• Мәдениет
  • 01 Желтоқсан, 2022

СЕНГЕН СЕРИАЛЫМ СЕН БОЛСАҢ...

Мен –  қазақы  ауылда туып, қазақы отбасында өсіп, қазақы дәстүр-салтпен тәрбиеленген адаммын. Мектепті орыс сыныбында орысша бастап, қазақша аяқтадым. 
Ата мен әжеме тарихи, ғашықтық жырлар мен аңыздарды оқып беріп, олардан ертегілер тыңдап өскен жанмын. Бала күнімнен санама сіңген ұлттық дәстүрді, қазақы салтты қатты құрметтейтінім сондай, қазақы болмысымызға нұқсан келтіретіндей, дәстүрді бұзатындай, салтымызға жат қылықтарға, көріністерге, шығармаларға мүлдем төзбеймін. 
Жас болсын, жасамыс болсын, есі бар адам ата-анадан, өскен ортасынан, естіген, көрген істерінен, өмірлік тәжірибелерінен сабақ алады. Ұнаған, көңіліне қонған істерді үлгі етеді. 
Осы орайда, қазіргі заман талабына сай, ең негізгі  тәрбие құралының бірі болып отырған теледидардан көрсетілген  хабарлар мен кинофильмдер туралы біраз пікір айтпақпын.  

«Қыз Жібек», «Гауһартас», «Менің атым Қожа», «Атаманның ақыры», «Тақиялы періште», т.б қазақ киноларының інжу-маржан­дарын көріп, қазақтың ұлы актер­ларының өнеріне тұшынып өскендіктен, қазіргі қазақ киносына аса сын көзбен қарайтыным рас.

Соңғы кезеңдердегі жас режис­серлардың бірінен соң бірі шығарып, экранда көрсетіліп жатқан кинолары, әрине, қуантады. Қуантқанда, жастардың талабы, ниеті, таза қазақы кино түсірсем деген талпынысы қуантады. «Аяулы арман», «Ағайынды», «Қара шаңырақ», «Болашақ», «Сырғалым», «Шашу», «Бақыт­сыздар бағы», «Ана жүрегі», «Жаңа қоныс» – осылай-осылай кете береді.

Кинодағы болсын, телехабар­лар­дағы болсын көзге қораш, көңілге оғаш көрінетін, жиі қайта­ланатын көріністің бірі – киіз үй шаңырағының жалаңаш тұруы. Түндік мүлде көрінбейді, яғни, салынбайды. Салынбаған соң, ашылмайды, жабылмайды.

Түндік – киіз үйдің терезесі әрі желдеткіші қызметін атқарады. Күннің, желдің бағытына қарай, ашылып, жабылып, үйге жарықтың түсуін, ауаның алмасуын реттеп отырады. Қатты жел тұрса, жаңбыр жауса, мүлде жабылып, арқанмен бастырылып, арқан жерге қағылған қазыққа байланады. Ортаға жағылған оттың түтіні де сол дұрыс ашылған түндікпен реттеледі. Бұрын киіз үйді көрмеген адамдар үшін шаңырақтың ашық тұруы, мүмкін, әдемі көрінер. Бірақ, киіз үйді қолмен тігіп, жығып, сол үйдің ішінде өмір сүріп көрген мен үшін түсініксіз.Түндіксіз киіз үй шатыры ашылып, қалқайып қабырғасы қалған кірпіш үй сияқты сезіледі.

Таңертең ерте тұрып, түндік ашу – келіннің ең бірінші міндеті. Түндікті желдің бағытын байқап, ық жағынан ашу – келіннің зейініне сын. Күннің көтерілу уақытына, желдің бағытына қарай, түндіктің ашылу, жабылуы да өзгеріп отырады және келін осы істің бәрін уақытымен атқарып отырады. Егер түндігі желге қарсы ашылған күйі қалып қойса, жел түндікті көтеріп, үйді жығып та кетеді. Қатты желден шайқалып, қисайған соң, уықтары жерге түсіп, шаңырақ ортасына құлаған үйлерді де көрдік.

Сондықтан, киіз үйді туырлық, үзік, түндігімен көрсетсе, құба-құп болар еді.

Мен аса киноқұмар адам емеспін. Сериалдарды көруге ықы­ласым да, уақытым да жоқ. Сондықтан шетелдік болсын, отандық болсын фильмдерді тұтас­тай көріп, сценарий авторларын, режиссерларын, түсіруші, пікір айтушыларын мұқияттап, нақпа-нақтап айта алмаймын. Әрі тым жақсы талаптанып, еңбектеніп жүрген жанның көңілін түсіргім келмейді. Менің жазған сынымнан әркім өзінде де бар, өзіне қатысты нәрсені алып, ескерсе деймін. Қазақ киноларындағы жаппай әдетке айналып бара жатқан және бір нәрсе – жалпылдатып көрпе іліп қою. Баз бір кезеңдерде қазақ ауылын жұтаң, құлазып, қақыраған, сылағы түсіп, кесегі мүжіліп, можап қалған үй, сынған терезе, қисайып, сықырлаған есік, кетік тістей опырайған шарбақ, құм, күл, көң, қи басқан мекен түрінде көрсету етек алып еді ғой. Қарап отырып, көңілің құлазып, кино көрген ғұрлы шаршап қалатынмын.

Қазір олай емес, қазақ ауылы кино әлемінде гүлденді. Тап-таза аула, бау-бақша, заманауи үлгідегі жиһаздары, біз сәкі дейміз, көк желекпен көмкерілген тапшандары қандай! Жаның сүйсінеді.

Бірақ қай киноны көрсең де, жіпке, шарбаққа ілулі құрақ көрпе тұ­рады! Ауылды көрсете бастағаннан-ақ:

– Қазір бір жерде көрпе ілулі тұрады! – деймін. Айтқандай, міндетті түрде! Дұрыс, қазақтың қолөнерін көрсету керек шығар, бірақ бір көріністің бірнеше мәрте қайталана беруі адамды мезі етеді. Режиссерлар өзінен бұрын түсірілген киноларды мұқият қарап, өзінен бұрын ашылған жаңалықты екінші, үшінші, төртінші мәрте көрсетудің көңілге қонымсыз екенін ұқса екен.

«Шығысым батыс боп кетті-ау!» – деп ұлы ұстаз айтқан кезден бермен қарай қанша жылдар өтсе, сол жылдар өзінің батыстық өзгерістерін алып келіп жатыр ғой. Оған талас жоқ. Батыс елдерінің шығыстан үйренері де аз емес шығар. Сан ғасырдан бері сақталып, атадан балаға мұра боп жалғанып, мызғымастай берік болып көрінген дәстүр-салт, сенім, көзқарастарымыздың қазақ киносында шым-шымдап өзгеріп, сол өзгерістің тұрақтап, орнығып, санаға сіңіп бара жатқанының куәсі болып біз отырмыз.

Ата-анасының бетінен алып бажаңдап: «Сіздердің менде шаруа­ла­рыңыз болмасын! Бұл – менің өмірім, сіздер араласпаңыздар!» – деген батыстық қорқынышты фраза қазір қазақ киносына сыналап еніп алды.

Теледидардың экранын ғана емес, тұтас қазақтың санасын жаулап алған түрік, үнді, филиппин кинолары сатқындық, азғындық, зымияндық, мыстандық, бақталастық, ұрлық сияқты неше түрлі әдепсіздікті наси­хаттағаны сондай, тап сол кино­лардағыдай сатқын жігіттер, көкек әке-ше­шелер, әдепсіз қыз-келіндер жаулап алды қазақ киносын. Бірді бірге соғыстырып, өтірікті судай сапырып, адамның ойына да келмейтін арамдықтарды шімірікпестен жасап, біреудің некесін бұзып, тіпті, адам өлтіруге дейін барып жүрген кинодағы қаршадай қазақ қыздарын көргенде, иманың ұшады.

– Масқара! Біздің қазақ қыздары қашан осындай болып кеткен?! – деймін жағамды ұстап.

Қазақтың болашағы, жас қыз-жігіттерімізді осындай образда көрсету кімге қажет? Ешкімге зия-нын тигізбей, ешкімге қанжар салып, у ішкізбей, өзін ғана құрбан ететін, жаны нәзік, ары таза, періш­тедей пәк қазақ қыздары қайда?

Қарындасының абыройы үшін жан беруге бар қайран қазақ соғыс­сыз, зорлықсыз, некесіз оң жақта отырып бала көтерген қыздың:

– Менің аяғым ауыр, – деген төбеден түскендей хабарына:

– Ой, мынау – жақсы жаңалық қой! – деп қуанатын халге қашан жетіп қалдық?

Ата-енесін құрметтеп, қайын аға, абысын, қайын апа, қайын іні, қайын сіңілілеріне дейін ат­тарын тергеп, үлкендеріне иіліп сәлем салып тұратын келіндердің әдемі әдебі біздің киноларда мүлдем ұмытылып немесе алба-жұлба тоналып, тек жұқанасы ғана қалуға айналды.

Тіпті «Әлішер аға», «Линда тәте», «Жұман ата» деп бадырайтып атасының, қайын аға, абысын­дары­ның атын атайтын келіндер шықты!

Салт-дәстүрді белден басып, оны елемеуге, оны өзгертуге режис­серларға, сценарий авторларына кім құқық берді? Қазақтың ғасырлар бойы жинаған, тозығын қалдырып, озығын осы күнге дейін жеткізген, қазақтың қазақтығын басқа ұлттан ерекшелеп көрсетіп тұратын, қазақ­тың қазақтығын сақтайтын жауһар­ларын елемейтін, сыйламайтын, қажет етпейтін кімдер олар?

Жиенді «немере», келінді «абысын» деп атаған тіркеске құлағымыз үйренгелі қашан?

Жоғарыда айтып өткендей, мен сериалқұмар емеспін. Аздаған ғана бос уақытта, қонақтыққа барғанда тиіп-қашып қана көрген фильм­дердегі олқылықтарға қынжыламын. «Бақытсыздар бағы» атты отандық сериалды түгелге жуық көруге әдейі уақыт бөлдім. Басталуы мен ара-арасын­дағы 3-4 сериясын жіберіп алғаным болмаса, жалпы оқиғасын тұтастай «тамашаладым».

Ең бірінші айтарым, сценариді бір емес, екі емес, төрт бірдей орыс өкілі жазған екен. Таңқаларлығы, авторлар бұл оқиғаны неге біздің ұлт үшін жазған? Ықылым заманнан көршілес мемлекет бола тұра, тілі де, діні де, дәстүр-салты да үш қайнаса сорпасы қосылмайтын орекеңдердің кейіпкерлерінің аты ғана қазақша, ал оқиғасы тұта­сымен орыс иісі мүңкіп тұрған сценариін кімдер қабылдап, өндіріске кімдер жіберген? Талай қазақы бағдарламаларды жүргізіп, ұлттық санамыздың сақталып, жаңғыруына күш салып, халықтың көзайымына айналған Рахман Омаров қайда қараған? Осы киноға пікір білдіруші ретінде тұнып тұрған жолсыздықты айтуына болмас па еді? Санамалап отырсам, кинода оннан астам жанұя немесе жанұя боларлық адамдар оқиғасы бар екен. Бірақ соның бірде-біреуі таза, толық отбасы емес. Күйеуі не әйелі бүлінген, бір-біріне деген сезімі мен сенімі жойылған, жеңіл жүрісті әдет қылған, сырты бүтін, іші түтін ерлі-зайыптылар, тәрбиесіз, әкенің мансабына мастанып, ақшасымен алшаңдаған, ойына келгенін істеген ұл, тіпті, ата сақалдары аузына түсіп, егде тартқанына, бір отбасының емес, бүтін елдің ата-әжесі, құр­метті қариясы болатын жастарына қарамастан, жастық желікпен желкілдеген шал-кемпір.

Туған немересі қайтыс болып, соның хабары келіп, анасы есінен адасып жатқан күні атасының әлде­қашанғы ғашығы болған кемпірмен кездесіп: «Бүгін менің немерем қай­тыс болды», – деп кафеде отыруы қаныңды қайнатады!

Немересі мен ұлының қаза­сынан кейін, күнаға батқан ке­лі­нінен көңілі қалған, күшік күйеу болып кемпірге еріп кеткен шал сол кемпірі өлгенде, өлікті тастап, кемпірдің туыстарына өзі келіп хабар айтуы – нанымсыздың нанымсызы.

Арқа сүйер азаматы қайтыс болған үйдегі анасы мен қызының тек өздері ғана отырып қайғырып, тек екеуі ғана өлікті жерлеу жайын әңгімелеуі – қазақилыққа мүлдем жат, үйлеспейтін іс.

Ағайын қайда, туыс, жекжат, көрші-көлем, құрбы-құрдастар ше? Әлде, қалада қайтқан адамдарды осылай, үй ішімен, үш-төрт адаммен ғана жөнелте ме?

Қазақтың өлікті жөнелту, қазаның артын күту салтын білмеген болса, кинода көрсетпей-ақ қойса болар еді ғой.

Ақ некелі әйелдерінің көздеріне шөп салып, некесіз бала таптырған немесе өрімдей қыздардың абыройын аяққа таптап, түк білмегендей креслоларында шалқая шіреніп, басқаларға абыздай ақыл айтқан әкелерді, ақ некелі күйеулерінің көздеріне шөп салып, жеңіл жүріске салынған аналарды, бір күндік тоқтығы үшін абыройын сатуға да бар, бірді-бірге атыстырып-шабыстырған, адам өлтіруге де жүзі жанбайтын аяр қызды, досын сатқан опасыздарды, адам өмірін ойыншыққа айналдырып, ақшаға айырбастайтын делдалдарды көптеп-көптеп, жаппай, жапа-тармағай, кино бас сайын көрсетудегі авторлардың мақсаты не?

Баяғыда Жантықтар, Қодарлар, Бекежандар жалғыз – жарым еді...Бар халық олармен жабыла күресіп, жеңуші еді... Содан көрерменнің көңілі көтеріліп, қуанып, шабыттанып қалушы еді, шіркін!

Енді мына қаптаған қатігездік пен аярлықты қалай жеңеміз? Өзгеріп, ұмытылып, мәні жойылып, ескерусіз, насихаттаусыз қалып бара жатқан салт-дәстүрімізді қалай қайтарамыз?

Газет пен кітаптың насихат құралы болудан қалып бара жат­қан заманда қазақ киносына үлкен үміт артылып отыр. Кітап, газет оқымайтын адам көп, ал кино көр­мейтін адам аз. Оның ішінде, болашағымыз – жастар, әйтеуір, тиіп-қашып болсын кинотеатрдан, ұялы телефоннан, телевизордан кино қарайды. Сондықтан кино – ең үлкен насихат құралы. Дәстүріміз, дініміз, тіліміз бұзылмаған, таза күйінде ұрпақ санасына жетуі керек. Оны өзгертуге, бүлдіруге хақымыз жоқ!

Тіл демекші, осы орайда да, бірер пікір айта кетейін. Соңғы кездері қазақ тілінің шақ кате­гориясының қара тастай қатаң заңдылығының бұзылғаны және осы қате сөйлеу мәнерінің қа­лыпты жағдайға айналып бара жатқаны да шошытады.

Мысалы: барушы едім, айтушы едім, орындаушы едім деген сияқты өткен шақ етістіктері қазір келер шақ түрінде қолданылады. Ал керісінше, барам, қайтам, келем, ұрады, құлаймын деген сияқты келер шақ етістіктері өткен шақ мағынасында айтылады.

Журналистің:

– Егер сол жерде сіз болсаңыз, не істер едіңіз? – деген сұрағына:

– Мен де солай істеуші едім, – деп жауап береді сұқбат беруші («солай істер едім») емес.

Осыдан бірнеше уақыттар бұрын болған оқиғаны қазіргі жастар былай баяндайды:

«Мен үйіне барам («бардым» емес), бар шын­дықты айтам («айттым» емес), ол ұрады (ұрды емес), мен құлаймын («құладым» емес).

Халық алдына өз туындысын ұсынатын адам оның бүге-шүгесіне дейін мұқият қарап, әр оқиға, әр көрініс, әр суретке, әр сөзге көңіл бөлсе деймін.

Тым жақсы дүниенің бірер салғырттық салдарынан бағасы түсіп, көрермен көңілін суытуы мүмкін.

Үндінің Ананди қыз туралы фильмі бірнеше жыл экраннан түспей, берілу уақытының тиім­ділігіне, қайталап көрсету мүм­кіндігіне қарай бәріміз де тама­шаладық қой.

Сонда, фильмдегі нанымсыз эпизодтардың көптігіне, адамды жалықтыратын қайталауларға қарамастан, мен осы киноның сценарий авторы мен режиссеріне өте риза болдым. Неге дейсіз ғой?

Үнді ұлтының ұлттық және діни, кәсіби мерекелері мен дәстүр-салттарын өте зор мақтанышпен, үлкен махаббатпен, аса құрметпен көрсете білгені үшін!

Білесіз бе, тіпті, қазір ауылдың бәрі үнді халқында қандай ұлық мерекелер бар екенін айтып бере алатын сияқты. Міне, ұлтжандылық!

Қазақтың сары алтындай салты самсап тұрған, бүкіл әлем сүйсінген «Қыз Жібек» фильміндегі қос батырдың бір-біріне қару кезеп, бірі болмаса бірі мерт болуы мүмкін сәтінде жүгіріп жетіп, араша түскен Жібектің жалаңбас, жеңсіз көйлекпен көрінуінің өзіне үлкен сын айтқан қайран қазақ зиялыларының ізбасарлары неге үнсіз?

«Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген халық қағидасына сүйеніп, ұлт жанашыры ретінде аздаған пікір айттым. Өзім көрген фильмер арасынан «Ана жүрегіндегі» Бекзада сомдаған ана образына, жалпы осы туындыға ғана көңілім толғандығын айтқым келеді.

Баз бір елдердей қыздарының аяқтарына тар тәпішке кигізіп, мүгедек қылатын, мойындарына темір сақина кигізіп, сақинасы түсіп қалса, басын көтере алмайтындай ететін, еріндеріне дөңгелек темір салып салбырататын, кімге күйеуге шығатынын көңіл қалауы емес, әкесінің әмірі шешетініндей емес, біздің халықтың салт-дәстүрі тек қана ізгілікке, мейірімділікке, сыйластыққа, бауырмалдылыққа, тазалыққа, шыдамдылыққа негізделген.

«Қазағым» деп қайрат қылып, «елім» деп еңбек етіп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүрген жас режиссерлар, жас авторлар өз киноларының қалың көрермені ауылда екенін (қала халқының кино көруге уақыты да, ықыласы да жоқ қой), ал ауылдықтар бұзыл­ған, өзгерген, ұмытылған дәстүр-салтты қалт жібер­мей байқап, талдап, сол арқылы бүкіл киноға баға беріп отыратынын ескерсе деймін.

Асылгүл АРЫҚОВА,

Қазақстан журналистер

одағының мүшесі

Ақтөбе облысы

Байғанин ауданы

Алтай батыр ауылы

771 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы