• Қоғам
  • 01 Желтоқсан, 2022

БОЛМЫСТЫ ӨЗГЕРТКЕН ТҰРМЫС

Соңғы уақытта жоғары қабаттан секіріп кетті, суицид жасады деген қыз-келіншектер мен жасөспірімдердің қатары тым көбейіп кетті. Қоғамның мазасыздығын, алаңдаушылығын тудырған жан түршігерлік оқиғалардың себеп-салдары отбасындағы береке-бірліктің, татулық пен сыйластықтың күре тамыры үзіліп, ажырап қалғанымыздан, ерлі-зайыптылардың қырғи қабақ, кереғар көзқарасынан емес пе деген ой санаңды сансыратып, құтыңды қашырады. 

Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында атап көрсетті. «Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет» деп, отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы тұрып, ашық айтылуы қажеттігіне назар аударды.

Елімізде 25 қараша – 10 желтоқсан аралығында отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, есепте тұрған тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, олардың үйіне барып тексеру, профилактикалық жұмыстар жүргізу мақсатын көздеген он алты күндік «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» атты халықаралық акция өз жұмысын белсенді түрде жүргізуде.

Баспасөз мәслихатында сөз алған «Жансая» дағдарыс орталығының директоры Зульфия Байсақова елімізде әр үшінші отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын жеткізді. Оның айтуынша, былтыр 102 нөміріне тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 114 044 қоңырау түскен. ҚР ӘҚБтК-нің 5-бабы бойынша 44 974 сот ісі қаралып, 17 647 адам екі сағаттан үш тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынып, 1020 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Арнайы мамандар шақырылып, өзекті мәселелер талқыланған жиында 21 жасында тұрмысқа шығып, қазір «Жансая» дағдарыс орталығында тұрып жатқан Аружан өзінің басынан өткенін бүкпесіз айтып берді.

Жамбыл облысының тумасы Аружан өз сөзінде: «Мен күйеуіммен инстаграм арқылы танысқанмын. Бір жылдай жақсы сөйлесіп жүрдік. Бір жылдың ішінде анаммен де жақсы қарым-қатынаста болды, анамның көңілінен шықты. Бірақ мен карьера қуғым келді. Бір күні анамнан «қызыңызды соңғы рет жібересіз бе, әпкеммен таныстырғым келеді» деп сұрап алды. Бос пәтерге апарып, зорлады. «Ешкімге айтпаймын, мені жіберші» деп өтініп, екеуміз екі жаққа кеттік.

Біраз уақыт өткеннен кейін анама хабарласып, «мен сіздің қызыңызсыз өмір сүре алмаймын, егер мен өлетін болсам қызыңызды кінәлап, хат қалдырып кетемін» депті. Анам «тұрақты жұмысы бар, ата-анасы да жақсы» деп, мені әрең дегенде көндірді. Солай мені алып қашты» деп,  барғаннан кейін ұрып-соғатынын, қызғанып, тіпті, «қашып кетеді» деп ауылдағы дүкенге жібермейтінін, «маған бала керек емес» деп ұрыс-жанжалдың көбейгенін айтады. Басын сауғалап, аман қалуы үшін дағдарыс орталығына хабарласқан. Олар инспектор жіберіп, мәселенің оң шешілуіне ықпал еткен.

Өмірдің тауқыметі дегенді қой­саңшы... Жақында нәрестелі болатын Аружан өмірге келгенде ата-анасы ажырасып, үш айлық нәрестені нағашылары бауырына басқан екен. Анам деп отырғаны 63 жастағы нағашы әжесі. Дағдарыс орталығына келгеннен кейін бар күш-жігерін жинап, әкесіне, яғни нағашы атасына хабарласқан. Ол кісі: «Кешірдім, бірақ үйге қайтып келмейсің, елден ұят» десе, 1983 жылғы үлкен ағасы: «баланы алдырып, аборт жасатсын» депті. Аружан күнәға батқысы келмегенін айтып, келіспейді. «Онда үйге мүлде келмесін, келсе өлтіремін» деген ұлдың сөзінен, ата-анасының қанша кешіргенімен, өзінен туған ұлдарының сөзінен аса алмайтынын айтып, көз жасына ерік берді.

Алматы қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Ақбота Болатжанқызы, Алматы қаласы ПД Алмалы ауданы полиция бөлімшесінің Жергілікті полиция қызметі бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Ларида Мұхамеджанқызы, «Avon» компаниясының Қазақстандағы директоры Әсел Садықұлова және т.б. сөз сөйлеп, қайда жүрсеңіз де, мейлі көшеде, мейлі көршіңіз болса да зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайтынын, ана да, бала да, отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген адамның барлығы қорғалуы тиіс екенін, ал заң бұзғаны заң алдында міндетті түрде жауап беретінін, қазір бұл мәселе қоғамдағы өте өзекті екенін, қатаң түрде шара қолданылып, тіпті, аластатылатынын қадап айтты. Елде пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткені, әйел өз денсаулығына баса мән беру қажеттігі, сонымен қатар инспекторлардың білім-білігін көтеру мәселелері де сөз болды.

Елімізде тұрмыстық зорлық-зом­былықтың алдын алу, балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселе­леріне қоғамның назарын аудару, қоғамда зорлық-зомбылықсыз қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру тұрғысынан алғанда атқарылып жатқан іс-шара аз емес. Солардың қатарына «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» аясындағы «Агрессия деңгейін қалай басқаруға болады», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек сұрау алгоритмі»,  «Зорлық-зомбылықсыз және сыбайлас жемқорлықсыз әлем» семинарлары, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталықтарында заңгерлердің, психолог мамандардың кеңесі, 150-нөмірлі балалар мен жастарға арналған сенім телефоны бойынша кеңес және т.б. жоспарлы түрде іске асатын іс-шаралардың алатын орны зор.

Түйгеніміз, «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» дегенімізбен, отбасындағы тәрбие, тектен берілген тектілік бар жерде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ауылы алыс болары сөзсіз. Дегенмен, өз құқығыңызды қорғап үйреніңіз!

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

899 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы