• Cұхбаттар
  • 08 Желтоқсан, 2022

Ермек Тұрсынов: Ұлттық идеямыз не?

Біз көп жылдан бері ұлттық идея туралы айтып келеміз. Ұлттық идеямыз бар ма, бар болса қайсы, деп бір-бірімізден сұраймыз. Мысалға мен білмейді екенмін. Ол жөнінде сөз көп, бірақ іс жоқ.
Дегенмен  ойлана келе ұлттық идеямыз бар деген байлам жасадым. Ол көп жылдан бері бізбен бірге, әрқайсымыздың табан ет, маңдай терімізге ортақтасып келеді. Ол не дейсіз бе, жемқорлық. Біздің тұрмыс-салтымызға дендеп енгені сонша жемқор жүйеде өмір сүретінімізді елемейміз. 
Егер әйеліңіз жүкті болса, қай перзент­ха­наға апарып босандырам деп таныс іздей бастайсыз. Таныс тауып, оған тиын-тебен беріп, алдын алмасаң, дұрыс қарамай­ты­ны анық. Сөйтіп, жаңа туған сәбиіңіз де жем­қорлық жөргегінде іңгәлайды. Бұрын­ғыдай «балабақшаға бердік» демейміз. «Орна­лас­тырдық» дейміз. Көрдіңіз бе, әрине, ақшамен орна­ластырасыз. Мектеп, университет одан өткен былық. 
 Адам өлсе де парасын төлеп жақсы, ың­ғайлы жер іздейміз. Көрді әдемілеп қазуға да «рақметің» болуы керек. Мұның бәрін жем­қорлық демейміз, «рақмет айтуды» парыз көреміз. Көлікпен келе жатқанда МАИ қызметкері тоқтатса да, жол жүру ереже­сін бұздым ба, деп емес, қалтамда қанша ақша бар еді, деп ойлаймыз. Бұл біздің психоло­гия­мыздағы ерекшелікке айналып кеткен. 
Айтып отырғанымыз шағын кө­лемдегі жемқорлық. Үлкен түрдегі жемқорлық бар. Бірақ олардың  ұстал­ғандары ғана ұры. Ұсталмағандары ұры емес. Дүкеннен шұжық ұрласаң масқара, ал пойызды бірнеше шақырым тіркемесімен жұтып жатсаң құрметті адамсың. Балалар ата-ананың айтқанын істемейді. Олардан көргенін істейді. Содан да жемқорлықты дерт деудің өзі жеткіліксіз, тамыры тереңдеп, жаппай ұлттық дәстүрге айналып кетті.   

Арманжан Байтасовқа берген 
сұхбатынан, MEDIA CAFÉ  

 

2842 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы