- Ақпарат
- 05 Қаңтар, 2023
Орыс тілі – дүниенің кілті емес
«ҚОСТІЛДІЛІК» ҚАЗАҚҚА КЕРЕК ТЕ, ОРЫСТІЛДІ ҚАУЫМ БІР ТІЛДІК ДЕҢГЕЙДЕ ҚАЛА БЕРЕ МЕ?
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»
«Ұлттың ең белгілі ерекшеліктерінің бірі, ең құнды негіздерінің бірі – тіл. «Мен – түрік ұлтынанмын» дейтін адам бәрінен бұрын және міндетті түрде түрік тілінде сөйлеуге тиіс. Түрік тілінде сөйлемейтін адам өзінің түрік қауымына және түрік мәдениетіне жататынын қаншама қайталаса да, бұған сену дұрыс болмайды». Түркия мемлекетінің негізін салушы Мұстафа Ататүріктің аталы сөзі бұл!
Енді сұрақ: «Мен қазақ ұлтынанмын» дейтін адам міндетті түрде қазақ тілінде сөйлеуі тиіс» деп біздің шенеуніктеріміз қаймықпай айта ала ма?
Жалпы Атазаңға қарасаң, тайға таңба басқандай анық жазылған. Конституцияның 7 –бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп анық жазылған. Ендеше неге тартыншақтаймыз? Жалпы жетінші баптың қадірін жете түсініп отырмыз ба? Мұнда мемелекеттік тіл қазақ тілі екендігі айқын көрсетілген. Ал орыс тілі әлемге ортақ тіл емес қой. Сонда да ТМД басшыларының жаңа жыл алдындағы кеңесінде 2023 жыл орыс тілі болып жарияланды. Ал ақиқатын айтсақ, орыс тілі қазір қолдауға мұқтаж болатындай мүсәпір күйде емес. Кейбір деректерге қарағанда, қазір әлемде 240 миллиондай адам орысша сөйлейді. Бірақ бұл көрсеткіш жылдан жылға азайып келеді. Тіпті соңғы бір жылдың көлемінде Ресейден үдере көшкен әлемдік компания-лар көбейді. Мұның бәрі көрші елге сенімсіздікті көрсетеді. Оның жанында Қазақстанда тұрақтылық бар ғой. Сондықтан орыс тілінен гөрі өзіміздің ана тілімізге барынша қолдау көрсеткен абзал. Жалпы «қостілділік, үштілділік» деген қайдан шықты? Негізсіз мифті шығарғандар кімдер?
Саясаттанушы, қазақтың тілі үшін тіресіп әрі күресіп жүрген Дос Көшімнің былай деп айтқаны бар:
– Кеңес Одағынан бері келе жатқан тағы бір «миф» бар. Бұл – «қостілділік» деген ұғым. Кеңес кезінде «Қазақстан – қостілді республика» деген сөзді көп айтатын. Әлеуметтік лингвистика бойынша тұрғындардың барлығы да қос тілді меңгеріп, сөйлесу кезінде бір тілден екінші тілге еркін көше алатын болғанда ғана ондай елді «қостілді ел» деп атайды. Өкінішке қарай, Қазақстанда тек қазақтілділер ғана қостілді болды да, орыстілді қауым біртілді деңгейде қалды. Мұндай жағдайды әлеуметтік лингвистикада «біржақты қостілділік» деп атайды және бұл жағдай әлеуметтік әділетсіздік пен қоғамдағы қайшылыққа алып келеді. Орыстілді азаматтардың «біз қостілді елміз ғой» деген ұстанымының астарында «сендер орыс тілін білесіңдер ғой, онда біз қазақ тілін үйреніп неге әуре боламыз, біз түсінісе аламыз ғой» деген ой жатыр. Бұл да бұрынғы орыс тілі үстемдік құрып тұрған кезеңнен қалған ұлыдержавалық шовинизмнің қалдығы, – дейді Дос Көшім. Ақиқаты бар пікір.
Рас, қазіргі уақытта тілдік қатынас керісінше сипат алып бара жатыр. Қазақстанда қазақтың демографиялық саны басым. Бұл жылдан жылға айқын байқалып келеді. Қазақстанда орыс тілін білмейтіндердің де саны артуда. Кейбір деректер бұл көрсеткіш 20 пайыз шамасында дегенді айтады. Ал бұдан қорқудың, үрейленудің тіпті қажеті жоқ. Бұл қалыпты, табиғи құбылыс. Мысалы, Грузияда орыс тілін мүлдем білмейтіндер – 80, Тәжікстанда – 67, Өзбекстанда – 60, Қырғызстанда 50 пайызға жуықтайды. Демографиялық өсім барда, қазақтың саны көбейе береді. Қазір туудың саны артты, өлім азайды.Қазақстандағы халық қазақтың есебінен көбейіп жатыр. Мұны да билік айқын түсінгені дұрыс.
Жалпы билік орынтағында отырған атқамінерлер халықтың мұң-мұқтажы мен талабын үнемі орындағаны дұрыс. «Еститін үкімет» мәселеге дер кезінде жауап беруі тиіс. Түйткіл қоюланған сайын, халықтың сенімі де азаяды. Сондықтан соңғы кезде жиі көтеріле бастаған мына бір жайтты да билік болашақта ескерсе дейміз. Қазір бала санының көбеюіне байланысты жаңадан мектептер ашылып жатыр. Бірақ осындай жаңа білім ордасын аралас мектепке айналдыру кейінгі кезде жиі белең ала бастады.Ата-аналардың сұранысы қазақтілді сыныптарға жоғары болса, мектеп те қазақтілді болғаны дұрыс. Бірақ бес-он ата-ананың пікіріне қарап, оны аралас мектепке айналдыру жіберу әділдік емес. Қазақстанның болашағы – қазақтың тілінде. Мұны кез келген ата-ана айқын түсінуі керек деп ойламыз. Ал ақырына келгенде, Дос Көшім айтқандай, «қостілділік» қазаққа керек те, орыстілді қауым бір тілдік деңгейде қалады». Солай болып келе де жатыр. Қазақтың тілін «Қазақстанды отаным» деп санайтын барлық ұлт пен ұлыс білуі тиіс.
Негізі дүниенің кілті орыстың тілінде деп түсіну қателік. Бұл ХХ ғасырдан қалған сыңаржақ пікір. Қазір қазақ баласы ғылым мен техниканың тілі – ағылшын тілінде екенін айқын ұғынуы керек.
Профессор Дандай Ысқақов «қостілділік туралы Дэвид Кристал өзінің «Тіл ажалы» кітабында былай деп жазған» деп дәйек келтіреді: «Тіл жойыларда қостілділік пайда болады. Екі тілді ерткен екі мәдениет өзара шайқасқа түседі. Ақырында жеңімпаз мәдениеттің тілінде сөйлеушілер көбейеді. Ал жаңағы жеңіліс тапқан шағын мәдениеттің тілінде сөйлеуден басқа емес, өзінің жас ұрпағы ұяла бастайды. Ана тілінде сөйлеуге қысылатын сол ұрпақ та «жеңімпаз мәдениеттің» аяғына жығылады. Аға ұрпақ – ата-ана қанша әуреленсе де өз балаларына ана тілін үйретуге шамалары жетпейді. Ең өкініштісі де – осында».
Ал қазақтың тілі ғажап қой. Ананың тілі баланың тілі болса екен.
...Қазақша оқиық.
3592 рет
көрсетілді3
пікір