• Тарих
  • 29 Желтоқсан, 2022

Смағұл ЕЛУБАЙ: ҚАЗАҚТЫҢ БАРЛЫҚ ҚАСІРЕТІ АШАРШЫЛЫҚТАН БАСТАЛДЫ

БӘРІ СЕНІҢ ТУҒАНЫҢДАЙ

Қазақта бодандықтың зардабын тартпаған әулет жоқ деуге болар. Әсіресе ол ХХ ғасырдағы тарихымызға қатысты. Алапат аштықтан, жаппай қуғын-сүргіннен қазақ қатты селдіреп, есеңгіреп шыққаны анық. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл толса да, әлі күнге өзге тілде шүлдірлеп жүргендердің өздерінің құл екендігін мойын­дамауының өзі – сол қолдан жасалған нәубеттерден пайда болған ауытқу, естен тану шығар.

Ал осынша ессіздікке тіпті ездікке төзбей, үздіксіз күресіп келе жатқан қаламгердің бірі – Смағұл Елубай. Өйткені ол кісінің ғұмырнамасынан қазақ тартқан азапты көресіз. Ғұ­мырнамасы деп отыр­ғаным – «Ақ боз үй» романы. «Ақ боз үйді» оқып отырғанда, Өзбек­станға, Қара­қал­пақстанға, Түркіменстанға, Ауғанстанға, Қытайға жаяу-жалпы босқан, ақсақалды ата, ақ жаулықты апа, бұрымды қыз, кекілді ұл елестейді. Өйткені сол нәубетке тап болған қазақтың тағдыры ортақ. Бәрі сенің туғаныңдай, аталасыңдай, бауырыңдай.

Тіпті сонау Шығыс Түр­­кіс­­­таннан босып Тибетке, одан Үндістан, Пәкістан асып, ақыры Түркиядан пана тауып, бүкіл Еуропаға тараған қазақ баласының да қайғы-мұңын «Ақ боз үйден» оқығандай боласың. Сонда ғана Коммунис­тер өз қылмыстарын жасыру үшін Жоңғар шапқын­шы­лығын неге сонша «жарнама­лағанын» түсінгендей күй кешесің. Себебі қазаққа ХХ ғасырда жасал­ған қастандықтың қасында, қалмақ-қазақ соғысы тым дабы­рай­тардай шығын әкелмеген деседі.

Осы жолдардың авторы Смағұл Елубайдың аға-бауырымен ауылдас атанған кезіміз де болған. Кілең бір «елге болсын» деп тұратын абзал азаматтар. Мұның бәрін айтып жатқанымыз, қазақтың Смағұл Елубай атты ардақты жазушысы 75 жасқа ­толды. Ілкіде айтқанымыздай, ол қалың қазаққа ортақ қаламгер. Сондықтан елдің әр қиырынан құттықтаулар келді. Салтанатты жиында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауының әрине, орны бөлек. Аңыз  адам Асанәлі Әшімовтің батасы да елдің ақ тілегінің айнасындай көрінді. «Ақ боз үй» фильмінің таныстырылымы – сай-сүйе­гіңді сырқыратқандай… Себебі ол – қалың қазақтың тағдыры.

Ана тіліміздің жанашыры, мемлекеттік тілдің жоқшысы Смағұл Елубайдың әр жылдары тілге, ашаршылыққа, дінге қатысты айтқан ойларын жинақтап ұсындық.

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ    

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТІЛ АХУАЛЫНА ҚАЗАҚТЫҢ  КӨҢІЛІ ТОЛМАЙДЫ

Біз өле-өлгенше қазақ тілі үшін күресеміз. Мәңгілік ел болудың кепілі ұрпағымыздың ана тілін білуінде жатыр. Ана тілін ұмытқан халықтың өз-өзінен жер бетінен өшіп, жоғалып жатқанын көз көріп отыр. Бүгінгі ұлттық ұран – Мәңгілік Ел болу.

***

Тіл заңы түк бітірмеді. Қалада тұратын қазақтардың арасында отыз жылда отыз ауыз қазақша үйренбегендер толып жатыр. Ал сырттан келген жапон студенті болса қазақшаны бір-ақ жылда меңгергенін көрдік.

***

Америка, Қытай, Еуропада оқып жүрген қазақ жастары өзара орысша сөйлеседі. Бұл біздің тіл майданындағы үлкен олқылығымыздың тірі мысалы. Тіл мәселесінде өз халқымызға өзіміз ие бола алмай қалғанымызды көрсетеді. Бұл мәселені отыз жылдан бері қазақ баспасөзі күн құрғатпай көтерумен келеді. Өйткені Қазақстандағы тіл ахуалына қазақтың көңілі толмайды.

***

Ал енді осы әбден ушығып тұрған тіл мәселесін оппозицияға беріп қойсақ не болады? Бүкіл қазақ соларды қолдап кетеді. Бұл ащы шындықты билік білуі керек. Тіл мәселесін көшеге, митингілерге беріп қоймай, кешіктірмей шешкен дұрыс.

 

***

1921, 1932 жылдардағы ашаршылық, Ком­мунистік партияның қолдан ұйым­дастырған ашаршылығы болатын. Қолдан жасады дейтініміз, Голощекин бас­қарған Қазақстан Коммунистер партиясы, әртүрлі жоспарларды орындауды сылтау етіп, халықтың қорасындағы малын, қамбасындағы дәнін, тіпті асып отырған қазанын төңкеріп алып кетіп, елге зорлық-зомбылық көрсетті.

***

Біз бұл шындықты бала кезімізден біліп өстік. Себебі біздің ауыл сол заманда өз жерінен үдере көшіп Қарақалпақстанға, одан ары Түркіменстанға өтіп кеткен болатын. Мен сол жерде дүниеге келдім. Осы бір зұлматтың тарихын күнде естіп өскендіктен, ресми тарихқа сенбедік. Сол себепті де 30-жылдардың шындығын айтқым келді.

***

Бұл ұлы зұлматтың шындығын жазу менің бала жастан мақсатым болды. Университеттің бірінші курсында оқып жүргенде бір романның жобасын жасадым да, әдеби тәжірибемнің аздығы себепті оны кейінге қалдырдым.

Ең алдымен, ата-бабамның туып-өскен жері – Ақтөбенің Байғанин ауданына барып, сол заманның куәгерлерімен кездестім. Елдің көшкен ізімен Үстірт арқылы Қарақалпақстанға бардым. Одан ары Түркіменстанға өтіп, Ташауыздағы зұлматтың кейіпкерлерімен жүздестім.

***

1982 жылы Алматының батыс жағындағы Ақсай дейтін сайдағы (бұл кезде ол бос жатқан жер еді), бір бұлақтың басына шопан ағамның киіз үйін тігіп қойып, үш жыл бойы жалғыз жатып, «Ақ боз үй» атты қазақ әдебиетіндегі аштық туралы тұңғыш романды жаздым.

 

ҚЫРЫЛҒАН ТӨРТ МИЛЛИОН ХАЛЫҚТЫҢ  АРУАҒЫН ҰЛЫҚТАУҒА МЕМОРИАЛ

КЕШЕН ҒАНА ЛАЙЫҚТЫ

1985 жылы кітап жазылып бітті, бірақ 1990 жылы Совет үкіметі құлаған кезде ғана жарық көрді. Бұл жерде тағдырдың маған жасаған адам таңғаларлық сыйы болды деп айта аламын. Совет Одағының аяғы аспаннан келіп, шаңырағы ортасына түспегенде, мен бұл кітап үшін айдалып кеткен болар ма едім, немесе әдебиеттен аластатылар ма едім, мүмкін қор болып, арақ ішіп кетіп, бір арықта құлап өлген болар ма едім? Өйткені бұл шығарма менің өмірімнің басты мағынасы, жазушылық мұрат-мақсатым еді.

***

Лондонда Мадам Тюссо музейі бар. Ол музейдің ерекшелігі мынада: ортағасырлық Англия мен Францияда өлімге кесілген адамдардың басын гильотина дейтін машинамен шапқан ғой. Музейде адам басын шабудың осы сәтін балауыз мүсін арқылы «тірілткен» екен. Балауыз мүсіншілердің шеберлігі сондай, құдды тірі адам иығынан бас ұшып түскен сәтті көзбен көргендей боласың. Төбе шашың тік тұрады.

Қазақ даласында, ашаршылық кезінде, баласы аштықтан үзілуге айналған кезде анасы өз емшегін өзі кесіп, баласын тамақтандырған жағдайлар болған. Сол сұмдық көріністі де мемориал кешенде балауызбен «тірілтіп» қоюға болар еді ғой.

***

Қырылған төрт миллион халықтың аруағын ұлықтауға мемориал кешен ғана лайықты

***

Қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы толғауында» мынандай оқиға айтылады. Тоқа балаларын аштықтан аман алып қалу үшін Қырғызстанға шұбырған ғой. Бішкек маңында бір Игорь деген орысқа жалданып, тоқал тамын паналайды. Жол азабынан зардап шеккен Тоқаның әйелі сал болып, төсек тартып жатып қалады. Үйде өзге адам жоқ кезде еңбектеп жүрген кішкентай қызы, жанып жатқан отқа түсіп кетеді. Сал боп жатқан ана байғұс көз алдында шырылдап жанып жатқан баласын құтқара алмай өзі де жан тапсырады. Мінеки, осы сұмдық көріністі балауыз мүсін арқылы «тірілтуге» болар еді.

***

Сол сияқты Мекемтас Мырзахметовтың бала кезінде бастан кешкен жан шошырлық оқиғасы бар. Ашаршылық жылдары анасы, қарындасы үшеуі шанамен келе жатқанда соңдарынан бір топ қасқыр қуады. Сонда анасы ұлын құтқару үшін қызын қасқырларға қарай лақтырады. Аш қасқырлар шырылдаған балаға бас салған кезде, бұлар қашып аман-есен құтылып кетеді. Балауыз мүсінге сұранып тұрған ашаршылықтың осындай кісі шошырлық көріністері көп. Осыларды балауыз мүсінмен «тірілтіп», мемориал кешенге қояр болсақ, кешенге кірген кез келген адам, ұлтына қарамастан, көз жасы мөлтілдеп шығар еді.

 

АЛЛА АДАМНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ БОЛУЫ КЕРЕК

Ұрлық-қарлық, парақорлық, азғындық, ұлттық деградациямен күрестің жалғыз жолы – жаппай иманға бет бұру деп білеміз. Ол дегеніміз, отырып алып таңнан кешке дейін намаз оқи беру деген сөз емес.

***

Алла адамның жүрегінде болуы керек. Екі қолы жұмыста. Біздің ата-бабаларымыз, әсіресе сопылық ағымның ірі пірлері Құл Қожа Ахмет Яссауи, Бахауаддин Нақшбанди осыны насихаттап өтті. Бұл мыңдаған жылдар бойы бізді адам қылып, халық қылып сақтап келген, біздің ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дін, имани болмысымыз.

***

Еуропа, Америка бір жынысты некені заңдастырды. Ол ұрпақ өмірге келмесін деген сөз. Азғындықтың одан өткен түрін табу қиын. Түбінде бұл елдер өз қызымен өзі ойнауды, өз ұлына өзі күйеуге шығуды да адам құқы деп заңдастыратын шығар. Мінеки, осы рухани апаттан бізді дәстүрлі дініміз, иманымыз ғана қорғай алады.

***

Қасиетті кітаптарды қарап отырсақ, Құдай тағала дүниені жаратқанда да және Жер бетіндегі тіршілік иесі – Адамды жаратқанда да оларға қаратып сөз айтқан. Өзінің бұйрығын сөзбен жеткізген. Яғни ештеңе сөзсіз болмаған. Нәрсе жоқ кезде Құдай тағала «Бол!» деген. Қараңыз, Құдай сөзді қолданған. Сөз арқылы періштелерімен тілдескен. Адаммен тілдескен.

Сөз арқылы Жер бетінде таңдаған пайғам­бар­ларына уахи түсірген. Соңғылықта сол аяндардан қасиетті кітаптар құралған. Ол кітаптар мыңдаған жылдар бойы Жер бетінде Адам үшін күресіп келеді. Жер бетін қара түнек баспас үшін адамзатқа ақ жол ашып, жарық шашып келеді. Сол кітаптарда келтірілген дұғаларды дауыстау арқылы адамзат Жер бетінде тұрып та өзін жаратқан Иесімен қарым-қатынас орнатып келеді. Осының бәрі сөз арқылы жүзеге асып келеді. Осыдан келіп сөзді Құдай рухының дауысталған формасы деуге хақымыз бар

***  

Талантқа ең керегі екі нәрсе: еңбек және батылдық. Смағұл Елубаевта осының екеуі де түгел, тұтас. Өзге шығармаларын өз алдына қойғанда, Смағұл аз жыл ішінде үш роман жазды. Бұлар – күн демей, түн демей, ұзақ сарылған еңбектің жемістері. Ал батылдыққа келсек, үш роман да («Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние») қаламгердің қайсар батылдығынан, керек десеңіз, тіпті батырлығынан туған.

Зейнолла ҚАБДОЛОВ

***

Біз журналистикада оқып жүргенде, факультеттің қабырға газетінде Смағұлдың «Бұралқы» деген әңгімесі жарияланды. Шағын ғана әңгімеде бір иттің көшеде қаңғып жүріп, қалай аштан өлгендігі баяндалады. Бас-аяғы жұп-жұмыр, әдемі әңгіме. Болашақ жазушылық үлкен жолдың бастауы іспетті. Жабыла оқып, Смағұлды қуана құттықтастық.

Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Аяқ астынан шу шығып, факультетте әлгі әңгімені талқылау жиналысы өтті. Талқылауда әлдекімдер сөйлеп: «Бұл әңгіме Совет өкіметіне қарсы жазылған. Смағұлдың қаңғыбас ит деп меңзегені кім? Совет адамын бұралқы итке теңеп отыр» – деп соқты. Оқуға жаңа түскен біздер аң-таңбыз. Смағұлды іштей аяғанымызбен, қорғап сөйлеуге ешқайсымыздың батылымыз да, ақылымыз да жетпеді. Мұғалімдер де үнсіз. Сол сәт орнынан Баққожа (Мұқай) көтеріліп, бұл әңгімеге сонша саяси астар беріп, тырнақ астынан кір іздеудің реті жоқтығын, зоологиялық үрдістегі мұндай шығармалар үлгісі әлемдік әдебиетте бар екендігін айтып, Смағұлға араша түсті.

Манадан не істерін білмей түнеріп отырған деканымыз, марқұм Тауман Амандосов та арқасынан ауыр жүк түскендей сілкіне сөйлеп, болмашыдан бәле іздеудің аяғы жақсылыққа апармайтындығын айтып, шыр-пыр болды. Ұзаққа созылған талқылаудың аяғы Смағұлға сөгіс берумен тынды.

Несіпбек АЙТҰЛЫ

АҚБОЗ ҮЙЛІ АЗАМАТ

Шағадам мен Шаржоудың шаң даласы,

Төрін бермес түрікпен маң даласы.

Түндігінде түтіні түзу ұшқан,

Табындардың тарихи таңдамасы.

 

Таңба басып тарих түрікпенге,

Сансыз көштер сайғақтай үріккенде.

Ақалтеке секілді арғымақ жан,

Айналған ғой алапат күліктерге.

 

Талай жылдар сағым мен құм кешуде,

Желмая-күн жетелер сыр кешуге.

Ұлы көштің маңдайы елге ауғанда,

Ұзан тарих бел берген мінгесуге.

 

«Ақ боз үйді» ай туып, тербегенде,

«Мінәжат» та айналған шерлі өлеңге.

«Жалған дүние» жаутаңдап жұртта қалған,

«Алмас қылыш» жарқылдап сермегенде.

 

Өткен бәрі, өкініш, мақтаныш та,

Куә болып атажұрт аттанысқа.

Алматының төрінде «Ақ боз үйді»,

Тіктің келіп көрсетіп жат, танысқа.

 

КазГУ-дегі «Шағала» газетің де,

Үш әріптің болатын күзетінде.

«Бұралқыны» бұратып жариялап,

Жертөленің отырдың сыз-өтінде.

 

Әділдікті ту етіп қаныңдағы,

Қаламың да от болып жалындады.

Қабырға газетінен түлеп ұшып,

Қаламгер боп танылдың қабырғалы.

 

Тіл дегенде тіліңді тұсамадың,

Ел біледі кеудеңде құса барын.

Тәнің шынжау болғанмен, жаның батыр,

Жауынгерлік кейпіңнен күш аламын.

 

Тұрсың келіп 75 белесінде,

Айтқандарың, жазғаның ел есінде.

Сен төменде жүргенмен қарапайым,

Сенің атың Алаштың төбесінде.

 

Аға, бүгін өзіңді өлеңдетем,

Талайлардың құлағын елеңдетем.

Елубайға Елу жас беріп тұрмын,

Солай десем жеңгеміз көнер ме екен?

 

Не де болса, мен Сізге 50 берем,

Жай цифр ғой 75 келу деген.

Қозғалғаның құр аттың жүрісіндей,

Соны көріп: «бәсе» деп көңілденем.

 

Аға көңілін ауласам жөн емес пе,

Абыройың арқайын төр емес пе.

100-ге қарай асықпай аяңдай бер,

Жүз дегенің жап-жақын жер емес пе!

 

Биік көтер көңілдің мұнарасын,

Көп сұрайық Алладан сұрағасын.

«Ақ боз үйдің» ішінде отыра бер,

Ай да келіп жабықтан сығаласын.

 

Өтеген ОРАЛБАЕВ

1620 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы