• Cұхбаттар
  • 01 Желтоқсан, 2022

Мейіржан МҰСАБАЕВ: АЙТЫЛМАҒАН ШЕРЛІ ТАРИХ БАЯНЫ

Алматы облысы Талғар ауданында Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысы әкімінің қолдауымен салынған Саяси бұл музей 3 экспозициялық залдан тұрады. Репрессия жылдарында жазықсыз жапа шеккендердің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында, жаңа экспозицияның 3-залында: «Қазақстандағы 1916–1986 жж. аралығындағы қуғын-сүргін тарихы»; «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» («Реквием» залы); «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы және оның қызметіне қатысты экспонаттар қойылған. 1930–1950 жылдардағы қуғын-сүргін тарихы туралы бірінші залдың экспонаттары таныстырады. Олардың қатарында қазақтың зиялы қауым өкілдері – М.Тынышпаев, І.Жансүгіров, Ж.Күдерин және басқалары туралы фото құжаттық материалдар бар. Сонымен қатар, осы залда Алматы облыстық Ішкі Істер департаментінің архивінен алынған, Алматы облысы бойынша тұтқынға алынғандардың (қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақталғандар) іс көшірмелері қойылған.
Сталиндік лагерьлердегі тұтқындардың өмірі төрт диорамада ашып көрсетілген. Жаңалық ауылында атылып, жерленгендердің жеке заттарын да осы залдағы тақырыптық бөлімдерден кездестіруге болады. «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» залында жазықсыз жазаланған 4125 адамның аты мен тегі мәрмәр тасқа қашалып жазылып, қабырғаларына ілінген. Олардың қысқаша өмірбаянын (ақпарат 2 тілде берілген) осы залға қойылған ақпараттық дүңгіршектерден көруге болады. Жаңалық ауылында мемориал орнатудың бастамашысы болған, репрессия құрбандары туралы 9 томдық «Азалы кітап» шығармасының авторы Қазақстандық «Әділет» тарихи-ағартушылық  қоғамының қызметіне музейдің 3-залының экспозициясы арналған. Осы музей меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев музей жұмысы мен қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі жайындағы сұрақтарға жауап берді.

– Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мен оларды еске алу жұмыстары аясында олардың қасіретті тағдырын, ғұмырын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіле ме?

– Әрине, ондай жұмыстар жүргізіледі. Қазақстан тарихын зерттеуде қол жеткізген табыстар аз емес, алайда ғылымда бұл салада зерттелмей жатқан мәселелер баршылық. Солардың ішінде жаңа көзқараспен қарап зерттеп, зерде­леуді қажет ететін тақырып – өткен ғасырдың 20–50 жылдар аралығындағы Сталиннің репрессиялық саясаты. Кеңес Одағының солақай саясаты негізінде, отарланған ұлттың бас көтере алмай, құлақкесті құл болуы үшін, көзі ашық, саналы азаматтарының барлығы да қуғынға түсті. Ақтаңдақ­тарды қайта қарау негізінде, Қазақ­стан Республикасының Жоғарғы Кеңесi жаппай саяси қуғын-сүргiн­дерге ұшыраған адамдарға қатысты әдiлеттiлiктi қалпына келтiруге батыл кірісіп, қуғын-сүргiн­нiң барлық құрбандарын ақтау, оларға тигiзген моральдық және мате­риалдық залалды қазiргi уақытта барынша мүмкiн болатын өтеудi қамтамасыз ету мақсатында 1993 жылғы 14 сәуірде №2200 жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң қабылдады. 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу жылы деп жариялау туралы Қазақстан Республикасының тұңғыш президентінің жарлығы шығып, «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» деп жарияланды. Бұл шара – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұм­тылған ерлердің алдындағы бо­рышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы еді. Талай аты аталмай, жазықсыз кеткен құрбандарға тарихта тиесілі бағасы берілді. Осы үрдістің жалғасы ретінде 2020 жылдың 24 қарашасында ҚР президенті Қ.Тоқаевтың Сталиндік репрессия құрбандарын толық ақтау туралы Жарлығы жарияланып, қоғам талқысына ұсынылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі бойынша арнайы мемлекеттік комис­сия құрылды. Мемлекеттік комиссия төрағадан, төрағаның орын­ба­сарла­рынан, хатшыдан және Мем­лекеттік комиссия мүшелерінен тұрады. 

– Осы жарғы аясында нақты Алматы облысы аумағында қандай жұмыстар атқарылды?

– Бұл жарғыға сүйене отырып «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі­нің ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Ғарифолла Әнес «Жеті­судың шерлі тарихы» атты ғылыми экспедициялық авторлық жоба дайындады. Бұл жоба Алматы облы­сының әкімдігінен қолдау тауып 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жобаның мақсаты – Алматы облысы бойынша саяси қуғын-сүргін, тәркілеу, депортация, босқындарды, жүйенің басқа да құрбандарын анықтау, Алматы облысында болған Кеңес үкіметіне қарсы шаруа көтерілістері мен құрбандардың жерленген қорым жерлерін табу. Жоба үш жылға арналған (2021–2023 ж.). Бірінші жылдың қорытындысы бойынша музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Алматы облысына қарасты жеті ауданға ғылыми зерттеу, барлау экспедициялары ұйым­дастырылды. Экспедиция бары­сында осы күнге дейін беймәлім болып келген репрессия құрбандары жерленген қорымдар орны анықталды. Мәселен, Райымбек ауданындағы Көрсай деген жер. Бұл жерде Қытайға босқын болып бара жатқандарды Кеңес әскері шекарадан өткізбей қырып тастаған. Ұйғыр ауданында «Үлкен Ақсу» қорымы. Бұл қорымда 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс үшін кек аламыз деп Ақсу ауылының тұрғындарын түгел қырған (шамамен 200 ден 500 адамға дейін). Панфилов ауданында «Қорғас қырғыны». Мұнда шекарадан өтпек болған 200 адамды әскер қырған, ал өз баяндамаларында «бандиттерді тоқтаттық» деп көр­сеткен.

Міне, осындай әлі күнге ай­тылмай жүрген қаралы, шерлі тари­хымыз бар. Экспедиция барысында Кеңес үкіметінің қазақ ұлтына келтірген қасі­реттерін жинақтап, кітап беттеріне қаттап, оқырман қолына жеткізсек дейміз. Жобаның бірінші жылының қорытындысы бойынша «Жеті­судағы аштық», «Жетісудағы мүлікті тәркілеу тарихынан: Қастек ауданы» кітаптары жарық көрді. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасын табады, архив қыз­меткерлерімен бірлесе жұмыс істеп жазықсыз жаза­ланған тұлғаларға тарих­тағы оң бағасын береміз.

Музейіміздің қызметкері, профессор Ғарифолла Әнес: «Репрес­сия деген ату жазасы үкімі ғана емес. Қаншама адам қуғын көрді, Кеңес үкіметі қаншама адамның хақын жеді. Бірнеше буын ұрпақтың құқын шектеді. Біздің Қазақстанның өзінде сайлау құқынан айырылған миллионға жуық адам болды: олар сайлауға қатыса алмады, түрлі жиындарда сөйлеп, пікірін білдіре алмады, тойларға да қатыспады. Олардың әрқайсының дерегін білу, көпшілікке таныстыру ісін жүргізу керек. Қазір үлкен сайт жасақтап отырмыз. Қуғын көрген, аштықтың зардабын шеккен кім бар, ел болып толықтырайық. Қазанның қақпағы ашылды, мәселенің барлығы біздің санамызға байланыс­ты болып тұр. Кеңес өкіметі орнай сала басталған түрлі қуғын, қудалау мен кәмпескелеудің кесірінен, әрі алапат аштықтың зардабынан қазақ қынадай қырылғаны көпшілікке белгілі. Мәселен, 1933 жылғы санақта қазақ халқының саны өз мемлекетінде 26-ақ пайыз болған еді. Өз елінде, өз жерінде отырған титулды ұлттың үлесі жалпы халықтың үлесіне шаққанда ширегіне әрең ілікті», – дегені бар еді. Осы сөзді толық қолдаймыз. Сол зұлмат жылдары қуғын көргеннің барлығын да тарих парағына қаттап толтырып кеткеніміз жөн.

– Демек музей жұмысы аясында саяси қуғын-сүргін тарихымен қоса, аштық мәселесін де қатар зерттеп жүрсіздер ғой?

– Дұрыс айтасыз. Аштық пен саяси қуғын-сүргін біте қайнасқан тақырып. Кеңес дәуірі кезінде Қазақстанда алапат ашаршылықтар болып, халқымызды жер бетінен біржолата құртып жібере жаздады. Соның ішінде екі үлкен әлеуметтік апат еліміздің мәңгі есінде сақталып қалды. Мұның біріншісі – 1921–1922 жылдары, екіншісі – 1930–1933 жылдары болған ашаршылықтар. Оған не себеп болды, біз енді сол жөнінде ой толғасақ. Тарихшылардың, саясаттанушылардың пайымдауынша, оған кінәлі Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа, содан туындаған шаруалардың жеке меншігін тәркілеу, жою, әртүрлі ауылшаруашылық салықтарымен бас көтертпеу, күштеп отырықшыландыру, күштеп колхоздастыру, дәулеттілерді, зиялыларды «феодализмнің өкілі, буржуазиялық интеллигенция» санап, атып-асу, билікке жалшыларды тартып, қоғамды қолдан надандандыру. Мұнан кейін «ұжымдастыру» деген желеумен көшпелі елді арсыздықпен тонатып, халықты әдейі ашаршылыққа ұрындырды. Қызыл империя бейбіт заманда қазақ ұлтына жасаған нәсіл­шілдік қылмысын әлемдік қауым­дастық алдында жасырып, кеңестік цензура көп жылдар бойы 1931–1932 жылдардағы қазақ даласын­дағы ашаршылықты баспасөз бет­інде жазуға, бұқаралық ақпарат құралдарында айтуға қатаң тыйым салды. Әкімшілік биліктің осынау ел ішіндегі арандату саясатына, әділетсіздік пен зорлық-зомбылыққа қарсы шыққандар «халық жауы», «бандалық құрылым» аталып, қырып жойылды. 1930–1933 жылдардағы қол­дан жасалынған ашаршылықтан елімізде қазақтардың үштен бірі ғана аман қалды. 16 пайызы аман қалу үшін елден кетуге мәжбүр болды Алматы облысымен шекаралас жатқан Қытай, Қырғызстан одан ары Моңғолия, Түркия елдеріне көшті.

Шетелге кеткендерді түгендеп, тағдырымен танысу мақсатында музейде шетел ғалымдарының қа­тысуымен ғылыми практикалық конференциялар кездесулер, ұйым­дастырылып тұрады. Солардың бірі биылғы жылдың мамыр айында «Қазақ-қырғыз қатынасы: патша режимі мен тоталитарлық жүйеге бірлескен қарсылық» (ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. бірінші жартысы) атты халық­­аралық ғылыми-тәжірибелік конференция. Көрші қырғыз елінің ғалымдарының қатысуымен өткен жиында аштық уақытында екі елдің бір-біріне көрсеткен көмектері туралы және қырғыз елінің зиялы қауым өкілдерінің барлығы өздерін Ахмет Байтұрсынұлының шәкірті санағандарын, себебі 1924 жылы А.Байтұрсынұлы Қырғыз еліне барып білім жүйесін құру мемлекет басқару тәжібелерімен бөлісіп үйреткенін айтты.

– Музей жұмысының мақсатын қысқаша тұжырымдап өтсеңіз...

– Уақыт бәрін де орны-орнына қояды және тарихи оқиғаларға баға береді. Өткен ғасырдың 30-жыл­да­рында «Халық жауы» деген жаламен атылған сталиндік үлкен террордың құрбандары тәуелсіздік алғаннан кейін ұлт батырына айналды. Музейдің мақсаты – сол Ұлт батырларының есімдерін жас ұрпаққа насихаттап жеткізу.

«Жаңалық» – бүгінде репрессия символына айналып кетті, ол «Киелі Қазақстан» бағдарламасына сай республикалық қастерлі мекенге жатады. Ал тек Алматының маңында осындай белгілі-белгісіз қаншама қорым-көмбелер бар. Бүкіл Қазақстан бойынша ше? Біз көбінше РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-ші «халық жауы» деген статьясымен атылғандарды ғана айта береміз. Ал 59-шы баб – «бандитизм» ше? Онымен Шәкәрім бастаған 1929-31 жылдары халық көтерілісінің ­басшылары мен қатысушылары ондап-жүздеп сотсыз атылды. Олар әлі тіптен ресми «ақталған» жоқ, яғни – әлі күнге «қаскүнемдер!», «бандит­тер!» (әрине, олардың кімге қарсы көтерілгенін, оларды «ақтауға» кім қарсы екенін ішіңіз сезіп отырған шығар). Атышулы 107-бап деген болған. Оған еліміздегі 40 млн мал басын асырап отырған 799 бай-«кулак» ілікті. Оларды да ондап-жүздеп атты, «кәмпескелеп» дегендеріне жетті: мына байтақ далада 4 млн-ақ мал басы қалды. 36 млн мал еті Мәскеу мен Петербор жұмысшыларына, елді индустрияландырып, ­зауыт-фабрика салынып жатқан Ішкі Ресейге, Өзбекстанның мақталы аудандарына жөнелтілді. Нәтижесі белгілі – қазақ өлілі-тірілі 4.5 млн «тұрғынынан» айырылды... Сондықтан «Өлі разы болмай тірі байымайды» дейді. Арыстарымызға қатысты миссияны толық аяқтамай, олардың аруақтары бізді бейжай жүргізбейді...» – деген еді Ғ.Әнес. Иә, біздің мақсатымыз қуғын көрген арыстарымызға қатысты миссияны барынша толық аяқтау.

Музейіміздің бірінші залында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне дейінгі қазақ халқының тоталитарлық жүйеге қарсы қозға­лыстары көрсетілген. Екінші зал «Аза тұту залы» деп аталады. Онда жазықсыз атылып кеткен 1425 адам­ның аты-жөні тақтаға жазылған. Мұнда төрт электронды тақта тұр. Тақтаның түймесін басқанда аты-жөні тұрған адам туралы екі тілде мәлімет беріледі. Үшінші зал «Әділет» тарихи-ағарту қорының қызметіне арналған. Жалпы қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш пен музейдің ашылуында осы «Әділет» қоғамдық қорының қызметі зор. 1990 жылы Алматы түбіндегі Жаңалық елді мекеніндегі саяжайлар үшін бөлінген аумақтан басынан оқ тиген адам сүйектері табылған болатын. «Әділет» қорының мұрындық болуы­мен қазып алынған сүйектерге сот-медициналық сараптама жасалды. Сөйтіп, республикалық Мем­лекеттік қауіпсіздік комитеті олардың саяси қуғын-сүргін құрбан­дарының сүйектері екенін, үлкен террор жылдары атылғандардың сол маңға, ашаршылықта босап қалған Әли ауылының орнына көмілгенін мойындады. Сот-медициналық сараптамадан өткізілген құрбандар сүйегі 1993 жылы Жаңалық аумағында қаралы-салтанатты рәсіммен жер қойнына берілді. Осы істің басы-қасында болған жазушы Бейбіт Қойшыбаев сонау бір музейдің ашылу уақытында: «Қуғын-сүргін тарихын зерттеу шын мәнінде сталинизм тарихын зерттеуді білдіреді. Сол кезеңдегі үш дүркін соққан аштық апаты халықтың жартысынан астамын алып кетті. Соның бәрін жастар білуі керек.«Әділет» қоғамы сол кезеңнің шындығын ашу үшін ҰҚК-мен бірлесе отырып көп жұмыстар атқарып келеді. Бұдан кейін де атқара бермек. Сондай-ақ Сталинизмнің халыққа жасаған қылмысын толығымен әшкерелеу үшін де еңбектеніп жатырмыз. Мұның барлығы ең әуелі жастардың тарихын біліп, Отаншыл азамат ретінде қалыптасуына ықпал ету мақсатында істеліп жатыр» деген еді. Біз сол істі жалғауға тырысып келеміз. Музей ­маңа­йында 15 гектар жер бар. Осы жерде үлкен ғылыми орталық құрғымыз келеді. Мәселен, Қазақстанда кеңестік жүйеге қарсы 284 көтеріліс болған. Әр көтерілісте ондаған, жүздеген адам атылған. Солардың көпшілігінің аты-жөні әлі белгісіз. Репрессияға ұшырап, аман қалған тұлғаларымыз да бар. Одан бөлек, Моңғолияда, Қытайда атылған қазақтар бар. Біз солардың бәрінің тізімін жасадық. 

Музейдің басты құндылығы – жәдігерлері. Уақыт өткен сайын қуғын-сүргін куәгерлерінің қатары азайып барады. Алматы қаласындағы бұрынғы НКВД болған жерде ашылған музейдегі жәдігерлер ғимарат сатылып кеткен кезде жойылып кеткен екен. Сол себепті жаңадан басталған жәдігер жинау жұмыстары одан әрі жалғасып, музей қоры толыға бермек.

Сөзімнің барысында алаштанушы Берік Әбдіғалиұлының да бірер сөзін мысалға алғым келеді. Ол: «Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл толды деп айтамыз. Алайда жазыл­маған кітап­тарымыз, қойылмаған ескерт­кіштеріміз қаншама, осы отыз жылда тарихымызды әлі түгендей алмай жатқанымыз да жанға батады. Әлі күнге батырды батыр деп, сатқынды сатқын деп айта алмай келеміз. Болашақ ұрпақ тарихи санаға қызықпаса, ұлттың болашағы қалай болады? Ол да үлкен мәселе. Алаштың рухы ұлт үшін күресуден туындайды. Бүгін сол күрес бар ма? Бұрын демократияға дайын емеспіз дейтін еді. Қазір қуғын-сүргін құжатын ашуға дайын емеспіз дейтін болдық. Бұл кезеңнен де өту керек болар. Осы сатыдан өтейік, ұрпақтан-ұрпаққа сүйекке таңба болатын қасіретті бастан кешудің қандай болатынын өз мысалымызда бастан өткеріп көрейік. Сонда өткенді лайықты саралай алармыз. Бізге тарихи әділдік керек», – дейді. Музей жұмысының мақсаты да сол – қолдан келгенше тарихи әділдікті көрсету.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен

Қ.СЕРІКҚЫЗЫ

2686 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы