• Ақпарат
  • 05 Қаңтар, 2023

20 миллионыншы қазақ...

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ұлағатты сөзі бар. «Басқадан кем болмас үшін  біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік  керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек». Бірақ дәл қазір Байтұрсынұлы айтқан қасиеттерге  ие болып отырмыз ба? Басты сауал да осы. 
Алаш арыстары армандап кеткен ізгі мұраттар ХIХ ғасырдың басында ұлы арман болып тұрғанын жасыруға болмайды. Осыдан жүз жылдан аса бұрын сол Ахаң – Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының  «Әлхамдулилла, 6 миллион қазақпыз!» деп дүйім елден сүйінші сұрағанын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Ал бүгін ше? Санымыз қаншаға жетті? Аллаға шүкір, «Әлхамдулилла,14 миллион қазақпыз» деп айта алатын күнге жеттік. Әрине, санымыз артты, ал сапамыз ше? Бұл өркениет қарқынды дамып, ұлттық көзқарастар қайшыласқан заманда үлкен мәселе болып тұр. 

Біз әрине, дүниеге келген 19-миллион­ыншы қазақтың кім екенін білеміз. Айта кетер бір жайт, тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жетті. «Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы еліміздің он тоғыз миллионыншы азаматы ретінде тіркелді», – деп жазды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттерінде. 
 Алматы облысының сол кездегі әкімі Амандық Баталов Нұрғалиевтар отбасына 1 млн теңгенің сертификатын және балаларға арналған қоларба, сәби күтіміне арналған жиынтық, басқа да бағалы сыйлықтар тапсырғанын бүкіл БАҚ сүйіншілей жазған. Еліміздің 19 миллионыншы тұрғыны Алматы облысы Іле ауданы Чапаев ауылында тұрады. 19 миллионыншы тұрғын Жания Азаматқызы 2021 жылдың 20 шілдесінде түнгі сағат 2-де Алматыдағы перинаталдық орталықта дүние есігін ашқан. Ол – шаңырақтағы төртінші қыз. Сәбидің әкесі Азамат Нұрғалиев 39 жаста болса, анасы Нұргүл Көбентаева 35 жаста. 
Ал 18 миллионыншы қазақ  2017 жылдың шілдесінде Талдықорған қалалық перинаталдық орталығында дүниеге келген екен. 18 миллионыншы қазақтың есімі  – Муслима. Ол 11 мамыр күні кешкі сағат 20:15 жарық дүние есігін ашқан. Сәбидің салмағы – 3 келі 300 грамм, бойы – 51 см.
Деректі қазбаласақ,  одан ары кете береміз. Қазақстанның 17-миллионыншы тұрғынына 2013 жылдың 16 мамырында Оңтүстiк Қазақстан облысы, Сайрам аудандық АХАТ органында туу туралы куәлік берілген. Сәбидің есім сойы Алтынбек  Есқараұлы. Салмағы – 3670 грамм, бойы 53 сантиметр. 
Ал 16 миллионыншы қазақ баласы қайда тұрады? 2004 жылы Өскенбевтар отбасында егіз бала дүниеге келді. Бірінің аты – Перизат, екіншісінің есімі – Бекзат. Бір қызығы, Перизаттың  15 999 999 нөмірімен жарық дү­ниенің есігін ашқан. Мамандар екінші егіз Бекзаттың Қазақстанның 16 миллион­ыншы тұрғыны екенін анықтаған. Аягөз қаласында тұратын Өскенбаевтар отбасының бұл алтыншы баласы болып шыққан. Сөйткен алтыншы бала Қазақстанның 16 миллионыншы тұрғыны болып шыққан. Сол кезде Аягөз аудандық әкімшілігі Өскенбаевтар отбасының алты баласына да бірден алты телевизорды сыйға тартқан.  
Әрине, мұның барлығы қуанышты жағдай. Рас, қазір қазақтың көбейгені керек. Ұлттың басым болғаны қажет. Таразыға салсақ, қазақ шамамен 4-5 жылды араға салып, миллиондық межені бағындырып, көбейіп отырады екен. Демек, демографияда қазақтың салмағы басым болып келе жатыр. Оған әрине қуанамыз. Біз үшін тағы бір үлкен мәселе, 20 миллионыншы қазақ қай жылы өмірге келеді? Қазір Аллаға шүкір, бұрынғыдай емес, қазақтың өсімі жоғары. Жыл сайын орташа есеппен 350-400 мыңдай сәби жарық дүниенің есігін ашады. Біздің ұлттың басым болғаны дұрыс, демографиялық өсім де бір жағынан қуаттылығымызды көрсетеді. 
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, 2022 жылдың 1 қарашасындағы есеп бойынша Қазақстан халқының саны 19,7152 мың адамға жетті. Ал енді 20 миллиондық межені бағындыру үшін биыл 300 мыңнан аса сәби дүниеге келуі қажет. Әрине, сүйіншілеп, бөркімізді ататын кез де алыс емес шығар. Сарапқа салсақ, 19,7152 мың халықтың қазір 61,7 пайызы қалада, 38,3 пайызы ауылда тұрады. Санға жүгінсек, 12,1661 миллионы қалалық, ал 7,5461 миллион халық ауылдық болып отыр. Бірақ ескере кететін бір жайт, қалада тұратын халықтың саны соңғы он жылда күрт артып келеді. Әрине, бұл да түсінікті жайт. Барынша өркениетте, заманауи жағдайда өмір сүруге талпынған халықтың қалаға ағылуы заңдылық. Бірақ біз ауыл мен қаланың өмір сүру жағдайын мүмкіндігінше теңестіруіміз керек. 
Осы орайда, Президент тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»-ның кешенді жоспары бекітілгені белгілі. Осылайша, ауыл халқының табысын арттыру мақсатында республика бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, жұмыс қарқынды жүргізілуде.
Жалпы бізде демографиялық өсім бар. Қазір ТМД мемлекеттерінің арасында Қазақстан өсім бойынша Ресей, Украина, Өзбекстаннан кейін төртінші орында келеді. Ресейде 145 миллион халық бар. Өзбектің саны 36 миллионға жетті. Қазақ болса, алдағы жылдары 20 миллиондық межені бағындырады. Украинның саны 41 миллионның шамасында. Соғыстың салдарынан жан-жаққа босып кеткен Украинада алдағы жылдары өсім бола қояды деп айту қиын. Орыстың да демографиялық жағдайы қиындауы бек мүмкін. Ресейдің демограф маманы ­­А.Ракшаның дерегіне қарағанда, алдағы 40 жылда Ресей халқының саны екі есеге қысқарады. Оған әртүрлі себептер әсер етіп отыр. Кейбір деректерге қарағанда, Украинадағы соғыстан қазірдің өзінде ресейлік 100 мыңнан аса еркек опат болған. Мұның барлығы Ресейдің демографиясына әсер етпей қоймайды.
Соңғы деректерге қарағанда, жер шарында дүниеге келетін 1000 адамның 172-сі – Үндістанда, 103-і – Қытайда, 47-сі – Нигерияда, 47-сі –Пәкістанда, 32-сі – Конгода өмірге келеді екен. Бұл орайда қазақтың көрсеткіші қуанта қоярлықтай емес. Жаңа туған 1000 адамның 2,19 ғана қазақ топырағанда жарық дүниенің есігін ашады.Аз көрсеткіш. Біз 20 миллиондық межені бекер айтып отырған жоқпыз. 
Қазақтың белгілі журналисі Айбар Олжаев 20 миллионыншы қазақ туралы әлеуметтік желіде өз пікірін жариялады. Демек, титулды ұлттың санының басым болуы әр қазақты ойландырады. 
– «20 миллион» клубы: 2023 жылы Қазақстан адам саны көп алғашқы 60 елдің тізіміне енуі мүмкін. Егер бәрі ойдағыдай болса (адам шығыны азайса) 2023 жылдың аяғына таман Қазақстан халқының саны 20 миллиондық межені бағындырады. Бұл Керей мен Жәнібек сұлтандар бөлек ту тіккен уақыттан бергі абсолютты рекорд. Биыл Румынияны басып озуға барлық мүмкіндік бар. Демографиялық нақты тренд: Еуропалықтар азырақ өледі. Бірақ біз олардан көбірек туамыз.
20 миллионға жетудің 2 бағыты бар: инсульт пен инфарктпен аяусыз күрес және адамдардың тууға қызығушылығын күшейту. Жыл сайын 44 мың қазақ­стандық инсульт пен инфаркттан қайтыс болады. Бір қызығы, пальма майын тұтыну (фастфуд, тб) өскен сайын, осы аурулар күрт көбейген. 2011 жылмен салыстырғанда біз қазір 38 пайызға көбірек өлеміз. Бұл – қорқынышты тренд. Өлімді туумен ғана басып отыруға болмайды, өлім себептерімен соңына дейін күресу керек.
Кейбір экономистер арасында халық санына қатысты керағар пікірлер бар. Азшылығы: «шикізаттық елдерге халық саны аз болғаны тиімді. Адам аз болса, олар мұнай рентасын көбірек бөледі, адамдарға ақша көп түседі» деген ойда. Бұл өте қате пікір дер едім. Халық санының көптігі, әсіресе жұмыс ресурстарының баршылығы – эко­номикалық өсімнің алғышарты. Әйтпесе, Еуропа мигранттарды тартпас еді.
Халық саны – шетелдік инвес­ти­ция­лардың келуіне, B2C сек­торының (бұқараға жұмыс істеу: тауарын, қызметін сату) дамуына ерекше импульс береді. Әсіресе, кинематографияның болашағы халық санына тікелей байланысты.
Қазақстанның ең үлкен перспективасы – халқы өте жас. Бізде 18 жасқа толмаған балалар саны – 6,5 миллион. Ал 30 жасқа дейінгілер халық санының 60 пайызынан асады, – дейді белгілі журналист Айбар Олжай.
Әрине, Айбар Олжайдың пікірімен толық келісуге болар. Туудың көбейгені, өлімнің азайғаны дұрыс. Сонда ғана қазақтың саны артады. Ал 20 миллиондық межені биыл бағындыра аламыз ба? Бұған қатысты да пікірлер әртүрлі. Демография саласын жиі тілге тиек етіп жүрген Мақсат Имандосовтың пайымдауынша, біз 20 миллиондық межені 2024 жылдың қаңтар айында бағындыруымыз мүмкін.  Мейлі, бізге өсім керек. Бірақ былтырғы туу көрсеткіші бұрынғы жылға қарағанда сәл аздау болайын деп тұр. Ұлттық статистика бюросының өткен жылдың 1 қарашасына дейінгі дерегіне сенсек, 9 айда 212 мыңнан аса сәби өмірге келген. Бұл әрине аздау. Жалпы қаңтар-қазан айларында Қазақстанның 20 аймағының 13-де демографиялық өсім байқалған. Бұл қуанарлық жағдай. Алайда Солтүстік Қазақстан облысында халықтың саны – 0,82, Қостанай облысында – 0,41, Шығыс Қазақстан облысында – 0,32, Павлодар облысында – 0,22, Абай облысында – 0,22, Қарағанды облысында – 006  пайызға азайған. Солтүстік Қазақстан облысында туудан өлім жоғары болып тұр. 
Қазіргі уақытта халқы бір мил­лиондық межеден асқан республи­калық дәрежедегі  үш қала бар. Олардың ішінде Алматыда – 2 151,8. Астанада – 1 345,5, Шымкентте – 1 186,5 мың адам тұрады. Болашақта 1 миллионнан асатын төртінші қаланың тізімін Ақтөбе қаласы толықтырады деген болжам бар. Қазір Ақтөбе қаласында 556 976 мың халық тұрады.
Рас, біз демографиялық өсімді бекер тілге тиек етіп отырған жоқпыз.Жаһандық қауіп-қатерден бізді сақтайтын – ұлттың иммунитеті. Қазақстан – барша қазақтың жалғыз отаны. Ал ұлттың иммунитеті – демографиясының өсіміне де тікелей байланысты. Сондықтан саны өскен жұрттың сапасы да артады. Ал демография ұлттық саясатқа айналуы қажет.

2511 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы