• Ақпарат
  • 05 Қаңтар, 2023

ҚАҢТАР: АРЫЛУ

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

«Біреудің кісісі өлсе қаралы ол»... Қазақтың бір емес, үш жүзге жуық кісісі бірер күнде көз жұмғалы да жыл айналып өтіпті. Ұлтта бұрыннан бар дәстүр, о дүниеге аттанған адамын Жоқтайды. Жоқтауда қайғы да, зар да, запыран да, өкпе де, ашу да айтылатыны рас. 
Осындайда «Абай жолындағы» Бөжей өліміне бата оқуға келген Құнанбай айналасындағы мына бір оқиға еске түседі:
«Қаралы үйдің сыртында оларды күтіп отыз шамалы еркек тұр екен. Ішінде Байдалы, Байсалдар да бар. Екі жақ жылап көрісті. Одан кейін үйге кірді. Үй іші жылап отырған қатындарға толы. Елдің бәрі көңіл айтқаннан кейін, шу басылып, тек Бөжейдің екі қызы ғана жоқтауын жалғастырды.

«Әкекем... жеткізбей кеттің... арманда кеттің...» деген сөздерден кейін, үй-іші тегіс жым-жырт тына қалған уақытта, қыздар Бөжейдің өзін қойып, тұстастарын айтып, бір кезде Құнанбай атын сап еткізді. Сөздерін қатайтып:
Жау боп шықты Ырғызбай
Оның аты Құнанбай,
Жүйріктігі құландай,
Шұбарлығы жыландай... – деп жарып өтті.
Үлкендер бәле шығып кетер ме екен деп қобалжи бастады. Тұнжырап отырған Құнанбайға мына дауыс басқа соққандай болды. Бірақ бұл намаз сияқты бұзылмайтын жол-жора. Істер шара жоқ. Сөйткенше төрде отырған Сары апаң қыздар жоқтауын аяқтай берген сәтін пайдаланып, үн шығарып, Бөжейді мақтай келіп,
Мына да қарлар не дейді?
Жақсыдан жаман көбейді.
Ескінің асыл көзі еді,
Ұрлап та көмдің Бөжейді, – деп қатты айқайлап, қалт тоқтады.
Екі жақ та «айтамыз, жеткіземіз» деген орайлы сөздерін әйелдердің аузымен жеткізді. Осыдан кейін қайталаған да, өршіген де сөз болған жоқ. Құран оқылып, қал-жағдай сұрасып, әңгіме айтқаннан кейін Құнанбай тобы өз ауылдарына аттанды...»
Иә, біздің қазақта қайғы да, шер де Жоқтау айтқанда тарқар еді. Зар да, запыран да, ашу да, ыза да сол Жоқтаумен жеткізілер еді. «Ескі бише отырман бос мақалдап» дегендейін, бұрынғының Жоқтауын аңсап жамандық шақырма дейтіндер де табылар. Алайда Қаңтарда жанардан төгілген жастың құрғамай тұрғанының бір себебі – Қаңтар Жоқтауы кеуделерде қалып қойғандай көрінеді. Осындайда қандай ауыр сөзді де еститінін біле тұра, бата оқи барған Құнанбайларды іздейсің...
 Иә, бір жыл ештеңені өзгерте қоймас. Бір жылда дүние түбірімен өзгере де қоймас... Бір жылда жоғалған адам да енді оралмайтыны, оның естелігі жүректерге салмақ түсіре түсетіні де рас. Осы күні Қаңтарда тоңған жүректер әлі де мұздап жүр-ау деп алаңдайсың. Қаңтарда қалған көңілдер әлі де мұңға батты ма, деп қарайлайсың. Бір нәрсе анық – Қаңтар қазақтың жан жарасын тырнап өтті. Қаңтар қазақтың мұң-наласын ашып көрсетті. Қаңтар қазақтың мінезін де, болмысын да, нақты өзін де айқындады. Тәуелсіздікке дейін және кейін дегендейін, енді кейбір мәселелер де Қаңтарға дейін және кейін деп те талқылана түсер. Сондай сәттерде Қаңтарды айтып, шығуға тиіс запыран шықпай қалып, шемен болып қатып қалмағаны да керек екенін ұғына түсеміз. Жан жарасы емдемей, айтылмай, сыртқа шықпай жазылар ма? Мұқағалидың «Көз жасын маған көрсетпей /Отаным жылап жатқанда...» деген өлең жолдары бар еді. Сол Отанымыз жылап жатқанда, көз жасын көре алдық па? Көрсек, сүрте алдық па жасты? Сүртілмеген жас құрғай ма? Құрғамаған жас тоқтай ма?  
Иә, Қаңтарда кеткен адамдар енді оралмайды. Есесіне олардың арманы қалды. Жарқын, сәулелі, жемқорлықтан ада, дамыған, жаңа да жақсы Қазақстан деген арман – орындалар арман болса игі! Қаңтар келген сайын елді үрей билемесе екен, өткенге тағзым етіп, сол арманға бір қадам жақындай түссек етті деп те ойға берілетін кездер болады. 


Адам айдан қорқа ма екен? Адам айдан қауіптене ме екен? Ендеше біз де Желтоқсан мен Қаңтарда жүректі басқан қорқыныш пен қауіпті ысырып тастап, еңсені езген мұң мен қайғыны есте тұта отырып, алға жылжи береріміз анық. Себебі бізде басқа Отан жоқ. 
Бұл Отандағы азаматтардың арманы да ұқсас: көк туы мәңгіге желбіреген, ұлттық тілі мен рухы өшпеген, жаңа заманға лайық дамыған, өзге елдермен терезесі тең әрі билігі әділ мемлекет құру. Ал ол мемлекеттілік жолында өкпе де, ашу да, ыза да, кек те, кінә да іркілмей айтылғанда жүректегі ауыр салмақтан арылар ма едік шынымен? Арылу демекші, бүгін бәрімізге де арылу өте қажет. Өткенге салауат айту үшін де арылмақ парыз. 
Дүние теңселіп тұрғанда қазақтың Қаңтар мен Желтоқсанда тоңып қалған жүрегін жібітер дүние де – арылу болар, бәлкім? Дүние теңселіп тұрғанда бізге бірліктің де керек екені айдай анық. «Шаян шөлге, шортан көлге, аққу көкке» тартудың соңы жақсылыққа болмайтынын бізден бұрынғылар да айтып кеткен. Бізден кейінгілердің де есінде жүрер есті сөз осы болмақ. 
Сол бір жүректі сыздатқан уақытта қазақтың қабырғалы қаламгері Дулат Исабековтің «Ашынған адам Аллаға да жұдырық көрсетеді» деп айтқан сөзі бар еді. «Жалпы қай елде болсын әлеуметтік жарылыстарға билік өзі кінәлі болып шығады. Қайталап айтамын, биліктің барлық құрылымдарын жаңартпай болмайды. Көз алдап ұсақ-түйек өзгерістер жасаумен шектелмеу керек», – деп біздің басылымға пікір білдіргені де есте.
Иә, өткен дүние өткеннің ғана еншісінде емес екен. Ол бүгінгінің жүрегінде, ендігінің естелігінде де сақталатын көрінеді. Мұндайда айтар сөз де көп: жүрекке тығылған әр сөзді іркімей айтқың келеді. Мұндайда айтар сөз де жоқ: салмағы ауыр сөз талай жүректі жаралап өтер ме деп алаңдайсың. 
Белгілісі сол: өткенге салауат айта отырып алға ұмтыла беретініміз анық. Қайғыға толған жүректі үмітпен жамап-жасқап, біз үшін жалғыз ғана мемлекетіміздің болашағына кірпіш болып қалана беретініміз де рас. Әрине, бұл қайбірлеулер үшін ұранға толы қызыл сөз болып та көрінер. Біраз бізге әділетке толы елін кім бере қойсын? Әділетті қанмен емес, заңмен де орнатар күн де жақындап қалғандай үміт беретіні де шын.   
Иә, Қаңтар мен Желтоқсанның ендігі аты Кешірім болса екен деп те тілейсің. Әуелі өз-өзімізді кешіре алдық па? Атқаны да, атылғаны да... Міне, осы кешірім мен арылу Жаңа әрі Әділетті Қазақстанның да айын оңынан туғызарына сенім мол...
 

2377 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы