• Cұхбаттар
  • 15 Желтоқсан, 2022

Өзгежан КЕСИЖИ, зерттеуші: ҚАЗАҚТЫҢ АМАНДЫҒЫ МАҢЫЗДЫ

Еуропа қазағы, зерттеуші, ақын Өзгежан Кесижимен ертеректен таныспыз. Бірде Өзгежаннан: «Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романында Сүйініш оғлан  өзі көрмеген туған жерін сағынып, құса болады. Сендер де шетте өстіңдер, атажұртты көрмедіңдер, көрмей тұрып та атамекенді сағынуға бола ма, қалай ойлайсың?» деп сұрадым. Өзгежан сәл жымиып былай жауап қатты: «Әрине! Меніңше, бізге туған жерге деген махаббат ата-баба сағынышымен сіңді. Иә, біз Қазақстанды кейін көрдік. Алайда ел туралы әңгімені кішкене кезімізден естіп өстік. Сонау бір шалқар далада ата-баба жұрты бар екенін жүрегіміздің бір түпкіріне түйіп қойдық. Еуропада Қазақстанның тарихын, тілін оқи алмадық. Алайда еліміз туралы кішкентай ақпарат кездесе қалса, бірнеше қайтара оқып алатынбыз. Қазақстанды біз көрмей-ақ сағынып жүретінбіз»...
«Еуропа мектептерінде оқып жүргенде Қазақстан тарихы туралы мағлұматтар тым аз еді. Өзге жұрт біздің елді зерттемесе, ендеше өзімізді өзіміз зерттейік деген қорытындыға бала күнімде келдім» деген Өзгежан Кесижи тарихи отанындағы үлкен кезеңге ғылыми талдау жасап, социологиялық тұрғыдан қорғаған докторлық жұмысын «Қазіргі заманға ұлтшылдықпен жету: Қазақ Алашорда қозғалысы» деген тақырыпта сәтті қорғап шығады. 
Өзгежан Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толған мерейтой құрметіне Алматыда өткен халықаралық ғылыми конференцияда баяндама жауаға келген сапарында кездесіп, аз-кем тілдескен едік...

– Өзгежан, Алматыда өткен ғылыми конференцияда жасаған баяндамаңа қысқаша тоқталсақ. Шетелде зерттеу жұмысын жүргізген зерттеуші ретінде атап өтсең, Ахмет Байтұрсынұлының ұлтты сақтаудағы рөлі қандай?

– Әлеуметтанушы ретінде қарасақ, ХХ ғасыр басында дүниежүзінде бірнеше империя құлады. Кейбір мемлекеттер жерінің жан-жағын бекітіп, ұлт, мемлекет деген ұстанымдар алға шықты. Индустриалды қоғамның басты ұстыны ретінде біріккен, жинақталған мемлекеттер рөлі дамыды. Индустриялық қоғамға жұмыс істейтін адам керек болды. Ол адам бір тілде сөйлесіп, бірлікте болғанда ғана мемлекет көбесі сөгілмейтінін Еуропа жұрты тез түсінді. Мәселен, сол бір замандарда француз тілінің диалектісі өте айқын аңғарылатын. Соның кесірінен оңтүстіктегі француз солтүстіктегі француз сөзін түсіне де алмай қалатын. Осы кезде француз зиялылары ортақ француз тілінің ережесін бекітіп, тіл арқылы ұлтты бірлікте ұстауды қолға алды. Сол кездегі қазақ даласына қарасаңыз, Алаш зиялылары сахнаға шығып, ұлттық мемлекет болу жолын көрсетті. Олар ұлттықты тіл арқылы, бірлік арқылы, Алашорда автономиясы арқылы сақтап қалуға тырыс-ты. Әлихан Бөкейхан ұлттың саяси құрамын түгендеп, саяси партия арқылы Алаш автономиясы тақырыбын ту етті.  Ахмет Байтұрсынұлы ұлттың мазмұнын іздеді. Ұлттың мазмұны деген не? Ол ұлттың тілі, әдебиеті, жазуы, өнері. Міне, осы тіл мен мәдениет, өнер ұлт мазмұнын кеңейтеді.

Екінші, бір мемлекеттің бір бұрышы мен екінші бұрышындағы азаматы бір газетті, бір романды, бір кітапты оқыса, сол мазмұн арқылы олар шалғайда жатып-ақ бір ел екенін сезеді деген теория бар. Болмаса екі мемлекеттің екі бөлек адамы бір ғана мемлекеттің басылымын, газетін, кітабын, романын оқыса, басылымды шығарған мемлекеттің мазмұнына ойысып кету қаупі де бар. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған зия­лы қауым «Қазақ» газетін шығарып, бір тілде сөйлеген газет, роман, кітап шығару ісіне белсене кірісті. Яғни қазақ даласының солтүстігі мен оңтүстігінде жатқан, бірін-бірі көрмеген, бірақ бір «Қазақ» газетін оқыған екі адам бір ұлттық мазмұнда болды. Бұл да Алаш зиялыларының ұлтты біртұтастандырудағы зор еңбегі екен анық.

Олар қоғам келбетін білім, ағарту арқылы өзгертуге ұмтылды. Егер Алаш тұлғаларының осы қадамына сол кездегі Кеңес Одағының режимі қарсы тұрмағанда, олар халықты ағарту жолымен сәтті алып өтер еді деп ойлаймын. Отарлық санадан азаттық алудың бір жолы – білім екенін түсінген Алаш зиялылары дәл осы жолда мұраттарына жетті деген пікірдемін.

Бодандық қамытын киген қазақ халқы Алаш зиялылары арқылы ұлттық арманына ұмтылды. Халықтың мемлекет ретінде, ұлт, азамат ретіндегі құқықтары мен бостандықтары үшін сол кезеңдегі Алаш тұлғалары қиын жолдардан өтті, күрестер жүргізді, осы жолда құрбан болды.

 Тарихи социология тұрғысынан Батыстың академиялық ғылыми түсінігін негізге ала отырып қарастырсақ, Алаш зиялылары қазақтың ұлттық ұғымы жайлы заңды сөзді алғаш рет айтты деуге болады. Қазақ халқы белгілі бір тарихи кезеңде үлкен таңдау жасады. Қоғамдық түсінік тұрғысынан Алаш идеясы өзекті болғанымен, ол идеялардың жүзеге асуына тарихи жағдаяттар жол бермеді.

Өткен ғасыр басындағы Алаш тұлғалары дем берген әдеби шығармаларға көз жүгіртіңіз. Барлығы өз заманындағы өзекті әлеуметтік мәселелерді көтерген. Әдебиет – өмірдің айнасы десек, сол өмірдің өзін айна арқылы сол шығармалардан байқаймыз. Бұл да тұтас кезеңді қаз-қалпында қалдыруға тырысқан Алаш мұратындағы азаматтардың еңбегі екенін ашық айтқан ләзім.

– Ахмет Байтұрсынұлының тұлғалық ұстанымына қатысты шетелдерде баяндамалар жасап жүрсің. Олар Алаш партиясы мен тарихи рөлін қалай бағалайды?

– Ахмет Байтұрсынұлына қатысты шетелдік конференцияларға қатыстым. Бұл өзі шетелде зерттеліп жатқан тақырып. Бірақ ұлтшылдық теорияларының тұрғысынан көп зерттелмеген. Әлеуметтануда да солай. Олар үшін бұл тақырып өзекті.

Алаш тақырыбына қатысты зерттеу жұмысымызды шетелдік конференция­ларда, ғалымдар тарапынан, әрине, аса қызығушылықпен қабыл алады. Қазақстан деген ел барын Тәуелсіздік алған кезеңімізден бастап олар біледі.  Бірақ қазақ елінің өткен тарихи мәдениеті оларды қатты қызықтырады. Әсіресе қазақ елінің қалай бодан болғаны, Алаш ұлт-азаттық қозғалысы сияқты тақырыптар, олар бұрын көп біле бермейтін тақырыптар еді. Сондықтан біздің зерттеу тақырыбымыздың материалдары, жұмыс методикамыз, тағысын тағылар бізбен бірге жұмыс атқарған ғалымдарға өте қызық. Бір қызығы зерттеу тақырыбымыз туралы сөз болғанда кейбір ғалымдар оны Иранмен салыстыра пікір айтты. Өзім біздегі тіл күресін Ирландиядағы тіл күресінің тарихына ұқсатамын.

– Өткен ғасыр басында тәуелсіздікке, автономиялық республикаға ұмтылған ұлт-азаттық қозғалыстардың өзара ұқсастығы әлде ерекшелігі болды ма?

– Ұқсастықтар өте көп дер едім. Мәселен, Ирландиядағы 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалыста негізінен шығармашылық зиялы қауым өкілдері: жазушылар, оқытушылар бас құрап, күллі халықты соңынан ертіп, Ұлыбританиядан өз тәуелсіздігін сұраған болатын. Міржақып Дулатұлының «Оян, қазағына» үндес жырлар кезінде бодандықты бастан өткерген елдердің көпшілігінде кездеседі. Немістер де уақытында еліміз қалың ұйқы құшағында, ұлтты ояту керек деп жырлаған. Әрине, олар ұлт-азаттық қозғалыстарды сәл ертерек, бастан өткерген. Словактардың да ұлтты ояту керек деген өлең-жырлары бар. Бүкіл Еуропа елдері ояну дәуірінен өткен. Ояну үшін түрлі әлеуметтік мәселелердің түйінін шешкен. Қазақ халқының ояну дәуірінде қандай әлеуметтік мәселелер айтылуы керек еді – осыны Алаш тұлғалары ұқты, нақты білді және сол бағытта жұмыс істеді.

Батыстан келген республика, демократия туралы идеялар Алаш тұлғалары арасында кең тарады, олар жер-жердегі ұлт-азаттық қозғалыстардың жай-жапсарын зерттеп, білді. Сондықтан да, ұлт-азаттық қозғалыстардың уақыт кеңістігіндегі тағдыры ғана емес, ұмтылған мұраттарында да ұқсастықтар көп деп айтуға толық негіз бар.

– Еуропадағы қазақ жастары Қазақстанмен, қазақ тілімен, мәдениетімен қалай танысып жүр? Қандай да бір ортақ ұлттық мәдени бірлестіктер бар болар?

– Қазақтың жас музыканттарымен, суретшілерімен әлеуметтік желілер арқылы танысып, қарым-қатынас орнатып жүргендер бар. Кейбір Еуропа жастары Қазақстанға келіп, тіл үйреніп кетіп жатыр. Еуропада қазақ жастары ұдайы кездесіп тұрамыз. Мен де Еуропа қазақ жастарының конференцияларын ұйымдастыру жұмысына қатыстым. Ондай кездесулерде көш тарихын, Алаш тарихын, тәуелсіз ел тарихын айтамыз.

– Алаш ардақтыларының өлеңін ағылшын тіліне аударып жүргеніңді білеміз. Ол аударма жырларды шетел аудиториясы қалай қабылдады? Кітап болып шығу ісі қолға алынды ма?

– Шығыс Түркістаннан жалғасқан көш, Еуропаға қоныс аудару тарихымызға қатысты зерттеу жасап жатырмын. Қазір ағылшын тілінде роман жазу үстіндемін. Ағылшын тілінде жазған өлең-жырларым басылатын кітап та аяқталуға таяп қалды. Бәрінің де ұлт тақырыбына, отбасылық және жеке өмір тарихына қатысы бар. Романым үшін Берлин Сена­тынан шәкіртақы алдым. Өлеңдер жинағым үшін Ирландия Көркемөнер Кеңесі (Irısh Arts Councıl) шәкіртақы берген. Бұған қоса қазақ тіліндегі әдеби әңгімелерді неміс тіліне аударып жүрмін. Жақын арада қазақшадан немісшеге аударған кітабым Германияда шығады. Жалпы әдеби жоспарым біраз бар.

– Пандемия елге келуге кедергілер келтірген шығар? Бірақ Қазақстанмен байланыс үзілмеген болар?

– Пандемия елге келіп кетуге, әрине кедергі болды. Бірақ достармен әлеуметтік желі арқылы шектеулі болса да байланыс үзілмеді. Алдағы уақытта жұмыс бабымен де, жеке отбасымызбен де елге келіп кету жоспарымыз бар. Әсіресе төрт жасар қызымызды атажұртына әкеліп, көрсетіп қайту әкесі екеуіміздің бір міндетіміз.

– Қазақстанға араға сегіз жыл салып келдің. Тарихи отаның өзгеріп пе? Ең алдымен қандай өзгешелік  байқалады?

– Алматыға сегіз жыл, Астанаға бес жыл салып келіппін. Алматы көп өзгеріпті. Көріктене түскен. Дами түскен. Тіптен цифрлы қоғам нық орнағаны байқалады. Мюнхенде қолма-қол ақшамен жүреміз. Көп жерде картамен төлеуге болмайды. Ал сіздерде барлық жерде картамен төлеуге болады екен. Кейде кофе-мейрамханаларға кіріп, қолма-қол ақша ұсынып жатсам, олар таңғалмаса да, жүзіме қадала қарап қалғанын байқаймын.

Біз орысша сөйлей алмаймыз. Бұрындары Алматы мен Астанаға келгенде тіл мәселесінде аздап қиналып қалатын едік. Қазір тіптен қонақүйден бастап кез келген кафе-мейрамханаларда тек қазақ тілінде қызмет көрсетті. Әрине, орысша да сөйлейді екен, қазақша жауап қатсаң, бірден қазақшаға көше қояды. Ұлттық тіліміздің аясы кәдімгідей кеңейгенін көріп қуандым. Қандай жақсы әндер шыққан. Олармен де танысып қайттым. Көрікті ғимараттар көбейе түсіпті. Алматының суретін отбасыма жіберсем, олар да қуанып, елге тілектес болып жатыр.

– Еуропа қазақ жастары тарихи отанының оқиғаларын, жаңалықтарын, ұстанымын көріп, байқап, оқып, тілектес болып жүре ме?

– Әрине, оқып, тілектес боламыз. Өзім үшін Қазақстанның аман болғаны, жастардың аман жүргені, өз елінде дамығаны маңызды. Қазақстанның тәуелсіздігі баянды болуына әрдайым тілектеспіз. Еліміздің азаматтары өз ойын ашық айта алуына тілектеспіз. Сондай жағдайлар жасалып жатқанын көріп, шүкіршілік етеміз.

Еуропадағы қазақ жастары, әрине, Қазақ­стандағы оң өзгерістерді ұқыптылықпен қарап, біліп отырады. Қазақстанға байланысты, қазақ тарихына байланысты зерттеулерге қызығады. Әсіресе қазақтың кім екендігі, қазақтың қандай тарихы болғаны туралы білгілері келеді. Бұған қоса қазақтың тіліне, мәдениетіне, салт-дәстүріне қызыға қарайды.

– Әңгімеңе көп рақмет, Өзгежан!

Сұхбатды жүргізген Қарагөз СІМӘДІЛ

3879 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы