• Тұлға
  • 05 Қаңтар, 2023

«Патшалар мен пәтшағарларды» жазбақшы еді

Қали СӘРСЕНБАЙ
«Ana tili»

Бүгін қазақтың Қадырының туған күні.
«Ұлы адамдардың өлген күні болмайды, туған күні болады» деген сөз рас. Мұндай тұлғалардың тек қайтқан күнін, туған күнін күтіп отырмай, жадыңда қалған жақсы күндерді жаңғыртып жазып отыру да қасиетті парыз. Бұдан ұлт ұтпаса, ұтылмайды.
Классиканың аты – классика, классиктің  аты – классик. Біз күнделікті өмірде бұл сөздің шындығына көп көз жеткізіп жүрміз.Қайда барсаң да, алдыңнан Қадыр шығады.Ақынның өлеңі, айтқыштығы, тағысын тағылар. Шынында біз өмірде классикаға сүйенеміз бе? Әрине, белгілі адамдардың белгілі сөздерін, ойларын, пікірлерін пайдаланамыз, бірдеңе жаза қалсақ, сілтеме жасаймыз. Бұл тұрғыдан келгенде басқасын былай қойғанда асаба, танымалдардың тасы өрге домалап, әкесінің сөзіндей Қадырмен күнін көріп жүр. Әйтеуір Қадырдың жерде қалған сөзі жоқ. Ел аузында. Оны оқыған жұрт біліп отырады. Бұл да суреткердің бір бақыты.

Бірде Өмірзақ Айтбаевтың шаңы­ра­ғындағы отырыста Өмекең: –Қадырды оқымай өскен қазақ бар ма? – деп еді, Қадекең: – «Мен оқу үшін жазамын ғой» – деді.
Расында Қадыр ең көп оқылатын ақынның бірі де бірегейі. Ешқашан ортаймайтын қазына.
Қаламгерлердің ортасы қалжың, қағыт­пасыз болған ба? Көрнекті ақын Темірғали Көпбаевтың «Қазығұрт» баспасы елімізде алғаш рет көптомдықтар шығара бастады.Оның қатарына Қадекеңнің 19 томы да жос-парланады. Соны естіген құрдасы Герольд – Герағаң: «Әй, Қадыр, сен көп томдығыңа жетпей жатса, менің де өзің туралы мақаламды салып жібер» деп қағытады. Сонда Қадекең: «Сен оны айтасың, мен он томдық аударманы қалай сыйғызарымды білмей отырмын.Сенің мақалаң күте тұрады» дейді.
Айтқандай, Қадыр тек өлең емес, әдебиеттің бар жанрында қалам тербеген сан қырлы, тағдырлы қаламгер ғой. Оның кезінде «Жас алаш» газетінде «Жазмышы», «Иірімі» басылды. Осы арқылы басылым нөпір оқырман жинады. Газет қолына тимеген оқырмандардың редакцияға келіп, әлек салып кететін күндері де әлі күнге естен шыға қойған жоқ. Ол осы туындыларды ешқайда сабылмай-ақ сол өз кітапханасында отырып-ақ жазды. Өзі де: 
– Біраз адам   жақсы      біледі, менің кітапханам Алматыдағы бай кітапханалардың біріне жатады. Өз меншігіңнің аты – өз меншігің.Өз кітаптарымды мен әдетте, қысылмай, қымтырылмай белгі салып отырып, сызып оқимын. Жылдар өткен соң әлгі өзім арнайы белгі салған жерлерге қайтып ораламын. Санамды, зердемді жаңғыртамын.Іздеген нәрселерімді, ой-пікірлерімді, мәліметтерді тез тауып, қуанып қаламын.Сондай бір қажетті қайта оралулардың кезінде «Жазмышты» жазу идеясы туды. Бәрі бірдей болмағанымен, біраз ақын-жазушылардың азаптары, ауру-дерттері, іс-әрекеттері, қайғы-қасіреттері, кейде тіпті мезгілсіз өлімдеріне дейін ұқсайды. Әсіресе, талайсыз-бақсыз тағдырлары­ның, сорларының ұқсайтыны мені қатты таңғалдырды. Бұл енді, Құдай біледі тегін емес! Осыны байқаған күндерден бастап, оқыған кітаптарыма, мақалаларыма айрықша белгі салып, сызып қана қоймай, оларды шағын форматтағы қағаз қиындыларына көшіріп, картотека жасауға кірістім. Ақын-жазушылардың күнделіктері мен естеліктерін, кейбір ұтымды зерттеулерді індетіп жүріп іздеп, қайткенде де тауып алатынды шығардым. Солардың арқасында тек болашақ «Жазмыш» кітабына байланысты арнайы кітапхана дүниеге келді. Бүгінде ол саяжайымда бөлек сақтаулы» – дейтін.
Айтпағым, Қадырдың өлеңі әлгінде дегеніміздей, елдің аузында. Басқасын айтпағанда Сыр өңіріне аты танымал Сәби Аңсат деген ақсақал ақынның 200 өлеңін жатқа оқиды. Мұндай оқырманды әр аймақтан кездестіруге болады. Ал Қадекең тек өлең емес, қара сөзде де қамшы салдырмағаны белгілі. Ол «Жазмышпен» қатар «Иірімді» жазды. Өмірінің соңғы жылдарында «осы екі дүниемен рухтас «Патшалар мен пәтшағарлар» деген кітап жазсам, материалдар дайын, тек мойын жар бермей жүр. Бітірген бойда өзіңе ұсынамын», – деуші еді.
Есенғали ақын бір сөзінде: «Қазіргі қоғамда кейін айтылатын сөз көп» депті. Кім біледі, сөзді кім айтып тауысқан?! Ал Қадырды оқысаңыз, қазірге де, кейінге де айтылатын сөз қалмаған тәрізді. Әсіресе «Алмас жерде қалмас» атты афоризмдерін айтсаңызшы.Оның газеттік емес, кітаби нұсқасынан алынған тілге қатысты үзіндіні оқи отырыңыз.
Әттең «Патшалар мен пәтшағарларды» жазып үлгере алмады.Бұл да қоғамда дүмпу туғызып, қолдан түспес кітапқа айналары шүбәсіз еді.

1167 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы