• Тұлға
  • 05 Қаңтар, 2023

Парыздың парқын білген азамат

немесе тентектіктен тектілікке бастаған жол

Ауыр қайғы басымды көтертпейді. Алайда қаншама жыл мен оның ағасының орнындағы ағасы, ана­сының орнында анасы әрі ұстазы болғандықтан, қолыма қалам алдым. Және де ол алпыс жасқа қоржыны бос, қарая жаяу келген көптің бірі емес. Зиялы қауым өкілдерінің қатарына қосылған азамат. Оның әр қадамының қалай қалыптасқанының және қаламының қалай ұшталғанының куәсі өзіммін. Сондықтан болар, көз алдыма Бекеннің тентектікке толы балалық шағы мен тектілікке бастаған есею жолдары тізбектеліп келе берді...
Бекеннің анасы Райхан апамыз менің өмірлік серігім, белгілі журналист-жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың әпкесі болып келеді. Райхан апамыз он үш жасында қатты ауырады. Ыстығы 40 градусқа дейін көтерілгендіктен, қатты сандырақтап, о дүниеге кетіп қалудың аз-ақ алдында жатады. Ол кезде дәрігер тапшы. Содан кейін емшілерден күдер үзген әкесі Қазыбай мойнына белдігін салып, қызы жатқан кереуетті жеті рет айналып, күні-түні ұйықтамай, Аллаға «жан керек болса менің жанымды ал» деп жалбарыныпты. Бірнеше күннен кейін Райханның беті бері қарайды. Алайда, көп ұзамай әкесі дүниеден өтеді. Осыдан кейін Жаратқан иеміздің құдіретіне қалай сенбейсің... 

 

Кәкеңнің 17 жасында Райханды түнде көрші ауылдағы соғыстан жаңа келген және қыз-қырқынның арманы болған Төлеужан деген жігіт алып қашыпты. Алғашында өкпе болғанмен, теңіне кетті деп анасы батасын беріп, Төлеужанды жақсы көріп кетеді. Төлеужан сымбатты, сауатты, орыс тілінде еркін сөйлеген. Ұлы Отан соғысында өзінің көзінің ашықтығынан шығар, радистер тобын басқарыпты. Отбасын құрғаннан кейін ауылдағы жалғыз дүкенге Райханды сатушы етіп, өзі ауылдағы жалғыз жүк көлігімен елге қызмет жасап, батасын алып жүреді. Төлеужан жездесін Кәкең жақсы көрді. Ауыр дертке ұшырағанда бір ауруханадан екінші ауруханаға жатқызып, дәрігерлермен ақылдасып отыратын. Ал Райхан апамыз болса білімге құмар еді. Республикада шығатын барлық газет-журналдарды алдырып оқып, көкейіне тоқитын және оқығанын мәнерлеп айта білетін. Сол кездегі дипломы бар кейбіреулерден білімі мен ой-өрісі ілгері болды. Әпкесінің алғырлығын байқаған Кәкең: 
– Сізде білім бар, бірақ бір жапырақ диплом жетпей жүр. Сондықтан да институтқа түсіңіз немесе сырттай оқыңыз, көмек керек болса дайынбыз. Мұғалім болыңыз, іштегі бар байлығыңызды балаларға беріңіз,– деген сөзін талай естідім. Алматыда жүргенде «ойланайын» дейді. Ауылына барған соң тұрмыс жағдайына байланысты ол ойынан айнып қалады. 
 Кейіннен Төлеужан ағамыз айықпас дертке ұшырады. Бекеннің бал-бұл жайнаған балалық шағы сол кезге тап болды. Сондықтан ата-анасының мейіріміне жеткілікті дәрежеде шомыла алмады. Балаларының үлкені Болашақ Алматыдағы 4-ші мектеп-интернатында оқып, ауыл шаруашылығы институтына өз күшімен түсті. Жатақханадан орын болмаған соң, біздің үйде тұрды. Саулеш әпкесі Алматыдағы №2 қазақ экспериментальды мектеп-интернатында оқыды. Бекен болса мектеп жасына келгенде өзінің Абай ауылындағы орта мектебіне барды. Алайда толыққанды білім ала алмады. Себебі ол кезде ауыл мектебінің оқушылары қызылша жинау мен шөп жинау жұмысына жегілетін. Сондықтан да бірінші тоқсанда оқушылар мектепке бармайтын. Таң атысымен кешке дейін тізе бүкпей жұмыс жасау оңай емес, әрине. Содан кейін жазғы демалыста таң азанмен тырманың қүлағына жармасып, өз нәпақасын өзі тапты. Жастайынан әке-шешесіне салмақ салмауға тырысты. Бұған қоса үйдегі азын-аулақ малын жайғастырып, ертеңіне оны өріске айдау, қыста үйге жағылатын отын дайындау, малға шөп салу сияқты толып жатқан жұмыстар кішкентай Бекеннің мойнында болды. Өзінен кейінгі қарындасы мен інісі де Бекеннің жәрдеміне зәру еді. Осының бәрі буыны қатпаған бала Бекеннің жүйкесіне салмақ түсірді. «Әй, Бекен» деген сөзді естісе қасарыса түсті, ызаланды, басынан сөз асырмады. Кейде былапыт сөздер де аузынан шығып кетіп жүрді. Төбелеске араласты, өзімен жасты балалардың атаманы да болғысы келді. Сөйтіп, «Менің атым қожа» фильмінің кейіпкері сияқты, «Бекен сойқан», «Бекен бұзық» деген атқа да еті үйрене бастады. 
Бірақ оның бала көңілінің түкпірінде Алматыға барып оқысам деген арман жататын. Жатса Алматыны қиялдады, ұйықтаса түсінде көрді. Болашақ ағасы мен Саулеш әпкесі демалысқа келгенде әңгімесін тыңдап, альбомдарын ақтарды. Алматы­ның көрікті жерлерінде түскен суреттері Бекеннің арманын одан сайын үдете түсті. Анасына «Алматыдан оқытыңызшы, Кәкімжан ағаға айтыңызшы...» деген сөздерін айтудан жалық­пады. Содан баласының көңіл құш­тарын түсінген анасы Райхан бірде оған: 
– Биыл 6-шы сыныпты үздік бітіріп, тәртібіңді түзетсең, жетінші сыныпты Алматыда оқисың, ағаң солай деді,– деген сөзі оған қанат бітірді. Алматыға жеткенше асықты. Сол жылы Бекен республикалық №2 экспериментальды мектеп-интер­на­тының жетінші сыныбының оқушысы атанды.
Қара торы, қалқан құлақ, сүп сүйкімді, үстіне киген мектеп формасы өзіне жарасқан оқушы болып шыға келді. Райхан апамыздың «сойқан», «бұзық» деген сөзі есіме түсіп, тәр­биешісі мен класс жетекшісінен аяқ алысы туралы хабардар болып жүрдім. Бекен сегізінші сыныпқа келгенде мен тарихтан сабақ бердім. Алдыңғы партада отырады. Зейіні де жақсы. Тек анда-санда ойы басқа жаққа кетіп қалады. Ондай кезде ұялтпайын деп көңіл аудармаймын. Сабаққа дайын­далып келіп қол көтереді. Бірақ жүрексіне ме, қол көтеруі батылдықты аңғартпайды. Сабақ айтқанда абдырап-сасып, қыстырма сөздерді көбейтеді. (Бұл жерде Бекен ғана емес, барлық оқушы менің талабыма үйренгенше сасып, абдырап жүреді.) Бара-бара толық бес деген бағаға ие бола бастады. Сондай күндердің бірінде Бекеннің класс жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нағима Бекмағанбетова апайы мектептен «Жауқазын» атты жас тілшілер үйірмесін ашып, бойында жазуға деген талпынысы барларды сол үйірмеге жинады. Ішінде Бекен де бар екен.Тәжірибелі ұстаз Бекеннің бір ғана шығармасынан оның бойында жазуға қабілеті бар екенін аңғарса керек. Жазған шығармаларын үйірмеде талқылап, «Қазақстан пионері» газетіне апарып жүрді. Көп ұзамай «Қазақстан пионері» газетінде «Бекен Нұрахметов, Алматы қаласындағы №2 экспериментальды мектеп-интернатының 8 сынып оқушысы» деген авторлық қолтаңбамен шағын дүниелер жарық көре бастады. Алғашқы шыққан мақаласын қуанғанынан біздің үйге алып келіп, ағасына көрсетіп, батасын алғаны әлі есімде. Кейбір жазғандарын анда-санда ағасына үстінен қаратып алатын. Осылайша, Кәкімжан ағасы мен Нағима Бекмағамбетова апайы Бекеннің бойындағы бұғып жатқан бұлақтың көзін аша білді.
Бірде Нағима апайы маған:
– Бекенді жақсы көрем, бірақ бір-екі мұғалім сыртынан шағым айтып жүр. Бекен Орынша Жолмұратовнаға арқа сүйейді. Сондықтан бізді тыңдаудан қалды. Сіз де Бекенге кір жуытпайсыз деп маған өкпе айтып жүр, – деп қалды. Мен болсам:
– Айта берсін, Бекен әділетсіздікті ұнатпайды. Біздің мұғалімдеріміздің ішінде оқушының титтей кемшілігін көріп қалса болды, соңынан шам алып түсетіндер бар. Менің оларға айтарым, мұғалім болғың келсе, өзіңнің мінезіңдегі кемшіліктерді түзет. Оқушы сол кемшілігімізді білген­діктен қасарысады. Сондықтан нақты дәлелімен маған айтсын, – дедім. 
Енді бірде директорымыз Тұрсын Мешітбаев марқұм:
– Бекен сойқан директор кешікті, сабақ болмайды деп, ұлдардың бәрін менің сабағымнан стадионға алып кетіпті, – деп өз өкпесін айтпасы бар ма. Сол кезде:
– Егер Бекен балаларды сіздің саба­ғыңыз­дан алып кетуге шамасы келіп жүрсе, онда оның бойында бір ұйымдас­тырушылық қабілеті болғандығы шығар. Сөйлесіңіз, бойындағы сыймай жүрген қуаты мен ұйымдастыру қабіле­тін мектептің қоғамдық жұмысына пайда­ланыңыз, – деген едім. 
Бірде Бекеннің мамасы Райхан апамыз ауылдан келді. Баласының жағдайын білейін деп мектепке барады. Сол күні кешкі асқа Кәкең де ерте келген еді. 
– Реке, мектепте болыпсыз, Бекен қалай? – деді. Көңілсіз отырған әпкесі:
– Бекен адам болмай ма деп қор­қамын. Мұғалімдер мен тәрбиешілер мені ортаға алды. Ұялғаннан не дерімді білмедім, – деп өз өкпесін айтты. Бұны естіген Кәкең:
– Орынша Бекенді жақсы оқуға тырысып жүр дейді, сіз басқаша айтасыз. Қайсысыңызға сенемін? – деді байыппен ғана әпкесінің көңіліндегі назын басқысы келіп. – Осы сіздер Бекеннің бойындағы өжеттігі мен батылдығын бұзықтықпен шатастырып жүрген жоқсыздар ма? Реке, есіңізде ме, апамның Нарғазы, Ерғазы деген батыл да батыр інілері бар еді. Екеуінен қорқатындар біздің ауылдың малдарына тиіспейтін. Ауылымызда осы екі жігіттің арқасында тыныш өмір сүрдік деп апам айтып отыратын. Бекен де нағашы аталарына тартқан шығар. Менің байқауымша, ол балада өзіндік мінез бар, намысшыл екені көрініп тұр. Көп ұрсып, жігерін құм қыла бермеңіздер, ақылды жігіт болады. Оны көзі айтып тұр, – деді. 
Кәкең қателеспеген екен. Бекен жоғары класқа келгенде оқуға шындап ден қойды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, спортпен де айналысты. Сөйтіп, мектептегі беделді оқушылардың қатарына қосылды. Бұған қоса «Қазақстан пионері» газетінің штаттан тыс тілшісі ретінде қаламы да қалыптаса бастады. Алайда, анда-санда қияңқылығы жөнінде әңгіме гу ете түсетін. Сонымен қатар «класының атаманы» дегенді де құлағым шалатын. Ал енді оныншы класқа көшкенде балаларға сөзі өтетін болғандықтан, оны класс старостасы етіп сайлады. 
Сонымен Бекен мектептегі оқуын аяқтап, КазГУ-дың журналистика факуль­тетіне оқуға түсетін болды. Кәкең «Қазақ­стан пионері» газетінің сол кездегі бас редакторы Бейбіт Қойшыбаевқа айтып, Бекеннің газеттерде шыққан мақаларына байланысты кепілдеме алып берді. Құжат­тарын тапсыру үшін Бекенді КазГУ-ге қызмет көлігімен өзі апарып тастады. Көліктен түсер кезде: «Ал қарағым, алдыңда үлкен өмір жолы басталды, іске сәт!» деп батасын беріпті. 
Әне-міне дегенше жылдар зымырап өтіп жатты. Бекен де КазГУ-ды ойдағыдай бітіріп, Алматы облысының «Жетісу» газетіне қызметке тұрды. Бірде «Қорқаулар түнде жортады» атты детектив жанрындағы материалының үзінділері «Жетісу» газетінің бірнеше нөміріне жарияланды. Кәкеңнің қуанышында шек жоқ. 
– Бекеннің аяқ алысы жаман емес. Бір кездегі сойқан Бекен байсалды, байыпты Бекен болып келеді, – деп қуанғаны әлі есімде. 
Мен Бекеннің үзінділері шыққан газеттерді оқушыларыма жеткізуге асықтым. Өкінішке орай, Кәкең көп кешікпей өмірден өтті. Бұрынғыдай рухани азық болатын әңгімелер дастархан басында айтылмады. Үйіміз жылусыз қалып, үнсіздік жайлады. Орны толмас күйзеліске түстім. Бұл қайғы Бекенге де ауыр тиді. 1990 жылы Бекен «Жетісу» газетінен республикалық «Жас алаш» газетіне ауысқанын айтты. Бөлім меңгерушісі болған. Бұны естігенде бойымды қуаныш сезімі шарпып өтті. Себебі ол Кәкеңнің еңбек жолын бастаған сүйікті газеті. Жауапты хатшы болып, әрбір нөмірдің ерекше шығуына бар жанын салды. Газет макетін жасағандағы сызбаларын көріп, таң қалатынмын. «Мақаланың тақырыбы қысқа және мазмұнына сай болсын» деген сөздері де құлағымда. Бұл газетте істеген қаншама азаматтар биікке көтерілді, елге танылды, мемлекет және қоғам қайраткері болды. 
– Бұл газеттен сенің де жолың ашылады. Себебі «Ленишіл жас» киелі шаңырақ, мықты-мықты кадрлардың ұстаханасы болған үлкен мектеп, – деп ақылымды айттым. Бекен «Жас алаш» газеті арқылы республикаға танылып, екінші тынысы ашылды. 
1992 жылы Бекен үйге келді де, «кеден қызметіне кетем» деген шешімін айтты. Мен де құптадым. Бірақ газеттен, рухани ортадан кеткеніне ішім жылады. Өзімнің пайымдауым бойынша Бекен болашақта бас редактор немесе жоғары лауазымды шенеунік сияқты зиялы ортада жүретін шығар деп ойлайтынмын. Өйткені мен Кәкеңмен отасқалы газетпен бірге өмір сүрдім. Оның қиын сала болғанмен, мәртебесі жоғары екенін жақсы білемін. Елдің жоғын жоқтап, сөзін сөйлейтін, азаматтардың бойындағы жарқ еткен алтынды іздеп, кейіпкерін тауып, марқайып жүретін қызметтен кету Бекен тұрмақ маған да қиын болды. Кәкеңнің серіктестерінен, журналист інілерінен айырылып қалам ау деген қауіп те болғаны рас. 
Содан бері отыз жылдан аса уақыт өте шығыпты. Менің кезіндегі күдігім бекер болып шықты. Бекен кеден үшін жаралғандай. Бұл салада да өзін көрсете білді. Еңбекқорлығы мен білімді­лігінің және қиындықтан тайсалмайтын батылдылығының арқасында қатардағы лейтенанттан кеден қызметінің полковнигі, қатардағы инспектордан кеден бастығына дейінгі жолдан өтті. Кеден деген қандай сала екенін және оның ұңғылы мен шұңғылын Бекен жазған мақалалардан түсіндік. Әсіресе, контрабандаға қарсы күрес жөніндегі мақалалары ешбір детективтен кем түскен жоқ. Және де сол контарабандалық әрекеттерді әшкерелеудің басы-қасында үнемі өзі жүрді. Талай мәрте отқа күйіп, суға малшынды. Оның қаламынан шыққан мақалалары сонысымен қызық, сонысымен шынайы болды.
Ол отырыстарда шешенсіп көп сөйлемейді. Бірақ алған әсерін зердесіне тоқып, көңіліне түйіп жүреді. Тағы бір ерекше қасиеті – өте байқампаз. Басқалар көзге ілмегенді ол байқайды. Бұл бәлкім шекарадан өтетін әртүрлі пиғылдағы адамдардың категориясына жіті назар аударудан қалыптасқан кәсіби психологиялық бейімі шығар. Сонымен қатар ол бала кезінде біздің үйге жиі келетін зиялы адамдардың өнегесін көріп өсті. Солардың жазғанын оқып, әңгімелерін көңіліне тоқи білді. Әсіресе, даңқты батырымыз Рақымжан Қошқарбаев пен Бақытжан Момышұлы ағалары Бекенді жақсы көріп, бауырларына тартты. Сондай азаматтардың батасын алды. Бұл жөнінде өзінің естеліктерінде талай мәрте жазды да. 
Жалпы журналистикадан кеткеннен кейін қалам тартуды ұмытқандар қаншама. Ал Бекен болса басқа салада қызмет істеп жүріп, алты кітап шығарды. Күндіз қызметте жүрсе, кешкілік жазу үстеліне отырды. Оның үшеуі кеден саласы бойынша оқу құралы болса, үшеуі әдеби шығарма. Сондықтан да Бекеннің бойында ата-бабасынан және нағашы жұртынан берілген табиғи талант бар десем, қателеспеген болар едім. Осы орайда атасы Нұрахмет ақсақал да кезінде өлең жазатын ақындық қабілеті болғанын айта кеткенім артық болмас. Өзінің талай өлеңдері мен естеліктерін келіні Райхан апамызға қалдырыпты. Сондай-ақ Бекеннің «Кеден ісі бойынша сұрақтар мен жауаптар – Вопросы и ответы по таможенному делу» атты оқу құралы жоғары оқу орындарының студенттері мен кеден қызметіне жаңа келгендер үшін таптырмайтын оқулыққа айналды. Ал енді «Қорқаулар түнде жортады» атты детектив жанрындағы кітабы мен «Менің тағдырымдағы адамдар – Люди в моей судьбе» атты эсселер жинағы көпшілік оқырман мен зиялы қауым арасында жақсы бағаланды. Және де бір ерекшелігі – екі тілде бірдей жазады. Оның суреті өзі осыдан 42 жыл бұрын түлеп ұшқан мектеп-интернаттың «Біздің түлектер» атты тақтасында ілулі тұр. Оның атымен біздің мектеп мақтанады. Қазіргі уақытта ол кеден саласының білікті маманы әрі басшысы ғана емес, көзі қарақты оқырманға жақсы таныс қаламгер болып қалыптасты. Журналистика саласындағы қажырлы еңбегі үшін екі мәрте Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанып, «Қазақ журналистикасының қайраткері» деген құрметті атаққа ие болды. Сонымен қатар халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі болып сайланды.
Бекен қызметте ғана емес, бе­рекелі отбасының отағасы болып қалыптасты. Әсіресе жолдасы Мария екеуі жүрген жерде менің жаным тыныш. Және де ол мамандық пен жар таңдаудан қателеспеген жігіт. Жұбайы Мария КазМУ-дың филология факультетін бітіріп, мұғалімдік қызметін Бекеннің өзі білім алған республикалық №2 мектеп гимназиясынан бастады. Қазір мұғалімдіктен айтулы кәсіпкерге айналды. Төрт баланы өсіріп жетілдірді. Бекен бір күн үйде болса, айлап шекарадағы кеден қызметінде жүрді. Ауылдан келген туған-туыстары Бекеннің жоқтығына қарамастан төрінде шалқыды. Тіпті кейде менің үйдегі келінімнің қолы тимей жатса, маған келген қонақтар Мария мен Бекеннің үйіне барып дәм татады. Мәрия Бекенді оқытқан және өзіне тәлімгер болған Нағима Бекмағамбетова, Сара Масина сияқты ұстаздарды да ұмытпайды. Бүгінде Мәрияның қолынан білім алған шәкірттері де талай биіктерді бағындырып жүр.
Екеуінің үйіне келген қонақтарға дастарханды ұл-қыздары жаяды. Бұл үлкен тәрбиенің бастауы екені сөзсіз. Себебі кезінде біздің үйге келген қонақтарға Бекен де осындай қызмет жасаған. Сондықтан балалары да қонақшыл және бауырмашыл болып өсті. Бәрі де шетелден білім алды. Барлығы бірнеше тілде еркін сөйлейді. Үлкен қызы Гүлнұр Испанияның дипломатиялық академиясы мен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясын бітірді. Қазіргі уақытта ҚР Президент әкімшілігінде қызмет істейді. Одан кейінгі қызы Меруерт Малайзияда оқыды. Ата-анасының еңбегін ақтап, талай мәрте шетелге демалтты. Қазір отбасымен Ташкентте жауапты қызмет істеп жатыр. Кіші қызы Дана КИМЭП-тен кейін Италияның астанасы Рим-де магистратураны үздік бітірді. Сонымен қатар бірнеше халықаралық спорт жарыстарының жеңімпазы, суда жүзудің екі түрінен спорт шебері. Бұған қоса джиу-джитсу күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Испанияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы және Италияның чемпионы болды. Дананың ел намысын қорғап, шет елдерде көк байрағымызды көкке көтерген талабына қуандық. Әсіресе Бекеннің қуанышында шек жоқ. «Сен менің үмітімді ақтадың, қызым. Болашақта қазағың сенің атыңмен мақтансын, балапаным» деп жазыпты «Фейсбук» парақшасында. Ұлы Санжар болса Ирландияның Дублин университетін тәмамдап, жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүр. Әкесінің тірегі. Қазіргі уақытта Бекен үш баладан 7 немере сүйіп отырған қадірменді ата. Осы орайда Бекеннің жетістігіне әрі ағасы, әрі әкесі, әрі анасы болып жүрген мен ерекше қуанамын. Өйткені олар менің жүрегімнің түкпірінен орын алған және жанымның бір бөлшегі болып кеткен қымбат жандар.
Бекен бірде Кәкімжан ағасы жөнінде жазған «Тұма суы әрдайым тұнық болады» атты эссесінде: «Егерде біз ағамыздың атына кір келтірмей, басқан ізіне татысақ және тұғырлы тұлғалардың қолына су құюға жарасақ, онда аға алдындағы парызымыздың өтелгені ме, кім біледі? Ал қарызым болса жетерлік. Ақтай алам ба, жоқ па, оны уақыт көрсетер...» деп жазған екен. Ия, Бекен ағасының сенімін ақтады және аруағының алдындағы парызын орындады. Кәкең кеткелі менің барлық қуанышым мен қайғымда жанымнан табыла білді. Тіпті баламдай болып кеткен жайы бар. Ағасының есімін мәңгілікке есте қалдыру жолында да қаншама тер төкті. Қайда жүрсе де ағасымен қоса ұстазы ретінде менің де атымды ардақтап жүреді. Елдің аузынан Бекен туралы «Кәкеңнің жиені», «Орынша Қарабалинаның оқушысы» деген сөздерді естігенде бір марқайып қаламын. Жас болса да тар жол, тайғақ кешкен кездері аз болған жоқ. Тіпті жеке басына талай мәрте қастандық та жасалды. Оның бәріне қасқая қарсы тұрып, жасықтық танытпады. Жас кезіңде қиындықты көп көріп өскендіктен бе, жетімге желеу, жесірге жебеу бола білді. Осы арқылы оның өткен өмір жолынан құрыштың қалай шыныққан бейнесін көргендей боламын. Сондықтан да Бекеннің шығар биігі мен шығармашылық табыстары әлі алда деп деп үміттенемін. Дәйім солай болғай...

Орынша 
Карабалина-Қазыбаева,
Қазақстанның еңбек 
сіңірген ұстазы

1274 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы