• Қоғам
  • 01 Желтоқсан, 2022

ҚАЙ ЕЛДЕ КӨЛІК КЕПТЕЛІСІ КӨП?

Азанда, кешке жұмыстан қайтатын уақытта көлік кептелісіне тап боласың. Әсіресе жаңбыр жауып, жер бетін қар жапса қиын. Мұндай күндері кеп­теліс тіпті көбейеді. Бұл Алматы қаласы үшін қалыпты тіршілікке айналған. Шаршатады. Көңілі нілдей бұзылады. Бірақ амал жоқ, төзім керек.

Ал анығында көлік кептелісі Алматы үшін ғана үйреншікті жайт па? Жоқ. Қазіргі таңда әлем халқы бұдан зардап шегіп отыр. Көлік тығыны бірнеше сағатқа, тіпті ондаған шақырымға созылған тосын оқиғалар да бар. Көлік қозғалысын зерттейтін ағылшын сарапшылары «қандай қалада жағдай қиын?» деген тақырыпта зерттеу жүргізіп көрген. Сөйтсек, біздің Алматыдағы жағдай олардың жанында түк емес екен. Әлемде көшедегі кептеліс жөнінен бірінші орынды Ыстамбұл алады. Жай уақытта көлікке мінген адам үйіне немесе жұмысына 30 минутта жететін болса, таңғы және кешкі мезгілде ыстамбұлдық жүргізушілер 2,5 сағатын жолда өткізеді. Одан кейінгі орында Варшава тұр. Итальяндықтар да пұшайман күйде. Жүргізушілер азанғы және кешкі мезгілде уақытының басым бөлігін жолда өткізеді. Әрине, көптеген қалалар кептеліс тауқыме­тінен шығудың жолдарын қарастырып жатыр. Ал италияндықтар үшін бұл қиын-ақ, өйткені ескі қаланың архи­тектуралық бейнесі көшені кеңейтуге көп мүмкіндік бере бермейді екен.

Британияның «MSN Cars» порта­лының мәліметіне қара­ғанда, соңғы екі жылда Париж әлемде кептелісі ең көп болатын 15 қаланың тізіміне енген. Брюссель шаһары да ең ұзақ көлік кептелісі болатын рейтингтің көшін бастады. Немістің Гамбург шаһары көлік саласы мен экономикасы мықты Еуропадағы ең ірі орталықтың бірі. Сондықтан көлік көп. Мұндағы халық кептелістен көп зардап шегеді. 2 миллионнан аса адам тұратын Стокгольм де Скандинавия маңайындағы халқы тығыз қоныстанған қаланың бірі. Бірақ көліктен қашқан жұртшылықтың басым бөлігі мұнда велосипед мінеді. Денсаулыққа жақсы әрине, бірақ бәрібір кептелістен ешкім құтыла алмайды. Мысалы, Манчес­тер қала­сының жүргізушілері орташа есеппен алғанда жылына 72 сағатын кептелісте өткізеді екен. Ал париждік жүргізушілердің үлесі – 70 сағат. Ал Кельн қаласының жүргізушілері жылына 57 сағат көлікте отырады. Лондондықтарда  кептелістің жылдық үлесі – 54 сағатты құрайды.

Көлік кептелісі Қытай үшін де бас ауыртар мәселелердің бірі. Дерекке жүгінер болсақ, 2010 жылы Қытайда жаз айының соңында Пекин-Тибет тас жолында ұзындығы шамамен 260 шақырымға жетерлік көлік кептелісі жол апаты мен жөндеу жұмыстарының салдарынан орын алды. Бірнеше күнге созылған кептеліс, тіпті қозғалыссыз қалды. Бүкіл телеарналар бұл оқиғаны әлемге таратты. Бірақ қытайлық тұрғындардың мұндай жайтқа көзі үйренген. Әрине, 20 миллионнан аса тұрғыны бар Пекин үшін кептелістің болатын себебі де бар. Қалада жылына 2 мыңнан астам адам жаңадан рульге отырады. Қытай үкіметі көлік тығынынан құтылудың жолдарын қарастырып жатыр.

Қазіргі таңда айналма жол­дар­дың өте аздығынан Бразилияның Сан-Паулу қаласында да жағдай қиын. Мұнда ең ұзын көше кептелісі 2008 жылдың 9 мамырында орын алған, машиналардың тығынының ұзындығы 265 ша­қырымға созылғаны белгілі. Са­рап­шылардың айтуына қара­ғанда, мұндай жағдайға қала тұр­ғындарының еті үйренген. Олар машина ішінде отырып, кино көреді, сақал-мұртын алады, тіпті ұйықтайтын арнайы қаптарын да жолға ала шығады. Қайтсін, кейбір көше кептелістері 3-4 сағатқа кетеді, тіпті алты сағатқа дейін созылатын тұсы да бар. Орташа есеппен аталған қала маңайында айына жүздеген шақырымға созылған бірнеше кептелістер болып тұрады.

Жалпы көлік кептелісіне ұшы­ра­­­­ма­ған жүргізуші жоқ. «IBM» компания­сының мамандары көлік жүр­гізу­шілерінің арасында сауалнама жүргізген көрінеді. Олар әлемнің 5 еліндегі 8192 көлік иесінен жауап алған. Нәтижесі қандай дейсіз ғой, жүр­­гізушілердің 87 пайызының әр­қай­сысы кем дегенде бір сағаттан кептелісте болған. Әрине, кез келген елдің үкіметі мен жергілікті билігі бұл тауқыметтен құтылудың жолдарын жасап жатыр. Бірақ амал қайсы, бірден шешіліп жатқан тірлік жоқ. Өйткені демография өскен сайын, адамның техникаға да қажеттілігі мен сұранысы артып келеді.

Жалпы Ресейдің Мәскеу қаласын осы топқа жатқызуға болады, Ресей астанасының халқы тығыз және көп болғандықтан, әлемдегі тығыны көп, тауқыметі аз емес қалалардың біріне айналып келеді. 2012 жылы әлемдегі ең ұзын кептеліс Мәскеуде орын алған. Сарапшылардың айтуына қарағанда, мәскеулік жүргізушілер жылына 127 сағат көлік тығынында тұрады. Бұл шамамен 5 күн деген сөз. Әсіресе 2012 жылдың 29 қарашасын Ресей астанасының жүргізушілері ұмыта қойған жоқ. Жаңадан жауған қардың аяғы көктайғаққа ұласып, көліктердің жүруі мүмкін болмай қалды. Әрине, қиын. Бірақ одан құтылудың жолы оңай емес. Көлік тығынының көп-тігі түрік ағайындардың да жолда жүру жылдамдығын 55 пайызға тежеп отыр.

...Демек, Алматыда ғана емес, ақиқаты бүкіл әлемде көлік кептелісі бар. Мәселе, оны реттеу-де, тығынның түйінін болдырмауда. Бірақ бұл айтуға ғана оңай боп тұр ғой...

610 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы