• Тұлға
  • 01 Желтоқсан, 2022

ШЫНДЫҚТЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ ШЕР-АҒА

Халық жазушысы, қалың қазақтың қадірлісі, тұтас ұрпақтың ұстазы, дәуір адамы Шерхан Мұртазаның тоқсан жылдық торқалы тойы еліміздің барлық өңірінде лайықты деңгейде өтті. Мемлекет басшысы торқалы тоқсан жылдық тойына жолдаған құттықтауында Шер-ағаны «қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі» деген баға берді. Бұл – тұлғаға құрмет, тарихқа құрмет деген алғаусыз көңілдің белгісі. 
Қазақ баспасөзінің қалыптасуы мен қайта өрлеуі жайлы айтылғанда Шерхан Мұртаза жайлы сөз қозғаймыз. Өйткені Шерхан Мұртаза қазақ баспа­сө­зіндегі ең ізгі дәстүрлердің қайнар бастауында тұр. 
Оның ойлары түсіндіруді қажет етпейді. Қысқалық, нақтылық, дәлдік, өткірлік, уыттылық – Шер-ағаңның стилі. Халықтың ішінде қайнап, шираған сөзді Шерхан Мұртаза ши­рық­тырып береді. Ширыққан сол сөзді шамырқанып айтады. Мейлі, әде­биет биігінен, мейлі, редактор баға­ны­нан, мейлі, депутат мінберінен болсын. 

Кезінде Әбіш Кекілбайұлы: «Неге екенін қайдам, оның даусын естісем болды, есіме Махамбет түседі» деген еді. Махамбеттің үнін естіген кім бар дейсіз, әз Әбіш айтқан бұл дауыс – ар мен ожданның, рух пен намыстың ­дауысы. Халықтың дауысына айналған алыптың дауысы.

Ширығып тұрған Шерхан Мұрта­заны көргенде біздің есімізге Баукең, Бауыржан Момышұлы түседі. Оның принципшілдігі, айбары, қаһары, бірбеткейлігі, бірсөзділігі, турашыл­дығы – бұл қасиет қос тұлғаға топы­рақ­тан берілген болса керек. Екеуі де тау перзенті, таудан түскен Тұран жолбарысындай текті, тегеурінді, тұрпатты.

Шерхан Мұртазаның қайраткер­лігін ойлағанда біздің ойымызға Тұрар Рысқұлов оралады. Өзі әдебиеттегі тұлғасын сомдаған, ерекше құрмет тұтқан, соны жазғаны үшін айыпты да болған. «Қызыл жебе» роман-хамсасы Рысқұловқа ғана қойылған ескерткіш емес, ол – қайраткерлік қиссасы, аза­мат­тық анты, алаш жайлы ардақты сөз.

Шер-ағаң өзі де алашты сүйді, алаш идеясымен өмір сүрді, алаш арыс­тарының ақырғы өкіліндей болды. Оның халық үшін, тек халық үшін қызмет етуі, халықтан кіндігін үзбеуі, құрбандықтарға барудан қаймықпауы, Баласағұнның бағбанындай әрбір жастың жүрегіне қайраткерлік дәнін себуі, бәрі-бәрі – оның өзі ­идеал тұтқан арыстардан арқан бойы алыстамауының анық белгісі.

Содан да болар, қазақ баспасөзінің бүгінгі қара нарына айналған тұтас бір толқын өзін «Шерханның шек­пенінен шыққандар» санайтыны. Содан да болар, әрбір редактор қандай қысылтаяң жайтқа тап келсе де «мұн­дай жағдайда Шер-ағаң қайтер еді?» деп толғанатыны, содан да болар Шерхан Мұртазаның аты аталған жерде шындық пен шеберліктің аты аталғандай толқитынымыз, содан да болар оны «Намыс найзағайы», «Ақи­қаттың алдаспаны», «Шындық­тың шырағы» деп төбемізге көтеріп, маңдайымызға тұтатынымыз.

Иә, тәуелсіздіктің елең-алаңында күрделі кезеңдер болды, рухтың жоқ­шылары, ардың арашашылары қажет болды. Сол тұста күн күркіреді, күндей болып тағы кім күркіреді? Әлбетте, Шерхан Мұртаза. Бұрнағының Бұқа­рындай болған да Шерхан Мұртаза. Төтеннен емес, тыңнан түрен салған да Шерхан Мұртаза еді.

Бір мақаламызда Шер-ағаңды «редакторлардың редакторы» деп атаған едік. Соны тағы да қайталаудың реті келіп тұр. «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаштан» басталған оның жур­налистикадағы жасампаздық жолы «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» санатты басылым­дарда жалғасты. Сол жолда талай ұрпақ жетілді, сол жолмен талай ұрпақ тәрбиеленді. Осы басылымдардың бүгінгі бет-бейнесі қалыптасты.

Шер-ағаңның 85 жасқа толу құр­метіне «Егемен Қазақстан кітап­ханасы» сериясымен бас басылымда жарық көрген мақалаларын топтап, «Намыс найзағайы» атты кітабын шығарып бердік. Сол кітапты Шер-ағаң маңдайына тигізіп, мұқабасын сүйіп, көзіне жас алған еді. Ол – қалам қайраткерінің күреске толы жолының бір белесі ғой. Онда жай, жанама жазылған сөз жоқ, жаны ауырған кісінің жанайқайы бар, қазақ мемлекеті мен қоғамының әрбір өзгеріс-құбылыс, жетістігі мен кемшілігін жайбарақат, бей-жай қабылдай алмайтын адамның тағдыры бар. Қолына қаруын алып, майдан даласына аттанып бара жатқан жауынгердей қаламын алып, шайқасқа кіретін, идеялар мен құндылықтар шай­қасына кіретін Шер-ағаң. Бұл шай­қастың жеңімпазы Шерхан Мұртаза үшін әрқашан халық болатын.

Шерхан-редактор басылымдарды басқарған жылдары жаңа есімдерді ашты. Олардың бәрі – Атыраудан Фариза Оңғарсынова, Арқадан Ақселеу Сейдімбек, Алтайдан Оралхан Бөкей әдебиетіміздің алыптарына айналды.

Шерхан-депутат парламент тө­рінен қырандай саңқылдады, арыс­тандай айбат шекті. Халық «Айтса, Шерхан Мұртаза айтсын!» деді. Оның ұйғарымдарына ұйыды, жай отындай жарқ еткен жасын сөздерін күтті. Елдің сөзін сөйледі. Қазақтың қамын жеді. Мемлекеттік мүддені көздеді.

Шерхан-новатор қазақ бұқаралық ақпарат құралдарын түлетті, түр­лендірді. Жаңа айдарлар, жасампаз жобалар жасады. «Социалистік Қа­зақстан» атауын «Егемен Қазақстан» етті. Әр таң сайын елді оятатын «Таңшолпан» бағдарламасы Шер-ағаңның төл идеясы.

Шерхан-қайраткер қоғамдағы түйткілді мәселелердің бәріне араласты. Қарсылықтың өтінде жүріп баспасөз бетінде ойларын бүкпесіз айтты. Камал Смайыловпен жазысқан хаттарының өзі қоғамдық ойға қозғау салды. Екімыңыншы жылы сол кездегі Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа хат жазды. Жаңа тарихымызда болар күрделі кезеңдерді күні бұрын сезгендей «Сіздің өз басыңыздың періштедей таза екеніне күмәнім жоқ. Айналаңызға абай болыңыз...» деген еді.

Халық жазушысы, қайраткер тұлға, баспасөздің баһадүрі Шерхан Мұр­тазаның тоқсан жылдық мерейтойы тағылымды, тәлімді болды. Қабырғалы қалың қазақ аяулысын ардақтап, аманатқа адалдығын көрсеткен деңгейлі шаралардың талайын өткізді. Еңселі ескерткішін қойды. Тек Шерағаңның өзі айтқан  «бір кем дүние», Шерхан Мұртазасыз шын кем дүние болып тұрғандай. Десе де, алыптың рухы арқамызда жүргенін жүрек лүпілімен сеземіз. Боз даладан қанша дәурен көшіп өтесе де, Шераға қазағының жүрегінде жасай бермек.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

1543 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы