• Білім және ғылым
  • 29 Желтоқсан, 2022

ТҮРКОЛОГИЯНЫ ӨЗ ОТАНЫНДА ЗЕРТТЕЙІК

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әлемнің этнотілдік бейнесі және түркі мұрасы» атты I Халықаралық ғылыми конгресс өтті. 
 Конгреске тіл білімі, тарих, археология, этнология, этнография, мәдениеттану, философия, әлеуметтану, саясаттану бағытындағы ғалымдар шақырылыпты. Олар өз елімізден басқа, Әзірбайжан, Қытай, Түркия, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Венгрия мемлекеттерінен келді және онлайн қатысқандар да бар. 

Бұл ретте талқыланған тақырыптың  маңыздылығын атап өткен жөн. Нақты келтірсек: Қазақстандағы және әлемдегі түркітану мен алтайтану: дәстүрлі мәдениет және өнер; түркі және алтай тілдері: тарих және қазіргі заман; түркі халықтары қауымдастығының қалыптасуы мен эволюциялық үдерістерін тарихи-археологиялық зерттеу; қазіргі кезеңдегі түркі әлеміндегі этносаяси және мемлекетаралық үдерістердің тарихи динамикасы мен барысы және т.б қамтылған. 
Екі жылда бір рет өткізілетін кон­грестің басты мақсатының бірі – түркі­танушылардың ынтымақтастығын арттыратын ғылыми жобаларды іске қосу. Түркі елдеріндегі ғылыми-зерттеу бойын-ша бірлескен жұмыс тетіктерін жасау. Осы қадамның өзі түркі халықтары үшін арманға айналған көп істің басын біріктіріп, ортақ ғылым-білімді дамытуға жол ашпақ. 
Конгрестегі ең үлкен жаңалық – университет жанынан Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты ашылуы. Филология ғылымының докторы Раушан Авакованың айтуынша: «Әлемде алтайтанумен айналысатын жалғыз институт бар, ол Венгрияда. Қазақстанда түркітану және алтайтану институты ашылып отыр. Жалпы әлемде бес мың этнос тілі бар екенін білеміз. Солардың отыздан астамы түркілер. Бірақ өзінің әліпбиі бар халықтар өте аз. Солардың бірі әрі бірегейі түркілер».
Аталған конгресті өткізуге, институт ашуға мұрындық болған университет ректоры Жансейіт Түймебаев өз сөзінде, университет кітапханасының қорында толық зерттелмеген 600-ден астам қолжазба бар екенін айтты. Ал жалпы түркі тілдеріне қоса, алтай тілдері тобына жататын сонау Қиыр Шығыстағы корейлердің тіліне дейін зерттейтін деректер толып жатқаны бізге де мәлім. 
Осы ретте түркілер «қойын құрттап, айранын ұрттап» дегендей, Еуразияны ен жайлап жүре бермей, жазу-сызуы бар, көзі ашық, көңілі ояу жұрт болғанын дәлелдеген дат ғалымы Вильгельм Томсенге мың мәрте тағзым. Сол В.Томсеннен бастап, күні бүгінгі С.Кляшторныйға (белорусс) дейін тізсек, көбі басқа ұлттардың өкілдері. Тіпті түркі тілдерінің көбін жақсы білген Василий Радловты (туғанда қойылған есімі  Вильгельм) атасаңыз да, тегі – неміс. Қазақ ғалымдары секілді әзірбайжан, өзбек, қырғыз, түркімен бауырларымыз да тек Тәуелсіздіктен кейін ғана, түркілерді шындап зерттеуге ден қойды. Содан да болар конгресте түркітануды өз Отанында, сол халықтардың өкілдері өздері зерттеудің маңыздылығы айтылды. Өйткені мысалға тек тілді зерттеген ғалым, түркілердің әдет-ғұрып, салт-санасын білуі де аса маңызды.

1245 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы