• Cұхбаттар
  • 15 Желтоқсан, 2022

ОПЕРА – ЕКІ САҒАТҚА СЫЙҒАН МӘҢГІЛІК ӨМІР

Аяжан ҚУАНШАЛИЕВА, опера әншісі:

Алматыдағы Опера және балет театрына барсаңыз, ғажайып әлемге енетініңіз анық. «Құлақтан кіріп, бойды алған» әннің құпия әлемі сізді тазалық, арылу және әдемілік әлеміне жетелей жөнелетіндей. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, опера әншісі Аяжан Қуаншалиева «Жас романс орындаушыларының» халықаралық байқауынан бас жүлде иеленгені күні кеше ғана. Әншінің өзі «бір әнді толық орындап шығудың дайындығы ұзақ уақытқа созылған еңбектің жемісі» дейді. Жас романс орындаушыларының халықаралық байқауынан бас жүлде иеленіп келіп отырғандықтан, А.Қуаншалиеваға қойған сауалымыздың басы осы романс жанры туралы болды...

– Ән өнеріндегі романс жанры сізді несімен баурады? Жалпы романс айтудың ерекшелігі, құпиясы мен дайындығы туралы айтып берсеңіз?

– Жеке өз мысалымнан айтсам, опера өнеріндегі барлық жанр жаныма жақын. Опера дегеніміз – тағдырды баяндау ғой, екі сағатта көрсетілетін тұтас өмір деп те айтса болады. Ал романс – адамның сезімі, махаббаты, күйзелісі, те­біренісі. Композитор мен автордың шығармашылық туындысын романс арқылы 3-4 минутта халыққа жүрекпен баяндап беруге ұм­тыламыз. Романс сонысымен қиын. Ол – өлшеусіз еңбек, ғажап өнер.

Білесіз бе, маған қазақтың халық әндері де ұнайды. Халық әні бабамыздың қанымен келетін, тамы­рымызда бар өнер бастауы. Сондықтан оны жан-тәніңмен айтпау мүмкін емес. Қандай жанрда ән салсақ та, халық әндерін де ұдайы орындап жүретініміздің себебі де – осы.

Романс айтудың құпиясы демей-ақ қояйын, ерекшелігі ол әншіден күнделікті еңбекті талап етеді. Әнді образ арқылы көрсетіп, орындап шығу керек болатын кездер бар. Жүректен шыққан дүние жүрекке жетпеуі мүмкін емес. Бұл романстың – ерекшелігі. Ол еңбек пен жүректің бірлестігінен халыққа жететін өнер. Қазақта «Ән айтсаң, жаныңды жеп айтасың» дейді ғой. Бұл да ішкі халіңнің күйі. Романс та сол ішкі хал-ахуалыңды, авторлардың сезім пернелерін халыққа жеткізу өнері дер едім.

– Жуырда ғана өткен Е.Хасан­ғалиев атындағы І Халықаралық опе­ралық орындаушылар байқауы­нан да жүлделі екінші орынды алдыңыз. Мұндай байқаулардан қанат­тана­тыныңыз анық. Халықаралық бай­қаулардың талабы да қатаң ба?

– Иә, байқаулардың талабы қатаң. Ондай байқауларға алдын-ала, ұзақ уақыт дайындаламыз. Бір-екі рет ән салып, сахнаға шыға салуға болмайды. Оны әбден «пісіріп», көптеген уақыт байқауға дайындаламыз. Дауыс бірде шығады, бірде шықпай қашады. Ол да ішкі халіңе, тіпті, кейде ауа райына да байланысты. Ондай уақытта дауысты сақтап, күтінуге тура келеді. Міне, сондықтан аздаған уақыт көлемінде бір әнді толық үйреніп, орындай алдым деуге келмейді.

– Опера – үлкен дайындықты, талантты, тамшылап төгілген терді, өлшеусіз еңбекті қажат ететін жанр. Сонымен бірге опера – өнердің ең бір таңғажайып саласы. Бұл бағытқа бұрылуыңызға не әсер етті?

– Алланың бойыма дарытқан дауысымның академиялық екенін кейін білдім. Кішкене күнімде ән айтқым келеді, бірақ ауылда операны қайдан білеміз? Менің айтқым келетін ән өзгеше бір өнер екенін түйсігіммен сеземін. Содан арман қуып Атырау облысы Құрманғазы ауданы Жыланды ауылынан әнге ғашық жүрегімді әлдилеп Алматыға келдім. Жүсіпбек Елебеков атындағы колледждің «Жеке ән салу» бөліміне грантқа түстім. Опера туралы білім осы оқу ордасының қабырғасында ғылыми-академиялық түрде қалыптасты. Театрымыздағы қойылымдарды көріп, өз мамандығыма тіптен іңкәр бола түстім. Сондықтан мен үшін опера – Құдайдың берген өнері, ұстаздардың сіңірген тәрбиесі.

– Ұстаз демекші, осы жолдағы ұстаздар еңбегі мен тәлімі туралы да айтып берсеңіз...

– Жолымда кездескен әрбір ұстазыма алғысым шексіз. Концертмейстермен де күнделікті жұмыс істейміз. Осы жазда Гүлзат Бейсенқызы Дәуірбаеваның сыныбын бітірдім. Аллаға шүкір, Гүлзат Бейсенқызы әлі де ұстазым болып, үлкен өнердің қыр-сырына баулып жүр. Ән орындау техникасын, партияның орындалу ерекшелігін ұстазыммен ақылдасып отырамын. Гүлзат Дәуірбаева опера жұлдызы. Теат­рымызда басты партияларды орын­дайды. Өнер жолында осындай ұстаз­дарды кезіктіргеніме дән ризамын.

– Қазіргі репертуарыңызда қандай опералық шығармалар бар? Олардың әрқайсысын толыққанды үйреніп шығуға қанша уақытыңыз кетті?

– Репертуарлар бірте-бірте жиналып жатыр. Әлі де үйренерім өте көп. Жоспарда конерттер, байқаулар бар. Соның дайындығын үзген емеспін. Оған да біраз уақыт кетеді. Әуелі өзім жеке отырып, мұқият дайындалып аламын. Ұстазға бармастан бұрын шығарманы (ария немесе операдағы партияны) мәтіні мен техникасын нақты жаттап алуым керек. Одан кейін концертмейстермен күнделікті дайындаламыз. Партияны талапқа сай екі-үш айда жаттауға болады. Бірақ одан да тез жатталатын партиялар бар. Ұстазбен жұмыс кезінде вокалды-техникалық жағына ерекше мән береміз. Шығарманың ішкі халін, менің ішкі халімді талдаймыз. Шығарманы халыққа қалай жеткіземіз: оны да ұзақ сараптаймыз. Опера әншісі сізді бір шығармасымен тамсантса, оның сыртында бірнеше айға ұласқан дайындық, үлкен еңбек, ұстазбен бірге күнделікті жұмыс және әншінің ішкі халі мен ізденісі бар екенін түсініңіз. Әрине, талант басты назарда болады.

– Әлемнің қандай сахнасында ән шырқағыңыз келеді және қандай әнді орындағыңыз келеді. Неге?

– Әлемде үздік опера сахналары бар, мойындаймын. Өз елімнің киелі өнер ордасы – Алматыдағы опера және балет театрында өнер көрсетіп жүргенім зор мақтаныш. Мен үшін опера сахнасының алғашқы табалдырығы мен киелі сахнасы осы жерден басталады. Миландағы Ла-Скала, Нью-Йорк қаласындағы Метрополитен, Париждегі Үлкен Опера сынды таңғажайып өнер ордаларында өнер көрсету бағыма бұйырады деп үміттенемін. Мұндай сахналарда, әсіресе қазақ әнін, қазақ дауысын әлемге одан әрі танымал ете түсу мен үшін мәртебе болар еді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қ.СЕРІКҚЫЗЫ

3156 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы