• Cұхбаттар
  • 01 Желтоқсан, 2022

Берік ОРАЗАЛИН: АРМАНЫМ – ҚАЗАҚ ӨНЕРІН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТУ

Берік Ерназарұлы Оразалин Қостанай облыстық филармониясының директоры, белгілі дирижер. Оның аталған ұжымның тізгінін ұстағанына екі жылға жақындап қалды. Осы уақыт ішінде руханият саласында атқарылған жұмыстар орасан. Жуырда онымен арнайы жолығып, алдағы уақытта жүзеге асырсам деген ізгі мақсаттағы арман-мұраттары жайлы беделді басылым оқырмандарына айтып беруін сұраған едік. 

–Берік Ерназарұлы, жергілікті талғам­паз қауымның пікіріне қарағанда, филармония әртістері былтырдың өзінде өзгелерге өнеге боларлық бір­қатар фестивальдар мен форумдарға мұрын­дық болыпты. Әңгімемізді осы сауалдан бастасақ.

 – Өзіңіз білесіз, шығармашылық адамында тоқтау деген болмайды. Ұжымдағы бір мақсатта қызмет атқаратын мамандармен ақыл­дасып, пікірлесудің, өзімізге биік талап қоюдың арқасында біраз ­бе­лес­терді бағындырған секілдіміз. Әлемді жайлаған пандемия кезінде де ізденісімізді бір сәтке тоқтатқан жоқпыз. Былтыр күз айында Назымбек Молдахметов атындағы қазақ оркестрінің құрамы Ақмола облысында мәдениет күндерін өткіздік. Ұлттық құндылықтарымызды қастерлейтін ағайындар жылы жүзбен қарсы алып, өнерімізге лайықты бағасын берді. Әріптестеріміз ол жақтан үлкен шабытпен оралды. 2021 жылғы желтоқсан айы филармония қызметкерлері үшін өте жемісті әрі есте қаларлықтай болды. Себебі Халықаралық дирижерлер форумы өңірімізде үшінші рет жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан дирижерлер қатысып, өздерінің шығармашылық бабында жүргендіктерін жарқырата көрсетті. Біздің филармонияның қазақ, орыс және камералық оркестрлерінің жетекшілері мен музыканттары қатысушылардың назарын аударды. Тәуелсіздік мерекесі ұлтымыздың өмірінде ерекше орын алады. Сол мейрамға байланысты «Түркі әлемі» деп аталатын Халықаралық фес­тиваль да біздің шығармашылық мүмкіндігіміздің мол екендігін танытты. Бұл туыстас халықтардың достығы мен ынтымағын нығайтатын басқосуға Түркия, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Башқұртстан, өзіміздің қазақ елінен дарын иелері келді. Бұл мәдени шараның кімге болсын берері аз емес.

– Үстіміздегі жылдың өзінде өзіңіз басқаратын өнер ордасының ынтымағы жарасқан оркестрлері мен өзге де музыканттары әлемге танымал елдерде болды. Осы жайлы да қысқаша айтып өтсеңіз?

– Әрине, мұның бәрі де мәдениетке қамқорлықтың арқасында жүзеге асты. Мәселен, Біріккен Араб Әмірлікте­рінде Халықаралық көрмеге қатысу бақыты бұйырды. Онда көпке белгілі «Ақжелең» ансамбліндегі жігіттер мен қыздар өнерін көрсетті. Дүние жүзінен 190 мемлекет шақырылғанын еске алсақ, оның деңгейінің қаншалықты биік болғанын пайымдау қиынға соға қоймас. Дубайда жергілікті жұрт­шылық ән мен биге, сахна өнерінің майталмандарының шеберлігіне тәнті болды. Онда театрландырылған көріністер, ежелден келе жатқан салт-дәстүрлеріміз ұсынылды. Үш күннің ішінде көп жайды көңілге түйдік. Көрмеде Қазақстанның орнатқан павильоны ерекше дараланды. Жайдары жаз айында Ресейдің Екатеринбург қаласында Халықаралық «ИННОПРОМ» өнеркәсіптік көрме өткізілді. Бұл көрме 2010 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Онда қазіргі заманға инновациялық технология жайы қозғалды. Біздің еліміздегі делегацияны Премьер-Министр Әлихан Смайылов бастап барды. Оның құрамында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов те болды. Міне, осы үлкен ауқымдағы аса маңызды жиында да біздің филар­монияға қарайтын әншілер мен домбырашылар, еліміздің атақ-даңқын асқақтатып жүрген өнер саңлақтары жарқын дарындарын өзгелерге таныта білді.

– Дәулескер күйші Назымбек Молдахметов шын мәнінде қайталанбас талантты бауырымыз еді. Өзіңіздің оның бастаған ісін әріптес ретінде жалғастырып, маңызды шараларды ұйым­дастыруға ұйытқы болып жүргеніңіз руханият саласындағы жұрт­шылықты үлкен қуанышқа бөлейді.

– Назымбек ағамыздың қазақ өнері мен мәдениетінде алар орны ерекше-тін. Оның халыққа жасаған еңбегі еш ұмытылмайды. Қазір арамызда жүрген қабілетті домбырашылардың бәрі де оны өзіне ұстаз әрі тәлімгер санайды. «Жақсының аты өшпейді» дейді емес пе. Оның есімі өнер ордасындағы қазақ оркестріне берілді. Мұндағы әріптестері майталман азаматтың ғұмырын үлгі тұтып, шығармашылық дәстүрін жалғастырып келеді. Мен де осынау көрнекті тұлғадан көп тағылым алдым. Назекеңнің қолға алған жобасын жандандырып, одан ары дамыта түсуді өзімнің парызым деп есептеймін. Соның жарқын айғағы ретінде биыл Назымбек Молдахметов атындағы Халықаралық дирижерлер форумы өткізілді. Форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына айрықша көңіл бөлдік. Бауырлас төрт мемлекеттен дирижерлер арнайы шақырылып, өздерінің шеберліктерін танытуына мүмкіндік жасалды. Көрермендердің үлкен алғысына бөлендік. Залдағы ине шаншар орынның болмауы соның жарқын айғағы. Әрине, қатысушыларды ынталандыру мақсатында да атқарылған жұмыстар  аз емес. Оларға арнайы құрылған әділқазылар лайықты бағасын беріп, марапаттар салтанатты түрде табыс етілді. Бұл орайда Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың қолдауын ерекше атап өткенім жөн.

– Филармонияны бірнеше оркестр мен ансамбльдер құрайды. Оларда қызмет атқаратын мамандардың уақыт талабына сай сахнада киетін киімдері, музыкалық түрлі аспаптары жаңарып әрі жаңғырып отыратын шығар.

–Бұл маңызды мәселеге мен ұдайы көңіл бөлемін. Әрине, бәрі де сайып келгенде, қаражатқа келіп тіреледі. Алайда оны шешуде өңір басшыларының қамқорлығы айрықша.Әншілер мен бишілердің сахнаға шыққанда олар орындайтын туындылардың мазмұны мен мәні киген киімдерінің үйлесіміне де әбден байланысты. Оркестрлердегі әріптестерімнің бұл жөнінде өтініш-тілектерін үнемі басшылыққа аламын.

Мысалы, ұжымдағы «Костанайские зори» би ансамблін алайықшы. Онда бірнеше ұлттардың өкілдері жұмыс істейді. Осы дарындарымен елімізге кеңінен мәшһүр жігіттер мен қыздардың екі жаңа биді шығарулары үшін жаңадан костюм тіктірдік. Олар келер жылға дейін тағы да тың туындыларымен көрермендерін қуантпақ. Соған орай арнайы хореографтарды шақырмақпыз. Өзіміздегі қазақ, орыс, камералық оркестрлерді заманға лайықты музыкалық аспаптармен қамтамасыз еттік. Оның ішінде аса қажетті пианино, домбыра, қобыз, флейта, балалайкаларды алдық. Бұлар­дың әрқайсысының өзіндік орны мен үні бар. Мұны көпшілік білсе керек.

– Өзге қалалардағы әріптестеріңізбен де тығыз шығармашылық байланыста екендіктеріңізді білеміз. Мұндай ізгі қарым-қатынастар не береді?

–Түсінген адамға әріптестік тығыз қарым-қатынастың берері өте мол. Арадағы қалыптасқан сыйлас­тық арқылы тәжірибе алма­сасың. Шығармашылық жағынан шыңдаласың.Мысалы, біздің об­лыстық филармония Астана, Ақтөбе, Көкшетау, Петропавл шаһарла­рындағы өзіміз секілді ұжымдармен арада жасалған меморандум бойынша бір-бірімізге арнайы сапармен барып, үлкен сахналарда жаңа бағдарламаларымызды ұсынамыз. Репертуарларымыз жаңара түседі. Оның қай жаққа болсын тигізер ықпалы айтарлықтай.

– Естуімізше, филармонияның концерт залында қазақ елінің мақта­ныштары әрі ұлттық рухани қазынамыз – қазақ әндерін асқақтата шырқайтын атақты әншілеріміз бен эстрада жұлдыздары кезекті концертін қойып, жерлестеріміздің алғысына бөленіп келеді емес пе.

– Қазіргі ұжым орналасқан жаңа заманауи ғимараттың сахнасы өте қолайлы әрі концерт залы кең де жарық. Бұл үшін өңір басшыларына айтар алғысымыз шексіз. Халқымыздың сүйікті әншілері бізге ат басын бұрып, өздерінің жаңа туындыларымен қуантып жатады. Бұл орайда танымал әншілер Роза Рымбаева, Талғат Күзембаев, Айгүл Қосанова, композитор Мұрат Құсайынов басқаратын аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі қостанайлықтарға ұмытылмас рухани ләззат сыйлады.Сондай-ақ эстрада әлемінде өзіндік ерекше орны бар «Мұзарт» тобы, Роза Әлқожа, Қуандық Рахым және басқалар да өнерлерімен көпшілікті дән риза етті. Тұрсынбек Қабатов жетек­шілік ететін «Әзіл әлемі» театры­ның әртістері де жақсы әсер қалдырды.

– Әр ұжымның бетке ұстар адамдары болады. Өзіңіз өнер ордасын елге танытуда лайықты үлесін қосып жүрген білікті мамандардан кімдердің аты-жөндерін атаған болар едіңіз?

– Ұжымда өзінің тындырымды еңбегімен, сазды туындыларымен дараланып жүрген әншілеріміз, домбы­рашыларымыз бен қобызшы­ларымыз аз емес. Сөздің реті келгенде, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлбану Абдулина, мәдениет саласының үздіктері, елімізге танымал қобызшылар: Батырбек Байназаров, Баян Белгібаева, дәстүрлі әншілер: Манапбек Кәдіров, Талғат Молдағалиев, аспапшылар: Азамат Мұқатов, Мәлік Нұрғалиев, әншілер: Зарина Құлмұхамбетова, «Достар» тобы, Динара Намиялы, Жәнібек Жұмахандарды тілге тиек еткенім орынды болар. Сондай-ақ өнер ордасындағы белгілі тұлға Александр Евсюков биыл үлкен қуанышқа кенелді. Көп жылғы шығармашылық табыстары жоғары бағаланып, Қостанай қаласының құрметті азаматы атанды.

– Өзіңіз бос уақытыңызда немен айналысасыз.

– Бос уақыт көп бола бермейді. Қолым қалт етсе, дирижерлік мамандығымды шыңдауға тырысамын. Демалыс күндерін отбасыммен бірге өткізгенді жаным қалайды. Өмірлік жарым Жанар да – мәдениет саласының маманы. Ол қаладағы №1 музыкалық мектепте домбырадан дәріс береді. Үш перзентімнің үлкені Аружан күнделікті сабақтан тыс кездері флейтамен айналысады. Өнерге өте құштар.

– Енді басшы ретінде болашақта жүзеге асырсақ деген тың жобалар мен мақсаттарыңыз жайлы баяндасаңыз.

– Келер жылдан да үмітіміз зор. Өйткені, қазақ өнері мен мәдениетінің мәртебесін көтеріп, оларды биікте асқақтата берсек деймін. Ол әрине, біздің тұрақты ізденісімізге, кәсіби біліктілігімізге әбден байланысты. Алдағы уақытта Халықаралық «Түркі әлемі», «Дирижерлер форумы», «Джаз-бомонд» жобаларын жандандырсақ дейміз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

Оразалы ЖАҚСАНОВ

2777 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы