• Қоғам
  • 01 Желтоқсан, 2022

«АУЫЛДЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТА АЛМАСАҚ – БӘРІМІЗГЕ СЫН»

«Конституцияның жаңа талабына сәйкес бұдан былай Президент жеті жылдық бір мерзімге  ғана сайланады. Осылайша, саясаткерлердің жаңа буыны билік басына келе бастайды. Мен осы шешімнің дұрыс болғанына кәміл сенемін. Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылады. Осындай жаңа саяси маусымды Президент сайлауы бастап берді. Сайлау науқаны 3 айға жуық уақытқа созылды. Осы кезеңде еліміздің болашағы туралы түрлі мазмұнды пікірталастар болды. Жұртымыз өз болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Азаматтық қоғамның кемел институтқа айналғаны айқын аңғарылды. Саяси алаңға жаңа тұлғалар шықты. Осылайша, халқымыз 20 қарашада өз таңдауын жасады». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде осылай деп мәлімдеді. 

Президент бабаларымыздың  қай заманда да бірлігін бәрінен биік қойғанын айта келіп, бұл келешек ұрпақтың алдындағы борышты өтеуге берілген бірегей мүмкіндік екенін айтты.

– Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Сайлауға қатысқан барша жұртқа ризашылығымды білдіремін. Мен өзіме дауыс берген азаматтардың ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының алдында есеп беретін болдым. Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым.  Мен бүгін көк туды сүйіп, дана халқымның алдында бас идім. Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым еттім. Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім. Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын.Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметімде Мен үшін айнымас темірқазық болады, – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде.

Расында да 20 қараша күні өткен президенттік сайлау Қазақстандағы электоралды процестің ашықтығы мен әділдігін жаңа деңгейге көтерді. Сондай-ақ қоғамның саяси мәдениеті мен кемелдік дәрежесі жоғары екенін танытты. Президент халық сайлау учаскелерінде алдағы жеті жылға арналған мемлекетті дамыту бағдарламасына оң баға бергенін айта келіп, зор сенімді ақтау үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

– Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ.  Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған  барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сонымен қатар әділдікті қалпына келтіріп, елден заңсыз шығарылған барлық активті қайтару қажеттігін айтты.Бұл үшін Үкімет заңсыз шығарылған капиталды қайтару үшін қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасын әзірлейді. Сонымен қатар заң жобасы әділетсіз баюға және активтерді заңсыз шығаруға ықпал ететін себептер мен шарттарды жоюға бағытталады. Қайтарылған барлық қаражат азамат­тардың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жоба­ларды жүзеге асыруға пайдалану керек. 

– Біз саяси жаңғыру үдерісін жос-парлы түрде жалғастырамыз. Бүгін мен «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қоямын. Осылайша, жоғарғы палата депутаттарының кезекті сайлауы конс­титуциялық реформаны нақты жүзеге асырудың жалғасы болмақ.

 

Сайлау қорытындысы бойынша Се­наттың депутаттық корпусының бір бөлігі бәсекелестік және ашықтық қағи­даттары негізінде жаңарады. Бұдан бөлек, бүгін мен конституциялық реформаны жүзеге асырудың келесі сатысы ретінде «Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қоямын. Келесі кезең – оны толыққанды трансформациялау. Басқа маңызды әрі өзекті мәселелер бойынша шешімдерді кейінірек жариялаймын. Тағы да қайталап айтамын, алда атқаратын шаруа көп. Бұл – жеңіл жұмыс емес,  бірақ елге пайдасы тиетін қызмет. Мен бүкіл мемлекеттік аппараттан осы міндетті абыроймен орындауды талап етемін, – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде «қолынан іс келетін және елге беріле қызмет жасайтын азаматтарға ғана ортамызда орын бар» деп мәлім етті. Ал оларға қашан да қолдау көрсетіледі, ал қоғам құрметін білдіреді «Байлық пен мансап – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді. Ал елге жасаған қызмет – артта қалған із, ол ұрпақтан ұрпаққа жетеді». Осыны әр азамат түсінуі керек.

– Ел мүддесі – бәрінен биік. Мен барлық мемлекеттік қызметшіден өз жұмысын адал атқаруды талап етемін. Бір сөзбен айтсам, кәсібилік, адалдық және қарапайымдылық біздің басты қағидаттарымыз болуға тиіс. Қоғамда жаңа құндылықтар орнықтырып, жақсы қасиеттерге ие бола алмасақ, рефор­маның бәрі бекер.

Мемлекет басшысы ұлттың бостан­дық жолындағы табанды күресінің арқасында қазақ елі тәуелсіздігін алғанын мәлім етті. Президенттің пікірінше, «бұл орайда егемен мемлекеттің құрылуына, оның іргесін бекіту жолында орасан зор еңбек сіңірген тарихи тұлғаларымызға әділ баға берілуі керек».

– Табыстарды және олқылықтарды ажырататын бұл – уақыт және тарих.Уақыт – ең әділ қазы, ал тарих – бәріне таразы. Сондықтан саяси науқан­шыл­­дыққа жол бермеуіміз қажет. Біз болашақта әділетті мемлекет боламыз десек, өткенге әділдікпен қарап, одан тағылым ала білуіміз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену – өсетін елдің белгісі. Отаншылдық, еңбек­қорлық, білім­паздық, жаңа­шылдық, жасампаздық, жанашырлық, мейірімділік сияқты асыл қасиеттерді бойға сіңіруіміз қажет. Мен бұл туралы жиі айтып жүрмін. Біз өркениеттің алғы шебіндегі мемлекетке айналу үшін тек үйренетін емес, өзгеге үйрететін ұлтқа айналуымыз қажет. Сондай-ақ тек тұтынушы емес, жаңа дүниені өндіруші ұлт атануымыз керек.Шын мәнінде, еліміз аман болса, жеріміз бүтін, бірлігіміз бекем, мемлекеттігіміз мәңгі болады. Осы құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – қазақтың перзенті, Қазақстанның Президенті ретіндегі менің қасиетті парызым. Ашығын айтқанда, қызмет – уақытша, ал халық – мәңгі, – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еркін ҚАЛДАН

828 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы