• Қоғам
  • 01 Желтоқсан, 2022

Елшілерге әлеуметтік кодекстің жобасын түсіндірді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Сыртқы істер министрлігінің алаңында Әлеуметтік кодекс жобасының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері үшін брифинг өткізді. 

Министрлік басшысы кіріспе сөзінде биылғы жыл Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болғанына және бірқатар елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жыл толып отырғанын атап өтті. Қазақстанның жақын және алыс шет елдермен ынтымақтастығы үдемелі түрде, оның ішінде үкімет­аралық комиссиялар отырыс­тарының қорытындылары бойынша уағдаластықтарды орындау, халықаралық шарттар, меморандумдар жасасу, келіссөздер мен консультациялар өткізу шеңберінде дамуда. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон саласындағы екіжақты және көпжақты шарттық база кеңеюде.

– Біз әлемдік қоғамдастықтың барлық мүшелерімен ынтымақтас­тықтың қол жеткізілген деңгейін жоғары бағалаймыз және одан әрі бірлескен және нәтижелі жұмыс істейміз деп үміттенеміз, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Министр сондай-ақ кездесуге қатысушыларды Еңбекмині халықты әлеуметтік қолдауды жақсартуға бағыт­талған шаралар кешенін көз­дейтін Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірлеуді аяқтағандығы туралы хабардар етті.

– Әлеуметтік кодекс әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде мемлекет тарапынан көмекті қамтамасыз ете отырып, азаматтарды өмір бойы сүйемелдейтін болады. Бұл ретте азаматтардың жекелеген осал санаттарын қолдау тәсілінен қазақстандық отбасын нығайту мен дамыту үшін базалық жағдайлар жасауға көшу жүзеге асырылатын болады, – деді Дүйсенова.

Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Әлеуметтік кодекс жобасында:

– Отбасының цифрлық картасы арқылы проактивті форматта белгіленген әлеуметтік мемле­кеттік кепілдіктер беру арқылы отба­сылардың әлеуметтік тәуекелдерінің алдын алу жүйесін қалыптастыру;

– Жұмыс күшінің кәсіби дағды­ларын күшейтуді, икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін заңна­малық бекіту мен реттеуді, технологиялар мен білім трансферті үшін білікті кадрларды тартуды, ішкі көші-қонды реттеуді, жұмыспен қамту орталықтарын мансап орталықтарына айналдыруды және көрсетілетін қызметтерді ауқымды цифрландыруды көздейтін жұмыспен қамту саласында жаңа саясат жүргізу;

– Бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайту, мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің қатысуымен көп деңгейлі зейнетақы жүйесін құру есебінен азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру;

– Мемлекеттік жәрдемақы мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемді төлеу мерзімін бір жарым жасқа дейін ұзарту, наградталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтау шоттарына аударымдар жасау жолымен балалары бар отбасыларды қолдау шараларын күшейту;

– Жан басына шаққандағы қар­жыландыруды енгізу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту, ауқымды цифрландыру және адами факторды төмендету есебінен әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту (әлеуметтік қызметтер порталы, медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізу) қарастырылғанын атап өтті.

ЕХӘҚМ басшысы сондай-ақ кездесуге қатысушыларды елдің эко­номикалық дамуын кадрлық қамтамасыз етуге жәрдемдесуге бағыт­талған және Қазақстанға білікті кадр-лар ағынын ынталандыруды, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды, республика өңірлері арасындағы демографиялық теңгерімсіздіктерді жоюды көздейтін 2023 – 2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

Сонымен қатар Тамара Дүйсенова еңбек қатынастарын реттеу, кәсіп­одақтармен және жұмыс беру­ші­лермен өзара іс-қимыл жасау, бос­қындармен жұмыс істеу жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау және балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою туралы айтты.

Н. БЕЙСЕМБАЕВА

 

873 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы