• Cұхбаттар
  • 05 Қаңтар, 2023

Ұлықпан Сыдықов: Ғылым мен ғалымның халі мүшкіл

Аты әлемге әйгілі «Дос-Мұқасан» вокальды-аспапты ансамблінің іргетасын қалаушылардың бірі, автоматика және есептеу техникасы саласының ғалымы, бүгінгінің тілімен айтқанда, алғашқы ІТ маман Ұлықпан Сыдықов саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап, ғылымға үлкен үлес қосып жүрген ғалым. Ұлықпан Есілханұлы бүгінде Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ ректорының кеңесшісі, «Ақсақалдар алқасы» құрылымының төрағасы міндеттерін абыроймен атқарып келеді. 
Инженерлік білім арқылы өлең мен өнерді шыңға шығара білген ғалыммен қазіргі білім және ғылым мәселелері, қазақ тілінің өткені мен бүгіні туралы кеңінен әңгімелестік. 

Ұлықпан Есілханұлы, жаңа жыл құтты болсын! Өткен жыл сіз үшін  қандай болды? Әңгімемізді осыдан бастасақ?
– Рақмет! Алла Тағала әр пендесінің пешенесіне кесіп берген уақыты бар ғой. Өткен жыл бір жағынан жемісті болса, бір жағынан оңай да болған жоқ. Өткен жылдың алдында менің кенже қарындасым қайтыс болса, оның қырқы болмай жатып Айнұр Сыдықова деген тұңғыш қызым өмірден өтіп, артында үш баласы қалды. Олардың алдында інім қайтыс болған еді. Осы қазаның бәрі салмақ түсірді. Ер азамат болғаннан кейін соның бәрін көтеру, іштен тыну, жоралғыларын атқару, балаларына ие болу, жылын өткізу, басын тұрғызу деген сияқты... Осындай ауыр жағдайлар бастан өтті... Ол жағдайға көп тереңдемейін...
17 жасымда мектепті алтын медальға бітіріп, Қазақ политехникалық институтына оқуға түскен едім. Бұл 1965 жыл болатын. Міне, содан бері сол кездегі Қазақ политехникалық институты, бүгінгі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің қасиетті шаңырағынан шыққан жоқпын. Бүгінде осы шаңырақта жүргенімізге 58 жыл. Абитуриент болып келген адам, бүкіл өмірін, ғылымның сатысының бәрін осы білім ордасында өткердім. 2021 жылы университетімізге жаңа басшылар келді. Жастар, Еуропада оқығаны бар, жалындап тұр. Солар осы Политехтің дәстүрін, тарихын, қадір-қасиетін мүмкіндігінше ұғып, жұмыс істеуді бастады. Мен де бұрын астаң-кестен болып кеткен көптеген құндылықтарды қалпына келтіру жолында бар күш-қуатымды салдым. 2021 жылдың аяғына қарай университет жанынан «Ақсақалдар алқасы» деген құрылым құрғанбыз. Себебі бұдан бұрынғы басшылықтың тұсында мыңнан аса ұстаз жазықсыз жұмыстан шығарылды. Олардың арасында өз ғылыми жолы бар, еңбегі бар атақты академиктер, профессорлар да көптеп кездесті. Олардың арасында үйінде отырып қалғандар да, ғылыми әлеммен байланысы ажырап кеткендер де болды. Тіптен кейбірі қайтыс болып жатқанда, көңіл айтылмай қалған жағдайлар да кездесті. Осының бәрін ескеріп, Политехте қызмет істегеніне кем дегенде 30 жыл болған, үлкен ғылыми бағыт-бағдары бар, көптеген шәкірт дайындаған, ғылыми мектебі, зертханалары бар ғалымдарды іздестірдік. Басшыларымыз еңбегі сіңген 55 адамды тауып, бәрінің басын қосты. Мейрам Бегентаев деген азаматымыз осыны терең ұғынып, «Ақсақалдар алқасын» құрып, ардагерлеріміздің еңсесін көтеріп, құрмет жасады. «Кейінгі ұрпақты тәрбиелеуге үлес қостыңыздар, сіздердің шәкірттеріңіз Қазақстандағы өндірістің барлық жерінде құрметке бөленген азаматтар, солармен байланыс жасаңыздар, студенттеріміздің тәжірибеден өтуіне, жұмысқа орналасуына жағдай жасаңыздар. Зертханалардың жаңа­лануына себепші болыңыздар. Тәжірибелеріңізбен бөлісіңіздер» деп өтініш айтты. Мен сол «Ақсақалдар алқасы» құрылымының басшысымын. 
Міне, өткен жыл туралы айтқанда жүрекке салмақ салған қиындықты да, жаңалықтың басын да айтып жатқаным – осы. 
Ғылыми шығармашылық деген тоқтамайтын процесс. Құдай қаласа, былтыр дайындаған кітабым бүгін-ертең шығып жатыр. 10 қаңтар күні 75 жасқа толған мерейтойыма арналған кездесуде соның тұсаукесерін жасайық деп отырмыз. Ол таза ғылыми емес, ғылыми-публицистикалық еңбек деуге болады. Тақырыбы: «Қастерлі қара шаңырақ және тұғырлы тұлғалар». Онда Политехтің қысқаша тарихы, тынысы, қиындық өткелдері, әйгілі түлектері туралы жазылған. Қазақстанның ұлттық рухын асқақтатып жүрген даңқты тұлғалар туралы пікірлер де жинақталған. Ол кітапта «бүгінгі замандағы руханилық пен технографияның қабысуы мен қайшылығы қандай, бағытымыз не?» деген тақырыптардағы ғылыми ізденістер бар. 
–  Саналы ғұмырыңызды шәкірт тәрбиелеуге, ғылымды дамытуға арнадыңыз. Бүгінде Қазақстандағы ғылымның деңгейі қандай? Жас ғалымдарға көңіліңіз тола ма?
–  Ғылыми еңбектерімде мынадай пікірді дәлелдеген адаммын. Қазақ – ғылымға табиғаты, болмысы өте жақын халық. Оның зеректігі, алғырлығы жөнінде барлық жерде жазылып та, айтылып та жүр. Ал соның бәрінің қайнар түбі қайда десең, табиғаттың адаммен, адамның табиғатпен қабысып кетуінде. Біз, қазақ халқы, көшпелі халықпыз, табиғаттың төл баласымыз. Киіз үйде туғаннан бастап, тек табиғатпен сырласып жүрген елміз. Бүкіл ғылым мен өмірдің заңдылықтары сол табиғатта тұнып тұр. Жұлдыз санауымыздан бастап, ауа райын болжау, көшіп-қонғанда жұрт таңдау, жайлау таңдауды халқымыз терең зерттеп, үлкен заңдылықтарын тап басқан. Ғылым осындай зерттеулерден туады. Бұл – бір.
Негізінен, мысалы, техника дегеніміздің өзі сол Алла Тағала берген табиғаттың, 18 мың ғаламның жалғасы. Табиғаттың заңдылықтарын, сондағы әртүрлі құбылыстарды екшелей отырып, адам техниканы табиғаттың өзінен алып жасайды. Ақыл-ойын қоса отырып, қол еңбегімен ізденеді. Осы тұрғыдан алғанда біздің қазақтың ғылымды дамытуға мүмкіндігі өте үлкен. Бұл  –  екінші ой. 
Бұрын бізде ғылымға бірсыпыра үлес қосылды. Әсіресе техникалық ғылым бұрын бізде дамымаған еді. Математика, физика сияқты іргелі ғылымдар да қанатын кеңге жайды. Ал қоғамдық, гуманитарлық ғылымдардың жағдайы қиын болды. Себебі ол саланы саясат билеп, идеология өзіне бағындырып алды. Ғылым еш уақытта саясатқа, идеологияға бағынбауы керек. Ғылымның бас-ты міндеті – өзі зерттеп отырған құбылыстың ішкі объективтік заңдылығын көрсету. Бұл тұрғыдан алғанда Тәуелсіздік алғаннан бері бір жетістігіміз – сол идеологияның, саясаттың ықпалынан аз да болса ажырап, таза ғылыми бағытқа бет бұрып келеміз. Бұл – жетістік. Ал кемшілігіміз одан үлкен. Себебі ғылымға дұрыс көңіл бөлінбейді. Академияны таратып жібергеннен бастап, ғылымға қаржы бөлу, оны насихаттау, ғылымға қызмет етіп жүргендерге жағдай жасау жағы азайды. БАҚ-тарда ғылымның жылдық бюджеті 0,13  пайыз деген статистика жазып жүр ғой, дұрысы 4-6 пайыз. Бұл да аз. Ғылымда зерттеу жобаларын тендермен алатын жарысқа түсіп, тақырыпты ұтып аламыз. Ғылымға «жолбикелер» қаптап, жемқорлық көбейді, «бармақ басты, көз қысты» мінезі пайда болды. Мұрнына зерттеудің иісі де бармайтын, ғылымға түк қатысы жоқ әкімдер, шенеуніктер ғылыми атақты қорғауды сәнге айналдырды, онысын өзі де жазбайды ғой, біреуге жаздырып, ғылыми атақты сатып алу саудасы қызды. Міне, ғылымды осы былықтан аршып алу керек, ал таза, адал ғылыми жолдың бағыт-бағдарын жасау керек. Бұл алда тұрған міндет. 
– Ғылымның жағдайы белгілі болды. Ал ғалымдардың жағдайы  қалай? Оларға мүмкіндігінше жағдай жасалып жатыр ма? Алаңсыз ғылыммен айналысуына мүмкіндік бар ма?
– Бағыт-бағдары, бөлінген қар­жының жағдайы жақсы болмағаннан кейін, ғалымның жағдайы қалай жақсы болсын?! Ғылымның да, ғалымның да халі мүшкіл. Тек көз майын тауыс­ып, үлкен зерттеу жасап жүрген ғалым­дардың еңбегі бағаланбайды да, мұрнына зерттеудің иісі бармайтын адамдардың «ғалыммын» деп қоқиланатын заманы туып тұр. Мұндай жандарды ғылымнан тазалау керек. Иә, тазалауға мүмкіндік бар. Шынымен жаңа Қазақстан құрамыз десек, осыны қолға алайық. Президент «бұл заманда ғылымы жоқ мемлекет ешқайда бармайды» деді ғой. Міндетті түрде үлкен жұмыс істелінуі керек. Жаңа буын тәрбиелейік. Осыдан 15-20 жыл бұрын Еуропалық «Болон» процесін оқу-ғылымға енгіздік. Бұрынғы оқу жүйесін бұзып, бакалавр, магистр, PhD доктор дегенге көштік. Қазір бұрынғыдай ғылым кандидаты жоқ. Бакалавр – техникалық оқу орнына жарамайды екен. Бес жыл оқымаған, техникалық оқу бітірген бала зауытқа, өндіріске барса, не жай техник емес, не маман емес, білетіні шамалы, обал болып жүр. Осындай шала сауатты шешімдер ғылымды тежеді. Түзететін шаруа көп. 
– Әңгімеңіздің басында «қазақ о бастан ғылымға арналған халық»  дедіңіз ғой. Ал тұтастай ұлттың ғылымға шындап ден қоюы, оны зерттеу объектісіне айналдыруы қай уақытта басталды?
– Ғылым бұрыннан бар. Мысалы, қазақтың мақал-мәтелдері, дүниені болжағаны, бәрі – ғылым. Асан қайғының құнды пікірлерінің бәрі – ғылым. Ғылыми жүйені, гуманитарлық тұрғыдан алғанда, Абай мен Шоқаннан бастадық. Педагогикалық сала Ыбырайдан бас-талды. Ғылымның бір арнаға, жүйеге түскен кезі Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлының тұсынан бастау алады. Мысалы, ұлттың көсемі деп Байтұрсынұлының мерейтойын барымызша атап өттік қой. Өте орынды! Ғажап ғалым. Тіл ғылымын түгел аяғынан тұрғызып, еңбек жасаған ғалым. Ал техникалық ғылымның Қазақстанға келуі Қаныш Сәтбаевтан, Дінмұхамед Қонаевтан басталады. Бұл – 30-жылдардың аяғы, соғыстың кезі және соғыстан кейінгі уақыт. Солай деп бағалағанымыз дұрыс. 
– Кейінгі уақыттағы онлайн оқу, қашықтан оқу дегендер білім, ғылым саласын ақсатып қойған жоқ па?
– Ақсатты, әрине. Көп жерде интернет жоқ, байланыс жоқ. Балалар тау-тасты кезіп жүріп, өтірік оқыды. Өтірік диплом алған жағдай да кездесті. Оны бақылаған, бағыт-бағдар берген ешкім жоқ. Сондықтан онлайн оқу жетістік деп айтуға болмайды. Бірақ «амал қаншамен» болған дүние ғой. Мұғалім аудиторияда студенттің көзіне қарап тұрып, өз болмысын балаға дарытып отырып оқытпаған жерде білім жоқ. 
– Сіздің аты-жөніңіз айтылғанда «Дос-Мұқасан» ансамблі қоса еске оралады. Өміріңіз осы топпен тығыз байланысты. Математикаға, техникаға мықты азаматтың өлең мен өнерге араласуына не себеп?
– Шығармашылық деген құдіретті, киелі дүние. Көркем шығармашылық пен ғылыми-техникалық шығармашы­лықтың түп негізі бір. Мысалы, барлық ғылымның түп атасы – философия. Адамзат тарихында бірінші пайда болған ғылым – философия, одан кейін математика, физика. Қазір 400-ден аса ғылым саласын санамалап бере аламыз. Көркем өнер мен техникалық өнердің түп негізі де, қайнары да бір. Екеуі де дүниедегі, қоғамдағы кез келген құбылысқа жаңа көзқараспен қарай білу, құдіретін анықтау, ерекшелігін бағалай білу. Өлең де, өнер де, ғылым да осы ұстаныммен жүреді. Сондықтан екеуінің арасында қайшылық жоқ. 
Ал техникалық ЖОО-да жүріп, өнерге келуімнің өзі бір тарих. Оқушы күнімде өлең жаздым. «Лениншіл жас», «Қазақстан пионеріне» дейін өлеңдерім шығып, «ақын бала» атанып жүрдім. Әдебиетке өте құмар болдым, мектепте кітапты көп оқыдым. Оқушылар конференциясына қатысатынмын. Бірде математикадан «Батыс, Сібір және Қазақстан» олимпиадасында жүлдегер болдым. Қазақстанның республикалық математика олимпиадасынан бәйге алдым. Суретім «Білім және еңбек» журналына шығып, маған КазГУ-дың «мехматына» емтихансыз тапсыратын грант бұйырды. Бірақ соған қарамай, «Коммунизм таяуда орнайды екен, дүниенің бәрі техника-автоматикаға байланысты болады екен» деген жастық қарқынмен осы оқу орнына түскенмін. Бүкіл Қазақстан бойынша жалғыз Қазақ политехникалық институтында ғана автоматика және электронды есептеу техникасы дейтін мамандық болды. Электронды есептеу техникасы факультетін таңдадым. Осы күні ІТ технология деп жүрміз ғой, яғни Қазақстандағы сол маманның біреуі менмін. Өте жақсы оқыдым. Ғылыми баяндамалар жаздым. Мамандығым бойынша университетті үздік дипломмен бітіріп, аспирантураға жолдама алдым. Сөйтіп жүргенімде философиядан студенттік ғылыми конкурсқа қатысып жүріп, бәйге алып, әуелі университетте, сосын республикада, одан кейін Мәскеуде топ жарып, университет даңқын шығаруға үлес қостық. Досмұхамед дейтін академик сыртымнан танып, оқытушымнан сұрап, мені өзіне шақырды. «Қарағым, әдебиетті өте жақсы біледі екенсің, тарихты, дәстүрлі, салтты жақсы білесің, тілің өте таза. Сөйте тұра техника саласын игеріп жүрсің. Көптен ойланып, саған ұсыныс жасайын деп шақырып отырмын. Таза философияның оқуын оқып жүргендер арғы жағы Аристотель, Сократтан, бергі жағы Кант пен Гегельден аспай шыр айналып қалады. Қазіргі қоғамдық құбылысты талдауға тістері батпайды. Техникалық пен руханилықты зерттейтін сала бізде жоқ. Философияны таңдасаң, осы саланы игерер едің» деді. Мен бірден келісім берген жоқпын, әрине. Отбасылық жағдай да қиындап тұрған жылдар еді. Шешеміз қайтыс болып кеткен, сегіз баланың болашағы... Ал менің мамандығым Қазақстанда әлі жоқ. Мен оқыған мамандыққа 50 бала түстік, оның 49-ы орыс мектебін бітірген, жалғыз мен ғана қазақ мектебінің түлегімін. Қазақша ешкім сөйлемейді. Бірде-бір қазақша сөз айтылмайды. Осындай атмосферада жүрдім. Сонымен Қазақстанда жаңа саланы игеріп, жаңа мектеп аштым. «Руханилық пен технократтық: қабысуы мен қайшылықтары» деген үлкен бағыт. Алдағы аптада өтетін 75 жасыма арналған конференция да «Рухани әлем және ақпараттық техникалық қоғам» деп аталады. 
– «Дос-Мұқасан» дегенде «Той жыры» қоса айтылады. Күллі қазақ үшін тойдың бастауы болған бұл әннің құдіреті неде?
– Бұл –  аяқ астынан шыққан ән. Жарты-ақ сағатта жаздық. Өлеңін – мен, әнін – Досым Сүлеев жазды. Досым орыс мектебін бітірген. Алғаш оқуға түскенде бір ауыз қазақша білмейтін еді. Бірақ музыка мектебінде оқып, нота танитын. Адамгершілігі мол. Бізбен бірге жүріп қазақшаны үйреніп алуға қатты тырысты. «Дос-Мұқасанда» қазақ мектебін бітірген Мұрат қана еді. Өзі домбырада өте жақсы ойнады. Мұрат үйленгенде сыйлық жасаймыз деген ойдан осы ән туды. Бірінші – сұраныс. Үйленіп жатқан жастардың көңілін дәл басатын әнге сұраныс болмаса, бұл ән тумас па еді? Яғни бұл ән сұранысқа сай дүниеге келді. Екіншіден, инженерлік ой-жүйе дегеннің ерекше қасиеті бар. Гуманитарлық салада білім алғандар екі өлшемде қарайды: ендік пен бойлықты. Ал инженерлік үш өлшемді көреді. Декарт деген француздың атақты математигі салып кеткен, Минковский өлшемі де бар, оған уақытты қоссаңыз төртінші өлшем шығады. Яғни инженерлік ой-жүйенің ерекшелігі, біріншіден өзі қарап отырған объектінің арғы-бергі жағын түгел көруге қабілеті бар. Сондықтан инженерлердің ойы ұдайы нақты болады. Ұзын-сонар көп сөзі жоқ, ойды нақты айтады. «Той жырындағы» мына сөзді қараңыз: 
Жас шаңырақ болсын бақыт бесігі,
Жас жұбайлар, 
құтты болсын тойларың.
Кең ашылсын болашақтың есігі
Орындалсын арман-тілек, 
ойларың. 
Артық сөз, артық тілек бар ма? Мұндағы ерекшелік инженерлік білімнің руханилықпен ұштасуында дер едім.
–  Мемлекет басшысы осы жылды «орыс тілі жылы» деп жариялады. Талай ғалымымыз ауылдан бір ауыз орысша білмей келіп-ақ, өзін мойындатты емес пе... Жалпы осы «орыс тілі жылы» дегенге көзқарасыңыз қандай?
–  Көзқарасым – теріс. Алдымен қазақ тілін ұшпаққа шығарып алғанымыз жөн. Ел боламыз, ұлт боламыз, халық боламыз десек, қазақ тілінің жоғын жоқтауымыз керек. Қазақ тілін толық білген адамға орыс тілін үйрену деген түк емес.
Бір мысал айтайын, таза қазақы ауылда өстім ғой. Мектепті алтын медальмен бітірдім, ол кезде медалист болудың шарты өте қиын. Математикадан шығарған есебің, қазақ тілінен жазған шығармаң, орыс тілінен жазған мазмұндамаң министрлікке кетеді. Орысша мазмұндаманы өз ойыңнан жазуың керек, одан бір қате тапса, алтын медальға өтпейсің. Маған орыс тілінен Татьяна Петровна Немчина дейтін орыс мұғалім сабақ берді. Сол кісі мені өте баптап, көп жәрдем көрсетті. Орыс тілінде сөйлеуге шорқақ едім. Себебі елде орысша сөйлесетін, тәжірибе алмасатын адам жоқ. Кейін оқуға түскен кезімде орысша сөйлегеніме, акцентіме курстастарым күлетін. Ал бірақ менің жазуымнан, грамматикамнан ешкім қате таба алмайтын. Сондықтан тілге қатысты айтарым, қазақ тілін алдымен аяққа тік тұрғызып алу керек. Орыс тіліне елпілдеп, жалпаңдай беретін уақыт өтті. Ол әлі көлденеңдеп, қазақ тілінің жолын ашпай келе жатыр. 
Студент кезімде қазақша білетіндер жоқтың қасы еді. Бір жас қазақ мұғалімді көріп, қуанып кетіп, «Сәлеметсіз бе?!» дегеніме «Іздірәсте» деп өте шыққан. Жүрегім тоңып қалды. Мен сияқты қиналып жүргендер бар шығар деп жатақханаларды, басқа факультеттерді аралап жүріп, әдебиетке құмар балалардың басын қосып, «Бәйшешек» деген ұйым құрдық. Бәріміз қуанып, қазақша сөйлесіп, аптасына бір рет жиналып жүргенімізде Үш әріп соңыма түсті. Түсініктеме алды, бір жерге апарып қаншама сағат отырғызып қойды. Шошып кеттім. Сыртынан көріп жүретінмін, басында қазақша тақиясы бар үлкен ақсақал кісі өтіп бара жатады. Жанында қазақша сөйлегенін естіп қалдым. Ол атақты Ақжан Машани еді. Соған барып «Ассалаумағалейкум» дегеніме «Уағалейкумассалам» деп тіл қатқанда, көзімнен жас шығып кетті. Жөн-жосығымды айтып ем, кеңкілдеп тұрып күлді де, «Балам, қадамың құтты болсын! Қолдаймын. Қабырға газетін дайында. Қабырға газетіне мен ертең суретімді әкеліп, бата жазып беремін, соны іліп қой. Осында Болат Жармағамбетов деген профессор бар, менің атымнан барсаң ол да көмек береді. Ары қарай көрерміз» деді. 10-15 күнде үлкен қабырға газетін жасап, әлгі кісілердің бата-сөзін іліп қойып едім, қазақтар бар екен, кәдімгідей оқылды. 4-5 күн өткенде қарасам, газетім жоқ. Жұлып алып кетіпті. Деканат: «сені Парткомға шақырып жатыр» деді. Оған барсам, Парткомның хатшысы менің қабырға газетімді жұлып-жұлып, мыжып ұстап алған. «Неге қазақша сөйлейсің, қазақша жазған деген не сұмдық» деп бас салды. Тағы да Машаниға жылап бардым. Ол тағы да күлді. «Сен енді Жазушылар одағына бар. Сол жерде Ілияс Есенберлин деген менің досым бар, біздің Политехті бітірген. Өзі жазушы, Жазушылар одағының екінші хатшысы. Соның қолынан көп дүние келеді» деді. Ілияс Есенберлинге барып танысып, қабырға газеті туралы айттым. Ол жанарына жас толып, мені құшақтады да, «Политехтің басшысына сәлем айт» деді. Міне, тілге қатысты осынау бір күрделі жағдайдан Ілияс Есенберлин құтқарып, мен оның туған баласындай болып кеттім. Тіл туралы күресіп жүріп оқу оқыдық. 1989 жылы Қазақ тілі туралы Қаулы шыға салысымен, талай профессор басымызды қосып, жанталасып жүріп екі топты қазақша оқытуға іске кірістік. Бұл біз үшін тарихта болмаған ерлік еді. Техникалық оқу орнында қазақша топтарды ашудың алғашқы қадамы осылай жасалған. 
Иә, көршімен қарым-қатынас орнату керек, сыйлау керек. Экономикалық қарым-қатынасты нығайту керек. Бірақ тіл жағынан, ұлттық рух жағынан ешкімге, мейлі ол көршің болса да, берілуге болмайды. 
– Жылашар сұхбатыңыз үшін рақмет! Оқырманға тілегіңіз болса...
– Біздің қазақ халқы «мың өліп, мың тірілген» ұлт қой. Басынан не өтпеді дейсіз. Тіпті ХХ ғасырдың өзінде азабы мен қуанышы қатар жүрген. Қанша миллион адам қырылып қалды. Басымыздан соғыс та өтті. Енді қазақ халқы ұлттық рухын өзі асқақтату керек. Тілін қадірлеу керек. Қазақ деген халықтың өкілі екенін мақтан тұту керек. Қазақтың игілігі мен болашағы үшін әркім өз орнында еңбектеніп, қазақ деген халықты таныту керек. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

2960 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы