• Руханият
  • 12 Қаңтар, 2023

МӘШҺҮРДІҢ МҰРАСЫ

Бұлақ көзін аршып, бізге таусылмас рухани азық, жұтамас байлық қалдырған, ұлы ойшыл, діндар ағартушы, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы еді.

Тіршілігінде шаңырағы кісіден босамаған, бүгінде Баянауыл ауданында орналасқан әулиенің кесенесі де мұражайы да келушілерден  кенде емес.

Академик Шапық Шөкіұлы «Өмір­дің төрт мезгілі» деген еңбегінде: «...Мәшһүр-Жүсіп сияқты кісілердің арқасында, біз бір кездегі бірінің артынан алма-кезек келген көпірмелер сөзіне елтіп, ой-санамызды аман сақтап қалдық» деп жаза келе: «Әуелі сыбыс аңызға айналады, аңыз үміт-сенімге жетелейді» деген пікір айтады.

Түрік ақыны Назым Хикмет:

«Егер де сен жанбасаң,

жанартау боп атылып,

Егер де ол жанбаса,

аруақты шақырып,

Егер де біз жанбасақ,

замананы сапырып,

Басар сонда барша әлемді түнек пе­нен қапырық» – деп тебіренсе, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы:

«Мен айтпасам білгенімді,

Сен жазбасаң көргеніңді,

Ұрпағың қайдан білер өмір сүргеніңді?!» – деп баршаға ақыл деп, үндеу тастап, өмірінде өлең жазумен қатар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырумен және шежірелер мен айтыстарды, сондай-ақ көптеген тарихи жырларды хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманаттап қалдырған.

Табиғаттың тылсым тілін игерген, Қожа Ахмет Ясауи мен әл-Фараби сияқты өзгеге бой бермес, шыңырау мұхиттар бар.

Шындықты айтқанда, жалғанның бет-пердесін жұлып тастап айту оңай шаруа емес. «Е, не дейсің, о, несі-ей, қой одан бетін аулақ қылсын. Таласпай бастаңдаршы»  деп кей уақыттарда көзін жұмып, өз-өзімен сөйлесетін болған екен.

«МәшһүрЖүсіптің білмейтіні жоқ екен, – деп тамсанып отырған ұлы Әбдірахманға Абай:

– Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіп – құрдас. Екеуі де дін жолына берілген жандар. Мен де ақынмын, Мәшһүр де ақын. Дегенмен ол ақын болғанмен, Құдайға жақын. Сондықтан да Мәшһүр Жүсіп адамзаттың әулиесі ғой», – десе керек. Ал «ой, ол – нағыз ақын», – деп алдында да айтысып отырған шә­кірттеріне ашуланған Мәшһүр Жүсіп:

– Ананы да, мынаны да ақын дейсіңдер. Мен білетін ақындардың әулиесі Құнанбайұлы Абай сияқты өлең шығарған ешқайсысы жоқ, – деген екен (Әсет Қажымұқанұлының отбасылық мұрағатынан алынған, 2-дәптер, 4-бет).

Бірін-бірі сыйлап өткен екі әулие. Ұлттық сана-сезімнің оянуына ұйытқы болған, жарқын талант иелері. Тірі­ші­лігінде мағынасыз, мақсатсыз басқо­су­лардан алшақтау жүруге тырысқан жан. 

Мәшһүр: «Бұ дүние – бір қараң­ғылықтай нәрсе. Оны жанды қылатұғын – ақиқат сөз. Сөз өліп қалған көңілді тірілтеді. Сөздің ізетінен адамның жаны рахат алар. Сөз жүгінің самалы Хазірет Жәбірейіл ғалайсалам болды» – деп айтқан. Бұл дегеніміз бірыңғай дінге емес, сөз құбылысына берілген анықтамасы.

Қазақ халқы ұлт ретінде жоғалу қаупіне ұшыраған тұста ұлтты сақтап қалу үшін адамдарды жерінен, тілінен, дінінен ажыратпау міндеті алға шықса, Мәшһүр-Жүсіп осы үш майданда да аянып қалмаған. Қазақ жерін сақтап қалу идеясы 1907 жылы Қазанда басылған 3 кітап «Тірлікте көп жасағандықтан, көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екені» және ХІХ ғасырдың соңғы он жылдығында шығып тұрған «Дала уәлаяты» газеті беттеріндегі мақалаларда, сонымен қатар ел арасында кең тарап, той-жиындарда айтылып келген өлең-қиссаларында орын алған. Алайда елдік мүдде тұрғысынан әлі зерделенген жоқ.

Жастайынан бастап өлең жазып, хат жазарлық болғаннан-ақ Мәшһүр Жүсіп халық әдебиетін ел аузынан да, қағаз бетінен де жинаумен айналысқан фольклоршы. Мәселен, ақындар айтысының көп үлгілерін жинаған. «Ұлбике қыз бен Күдері қожа айтысы», «Ұлбике қыз бен Қарақалпақ Жанкел ақын айтысы», «Ұлы жүз Үйсіннен шыққан Үмсін қыз бен Заман қожа айтысы», «Шоң, Торайғыр ақыны Орманшы Сақау ақыны мен Қаракесек қызы Тоғжан айтысы», «Қалдыбай қожа мен Соқыр Шөже айтысы», «Соқыр Шөже мен Қаракесек ақыны Балта айтысы», «Қаракесек Қамбар Жанақ пен Найман Сабырбай айтысы», «Қаракесек Қамбар Жанақ пен Найман-Түбек айтысы», «Қаракесек Қамбар Жанақ пен Орманшы-Сақау ақын айтысы», «Қуандық-Алтай бір ақыны мен Найман қызы Опан айтысы», «Керей-Тұрлыбике ақыны Үрімбай ақыны мен Арыстанбай ақын айтысы», «Айдабол-Күліктің Күлігінен шыққан Жамшыбай ақыны мен Найман-Түбек айтысы», «Ақбала қыз бен Боздақ жігіт айтысы», «Қыз бен жігіт айтысы» тәрізді ақындардың сөз қағыстырулары Мәшһүр Жүсіп қолжазбаларында белгілі бір тәртіппен, реттілікпен берілген.

Еңбектерін жанр бойынша жіктеп жүйеге келтірсек, ертегілерден – 15 шақты мәтін үлгі; батырлық жырлардан – 5-6; ғашықтық жырдан – 2-3; қисса-дастандардан – 11-12; тұрмыс-салт жырларынан – 30-40 шақтысы; аңыз-әңгімелердің – 200-300 үлгісі; жаңылтпаштың – 100-150 шақты көлемі; жұмбақтың қара сөз бен өлең түріндегісі – 50 шақты; мақал-мәтелдердің 2,5 мың жолдық мөлшері; ақындар айтысының – 27 үлгісі; 30-40 шақты ақын-жыраулардың өлеңдері, дастандары т.б. орын алған. Сондай-ақ қолжазбалар ішінде шежірелер, діни өлеңдер мен нақылдар және т.б. нұсқалары бар.

Ш.Уә­ли­ханов, В.Радлов, Ә.Диваев сынды ғалымдармен аты қатар жазылуға тиісті. Өйткені көптеген жанрдағы еңбектердің үлгілерін жинап ұсынған. Қолжазбаларында көптеген ақын жыраулардың өлең мен қиссалары, дас-тандары т.б. бар: Бұхар жырау, Мәделі қожа, Сақау ақын, Ақан сері, Шернияз т.б. өлеңдері, Қоңырат Сапақ датқа ақын, Үйсін Үмсін қыз, Заман қожа, Тоғжан, Қалдыбай қожа, Шөже ақын, Арғын Қамбар Жанақ, Найман Сабырбай, Найман Түбек, Найман-Опан қыз, Орынбай, Шортанбай қожа, Күлік-Жамшыбай, Қаракесек Балта, Көтеш, Ақмолла, т.б. ақындар туындыларын қағазға түсірген.

Жасынан ауыл молдасынан сабақ алып, 1870 жылдары Хамеретдин Хазіреттің медресесінде, 29 жасында Бұхарада оқиды. 1875 жылдан бастап біраз уақыт оқытушы болады. «Дала уәлаяты» газетіне хат-хабар, мақала жіберіп, тілші болған. 1887–1890 жж. Орта Азияны аралап, Самарқан, Ташкент, Түркістан, т.б. шаһарларға сапарға шығады. Ол заманда негізгі көлік қатынасы түйе мен ат болғанын ескерсек, бұл сапарының өзі 2-3 жыл уақытты қамтыса керек.

Мәшһүр Жүсіп бір жыл Бұхарада тұрып оқып, білімін толықтырады. Араб, парсы, шағатай, түркі тілдерін үйренеді. Өзбек, тәжік, және т.б. тілдерді де біледі, әдет-ғұрпын түсінеді. Көптеген ғылыми кітаптарды оқып, танысады.

Келесі жылы Бұхарадан қайтып, Түркістандағы атақты Қожа Ахмет Ясауидің басындағы Әмір Темір салдырған көк күмбезін көреді. Онда да бірсыпыра уақыт болып, бірнеше ғалымдармен танысады. Одан әрі Сыр өңірін аралайды. Майлықожамен жолығады, жеті атасынан бері ақындық үзілмеген дуана қожа Көшек, Күдері қожа тұқымдарымен таныса келіп, Шу мен Сырдан өтіп, Ұлытау мен Кіші тауды басып, Есіл мен Нұраны мекен қылған жұртты аралайды. Осындай екінші сапарына Мәшһүр Жүсіп 37 жасында, яғни 1895 жылдар шамасында шықса, деректер бойынша үшінші сапары 49 жасына 1907 жылмен сәйкес келеді.

Мәшһүр туралы деректерге сүйенер болсақ, ол туралы алғашқы мақала («Қазақ әдебиеті», № 2, 5 қаңтар, 1940 ж) жазылып, өзінің әділ пікірін айтқан адам – академик Әлкей Марғұлан. Сол өлкеде туып-өскен академик жастайынан өлеңдерін жаттап, атағына тәнті болған ғалым, ақынның шыққан тегі өскен ортасы, шығармашылығы туралы мол мағлұмат береді.

Шығармашылығына орынды сын-пікір жазған әдебиет тарихының білгір маманы, ғалым – Бейсенбай Кенжебаев. Өзінің «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» деген еңбегінде Мәшһүр Жүсіпті демокараттық-ағартушылық бағыттағы ақындардың бірі ретінде қарап, негізінде оның Қазанда жарық көрген (1917) үш кітабына жеке-жеке тоқталып, сөз етеді. Өзекті мәселелерді көтергенін, халықты оянуға, өнерге, мәдениетті, іргелі ел болуға шақыруын жоғары бағалайды.

1959 жылы өткізілген ғылыми-теориялық конференцияда ақын­ның әдеби мұрасы туралы баянда­ма жасаған І.Жарылғапов, Е.Ысмайлов, Ә.Қоңыратпеав, Ш.Кәрібаев, Б.Кенжебаев оның шығармашы­лы­ғының құндылығын, әсіресе халық ауыз әдебиетін жинаудағы еңбегін аса зор бағалайды. Конференция соңында М.Әуезов қорытындылай келіп, толғақты мәселер төңірегінде бірнеше күдікті де күрделі мәселелерін шешуге әсерлі сөзбен аяқтайды. Оның қолжазбаларының құндылығын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаудағы еңбегін ерекше атап өтеді.

Бүгінде Мәшһүрдің өлеңі деп жазылып жүрген кейбір өлең жолдары, мәселен

«Ең әуел керек нәрсе – иман» деген,

«Ақырет істеріне илан»  деген.

Құдай кешер дегенмен іс бітпейді,

«Иман шартын білмесе айуан» деген сияқты насихат өлең жолдарын Ақмолла ақыннан алып, насихат ретінде ұсынып отырған. Яғни М.Ж.Көпейұлы өз шығармаларында Ақмолла Мұхамедияровқа жиі сілтеме жасап, керек жерінде оның өлең жолдарына сүйеніп отырады.

Ал Академик Зәки Ахметовтің «Ғалымдар және Хаттар, Ученые и письма» (Астана, 2019) атты кітабы осы мәселе туралы бірталай дерек береді (197-199 бб.). Филиология ғылымының кандидаты Сәрсенбі Дәуітұлының 2 тілде анықтамасы беріледі және онда – «...қазірде Мәшһүрдің Қазақ ССР Ғылым академиясы кітапхана қорында төрт том асыл дүниесі жатыр. Бұл топтамада Бұхар, Көтеш, Үмбетей, Жанақ, Марғасқа, Орынбай, Шортанбай, Түбек, Шөже, Шернияз, Абай, Сұлтанмахмұт сияқты ірі тұлғалардың мұралар бар» – делінген.

Бүгінде біздің кітапханамыздың «Сирек кітаптар мен Қолжазбалар» қорында дәл осы ғалымның «№ 2 дәптер, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің қолжазбасы. Павлодар облысы, Баянауылдан алынған деген» кирилл қарпінде жазылған қолжазба сақталған. Қолжазбада мына өлеңдер жазылған:

1. Жарты хан хикаясы

2. «Аңқау адам»

3. «Қазағым жаман болма»

4. «Жасымнан өлең еді баққан малым»

5. «Мәшһүр Жүсіптің 68 жасында сөйлегені»

6. «Мәшһүр Жүсіптің 73 жасында сөйлегені»

7. Дүние дойбының ойынына балап жазғаны

8. Момынның әйеліне шығарғаны

9. «Болмайды онан асқан маман кісі»

Қолжазбаны жинаған Сәрсенбі Дәуітұлы» деп аяқталады.

1959 жылдан бері ғана Жоғары оқу орындарында ғана оқытылып келе жатқан ақын шығармашылығы мен еңбектері жөнінде жылы лебіздер мен пікірлер айтылып келсе де, Мәшһүр Жүсіп шығармашылығының кітап болып шығу ісі мен еңбектерінің зерттеулері әлі де терең зерттеулерді және талқылауларды (тәпсірлеулерді) талап етеді.

Алдағы уақытта, қызығушылық танытып, зерттеймін я болмаса этно­графиялық тұрғыда байыпталуы керек және лайықты өз орнын алуы керек деп, таныған жанға дәйім есігіміз ашық. 

Тұтастай алғанда біз Мәшһүр Жүсіп шығармашылығын кезеңдік қана мәнге ие емес, ұлт руханиятының бүгініне де, ертеңіне де жарайтын құндылық деп тұжырымдай аламыз.

Мөлдір ТӨЛЕПБАЙҚЫЗЫ

 

906 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Иманғазы

18 Қаңтар, 2023

Керемет !!! !!! !!! !!!

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы