• Тұлға
  • 12 Қаңтар, 2023

КОРИФЕЙДIҢ КӨЗ ЖАСЫН СҮРТКЕН СҰЛУЛАР

Қали СӘРСЕНБАЙ

«Ana tili»

«ХАЛЫҚ ҚУАНЫШЫ»

 

«Әйел көп. Майра бiреу».

Бұл даңқты өнерпаздың афоризмге айналып кеткен атақты сөзi. Актердiң 85 жылдығына орай Алматы тарихи мұражайында оның тұтынған заттары, бағалы жәдiгерлер, өмiрiнiң қызықты әрi тағылымды сәттерiн қамтитын дерек пен дәйекке толы алуан материал­дарды қамтыған «Абызға айналған Асанәлi» атты көрме өттi. Сол көрмедегi дүниелердiң iшiндегi көзiме оттай басылғаны актердiң асыл жары Майраның жазған хаттары. Әлгiндегi атақты сөз сол сәт ерiксiз есiме сап ете түстi. Майра апамыз өмiрден озған соң ол осы хаттарды оқып, онымен сырласып, жан дауасын, iштiң дертiн сауықтырып, сағынышын басып алатын бiр дағды тапты. Осы бiр ұзаққа созылған сағыныш сазын бiр күнi отыра қалып, қағазға түсiре бастады.

Уақыт өте келе ол бiрнеше қалың дәптер болды. Бiрде осы бiр жағдайын жан досы Ақселеу Сейдiмбекке айтып едi, ол кiсi бiрден «Асеке-ау, мынау дайын кiтап қой» деп қатты қуанды. Содан бұл хабар Мұхтар Құл-Мұхаммедке жетiп, көпке ұзамай «Атамұра» баспасынан «Майраның әнi» деген атпен жарық көрдi. Оқырман iздеп жүрiп оқитын кiтапқа, қазiргi тiлмен айтқанда, бестселлерге айналды.

Кiсi әдетте өзiнiң ынтық көңiлiн, ыстық сезiмiн, әркiмге аша бермес жан сырын құсни хат арқылы бiлдiруi әзелден қалыптасқан тәсiл. Бұл ретте атақты адамдардың жазысқан хаттарын оқысаңыз көп жайға қанығасыз. Кейбiрi көркем дүниеге бергiсiз. Асағаңның әу баста Майраны «қаланың бiр тiкбақай қызы шығар» деп көңiлi аса қабылдамаған да сәттерi болғанға ұқсайды. Дейтұрғанмен де қабағының ашықтығы, кiсiге деген өзгеше iлтипаты тәрiздi дала қызына тән қасиеттерiнiң бiрден үмiт үздiрмегенi де рас. Оның үстiне анасы Хадиша Асекеңдi «Тоқпановтың шәкiртi екен» деп жақтырмаған кездерi де болғанын актер күнделiгiнде жасырмай жазады.

Сырт көзге бiлiне бермесе де Шәкең мен Асекеңнiң (Асқар) қарым-қатынасы да аса жарасып кете қоймаған сыңайлы. Алайда сырттай гуiлдеп жататын әңгiменiң бiрде бiрi де  екеуiнiң махаббатына кедергi бола алмады. Асағаңның өзi айтқанындай, Майраны бiр рет, екi рет биге, үшiншi мәрте кездесуге шақырып, екi жұптың көңiлi жарастық таба бастайды.

Қайран, жүрегiн  жұлып беруге дайын албырт жастық көңiл-ай! Майрамен жүрген күндерде оның бiр құрбысына ғашық болып қалып, Майраның өзiнен оған хат берiп жiберуi де бiр хикая. Сондағы хатты ашып та оқымаған Майраның адамгершiл қасиетiне куә болған Асекеңнiң оған деген сүйiспеншiлiк сезiмi бұрынғыдан да беки түседi. Бәлкiм, Майраны сынау үшiн барды ма екен бұл қадамға деп те ойлайсың. Бұл да бiр жұмбақ. Соның әсерi ме екен, Майра да оған хат жазуды бұрынғыдан бетер қарша боратты. Хат болғанда қандай! Асекеңе күн-түн дөңбекшiп, көз iлмей жазған хатына жауап күтiп, бас поштаға баратыны да бiр дас-тан. Осыбiр көңiл-күй, сағынышқа толы күндер кейiннен Тұманбай мен Ильяның «Қыз сағынышы» әнiне айналды.

Сол Майра жеңгемiз өмiрiнiң соңына дейiн Асағаңа төбесiнен құс ұшырмаған асыл, адал жар бола бiлдi. «Майраның әнi» арқылы ел есiнде одан әрмен аңыз болып қалды. «Әйел көп. Майра бiреу» деген сұңғыла сөз содан қалған.

Осынау зымыран жылдар iшiнде даңқты өнерпазға арналған ән, жыр, жарияланымдар, деректi фильмдердi есептеп, түгендеп шығу үшiн компьютердiң көмегiне де жү­гiну керек болар. Иә, оның танымалдылығында шек жоқ. Өзi де танымал Сәбит құрдасы айтқандай, қазақы қалжыңға иек артып, қара­пайым мысалмен тәпсiрлесек, «бұл итiңдi ит те қаппайды ғой, итке дейiн таниды».

Айтса айтқандай, кезiнде қазақ киносында Нұрмұхан Жантөриннен кейiнгi аса танымал тұлғаға айналған ол жөнiндегi жазбалар бiрнеше том болар едi. Соның iшiнде обьект мықты болғаннан кейiн бе, осалы жоқ. Ал ендi хаттардың жөнi мүлдем бөлек. Тек ғашықтық сезiмге емес, адамгершiлiк қағидаттарына негiзделiп жазылған хаттарды да толқымай оқу мүмкiн емес. Деректi прозаның да дарабозы, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Әзiлхан Нұршайықовтың  актердің қос перзентінен айрылып, қайғы жұтқан күндерінде жазған аңызға айналған атақты хаты да сол қатарға жататын эпистолярлық жанрдың үздік үлгісі деуге болады.

Өмiрiнiң соңғы жылдарында соғыстағы әдiлетсiздiктер туралы жазған хаттары мен күнделіктері арқылы Алаш жұртын тағы бiр мәрте жалт қаратқан қаһарман қаламгердiң қолына қалам алып, өзгеше тебiренiс күйiн кешуi жиi болатын жағдай емес. (Хаттың толық нұсқасы таяуда «Арна» баспасынан жарық көретін Асанәлі Әшімұлы туралы «Корифей» атты кітабымда толық беріледі). Өзегi өртенiп отырып «...өнердiң үздiгi, көрермен қауымның қымбаттысы, халықтың қуанышы, тарихтың тарланы ардақты Асекеңнiң басына неге түстi бұл тауқымет деп қиналдық. Қиналдық та тағдырға тосқауыл, ажалға араша жоқ қой деп iштен тындық та, тоқталдық. Тоқталмасқа не шара?!» деп жазғанындай, актер туралы бiр эссемдi мен де «Халықтың бақыты» деп атап едiм. Әйгiлi Нұршайықов «Халықтың қуанышы» дейдi. Қандай салтанатты сөз, тапқыр теңеу! Сәттi сәйкестiк, үйлесiм! Осы бiр Алаш жұртына көңiл айтқандай аса мазмұнды хаттың («сiздiң қай­ғылы кездегi қажырлығыңыздан да өзге жұрт өнеге алатындай болғай») аяулы актердi өмiр мен өнер жолын­дағы қиындықтарымен қоса, қуаныштарымен де қайта қауыштыруға зор септiгi тигенi хақ.

«АСАҒА-АУ, АЙТЫҢЫЗШЫ МЫНАЛАРҒА»

Әминаның арнауы

 

Жүктi iздеп жүресiң қайдан да ауыр,

Сен барғанда бастайды сайранды ауыл.

Қазақ деген халықтың кiм екенiн,

Сен аман жүр дүниеге жайған бауыр.

Өнер үшiн төгiлдi қара терiң,

Барған жердi белгiлi бақ етерiң.

Сен аман жүр,

Бiр сенiң амандығың

Бар халыққа бiлгейсiң бақ екенiн.

(Тұманбай Молдағалиев)

Мендей адам еместен Асан ағам,

Өмiрбақи өшпестей жасады адам.

(Иранбек Оразбаевтың «Мен iшпеген у бар ма?» спектаклiнен кейiн ырза боп айтқаны).

Құдай сүйiп жаратқан осы адамды,

Өрлеумен, өрге ұмтылып келе жатыр,

Мiсе тұтпай есiк пен босағаны,

Өнердiң мәрмәр тасын қашағаны,

Өмiрдiң өз бейнесiн жасағаны.

Жағасы жығылмай-ақ келе жатыр,

Тас атса да бiреулер тасадағы.

Өзегiнен тепкенмен өмiр талай,

Өмiрден өнерiмен өш алады.

Маңқиып маңғаз қалпы келе жатыр,

Жоқ болғандай көңiлде еш алаңы.

Халықтың тiлегенi қабыл болса,

Жамбылдың да жасынан асады әлi,

Жасай бер жампоз досым Асанәлi.

(Жүрсiн Ерман)

 

Тұлғаны тану – ұлтты тану, бардың бағасын, жоқтың қадiрiн бiлу. Ол қай жерде, қай ортада болсын төбесi көрiнгеннен төбесi көкке бiр елi жетпей қалатын жұрттың жан толқынысына сан мәрте куә болғанбыз. Жүргiзбейдi-ау, жүргiзбейдi. Елдiң қуанған сәтiн көрудiң өзi бiр ғанибет. Бұл қарапайым халықтың оған деген шексiз құрметiнiң бiр ғана сәтi. Асағаңның өзi айтқандай, оған көрерменнiң дүркiрете соққан қолшапалағын еш сөлкебай ешқашан айырбастай алмайды. Ал ендi сол тұлғаны тануда, аса дарынды адамның қыр-сырын ашуда бiз қай шамада жүрмiз?

Жоғарыда көрнекті қалам қайрат­кер­лерiнiң сөзiн тақырыпқа тұздық ретiнде пайдаландық. Дейтұрғанмен де үлкен сөз айту үшiн бәлендей белгiлi болудың да қажетi жоқ. Мысал ма, мысал баршылық. Ол үшiн актердің «Менiң жанрым – күнделiгiндегi» мына бiр жолдарды оқып алайық.

«Сiздi аналық, әйелдiк, қарын­дастық сезiммен мәңгi сүюшi – қыздар» – деп жазып жiберген екен. (4қараша, 2002 ж. сағ.18.00). Актер осы жазбаны күнделiгiне түсiрмес бұрын алдымен бiр параққа өлеңiмен қосып жазып қойыпты (суретте).

Сiз қалай ойлайсыз? Бұл бiр адамның жазғаны ма, әлде топ қыздың ой қосып отырып жазған ортақ туындысы ма? Демек ақиқат үшiн бұл әңгiменi де тарқатып айтқан жөн. Ол үшiн осы бiр тосын кездесудiң қыр-сырын, бар құпиясын ашқан мына бiр шағын эссеге назар аударыңызшы.

***

«Бiр кезде Мұқағали Мақатаевтың «Ғабеке-ау, айтыңызшы мыналарға» деп мұң шаққаны есiңiзде ме?

Сол секiлдi мен де сiзге мұң шағып, араша тiлеп отырмын.

Бәрi де тiптi ойламаған жерден болған. Сiздiң кiтаптарыңыздың бәрiн оқитын едiм. Таяуда «Менiң жанрым – күнделiк» атты кiтабыңызды бiреуден ат-түйедей қалап алдым. Сол сәтте-ақ сiмiрiп те, сiңiрiпте оқуға кiрiсiп кеттiм. Кенет, өз өлеңiм!

Кiм ойлаған... Сiздiң кiтабыңызда менiң, қарапайым ауыл мұғалiмiнiң өлеңi жүр. Қуанғаннан айғайлай берсем керек, балалар, мұғалiмдер аң-таң. Жиылып қалған...

Көз алдыма 2002 жылғы қара­шаның сол бiр сұрғылт тұманды күнi, «Самалдағы» «Инара» кафесi елестедi. Бiз №131 мектептiң бiр топ қазақ тiлi мен әдебиетi мұғалiмдерi бiр құрбымыздың туған күнiн атап өтуге барғанбыз. Бiр кезде қатардағы үстелден Сiздi көрдiк, қасыңызда Әшiрбек Сығай. Қалғанын, әрине, танымадық. Иә, Сiз. Сол Асанәлi. Таланты да, тағдыры да, талғамы да ерекше қайран әз-аға... Қалай үнсiз тамақ iшiп отыра беремiз. Дүр көтерiлiп келiп, жамырай сәлем бердiк. Көңiл айттық. Сiз сәл таңданып қалдыңыз, жалған қошеметтен запы боп қалған басыңыз елп етiп елеңдей қоймадыңыз. Сыпайы ғана рахмет айттыңыз.

Ал бiз үшiн бұл аспаннан тағдыр жұлдызы туғандай бiр сәт едi. Егер қарапайым адамның өмiрiнде кездесер жұлдызды бiр сәт болса, бұл сол едi.

Орнымызға келiп отырғаннан кейiн, жан толғанысымды баса алмай, бала кезде оқыған әлдебiр дастаннан есiмде қалған бiр жолдарды күбiрлеп қайталай берсем керек.

Еңселiгi екi елi

Егiз қоян шекелi, – ме едi, әлде басқаша ма...

Құдай-ау, бұл не? Көзiмнен жасым сорғалап тұр.

Атақты ақын болмасам да, менiң шабытты шақтарым болатынын, ондай кезде әжептәуiр дүниелер өмiрге келетiнiн бiлетiн құрбым Гауһар:

– Әмина, сенiң шабытың келiп тұр. Сен Асекеңе арнап 2-3 шумақ өлең шығаршы, қазiр барып оқып берейiк, – дедi.

– Қой. Ол кiсi бiздiң өлеңдi тыңдап отыра ма? –деймiн.

– Жоқ, керiсiнше, ол кiсi қара­пайым адамдар пiкiрiн бағалайды, – деп құрбым қоймады. Күбiрмен айттым.

Содан соң жаздым.

Еңселiгi екi елi

Егiз қоян шекелiм.

Сенен ұқты қазағың

Шын таланттың не екенiн,

Шын тағдырдың не екенiн,

Шын қайғының не екенiн,

Шын махаббат не екенiн...

Тұяғы кетiк тарланым,

Тексiздiкке бармадың.

Өтесiң-ау, өмiрден

Соңғы әнiн шырқап Майраның...

Әй, қартымыз, қартымыз,

Қарттықтан бойды тартыңыз.

Қырандай қиғаш қарасаң,

Бет қаратпас зарпыңыз.

Бұл заманда өлшем жоқ

Сыятын сiздiң нарқыңыз...

Содан соң Сiзге келдiк. Кешiрiм өтiндiк. Осы қазiр туған өлеңiмiздi оқып беруге рұқсат сұрадық. Сiз әлi сол салқын, тартымды қалыпта бас изедiңiз. Әшiрбек аға күтпеген қызыққа кездескендей жүзi нұрланып, елең етiп басын көтерiп, тыңдағысы келетiн сыңай танытты, өлең оқылды. Жылап тұрып оқыдым. Мен өлеңiм керемет болғандықтан, жылағам жоқ, Сiздей арысты аямаған тағдырға налып жыладым... Қарасам, бәрi жылап тұр. Сiз екi алақаныңызбен жүзiңiздi жауып алыпсыз. Саусақтарыңыздың арасын бойлай тарам-тарам жосылған көз жасыңыз көз алдымда қалып қойды. Сiзге тағы да қайталап көңiл айттық, маңдайыңыздан сүйiп жұбаттық. Сiз ендi ашылып жөн сұрап, әңгiмелесетiндей ыңғай берген соң, көкейiмiздегi ойларды айтып «көсiлдiк» өзiмiзше. Мен: «Қазiр сын дегеннiң мүлде жоғын, қазақ киносын ауру-сырқау, ақсақ-тоқсақ, жарлы-жақыбайлардан арылтып, дархан, серi, сұлу халық екенiн бiрiншi рет жарқ еткiзiп жаһанға көрсеткен «Қыз Жiбек» қой, шiркiн, сол қиноның актерлерiнiң асыл қырларын ашып бiреу жазбады ғой», – дегенiмде, Әшiрбек ағай маған жалт етiп қарап:

– Япыр-ау, сен сыншысың ғой, искусство (өз сөзi) адамысың ғой, – дедi.

Ал сiз кiтабыңызда «зерделi адамдар, сөздерi ғажап» депсiз (Сiз көпше түрде айтқанмен, ол жерде сөйлеген тек мен едiм).

Маған осы екi адамның, Әшiрбек аға мен сiздiң екi ауыз сөзiңiзден артық сый, одан өткен баға бар ма?

Тiптi өкiметтен орден алғандай болдым.

Мiне, бары осы. Ғұмырға бергiсiз қас-қағым сәт өттi, кеттi. Бiрақ, кiтабыңызға енер деп ойлаппын ба?

Сiз «өлеңiңдi жазып бере ғой» дегенде, атымды жазуға ұялғанмын. Бейне бiр атым елеулi адамша несiне жазамын деп. «Қыздар» деп жаза салып едiм.

Ендi, мiне, қуанышым қойныма сыймай, «Мынау менiң өлеңiм», – десем, бiреулер күле қарайды, бiреулер «Байғұс-ау, мақтанғанның да жөнi бар емес пе», – деп мүсiркей қарайды. Тек өз ортам, отбасым,сол күнi қасымда болған 7-8 адам ғана сенер. Мен сенбегендерге ыза болам, өмiрдiң мыңнан бiр мезетiндей осы бiр титтей бақытты маған қимай ма?.. Әлде қарапайым адамның талантқа табынуға хақы жоқ па?!.

Асаға, алшаңдай бас халқым бар деп.

Халқым болса, өлшенбес нарқым бар деп.

Асаға-ау, айтыңызшы мыналарға

Қоқыста да бiр түйiр алтын бар деп».

***

«Асаға-ау, айтыңызшы мына­ларға» атты жазбаның авторы, қара­пайым ауыл мұғалимасы Әмина Құрманғалиқызы (суретте) екенiн көп жыл өткен соң барып бiлдiк. Бұл оқырман үшiн де бiр тосын сыйдай болды. Бұл кiсi Алматы облысы, Іле ауданы, Көкқайнар ауылында тұрды. Қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi. Бiздiң бiлуiмiзше, араға ұзақ жылдар салып, әдеби сынға оралған ол өндiрiп жұмыс iстедi. Қара сөздiң қаймағын сыпырған Әмина көркем эсселерiмен оқырман назарын аударып, айрықша баурады. Өкiнiшке қарай шығармашылық қуаты ендi толысып, шабыт пырағына мiнген ол тәж тажалдың құрбаны болды. Әмина жазу мәдениетiн терең игерген, өзiндiк көзқарасы, ұстанымы бар, әдеби тартыс-та бiлiм-бiлiгiмен, парасат пайымымен топ жарып келе жатқан, өзi айтқандай «бiр түйiр алтын» едi. Әп сәтте суырып салған мына бiр өлеңi де бiр түйiр алтын емес пе?! Жалпы поэзияның бiр арынды, асау арнасын арнау өлеңдер құрайтыны белгiлi. Анасына, туған жерге т.б. өлең арнамаған ақын болмаса керек. Жеке тұлғаларға арналған классикалық үлгiлер де аз емес. Мәселен, Қадыр, Тұманбай, Мұқағали, Темiрхан, Жүрсiндерде арнаудың алуан, алапат түрi бар. Соның iшiнде ұлы өнерпазға арналып ауыз әдебиетiнiң үздiк үрдiсiмен, ұлы сарынымен жазылған осы бiр жазба маған ешкiмге ұқсамайтын бөлек бiтiмiмен ерек көрiнiп, оқыған сайын жалы биiктеп, нұрға малындырып бара жатады. Көз алдыңнан корифейдiң көз жасын сүрткен сұлулар кетпей тұрып алады.

1308 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы