• Cұхбаттар
  • 15 Желтоқсан, 2022

Бауыржан НҰРАЛИЕВ, травматолог-ортопед: КЕЙДЕ КҮНІНЕ 3-4 ОТА ЖАСАУҒА ТУРА КЕЛЕДІ...

Дәрігерлік мамандықты таңдау мен осы жолда Гиппократ антына адал болу – үлкен жауапкершілік жүктейді. Ал дәрігерлік мамандықтың ішінде хирург болудың жүгі бір бөлек. Адам тағдырына немқұрайды қарамайтын, стресске төзімді, жүйкесі мықты, ең бас­тысы, өз саласы бойынша жасағалы отырған отаның қаупі мен тәуекелдерін анық бағдарлап болжай алатын хирургтың біліктілігі – қоғам үшін маңызды.  
Экологиялық ахуал, ковид және постковид кезеңіндегі адамдардың денсаулық мәселесінің күрделенуі, стресс, салауатты өмір салтын ұстана бермеу, әрі күнделікті өмірде кездейсоқ жарақаттар зардабынан болатын бұзылыстар – адамның жалпы денсаулық ахуалын өзгертетіні анық. Мұндай жағдайда ем алудан бөлек, кейбір мәселелерге орай науқасты ота үстеліне жатқызатын себептердің жай-жапсары қандай? Әсіресе ортопедиялық отаны қандай себептермен жасайды, оның күрделілік деңгейін қалай анықтайды деген мәселе де өзекті. 
Алматы қалалық 4 клиникалық аурухананың дәрігері, травмотолог-ортопед Бауыржан Базаргелдіұлы Нұралиев біздің сауалдарымызға жауап берді. 

– Бауыржан Базаргелдіұлы, ортопедиялық ауру түріне жасаған ең алғашқы отаңыз есте ме?

– Әрине, есімде. Ең алғашқы ортопедиялық отаны 2013 жылы, осыдан тоғыз жыл бұрын жасаған едім. Ол отада тоқпан жіліктің төменгі бөлігінің жалған буынындағы сынған темірді алып, буынды тазалап, қайта блоктаушы интрамедуллярлық өзекшемен реостеосинтез жасалған болатын. Әрбір хирург өзінің алғашқы отасын және ондағы қиындықтарды есте сақтап, тәжірибе жинақтайды деп ойлаймын.

– Ол кезде ең қиыны не еді?

– Жұмсақ тін тыртықтарының арасынан нервті бөліп шығару қиындық туғызғаны әлі есте. Ол шынымен де өте күрделі процесс.

– Дәрігерлік практикада ота жасаудың мәселе­лерін жан-жақты зерттеп, біліп жүрсеңіз де, әр ота алдында кездесетін қиындықтар бар ма?

– Әрине, әр отаның өз қиындығы болады. Ондай мәселе тудырмау үшін әрі қауіп-қатердің алдын алу мақсатында әрбір отаға мұқият дайындалу қажет. Сол үшін, тіптен күнделікті жасалып жатқан отаның өзіне өте мұқият дайындықпен келеміз. Бұл хирург дәрігердің жұмысына адалдығын көрсетеді деп ойлаймын.

– Отадан кейінгі сауықтыру жұмысы қанша уақытқа созылады? Сауықтыру кезеңінде ең маңызды нәрсе не?

– Әр сынықтың және буын ауруларының түріне байланысты сауықтыру жұмыстары да әртүрлі болады. Бұл саладағы ең маңызды дүние – науқас реабилитолог дәрігердің нұсқауын бұлжытпай орындауы керек. Сонда ғана сауықтыру жұмыстары нәтиже береді. Қазақ «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» дейді. Яғни сауықтыру кезеңі белгілі бір уақытты алатынын ешқашан естен шығармаған абзал. Сол уақыт аралығында реабилитолог дәрігердің нұсқаулығын жақсылап орындаса, кез келген науқас оңалып кете алады. 

– Маман есебінде ортопедиялық ауру түрлерінің себебін айтып бере аласыз ба?

– Ортопедиялық аурулардың себебі өте көп. Ең бастысы, посттравматикалық жүйелік аурулар дер едім. Науқастың жасы, жұмысы, экономикалық және әлеуметтік жағдайына да көп нәрсе байланысты.

– Ортопедиялық аурулардың қай түріне ота жасау жеңіл, қай түріне ота жасау күрделі?

– Ортопедиялық отаның барлығы күрделі ота түріне жатады. Оның мына бір түрі жеңіл еді деп айтуға болмайды. Оның үстіне, әр адамның анатомиясы индивидуальды, ерекше. Әрі сол аурудың себебі мен даму кезеңі де әртүрлі. Міне, осы және ота жасау барысында анықталып жататын тағы да басқа себептерге орай әр отаның күрделілік деңгейі де түрліше болады.

– Адамның жасына қарай ота жасаудың қандай мәселесі кезігеді? Оған қоса өзіңіз ота жасаған ең жас және ең үлкен науқас қанша жаста еді?

– Дәрігерлік тәжірибемде ең жасы 18-дегі, ең үлкені 94-тегі адамға ота жасадық. Иә, адамның жасына қарай отаның күрделілік деңгейі де өзгереді. Оны басты назарда ұстау керек. Жастар отаны жеңіл өткізеді. Бірақ жеңіл өткізеді деп ол отаны да жеңіл деуге болмас. 

– Тәулігіне қанша адамға ота жасайсыз? Жалпы ортопедиялық ота жасатуға сіз жұмыс істейтін ауруханаға адам көп түсе ме?

– Тәулігіне орта есеппен 2-3 ота жасаймын, кейде 4 отаға дейін жоспарланатын күндер болады. Біздің аурухана Оңтүстік аймақтың травматология және ортопедия орталығы болып саналады. Сол себепті бізге көп науқас түседі. Олардың әрқайсының отасы арнайы жоспарланады. Бөлімнің хирургтары, басқа да мамандар бар: әрқайсымыз орта есеппен күніне бірнеше ота жасаймыз.

– Жазатайым оқиғадан бөлек, ауруы асқынып келіп ота үстеліне жататын науқастардың көпшілігі, негізінен, қандай бұзылыстардың себебінен ота жасатады?

– Буын қозғалысының шектелуі, буын тұрақтылығының бұзылыстары, деформация және тірек-қимыл жүйесінің жеткіліксіздігі – ауруы асқынып келіп ота жасатудың негізгі себептердің бірі.

– Хирург-дәрігер есебінде отаның күрделі-күрделі емесін алдын-ала болжай аласыз ба? Ең күрделі деген отаны неше хирург жасайды?

– Отаның күрделі-күрделі емесін алдын-ала анықтау үшін әр науқастың отасы қарсаңында бөлімшеде арнайы дайындық жүреді. Ол үшін рентген, МРТ, КТ түсірілімдерін талдап, зертханалық көрсеткіштерін ескеріп, науқасты клиникалық талдап, отаның қаупі мен тәуекелдерін алдын-ала болжай аламыз. Міне, осы жағдайлар анықталған соң, отаға қатысатын хирургтардың санын анықтауға болады. Күрделі отаға кемінде 3-4 дәрігер қатысады.

– Ең алғаш ота жасағаннан бері қанша уақыт өтті? Ол кезбен салыстырғанда тәжірибе жинақ­та­ғаныңыз рас қой. Ортапедиялық ауруларға жасалатын ота түрінің барлығын жасай аласыз ба?

– Ең алғаш ортопедиялық отаны 2013 жылы жасағанымды сөзімнің басында айттым. Ал жалпы ота түрін ең алғаш 2011 жылы жасаған едім. Содан бері 11 жыл бойы үздіксіз ота жасап келемін. Осы 11 жыл көлемінде ортопедиялық аурулардың сан түрін көрдік. Олардың әрқайсының отасына қатысу, жасау арқылы да тәжірибе жинақтауға болады.

Оған қоса шетелде біліктілік көтеру курстарына қатысудан ешқашан бас тартқан емеспін. Себебі шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу – хирург-ортопед үшін, жалпы әр маман иесі үшін аса маңызды. Осы салада үлкен жетістіктерге жеткен мамандардың шеберлік сағаттарына, халықаралық конференцияларға қатысу арқылы да үлкен тәжірибе жинақтауға, біліктілікті арттыруға болады. Маман есебінде бір орнында тұрып қалмай, ұдайы осы саланың жаңашылдығымен, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерімен танысып отыру менің және Алматы қалалық 4 клиникалық аурухананың және Ортахирургия бөлімі мамандарының да негізгі ұстанымдарының бірі. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатды жүргізген Қарагөз СІМӘДІЛ

3130 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы