• Руханият
  • 01 Желтоқсан, 2022

ҚАЛАМЫ ҚУАТТЫ ҚАЛАМГЕР

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

Рахымжан Отарбаев драматургиясына арналған IV республикалық фестиваль-форум Атырауда өтті. Биылғы фестивальдің ерекшелігі – шара барысында актерлік қабілетті шыңдауға арналған шеберлік сағаттары да ұйымдастырылды. Одан бөлек, іс-шара қонақтары мен Атырау жұртшылығы қазақтың Қыз Жібегі – Меруерт Өтекешовамен кездесті. Аталған өнер додасы республика көлемінде театрлар арасындағы шығармашылық байланысты арттырып, тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік берді дей аламыз. 

Форум аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген театр ұжымдары Рахымжан Отарбаев драмаларын сахналап, театр өнерінің майталман шеберлерімен жүздесулер, шеберлік сағаттары мен «Рахымжан Отарбаев шығармашылығындағы өзекті мәселелер және оның заманауи драматургияға ықпалы» тақырыбында дөңгелек үстел  өтті.

Атырау облысының әкімі Серік Жамбылұлы Шәпкенов құттықтау сөз сөйлеп басталған іс-шараға зиялы қауым өкілдері қатысты. Атап айтсақ, «Құрмет» және «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның халық артисі Меруерт Өтекешова; Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, режисcер Мұрат Ахманов; Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Ақұштап Бақтыгереева; қоғам қайраткері Ирак Елекеев,  Неміс теміржолы басқармасының бастығы Сүлеймен Шадһам;  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қалыбек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік Академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Жаудыр Айболат Жанғалиұлы; Темірбек Жүргенов қорының төрағасыАңсат Сәби; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрлан Жұманиязов; Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, актёр Бекжан Тұрыс;  Атырау облысының құрметті азаматы Амантай Берғалиев; Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сахна тілі кафедрасының доценті Айгүл Наремгенова; театртанушы Айзат Қыдыралиева;  ақын Сұраған Рахмет, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, сыншы Әлия Бөпежанова, Р.Отарбаевтің отбасы – жары Сәуле Отарбаева, ұлы Ермерей Рахымжанұлы және Айжамал Рахымжанқызы, Жаһангир Рахымжан немересі және т.б. фестиваль-форумның құрметті қонақтары қатарынан көрінді.

Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры және «Рахымжан Отарбаевтың руханият қоры» жеке қорының ұйымдастыруымен өткен Рахымжан Отарбаевтың драматургиясынан  ІV Республикалық театр фестиваль-форумына қатысқан театрлар: Батыс Қазақстан облыстық Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры (театр басшысы: Нұржан Қадыржанұлы Тасболатов); Шымкент қалалық «Қуыршақ және жасөспірімдер» театры (театр басшысы: Самат Тұрсынбекұлы Алтаев, театр режиссеры: Асхат Асылханұлы Қалыбеков); Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры (Семей қаласы, театр басшысы: Бауыржан ХалықұлыТүлеков); Шығыс Қазақстан облыстық драма театры (Өскемен қаласы, театр басшысы: Руслан Қайырбекұлы); Ақмола облыстық орыс драма театры (театр басшысы: Бейбіт Салауат); Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры (Алматы қаласы, театр басшысы: Еркін Тілеуқұлұлы Жуасбек).

Фестиваль барысында Батыс Қазақстан облысы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры  «Хан Жәңгір» реквиемін; Шымкент қалалық «Қуыршақ және жасөспірімдер театры» «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаятын; Семейдің Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры «Мұстафа Шоқай» қойылымын; Шығыс Қазақстан облыстық драма театры «Көлеңке» эксперименталды драмасын; Ақмола облыстық орыс драма театры «Бейбарыс» шығармасын; М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық  драма театры «Қытайдан жеткен сәлемдеме» драмасын Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасында ұсынды.

Фестивальдің ашылу салтанатында және жабылу іс-шарасында Махамбет атындағы Атырау облыс­тық академиялық қазақ драма театры көрерменге қаламгер шығарма­шылығынан қойылым көрсетті (Р.Отарбаев, «Бейбарыс» тарихи драмасынан үзінді және «Жалғыздық»).

Мұны Атырау театрының көркемдік жетекшісі әрі режиссері Мұқанғали Томанов: «Жалпы еш­қан­дай шектеу жоқ. Дегенмен өз жерімізде өтіп жатқан соң, жүлдені қонаққа келген әріптестерімізге ұсынуды жөн көрдік», – деп түсіндірді.

Айта кетейік, фестивальге қатысушылардың өнерін Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының директоры Еркін Жуасбек бастаған белгілі театр сыншылары және  драматург-жазушылар бағалады. Қазылар алқасының құрамында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов, театр сыншысыАнар Еркебай, жазушы, драматург, режиссер, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Асылбек Ихсан, режиссер, сценограф Қабыл Халықов болды.

Аталмыш фестиваль-форум Рахымжан Отарбаев шығармашылығын насихаттаумен бірге, өңірдің мәдени-әдеби тыныс-тіршілігіне де серпін берген бірнеше шеберлік сағатының өтуіне себепкер болғаны да бұл жиынның ерекше бір қыры екенін тағы да қайталап өткіміз келеді. Атап айтқанда, сценография, актерлік өнер, сахна тілі, спектакльдерді кәсіби талдау, сараптау салалары бойынша өнертану, театртану мамандары, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, теоретиктер, профессор, доцент, ғылым докторлары, спикерлер мен әділқазылар шеберлік сағатын жүргізді. Бір­нешеуін ғана мысалға алсақ, «Сцено­графияның антропологиялық дис­курсы», «Иллюзионистік орта – цифрлық кеңістіктер», «Спек­такль қоюдың көркемдік-экономи­калық тиімділігі», «Актерлік мек­тептердің даму тенденциясы», «Драматургиялық материалмен жұмыс», «Бүгінгі режиссура мәсе­лелері», т.б. тақырыптарда Қабыл Заман­бекұлы Халықов, Асылбек Мұхамет­қалиұлы Ихсанов, Айгүл Аман­гелдіқызы Наремгеновалар сөз алды.

Рахымжан Отарбаев драматургия­сына арналған IV республикалық фестиваль-форумның әділқазылар алқасының төрағасы Еркін Жуасбек: «Фестиваль аясында бірнеше қойылым көрдік. Шығармашылық труппаның құрамына байланысты кей театр отты, жалынды жастарға, ал кей театр тәжірибесі мол үлкен актерларға сенім артып, солардың арқасында репертуарды толықтырған. Бүгінгі таңдағы театр өнеріне ортақ мәселелерге тағы да көз жеткіздік. Қойылымдарды бағалағанда режиссерлік жұмысқа да, сахналық қойылымдағы актерлік шешімге де, жалпы ұжымның шығармашылық келбетіне назар аудардық», – дейді.

Сонымен, фестиваль қорытын­дысы бойынша:

Бас жүлдені «Қытайдан жеткен сәлемдеме» қойылымы үшін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры иеленді.

І орын – Ақмолаоблыстықорыс драма театрына «Бейбарыс» тарихидрамасы үшін;

ІІ орын – Абай атындағы мем­ле­­кеттік қазақ музыкалық драма театры­­на «Мұстафа Шоқай» драмасы үшін;

ІІІ орын – Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрына «Хан Жәңгір» тарихи драмасы үшін берілді.

«Үздік сценография» номина­циясын Ақмола облыстық орыс драма театрының суретшісі Сабыр Ниязакунов иеленді. «Үздік ер адам» номинациясын «Үлкен Өмірбай» рөлі үшін МұхтарҚапалбаев (М.Әуезов театры), «Үздік әйел адам» номинациясын «Әсемай» рөлі үшін Арай Өмірова (М.Әуезов театры) алды. «Үздік режиссура»  Ақмола облысына бұйырды (Ольга Богданова). «Көрермен көзайымы» номинациясы Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актері Сердеш Қажымұратовқа берілді. «Рахымжан Отарбаевтың руханият қоры» жеке қорының Арнайы жүлдесін Шығыс Қазақстан облыстық драма театры жеңіп алса, Шымкент қалалық «Қуыршақ және жасөспірімдер» театры фестивальдің дипломанты атанды.

Есмұхан ОБАЕВ,

Қазақ КСР Халық артисі:

– Рахымжан – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ерекше дарын иесі. Біз таныс болған сонау өткен дәуірден бері қарай қаншама дүниелердің қапастан құтылып, жарыққа шығуына себепші болдық. Ол міндетті түрде адам пиғылы мен парасатының құжатына айналған қазақ театры өнеріндегі айырықша дүниелердің дүбірлі додаға қосылуы болса керек. Ол жазған қайсыбір драматургиялық шығарманы алсаңыз да барлығы дерлік дербес ойдан туған, әр жүректі тербеткен теңіздей терең, кісі қиялындай ұшқыр, өтімді де өзекті дүниелерге айналды. Оның қаламынан туған әңгімелері мен романдары, драматургиялық ұлы дүбірге арқау боларлық толғақтыда тұшымды жазбаларға айналды. Ол осы жазбалары арқылы әлемдік аренаға бағыт алған, бірден бір бақытты қаламгер.

Нұрлыгүл ЖҰБАТОВА,

Хадиша Бөкеева атындағы театрдың көркемдік жетекшісі:

– Рахымжан Отарбаевтың күллі қазаққа берген шығармалары кейде жан жараңды емдеп, кейде жүректі жұлқылап, рухыңмен көрістіретіндей.

Ендеше осы фестивальде шығармаға жан бітіріп, сахнаға алып шыққан режиссерлердің Рахымжан Отарбаевтың жан тебіренісін, алтын қаламынан шыққан дүниелерін көзбен көріп, жанмен сезініп, әртүрлі байламмен рухани қамбамызға сіңіретін дән алайық.

 

Самат АЛТАЙ,

Шымкент қалалық Қуыршақ және балалар театрының директоры:

– Еуропа мен Азияның алтын көпірі – Атырау төрінде, Жайық жағасында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевты еске алып, тұлғаны құрметтеп, театр тойын қайта жаңғыртты.

Жайықтың толқынымен тағы да театр тойы басталды.

Қаламгер жазған Сұлтан Бейбарыс, Мұстафа Шоқай, Махамбет, Исатай сынды тұлғаларға арналған пьесалары ұлтқа рух, ұрпаққа өнеге беретін шымыр шығармалар.

Рахаң өзінің «Аяулы Анфиса» комедиясын көрген кезде: «Мен комедияны күлдірем деп жазбаған едім. Социализм сандырағын сахнадан көріп, сылқылдап күлгенім бар ма?» деп айтқаны бар еді. Біз бұл жолы Рахаңның психологиялық иірімге құрылған философиялық тұжырымы терең туындысы«Шыңғыс ханның көз жасы» шығармасын Атыраудағы ұлан асыр театр тойына тарту еттік.

 

Бауыржан ТҮЛЕКОВ,

Абай атындағы Семей мемлекеттік

қазақ музыкалық драма театрының

директоры:

– Драматург Рахымжан Отарбаевтың театр өнеріне деген ықыласы бөлек еді. Саф өнердің бастау алған қарашаңырағы Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыка драма театрында «Ғасыр қасіреті», «Мұстафа Шоқай» атты шығармалары сахналанды. Ол кезеңдерде Р.Отарбаев арнайы келіп, шығармашылық ұжымға ризашылығын білдіріп, әсіресе өнер көрсеткен актерлер қауымына ерекше ақ батасын берген еді.

Рахымжан Отарбаев атындағы республикалық фестиваль өз жалғасын тауып келеді. Автордың туындыларын қазіргі жас ұрпаққа насихаттау барысында өтетін бұл іс-шарада Абай театры да бой көрсеткен және көрсетеде бермек. Өнегелі, тағылымы мол драматургтің атын аспанға асқақтататын игі бастамалар көп болсын!

Құбаш ДОС-АЙЖАРЫҚҰЛЫ,

Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Өнер жолына алғаш қадам басқанымда Рахымжан Отарбаевтың «Айна-ғұмыры» қолыма түсті. Көз алдымда кейіпкерлер «тіріліп», ерекше сезімге бөлегені бар. Қазақ өнерінде ойып тұрып орын алған Рахымжан ағаның өткір тілі, мінезі, сөз сұлулығы, қай режиссердің де қиялына қанат бітірер еді. Осы дәстүрлі фестивальге «Атырау мен Алтайдай» кең байтақ ұзақ ғұмыр тілемекпін. Біз Рахымжан ағамен «қанаттас ғұмыр кешкенімізге бақыттымыз».

Иә, қара сөздің қаймағын айырған, ұлт әдебиетіне ұлан-ғайыр олжа салған хас талант Рахымжан Қасымғалиұлы десе елең етпейтін жан кемде-кем. Туған топырағы қасиетті Құрманғазы ауданынан Жұмекен бастаған ұлы көшке ілескен қаламгер аз ғұмырында артына баға жетпес мол мұра қалдырды. Сол мұраны осы күні де қастерлеп, жазушы зертханасын жан-жақты зерттеп, зерделеп отырған Атырау жұртшылығы мен қаламгердің отбасы көрсеткен үлгі көпке өнеге.
«Көп адам мені  түсінбеді. Мен де түсінікті болуға тырыспадым. Кінә өзімнен шығар. Бірақ бұ қазаққа тым түсінікті  болсаң да қиын. Қойныңнан кіреді, қонышыңнан шығады. Өзіміз ғой деп құртады. Арқаңнан тарсылдатып қаққанда көзің шығып кете жаздайды. Одан да өзге боп жүрген тыныш» деп жазады қаламгер күнделігінде… Ғұмырында түсінікті болуға тырыспағанымен, шығармасында әдебиет пен руханияттың керегін тәптіштеп жазып кеткен қаламгер атындағы фестиваль дәстүрлі түрде жалғаса беретін болады. 

1360 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы