• Әдебиет
  • 12 Қаңтар, 2023

ЕСКІ СӨЗ – ЕСТІ СӨЗ

Ажырғы – жауыр малға байлайтын, салынатын ағаш. – Сізге ажырғы керек пе? – Сен ажырғыны қой, атты дәрігерге көрсет (Ж. Досқараев). Қытайдың ескі әкімшілік жазасының бірі – бұғау 12 13 салғанда, екі тақтың қырын түйістіріп, жазалы адамның мойнына кигізіп, соған колотке мен кісеннің ұшын әкеліп, бекітетін болған. Соны қытайлар және соған көршілес қазақтар ажырғы деп атаған. Бертін келе осы сөз жауыр атқа салатын мойын-ағаш деген  сөздің орнына қолданылған (Досқараев Ж. ҚТЖЕ., А., 1955, 8)

Алапа – 1) Олжа, пайда, табыс; Егін жақсы шықса, халыққа үлкен алапа. 2) Кәде. Бұрын қызды күйеуге бергенде әйелдер алапа алатын (Ж. Досқараев). Алапа деген сөз қазіргі кезде тек қана батыс говорларында олжа болып айтылады (Ғ. Мұсабаев). Сары ұйғырлар тілінде алва (подать) алым, берілетін нәрсе (Малов С. Е. Яз. жел. уйгур. А., 1957, 14), ұйғыр тілінде алван (налог, подать) алым-салық, шығын тәрізді ұғымды білдіреді (УйРС., А., 1960,15). Қазақ тіліндегі алапа да осы сөздермен түбірлес болу керек. Аларман – алғыш кісі, алушы. Аларманға алтау аз, Берерменге бесеу көп (мақал). Сөздің түбірі ал /етістік/ -ар есімшенің жұрнағы, -ман есім тудыратын көне жұрнақ. Қазіргі қазақ тілінде аларман, берермен сөздері осындай мақалда кездеспесе, дербес тұрып басқа сөздермен тіркесе бер­мейді (Махмұтов А. КСЛ, 1963, 10).

Жақы – құлынның, тайдың терісінен жасалған тон. Қазақ халқы мал терісін шаруашылықтың әр саласына қолдана білген. Жылқы терісінен жақы деп аталатын тон тігіп, оны құлын жақы, тай жақы деп атаған. Жақы тіктіру үшін жылқы ішінен қара, қоңыр (жылқы атауында торы) түсті мал таңдап алынады да, арнаулы күтімде ұсталып түгі әбден жетіліп жылтырағаннан кейін сойып, терісін еппен сыпырып алып, илейді. Жылы болу үшін оған арасына жұқа мата салып астарлайды. Жақы сәндікке де, жылылыққа да киіледі. Ол қазір ел арасында кездесе бермейді. Алаш көсемі, ардагер ақын, қайраткер М.Дулатов киген тай жақы қазір Торғай қаласындағы А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатов атындағы әдебиет мұражайында сақталып тұр. «Көшті тартып отыр,− деп, Бел­гілеп күннің шығысын!»

Құлдарға жылқы айдатты, Кигізіп құлын жақысын (Нұртуған).

Жамғы – бәрі, барлық. Бұл бақта бағбан бар,− дейді,− күтіп тұрған, Нәсілі үш нәрсемен бітіп тұрған. Қосылса жамғы жасы жетпіс сегіз, Екі жыл әрқайсысынан өтіп тұрған (Ерімбет). Адам да алты затқа һәм ықтимал, Бұл сөзде емес, онда ықтияттан! Жамғысы жиналғанда он төрт болып, Бір есеп қарар табар адамзаттан (Шораяқтың Омары). Жамғысы... Тоғыз жүз жетпіс теңге,− деді (Ғ. Мүсірепов).

 

1108 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы