарғанды қалайды.

Түбіндегі базарға

Төбесінен қарайды.

 (Журналистік фольклордан)

Өзіміз сонда қызмет істе­ген­діктен шығар, ғимарат­тағы ең бір берекелі ұжым «Жас алаш» газетінің редакциясы сияқты көрінетін. Сол заманда ел-жұртқа кеңінен таныла бастаған жас жігіттер мен қыздарды осы басылым бірден қызметке шақыратын. Әдебиет пен публицистика саласындағы таңдаулы қаламгерлер сонда жұмыс істеді. Бұл – әйгілі жетінші қабат. Осы қабатта сегіз жыл өміріміз өтті.

Жалпы «Жас алаштан» артық көңілді ұжымды табу қиын-ды. Көңілді дейтініміз, редакцияда кез-келген қуаныш еленеді. Біреудің мақаласы шықса да, екіншісі іссапардан аман-есен оралса да, үшіншісінің басына бір керемет идея келе қалса да, кәдімгідей атап өтеді. Тіпті шағын той-томалақ әзірлеп жіберем десең, көк базарың іргеңде тиіп тұр. Онда тіскебасардың жеті атасы бар. Мысалы, «Жас алаш­тың» жауапты хатшысының орынбасары Әділ Қойтанов балалы болды делік. Алдымен қабырғаға мынадай құттықтау ілінеді:

 

Ұл таптыру – үрдіс бізге қашанғы

Қуаныштан Әділ көзге жас алды.

Сәрсенбінің сәтті күні сәскеде,

Алма келін аман-есен босанды.

 

Бойдақтықтың жанын жеген жарасы,

Құлтастардың кескініне қарашы,

Жолдасбектер әлі үйленбей жүргенде,

Қойтановтың туды екінші баласы.

 

Қос ұлың бар, кенелдің ғой ырысқа,

Жігіттер де жымыңдап жүр жұмыста...

Осы жерде жуасың ба ұлыңды,

Әлде «Вигвам» жаққа барған дұрыс па?

 

Осыдан соң Қойтановтың кешке қарай әріптестерін демалыс паркінің ішінде орналасқан «Вигвам» кафесіне ертіп бармасқа амалы қалмайды. Бұл Әділдің «Мен қазір жаухатшымын, Жақаңдаймын, Сондықтан әркімдерге қоқаңдаймын. Зав. отдел., тілшілерге айқайлаймын, Уәкең мен Ерағаңа бата алмаймын», – деп демалысқа кеткен Жарылқап Бейсенбаевтың орнына уақытша жайғасып, ­жанына торсық байлатпай жүрген кезі. Уәкең дегені – газеттің бас редакторы Уәлихан Қалижан, Ерағаң дегені – Уәкеңнің орынбасары Ерғали Сағат. Кейіпкерлері – кілең бастық.

Жігіттер осылайша әрі ойлап, әрі тойлап жүрсе де жұмыс өз ағымымен жүріп жатады. Кезекшілік өмірі тоқтамайды. Газеттің жүрегі – секретариат үздіксіз соғып тұрады. Алғашқы жұмыс орнымыз болған соң ба, «Лениншіл жастың» барлық телефондарының нөмірі есте қалып қойыпты. Жадымызды тексеріп көрейікші. Редактордың тікелей телефоны – 33-92-56, қабылдау бөлмесі – 33-02-19, редактордың орынбасары – 33-02-18, жауапты хатшы – 33-52-71, бөлімдер: комсомол тұрмысы – 33-52-74, насихат – 33-87-03, жастар және адамгершілік тәрбие – 33-52-68, әдебиет және өнер – 33-52-98, 33-55-44, мәдениет – 33-75-90, студент жастар 33-71-30, шаруа жастар 33-92-36, жұмысшы жастар – 33-52-51, машбюро – 33-92-66, корбюро – 33-55-48, хат – 33-02-28, 33-92-77, секретариат – 33-52-30, 33-92-72, спорт – 33-09-70, 33-92-63. Жоқ, жадымыз онша жаңыла қоймапты. Көп болса, бір-екі саннан қателескен шығармыз. Ұйқыдан оятып алып сұрасаңыз да, айтып бере аламыз. Жақында «Жас алаштың» бұрынғы бас редакторы Уәлихан Қалижанұлының алдында жатқа соққанбыз.

Жетінші қабат ұзақ уақыт шаңырақ көтере қоймаған сүрбойдақтарымен де ерекшеленетін еді. Сол кездегі сақа жігіттер, кейінгі танымал журналис­тер – Жолдасбек Дуанабай, Сейітхан Зеберханұлы, Төлеухан Бідірәлі үшеуін «Отыз үште – отау иесі» деп қалжыңмен қажайтынбыз.

 Басқа редакциялардан тағы бір ерекшелігіміз, біздің қабатта теннис үстелі тұратын. «Лениншіл жастың» тілшілері лифтінің арғы жағы мен бергі жағы болып бөлініп, майдандасып жатады. «Қытайлықтар теннисті керемет ойнайды. Олармен салыстырғанда мыналардыкі аюдың қорбаңдағаны сияқты ғой», – деп күлетін атажұртқа сол елден келген, «Біздің Отан» газетінің қызметкері Әбдікәрім ағамыз. Ал КазГУ-дегі ұстазымыз Абдул-Хамид Мархабаев бізді көрсе, «Лениншілдеу жастың» жігіттері, халдарың қалай?», – деп қағытып өтеді.

Газетіміздің талантты тілшісі, танымал қаламгер Құлтөлеу Мұқаш көңіл-күйі шарықтау шегіне жеткенде ел-жұртқа елжіреп, шетінен бетінен сүйе бастайды. Жалпы ол адам атаулының бәрін жақсы көреді. Тіпті жек көру деген сөз оның ұғымында жоқ-ау деймін. Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романының басты кейіпкері айтқандай, қарсы ұшырасқан жұрттың бәрін бауырға басқанды қалайды. «Бақыттылықтан ғой деймін», – дейтін Саттардың кейіпкері. Ал біздің Құлтөлеудің одан айырмашылығы, бәрімізді күнде құшақтауға ұмтыла бермейді. Оған құлқы да, уақыты да жоқ. Тек әсерленгенде ғана болмаса... Сол жолы жетінші қабаттың жұртын түгел бауырына басып болып, бірінші қабатқа түскенде кілт тоқтағаны. «Оһ, Ерағаңды құшақтауды ұмытып кетіппін ғой...», – деді де жоғары жаққа қарады. Бас редактордың орынбасары Ерғали Сағатовты айтып тұр... «Ә, жарайды, ертең келермін», – деп жұбатты сосын өзін.

Бір күні танымал сазгер Қалдыбек Құрманәлі біздің жетінші қабатта жортып жүріп, бір ағасымен сөзге келіп қалады. Ол кісі: «Бұдан былай бұл жерге аттап басушы болма!», – деп зілденеді. Біреудің айтқанын тыңдап, бетегеден биік, жусаннан аласа боп жүрсе, Қалдыбек бола ма, екі күннен соң осы қабаттан тағы да бой көрсетеді. Әлгі ағасы мұны көзі шалып қалып: «Мен саған «Жас алашқа» келуші болма дегенім қайда?» – деп ақырады. Сонда Қалдыбек: «Жас алашта» нем бар, мен деген «Ковчегке» келіп жүрмін ғой», – депті. Осыны естіп ішек-сілеміз қатып күлеміз. Жетінші қабаттағы лифтінің қасында әлде жарнамамен, әлде бизнеспен айналысатын түсініксіздеу бір газеттің аты есігінің сыртына жазылған бір бөлме болушы еді. Оның ашық тұрғанын өмірі көрген емеспін. Сол «Ковчег» көкқырсық Қалдыбектің ойына қалай түсіп жүргенін қайдам?

О, небір тау шайқаған жекпе-жектер өтті мұнда. Соның бәрін көтерді ғой жарықтық жетінші қабат...

 

КҮЙ ТАЛҒАМАС КЕЗЕКШІЛІК

Көрмесең де мұндайды,

Көнбесең де шыңдайды.

Күйкі тірлік бұл жерде,

Күні бойы тынбайды...

(Журналистік фольклордан)

Бұл ғимараттың жұмыс қайнап жататын бөлігі – газет-журнал басу цехы. Редакциялар мен баспахананы жалғастырып тұратын аспалы өткел бар. Сол өткелге үшінші қабат арқылы жетесің. Одан әрі қарай баспахананың қызу тіршілігі бас-талады. Редакция қызметкерлерінің оншақты күнде бір айналып келетін мәртебелі міндеті бар. Ол – газет шығатын күні кезекші болу. Журналистер өзара әзілдеп, мұны кейде «қойдың кезегі» деп те атайды. Себебі бәрі де – қой өргізген ауылдың балалары. Шындығында газеттің кезекшілігі қойдың кезегіне қарағанда ауырлау әрі жауаптылау. Қой жоғалып кетсе, әрі кетсе ақысын төлеп құтыласың. Ал сенің кезекшілігіңде газеттен қате кетсе, қатігез қоғам оны кешірмейді. Түн ортасында басылымның қарлығаш данасына қол қойып жатқанда, ақпарат тарихындағы ірі қателерді ойлап тұрасың. Біздің тұсымызда «Жасасын, улы Сталин!», «Бас хатшы Польшаға үріп кетті», «СССР Сарулы күштері» секілді қателер талайдың басын жұта жаздағаны туралы әңгімелер жиі айтылатын. Сондықтан барынша ұқыпты әрі сақ болуға тырысып бағасың.

Қате кететіндей де жөні бар. Қор­ғасын әріптің бәрі қолмен теріледі. Соны теретін қыздар баспаханада қаздай тізіліп отырады. Әрқайсысы бір-бір абажадай ленотип машинасына жайғасқан. Мақаланың мәтінін жол-жолмен тізбектелетін қор­ғасыннан балқытып құяды. Бір әріптен қате кетсе, қайта барасың. Корректор біткен әлгі байғұс қыздар­дың желкесінен төніп тұрады. Бұл бір адам денсаулығына аса зиянды жұмыс. Сол себепті баспахананың қыз-келіншектеріне де ауық-ауық сүт пен айран беріліп тұрады. «Су сұрасам, сүт берген, айран берген, Қалай жайнап кеткенсің қайран жеңгем», – деп Мұқағали өлеңінің өңін айналдырып, соларды мақтап-мақтап, ішіп-жеміне ортақтасып, ағарған ішіп кетеміз. Сөйте тұра, күн ұзаққа балқыған қорғасынның маңында бүкіл жастығын сарп етіп отырған қыздарды кәдімгідей аяушы едік.

Сол қорғасын жолдардан түзілген қаріптерден газеттің беттері жасалады. Қорғасын қалыпқа арнайы сызылған макетке сәйкес суретті бейнелейтін клишелер орналастырыла­ды. Біз мұнда офсеттік басылымның ізі де жоқ кезде қызмет істедік. Бетті пленкаға түсіретін тәсіл кейінірек шықты. Кезекшісі бар, корректоры бар, тың көзі бар, бәрі жабыла оқып, сақ болуға тырысқанымен, қатесі құрғыр бәрібір кетеді. Сен жібермеуге тырысқаныңмен, қорғасыннан құйылған қалыптың бір ноқаты аяқ астынан ұшып кетеді. Сол бір ноқат бүкіл мәтінді бүлдіреді. Кейде тіпті қорғасын әріптің тұтас бір қапталы желініп қалады. Қас қылғандай, соның нәтижесінде небір айтуға ауыз бармайтын өрескел сөздер шыға келетінін қайтерсің. Осындай шерлі сәттерді де басынан өткерді бұл ғимарат.

Сонымен, түс ауа кезекшілікке барасың. Әдетте кезекші екеу болады. Біріншісі – бөлім меңгерушісі. Екіншісі – тілші. Екеуі бірлесіп, сол күнгі газет санының шығуына жа-уап береді. Егер жұмысқа жаңа ғана қабылданып, алғаш рет кезекшілікке түссең, цехқа жалғыз өзіңді бірден жібере қоймайды. Біреу-міреу ертіп барады. Сол адам өмір бойы есіңде қалып қояды. Сосын оны кейінірек көргенде «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық дегендей...», – деп жаттанды мақалды қайталап, сұңқылдап тұрасың.

Кезекшілік ететін жерің – газеттің корректорлар бюросы. Кешке қарай редакцияның корректорлары суатқа құлаған жылқыдай бірінен соң бірі келе бастайды. Олар жетем дегенше бет жасалады. О, газетті беттеу деген сол замандағы өнердің төресі. Макетке бір көз салып қойып, қорғасын жолдарды бірінің астына бірін текшелеп жатқан беттеушінің қимылына көз ілеспейді. Біздің жігіттер мұндай жұмысқа шынымен қырсыздау ма, әлде әдейі солай ойластырылған ба, кім білсін, бет қаттау жұмысы көбіне өзге ұлт өкілдерінің үлесіне тиеді. Әйтеуір біздің дәуірімізде «Социалистік Қазақстанды» ұйғыр Женя, «Лениншіл жасты» татар Валентин беттейтін. Обалы не керек, беттегенде де жайнатып жібереді. Бет дайын болғаннан бастап, корректорлар қағазға түсіріп, алдыңа әкеледі. Өздері төрт корректор. Өйткені бар-жоғы төрт-ақ бет. О заманда қазіргідей көп бетті басылым жоқтың қасы. Төрт бетің толып, төрт құбылаң түгелденсе бітті, үлкен Цека мен кіші Цеканың сенде шатағы жоқ. Осы төрт корректордың білім-білігі төрт түрлі. Бірі маман, бірі шабан, бірі жылдам, бірі жылмаң... Сондықтан оқитын бетіңнің шөбі сауат­ты қарайтын корректорға түссе екен деп алаңдап тұрасың. Тура сен секілді корректорлар да «шіркін-ай, бүгін менің бетімді көңіл бөліп оқитын журналист қараса екен» деп олар да құдайдан тілеп отырады. Корректордың кезекшіге бетті жеткізгенге дейін атқаратын тағы бір міндеті бар. Оны «подчитка» деп атайды. Екеу-екеуден бөлініп алып, газетке шығатын барлық материалды салыстырып шығады. Біреуі оқып отырады, екіншісі жолма-жол көз жүгіртіп, сөз немесе сөйлем түсіп қалмауын қадағалайды. Осылайша бүгінгі компьютер жарықтықтың бір өзі атқара беретін шаруасына бүкіл адам жұмылатын.

Бесін ауғанда бесінші корректор шаң береді. Оның сол күнгі аты – корректор емес, «тың көз». Яғни ол сол мезгілге дейін ұйықтап, демалып, әбден тыңайып келуі керек. Тыңайып келген соң, сен көрмеген қатені көреді. Төрт беттің бас-аяғы құралып, біршама реттелгеннен кейін қол қояр алдында зырылдап отырып, бастығыңа апарып көрсетесің. Кейде ол кісілер өз шаңырағынан қарайды. Егер мақұлдаса, басуға шиырып тұрып қол қоясың. Сол кезде бірінші кезекші һәм бөлім меңгерушісі екі-үш рет жөткірініп алып, үйіне қайтады. Ал сен баспаханаға беттейсің. Қазіргі «Дәуірдің» еңселі залында газет басатын алып станоктар екі иінінен демалып тұрады. Солардың жанында қара майға малшынған газет басушылар жанығып жүреді. Осы маңайға келіп, әлгілердің бастығы бар даусымен «Ленжас!» деп айқайлағанша тағат­сыздана күтесің. Олар дайын қалыпты станоктың өңменінен өткізіп, аспалы лентаны бір-екі рет айналдырып көріп, газеттің алғашқы бес-алты данасын басып, тексеріп алу үшін қолыңа береді. Енді бүкіл басылымның тағдыры сенің қолыңда. Соңғы сәтте кетіп бара жатқан қатені көрсең – ұттың, көрмей қалсаң – басыңды жұттың. Сондықтан енді ғана басуға қол қойып жатқаныңда, қып-қызыл комсомол мүшесі болсаң да, аузыңнан «бісміллә» деген сөз еріксіз шығады...

 

БІЛТЕ ШАМНЫҢ  ЖАРЫҒЫ

Қадамың да белсенді,

Қаламың да белсенді...

Қате кетсе, бірақ та,

Қайғы басар еңсеңді!

(Журналистік фольклордан)

Сөйтіп, кезекшілігіңді абыроймен атқардым деп ойлап, ертеңіне түске қарай жұмысқа келгенде ең алдымен соғатын бөлмең – секретариат. Себебі секретариат – газеттің штабы, жан жүрегі, қан тамыры. Мұнда макеттің майын ішкен небір марғасқалар отырады. Сол секретариат сені кезекшілікке жібереді. Қайтқанда да аялдайтын бекетің осы болмақ. Әскерге аттанғандар аудандық немесе қалалық комиссариат арқылы кетіп, оралған соң бірден сонда тіркеліп, есепке тұрмай ма? Құдды сол. Секретариаттың серілеріне ең алғашқы сауалың мынау болады: «Қалай, тыныштық па өзі?». Бүгінгідей көзіңді тырнап аша сала телефонмен сұрай салатын заман емес. Секретариаттағы өзің күнде алысып-жұлысып жүретін қа­ғынып кеткен құрдастарың саған салғаннан дұрыс жауап бере қой­майды. «Қайдан тыныштық болсын... Цекадан екі рет звондады». Жүрегің су ете қалады. «Не болды?», – дейсің сосын миың айналып, тілің күрмеліңкіреп барып. «Не болушы еді? Бердіқұловтың фамилиясы түсіп қалыпты». Жүрегің атқақтап, зырылдап барып газеттің төртінші бетін қарайсың. Уһ, орнында тұр! Бүйткен қалжыңы құрысын! Өздері сықылықтап күліп отырады. Мұндай әзәзіл әзіл Сейдахмет ағам басқа жұмысқа ауысып кеткеннен кейін де жалғасып жатады. Келер жолы секретариаттың сарбаздарына тағы келесің. Сол үрей, сол сауал... «Тыныштық па?», «Жоқ!», «Қате бар ма?». «Бар ғой әрине». «Қандай қате?». «Бас редактор Уәлихан Қалижанды Қалижан Бекқожин деп жіберіпсің. Уәкеңді қойшы, өзіміз ғой, тулап-тулап қойды. Таяғын сығымдап, мұрты жыбырлап, аюдай ақырған Бекқожин жаңа ғана келіп кетті...». Зәреңді зәр түбіне жеткізген қылжақбас қыз­меткерді әлің құрығанша қуалайсың.

Бұларға ойын керек. Талайдың түбіне жеткен баяғы сегіз абзац оқиғасы да шекесіне тимейді. Нөмірге кетіп бара жатқан КПСС Орталық Комитетінің қаулысынан байқаусызда салғырттықтың салдарынан түсіп қалған сол сегіз абзац қанша жұртты сергелдеңге салып еді. Біреу жұмыстан кетті, біреу қызметінен төмендеді. Тағы бірі сөгіс алды. Ескерту берілгендерде есеп жоқ... Сонда да қоймайды-ау жарықтықтар.

Жалпы өмірде болған ба, болмаған ба, кім білсін, сол жылдарда одақтық басылымдардағы аса ірі қателер туралы әзіл-шыны аралас алып-қашпа әңгімелер көп айтылатын. Бірде пролетариат көсемі Владимир Ленин әдеттегідей сенбілікке барған көрінеді. Фототілші оның жұмыс барысында түскен суретін редакцияға әкеліпті. Бұл жолы көсемнің басындағы үйреншікті кепкасы көрінбейді дейді. «Жоқ, – дейді жауапты хатшы, – Лениннің бас киімінсіз неғылған сенбілік ол? Табыңдар көсемнің кепкасын!». Суретші асқан шеберлікпен әбжіл қимылдап, ретуш жасап, Лениннің шыбынның өзі шатқаяқтап кететін айнадай жалтыраған басына талайға таныс кепкасын қондырады. «Міне, енді дұрыс болды, – дейді жаухатшы, – Болды, басыңдар!». Ертеңіне бүкіл жұрт у-шу болады. Басылымдағы басшы біткен орынтақтарынан төңкеріліп түседі. Кеше бәрі жабылып сенделіп жүргенде ешқайсысы аңғармапты. Баспахана бояуының иісі бұрқырап тұрған су жаңа газетті ашып келіп жіберсе... Сенбілікте біресе бөренеге иығын тосып, біресе серіктеріне көмектесіп, қалың нөпірдің ортасында жасындай жарқылдап, жұртқа жігер беріп жүрген Ленин көкемнің басында бір кепка, қолында бір кепка тұр дейді...

Басқа басқа, күн көсемнің осындай хикаяларының өзі жиі айтылып, миыңа әбден қонақтағаннан кейін секретариатқа шошыныңқырап кіресің, әрине. Ал кезекшілікке бармайтын жай күндері бұл бөлме – нағыз думанның ортасы. Сырттан келетін әріптестер мен авторлардың бәрі ат басын алдымен, сол құтханаға тірейді. Ерінбегеннің қай-қайсысы да осында бас сұғады. Нөмір де сонда жоспарланады. Макет те сонда сызылады. Қонақ та сонда күтіледі. Шахмат та, дойбы да сол жерде ойналады. Біздің тұсымызда нарды деген ойын журналистер арасында жұқпалы аурудай тарады да кетті. Үлкен де, кіші де нарды ойнайды. Тіпті ара-тұра зеріккенде бас редакторымыздың өзі де секретариатқа келіп, жаңа ойынды жедел игеріп, мына біз сияқты текірекбастарға шеберлік класын көрсетіп кетеді. Сол жылдарда «Кеудемде бір желік жүр, Киік құсап желіп жүр. Нарды ойнайтын газеттен, Карта ойнайтын газетке, Кетіп қалғым келіп жүр!», – деп қалжыңдап өлең өретінбіз.

Кейінірек бұл ғимараттың керегесі кеңейді. Кеудесі биіктеу кейбір басылымдар жаңа мекенге ауысқанды жөн көрді. Онда да тым алыс кеткен жоқ. Іргелес Гоголь көшесінен бой көтерген 39-үйге «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері, «Ақиқат», «Мысль», «Ара» журналдары, тағы бірқатар басылымдар көшіп барды. Жаңадан құрылып, бірнеше басылымды біріктірген «Қазақ газеттері» ақпарат компаниясы да сонда қоныс тепті. Әдетте үлкендер өздері байырғы мекенде тұрақтап, бауырындағы балапандарын енші беріп шығармайтын ба еді? «Егемен» мен «Казправда» бізге сондай сеніп, зор үміт артып, қара шаңыраққа қалдырып кетті.

Мақаламыздың ең бір ащылау тұсына келдік. Талай жыл баспасөздің қасиетті құтханасы болған бұл әйнек қабырғалы еңселі үй кейін біздің салаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сырт-сипаты суықтау мекенжайдың кейпіне енді. Әлдеқашан бизнес орталығы ма, сауық-сайран мекемесі ме, сондай бірдеңеге айналып кеткен деседі. Нарықтың салмағы сезілген тұста редакциялар бұл жерден біртіндеп көше бастады. Ақыры олардың жұрты ғана қалды. Жұрты деуге де келмейді. Бәлкім, біреулер күштеп шығарып жіберді ме екен? Әйтеуір, талай жерге көшіп-қонған баяғы «Жас алаш» кейінгі кезде үйірін тауып, сол шаңыраққа қайта оралған сияқты. Сонымен ол жерде бүгінде осы басылымның және бірен-саран баспаның қыз-жігіттерінен басқа қалам ұстаған ешкім қалмады-ау деймін.

Шынымен қапталған ғимарат­тың ішінде сол заманның шын­дығы қалды. Қызығы мен шыжығы да қалды. Бұл ғимараттан өсіп-жетілгендер өзге шабыт шаңырақтарына қызметке ауыс­ты. Баспасөздің заңы солай-ды. Олар алысқа ұзамайды. Максим Горький көшесіндегі 50-үйден өрген өрендер не Абылайхан даңғылындағы 105-үйге барады, не Желтоқсан көшесіндегі 177-үйде тұрақтайды. Не болмаса, Республика алаңындағы 13-үйге табан тірейді. Бұл ғимараттарға жолы түспесе, Абай даңғылындағы 143-үйге шатырын тігеді. Аталған мекенжайларда Жазушылар одағы, «Қазақстан» телерадиокорпорация-сы», «Хабар» агенттігі, Баспалар үйі орналасқан. Әрине, қолынан жазу келетін журналистің бүкіл тіршілігі дәл осы мекемелерге тіреліп тұрған жоқ. Керек десеңіз, тағдырын күрт өзгертіп, мүлде басқа салаға ауысып кетуі де мүмкін. Бірақ бәрібір ақпаратқа қатысы бар сайыпқыран сарбаздардың көбі сол ғимараттардың арасында өмір өткізеді. Біз осы мерейлі мекендердің әрқайсысы туралы тереңірек толғайтын боламыз.

* * *

Ұлы Жібек жолының бойында қастерлі құндылықтардың негізі қалан­ғанын арғы тарихтан білеміз. Ару Алматының Жібек жолында да біздің жастық шағымыз қалды. Ол кезде Жібек жолы атана қоймаған-ды, әрине. Біз ай қараңғысында түнімен кітап қарап, көзінің майын тауысқан Максим Горькийдің атымен аталатын көшеде талай жыл табан тоздырдық. Осы ғибратты ғимаратта Алексей Пешков секілді өңкей май шамның жарығымен кітап оқып өскен біздің буын жан аямай жұмыс істеді. Сол білте шамның жарығын әлі де өшіре қойған жоқ олар...

Бауыржан  ОМАРҰЛЫ

 

1249 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы