• Тұлға
  • 29 Желтоқсан, 2022

«МЫҢДАҒАН АДАМДЫ ҚУАНТҚАН АЗАМАТ»

Қазақ әдебиетінің айтулы өкілі, асқар таудай асыл ағамыз Әзілхан Нұршайықовтың өмірден озғандығы туралы хабарды естігенде қабырғасы қайыса қайғырған қазақтың бірі мен болдым. Өйткені ол кісі мен үшін туған ағамдай болып кеткен еді. Жиі хабарласып, амандық-саулық сұрасып тұратын едік. Әзағаң өзінің артында исі қазақпен бірге мыңдаған жылдар жасайтын өміршең шығармалар қалдырды. Солардың бірі «Махаббат, қызық мол жылдар» атты романы болатын.  Бұл туындыны оқып өспе­ген ұрпақ қазақ топырағында кемде-кем шығар. Ербол мен Меңтай бейнесін сол кітапты парақ­тағандардың көкейінде жыл құсындай сақталып қалғаны да рас. Бұдан кейінгі тағы бір елеулі дүниесі қазақтың хас батыры Бауыржан­ Момышұлы туралы жазған «Ақиқат пен аңыз» еді. Осы роман арқылы біз Бауыржан батырдың бүкіл болмысын, майдандағы ер­лігін, бейбіт күндегі адалдығын, оның пайым- парасатының ерекше болғанын, ой өлшемінің көп жұрт­тан көш ілгері тұрғанын танып, білдік. Сөйтіп, батыр тұлғасы көр­кем прозадан ойып тұрып орын алды.

Қашанда жақсы шығарма автор­дың ғана емес, оқырманның да қазынасы ғой. Бір кездері кітап шығару қиындап кеткен тұста, айтулы қаламгер оқырманынан алыстап қалмасын деп 10 томдық шығармалар жинағының жарық көруіне демеушілік жасағаным бар. Жақсылыққа – жақсылық деп, ардақты ағамыз сол ілтипатымды әркез аузынан тастамай айтып, басылымдарда ризалығын білдірген болатын. Кейіннен ағалы-інілідей болып жақын араласқанымызда бір-біріміздің қуаныштарымызға да ортақтасып отырдық.

Осы ретте мен Әзағамның «Мәңгілік махаббат жыры» атты поэмасын маған қандай жағдайда табыс еткенін баяндауды өзіме парыз санадым. Өйткені әзіз ағаның өз қо­лымен жазылып, жүрекжарды тілегін білдірген лебізін естелікке енгізсем артық болмайды деп ойлаймын.

Менің 60 жасқа толу тойымда арнайы тілексөз жазып әкеліп, дүйім жұрттың алдында мәнерлей оқып мерейімді бір асырған еді. Оған «Мыңдаған адамды қуантқан азамат» деп тақырып қойып, жүрегі парасатқа толы асыл аға осылай толғанған еді:

«Қымбатты достар»

Тойға бәріміз де қуанышпен келеміз ғой. Ал мен осы тойға өзгеше толқып келіп тұрмын. Себебі бұл той осыдан 60 жыл бұрынғы оқиғаны есіме түсірді.

1947 жылдың 5 маусымы еді. Ақбұзау деп аталатын ауылдан 9 шақырым жердегі разъезден мен – Ұлы Отан соғысына қатысқан солдат – студент поездан түстім. Қасымда 9 жыл ғашық болып қосылған жас келіншегім Халима бар. Түнде жауын жауған екен. Екеуміз жалаңаяқтанып, қолтықтасып алып, ауылға қарай жаяу тарттық. Жол қиыншылығын елегеніміз жоқ. Өйткені біз бақытты едік.

Ауылға келдік. Той басталды. Қарттардың алдына ағаш табаққа салып, құрғақ талқан қойылды. Жастардың алдына дастарқанға қуырған бидай шашылды. Шалдар құрғақ талқанды жалғыз ағаш қасықпен кезектесе асап, жас-тар жарқылдай күліп, маржандай тістерімен бидайды қытырлата шайнап, той қыза түсті. Әкем соғыста өліп, шешем соғыс кезінде қайтыс болып, иен қалған үйімді күлкі кернеп, 4 жыл соғыстан кейінгі алғашқы той қуанышы азғантай ауылымды аспанға шарықтатқан еді...

Міне, дәл сол күні – 1947 жылы 5 маусымда, біздің ауылдан алыс, сонау Оңтүстік Қазақстан облысының Ленин ауданында, атақты Қазығұрт тауының баурайында Бекет деген бір бала шыр етіп дүниеге келіпті. Ол ауылда да шілдехана жасалып, біздің ауылдағыдай талқан той өткізіліп, бидай шай беріліпті. Ол соғыстан соңғы ауыр жыл еді ғой.

Мінеки, сол Бекет бала ауылда өсіп, ержетіп, қазақ халқының атақты, ардақты азаматтарының бірі болды. Өзінің 60 жылдық торқалы тойын тәуелсіз мемлекетіміздің ұлы орталығы, әлемге аты жайылған Астана қаласының төрінде өткізіп отыр.

Сізді, аса құрметті Беке, осы тамаша тойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Халыққа қадірлі ардақты азаматтың тойы құтты болсын, ағайын!

Сіз – қоғамшыл, көпшіл, халықшыл, ұлтжанды, ұрпақжанды, адал, әділ, ақылды, арлы, ақпейіл, ағайынды алыс-жақынға бөлмейтін, тура би атанған асыл азаматсыз, ардақты Беке!

Сіз ат жалын тартып мінгеннен бері жүрген жеріңіздің бәріне шарапат шашып келесіз.

Халықтың жаны әдебиет пен өнер десек, сіз – сол әдебиеттің жалынды жанашырысыз. Басқа сан сатылы мемлекеттік қызметіңізді айтпағанда, осы жанашырлығыңызбен ғана талай жұрттың жүрегіне жол таптыңыз.

Бір кісі – бір кісіні, көп болса – он кісіні қуанта алады. Ал 100 кісіні кім қуантады? 1000 адамды қуанту кімнің қолынан келеді? Осы ғажайып іс сіздің қолыңыздан келіп отыр.

Сіз 10 томдық шығармалар жинағымды шығартып беріп, мені мәңгілік бақытты еттіңіз. Сөйтіп, сіз менің қазіргі және болашақ миллиондаған оқырманымды қуанышқа кенелттіңіз. Жазушыға бұдан асқан бақыт бола ма?

Жалғыз маған ғана емес, басқа да он шақты қаламгерге осындай көмек көрсеттіңіз. Олардың да сансыз оқырманының қуанышына ие болдыңыз. Өзгеге үлгі боларлық осы тамаша қызметіңіз үшін біз, жазушылар қауымы, шексіз ризамыз сізге!

Осы тойға келерде мен сізге не сыйласам орынды деп ойладым: ат мінгізсем – ат ариды, тон кигізсем – тон тозады. Сөйтсем – тозбайтын, тотықпайтын нәрсе кітап екен. Тапқан сыйым – өз жүрегімнің түбінен алып, өз ойымның тұнығынан тартып, төрт жыл жылап отырып жазған, 1947 жылы 5 маусымда сіз қасиетті Қазығұрт тауының баурайында дүниеге келіп, «іңгәләп» жатқан күні келін болып түсіп, менің кішкентай ауылымды қуантқан Халима апаңыз туралы сыр шертетін «Мәңгілік махаббат жыры» кітабым болды. Осыны аз да болса көптей, көлемсіз болса да көлдей көріп, қабыл алуыңызды сұраймын.

Ал күйеуінің көпшіл ісін қолдап, қолын қақпайтын жаны жомарт жақсы келінім Ұлдыға ризалығым өзгеше! Осындай асыл жары бар еркек қана ел ықыласына бөленбек. Еріне жары сай болып қосылған адамгершілігі мол, парасаты биік келінім Ұлдыға өзімнің ақсақалдық Указыммен мынадай құрметті атақ беремін: «Ардақты азаматтың жан серігі Ұлды Тұрғараеваға «Асыл жар» атағы беріліп, оған махаббат алқасы мен екі сердолик сырғасы қоса тапсырылсын!» қолымды қойдым. 16 маусым, 2007 жыл. Астана қаласы.

Енді аса құрметті Ұлды ханымға «Асыл жар» махаббат алқасын табыс етуіме рұқсат етіңіздер.

Осы тәлімді тойға қатысып отырған баршаңыздың той иелеріндей жандарыңыз жомарт болып, халық­тың қасиетті ықыласына бөленіп, абыройларыңыз арта беруіне тілек­тестік білдіремін.

Аман болыңыздар, айналайындар!

 

16.06.2007. Әзілхан Нұршайықов.

Астана қаласы

 

Асыл ағаның осы бір мерейтойлық лебізі мен 2011 жылдың жаңа жылын қарсы алар тұстағы құттықтау хаты шынайы дос адамның риясыз көңілінен шыққан ыстық ілтипаты ғой. Өзім тірі жүргенде мұндай мейірге толы ғажап тебіреністерді жүрегімде сақтаймын. Менің де ғұмырнамалық естелігім жазылып жатса, бұл ағалық ыстық лебіздердің содан орын алатынына нық сенімдімін. Әзағаның ақ батасы жүрегімді қуантып, бойыма қуат беретін, өмір сүрудің мәні не екенін ұғындыратын киелісөз деп түсіндім.

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

Қазақстан Республикасының

еңбек сіңірген

қайраткері – заңгері, заң ғылымының докторы

1466 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы