• Әдебиет
  • 12 Қаңтар, 2023

ТАБЫН ЭКСПЕДИЦИЯСЫ

КСРО және Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы, Қазақ КСР Денсаулық сақтау халық комиссары, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі, Кеңес-Үнді достығы қоғамының қазақ бөлімшесін ұйымдастырушылардың бірі, белгілі ғылым және қоғам қайраткері И.Қарағұлов ғұмырнамасына қызығушылық жарты ғасырдай бұрын басталған еді. 1967 жылы аудандық газеттің алты нөмірінде үзбей жарияланған алғашқы материалыма Ишанбай аға жылы ықылас білдірді. Бұл тақырыпқа ауық-ауық оралып отырдым. Олар «Түлеген Ойыл өңірі», «Ойыл» атты кітаптарымда және республикалық газеттерде  жарық көрді. Алғашқы кездесуден кейін соншама жыл өтсе де, ағаның әдемі жымиып, арғы-бергі тарихты әзіл-қалжыңмен сусындата отырып айтатын әңгімесі есімнен кетпейді... 

Жұмысшы асханасы. Асхана іші ығы-жығы, гу-гу. Өйткені түс кезі. Дені жастар. Біреу иығынан түртті. Бұрылса – Хамза. Көздері күлім қағады.

– Сені Левон шақырады.

– Левон, қай Левон?

– Левон көп пе еді, Левон Мирзоян.             

Ишанбай  досының көздеріне қадала қарады. Сол күлімсіреген күйі. Әзіл-қалжыңға көп араласпайтын, турасын айтып, қарап тұратын досының қуаң жүзі кәдімгідей алаурап тұр. Шамасы, іште бір көңіл толқыны бар.

– Ректорға бір шаруамен барған едім,… мені көріп, қуанып кетті. «Ишанбайды тез тап, бірінші хатшы іздеп жатыр» деді. Жүр, кеттік.

Өзін барынша еркін, еңселі ұстауға тырысатын Ишанбай бұл жолы жүрегі атқақтай соғып, бас поштамен іргелес үш қабат, еңселі ғимараттың есігін қолдары сәл дірілдей ашты. Атағы дырдай институтты күні кеше ғана бітірген жігітті алда не күтіп тұрғаны белгісіз.

«Тоқта, тоқта, жігітім, қайда барасың?» деп жете бере қолына жармасқан сілеусін көзді, сұп-сұр жігіттің шалт қимылынан үстіне мұздай су құйылғандай, тұла бойы кілт сіресті де қалды.

– Левон Мирзоянға, бірінші хатшыға, – деді бүкіл батылдығын бойына жиып.

– Кім боласыз?

– Ишанбай Қарағұлов.

Қолындағы қағазына шұқшиған жігіттің сұп-сұр жүзіне лезде қан ойнап шыға келді.

– Жүріңіз, хатшының алдында күтесіз, – деді түк болмағандай байсалдылықпен.

Атағы үлкен тұлғаның мысы басып, арқасының жыбырынан әбден мазасы кеткен жігітті Мирзоян ұзақ күттірді.

– Кіріңіз, хатшы босады, – деп сыпайы жымиған бота көз қыздың ақ мақтадай үлбіреген жүзі «аппақ қарға қан тамар, қанды көр де, бетім көр» дейтін Ақжүніс қарсы алдынан шыға келгендей, сезімшіл жігітті тыпыр еткізбей, сілейтті де тастады.

– Кіріңіз, уақыт алмаңыз, – деп бота көз қыз тағы да сыпайы күлімсіреді.

«Қандай әдемі сурет …, көзден бұл-бұл ұшты-ау!». Хатшының алдына барғанша, басқа ойды жолатпаған әсершіл сезімнен босамады. «Қош келдіңіз, жас жігіт. Төрлетіңіз» деп бармақ басты мұрты тебінді ернімен бірге жыбырлап, бұған ұрлана қадалған қысық көзді «құдыретті» адамға қолын әрі қымсына, әрі ықылассыз ұсынды.

– Уақыт талабын түсінерсіз деп ойлаймын, – деді баппен армян басшы. – Әрине, түсінесіз. Сіздің батыл және уақыт талабына толық сай келетін көзқарасыңызды неге құптамасқа.

Өз сұрағына өзі жауап беріп алды да, хатшы шақырудың себебін баппен талдауға кірісті.

«Ақжүніс, тура Ақжүніс, неткен сұлулық … пай, пай, қазақтың арулары-ай! Ер Тарғыны қайда жүр екен?» деп іштей алабұртқан ойымен алысып отырған жігіт, Қасаболатовтың есімі аталғанда, денесіне суық темір басылғандай, дір етті.

– Сіздің Қасаболатов сияқты тіс қаққан саясаткермен айтысыңызды мұқият қадағалап отырдық. Қоғамға Сіз сияқты Отанын шексіз сүйетін және оның мүддесі үшін күресе білетін жас толқын ауадай қажет.

Қасаболатовқа халық жауы ретінде қоңырау тағылғаны жайлы ештеңе айтпады. Шамасы, уақыт таразысындағы денені шиқандай сыздататын тақырыпты одан әрі қозғаса, саяси аумалы-төкпелі ахуалды алдындағы албырт жас қалай қабылдайды деп  сескенсе керек. Қазір саясатты кез келген жерге тықпалай беруге болмайды. Әркім, тек өзіне ғана тапсырылған іспен шұғылдануы керек. Институт қабырғасынан күні кеше ғана шыққан, бір екі ай бұрынғы студентке тіс қаққан қайраткерлер ғана атқара алатын жауапты істі бекер жүктеп отырған жоқ. Одан әріні қозғаса, сенімге қылау түсуі мүмкін.

– Ишанбай Каракулович, – деді хатшы байыпты, байсалды үнмен. Өмір қалтарыстарындағы қақтығыстарға әлі толық араласып үлгермеген жас толқын өкілімен емес, соның жілігін шағып, майын ішкен тісқаққандармен ақылдасып отырғандай, жүзіне де сабыр-салқынын жиып алды. – Өңірлерге он экспедиция (кейбір деректерде он екі – С.Б.) шығарғалы отырмыз. Кадр тапшылығына байланыс-ты, экспедиция жұмысына сырттан, атап айтқанда Мәскеуден, Украинадан, басқа да республикалардан білікті дәрігерлер мен ғалымдарды шақырдық. Бірақ экспедицияны өз кадрларымыз басқаруы керек. Сол он экспедицияның біреуін басқаруды Сізге жүктемекпіз. Уақыт  тапшы, әртүрлі ұйымдастыру жұмыстарын ширақ аяқтағаннан кейін, екі-үш күндікте жолға шығасыздар.

Қазақ Халық Комиссарлары кеңе­сінің 1937 жылғы 7 маусымдағы 289 нөмірлі бұйрығымен Ишанбай Қарағұлов Қазақ Денсаулық сақтау Халық комисса­риатының Ақтөбе облысының Табын ауданы бойынша ұйымдастырылған ем-дом экспедициясының басшысы болып тағайындалды. Енді іс керек. Жоғарғы биліктің қаулысымен іле-шала, яғни екі күннен соң, тоғызыншы маусымда экспедиция басшысы И.Қарағұлов та өзінің алғашқы бұйрығына қол қойды. Дәрігерлер С.Маров, М.Глинка, М.Проскурин алдын ала бірінші мау­сымнан, дәрігерлер В.Бергман мен З.Наурызғалиев тоғызыншы маусымнан, дәрігерлер А.В.Ильченко мен Н.М.Бизин оныншы маусымнан бастап қызметке қабылданды. Экспедиция басшысы И.Қарағұловқа  1 800, дәрігерлерге бөліп, жармастан 1 500 сомнан айлық жалақы белгіленді. Фельдшерлік тәжірибесі ескеріліп және Алматы қалалық венерология диспансерінің ұсынысымен Ермоленко 10-маусымда медбикелік қызметке алынды. Оған 230 сом айлық жалақы және соған қоса ай сайын 200 сомнан іссапар ақысы төленді. Ал сол күні акушерлік жұмысқа қабылданған Хисамутдиновқа, сегіз жылдық кәсіби тәжірибесі ескеріліп және отадан кейінгі ем-дом, тазалық жұмыстары қоса жүктеліп, оған Ермоленкодан сәл жоғары, яғни 300 сом айлық жалақы мен 200 сом айлық іссапар ақысы берілді.

Бұйрықтың алтыншы параграфында көрсетілгендей, медбикелікке облыс орталығындағы медицина техникумынан екі оқушыны арнаулы ұсыныспен жұмысқа шақыруға, дәрігерлердің көпшілігі басқа ұлт өкілдері болғандықтан, арадағы диалогтың қиындығына байланысты қаражат шығарып, қосымша қызметіне айына 150 сом ақы төленіп, орыс тілін білетін арнаулы аудармашы жалдауға мұқтаждық, біріншіден аталған өңірдің медициналық көмекке қаншалықты зәрулігін, екіншіден экспедиция  сол мұқтаждықты өтеуге қаншалықты қабілетті екенін көрсетсе керек. Тіпті жұмысы бастан асып жатқан экспедицияға, жанама қызметті де, тікелей міндетіне кірмейтін, атап айтқанда ауданның денсаулық сақтау саласын уақытша тікелей басқару жауапкершілігі де жүктелді. Өйткені, ауданда бұл саланы сол жылы ғана Қостанай фельдшерлік техникумын бітірген өрімдей жас жігіт басқаратын, қанша тырысқанмен тәжірибенің жоқтығы, саланың күрделі проблемалары жастық жігермен кедергіні бұзып шығуына мүмкіндік бермеді. Аудан басшылығы экспедиция жетекшісі И.Қарақұловтан саланы уақытша басқаруды жазбаша түрде өтінді. Ал ол бас тарта алмады. Л.Мирзоянның: «Кадр тапшылығына байланысты, экспедиция жұмысына сырттан, атап айтқанда Мәскеуден, Украинадан, басқа да республикалардан білікті дәрігерлер мен ғалымдарды шақырдық» деуі рас-ты. Рас болғанмен, толып жатқан кереғар көзқарастарымен не өлім, не өмір үшін  жасырын да жария айқасқа түскен күштердің нәубетіне ұшыраған кеңестік қоғамның өз проблемалары бастан асып жатқан-ды. Республиканың Денсаулық сақтау халық комиссариатының  Қызылорда фельдшерлік акушерлік мектебінің директорына жөнелткен жеделхатынан кері жауап болмады. Жеделхатта: «Мемлекеттік емтихандар аяқталысымен 1937 жылғы түлектер немесе жергілікті жердегі ұлттық тілді жетік білетін мамандар арасынан екі фельдшер 1937 жылғы 1 қазанға дейін Ақтөбе облысының Табын ауданына, Табын кешенді ем-дом экспедициясы басшысының жеке қарауына жіберілсін. Айына 450 сомнан ақы төленсін. Экспедицияның жұмысы аяқталғаннан кейін ол жолдастар, аудандар бойынша бөлшектеу тәртібіне сәйкес, өздерінің бұрынғы тұрғылықты жерлеріне қайтарылуы тиіс. Экспедиция жұмысы аяқталысымен оларды қандай аудандарға және емдеу нүктелеріне іссапарға жіберуі тиіс екенін алдын ала білуі үшін  Табын экспедициясының басшысы И.Қарақұловқа жағдай толық хабарлансын.Экспедиция басшысының экспедиция жұмысына тартылатын болашақ фельдшерлерді тездетіп дайын­дау тұрғысынан заңды көмек көрсету мүмкіндігі жайлы пікірін білу керек».

Қазақ Денсаулық сақтау Халық комиссарының орынбасары Сниткин».

Ауданға келісімен экспедиция мүшелерін екі топқа бөлді. Бір тобын аудан орталығына қалдырды. Ол топ орталықта, ауруханада  жатқандарға дәрігерлік қызмет көрсетіп, емханаларда сырқаттарды қабылдауға, тиісті дәрігерлік кеңестер жүргізуге міндетті. Ал екінші топ орталықтан тыс, шалғай елдімекендерді аралап, күні-түн сонда медициналық көмектің басы-қасында болуы тиіс.

Бір жағынан Қарақалпақ Республикасымен, екінші жағынан Гурьев округімен, қазіргі Атырау облысымен, сондай-ақ Ақтөбе облысының Ойыл, Шалқар, Темір аудандарымен шектесетін, етек-жеңі жайылған дархан далада тіршілік етіп жатқан халықтың әлеуметтік жағдайы, ашығын айтқанда онша оңып тұрған жоқ-ты. Қалай оңады, негізінен мал шаруашылығымен айналысатын табындықтар сол мал қамымен, өріс іздеп, шашылып жатыр. Ауданда он бес ауылдық кеңес бар, онда шамамен  он бір, он екі  мың адам тіршілік етеді. Әр ауылдық кеңес аумағында үштен беске дейін серіктестік құрылған, әр серіктестік өз аумағындағы жерді үш-төрт бөлікке бөліп алып, көшеді де жүреді. Егер солардың басын қоссаң, ауданда мұндай көшпелі нүктелер жүз жиырмадан жүз елуге жетіп жығылады. Сондай-ақ әр нүктеде шамамен отыздан жүз елуге дейін адам тұратынын ескерсек, әр ауылдық кеңес аумағында солардың бәрін аралап, жәй ыңқыл-сыңқыл түгелі, төсек тартып жатқандардың өзін түгендеп, емдеудің өзі қиямет қиын екені сөзсіз. Алайда экспедиция сол қиындықтарды еңсеру үшін ұйымдастырылған соң, күн қатып, түн қатып еңбек етуден басқа жол жоқ. Әлде жастық романтиканың, әлде жағдайды дұрыс бағалай білмеудің әсері, әйтеуір И.Қарақұлов жоспар құрғанда, экспедицияға бөлінген үш жарым айдың ішінде жаңағыдай кең аумақтағы халықтың сексен пайызын қабылдап, оларға тиісті медициналық көмек көрсетуді көздеді.

Орталығында он бес кереуеттік қана жалғыз ауруханасы бар, онда жақында ғана сырттан оқу бітіріп келген Көздібаев есімді бір ғана дәрігер, фельдшер, екінші фельдшер Доңызтауда, акушер және жалғыз ғана медбике ғана жұмыс істейтін ауданға бұл, әрине, үлкен көмек болар еді. Дегенмен, ниет – ниет, ал нәтиже – нәтиже.Ниет, мақсат жаңағыдай болғанда, нәтижесі қандай еді. Қыркүйектің соңы мен қарашаның басында Алматыға оралған экспедицияның тындырған ісі жайлы, Табын аудандық атқару комитеті төралқасының он тоғызыншы қыркүйектегі қаулысында былай деп жазылды: «Экспедиция мүшелері ауылдарды аралап, 8 341 адамды қабылдады, 7 963 сырқаттың диаг-нозын анықтап, оның 342-сін ауруханаға жатқызып емдеді, 111 адамға операция жасалды, оның бәрі түгелдей сәтті аяқталды, экспедиция мамандарының көмегімен 14 жүкті ана аман-есен босанып, өмірге 14 сәби келді.

Экспедиция, әсіресе, ауданда сол кезде асқынып тұрған тері-тамыр ауруларына шалдыққан сырқаттарға айрықша назар аударды, ана мен бала денсаулығына қатысты емдік және кең көлемді кеңестік қызмет көрсетті.

Аудан орталығы Жарқамысқа көршілес Жылой, Ойыл, Темір аудандарынан да ем-дом іздеп, сырқаттар ағылды. Тіпті, уақыт, мамандар тапшылығына қарамастан, эспедиция тарапынан оларға ауық-ауық жылжымалы дәрігерлік көмек ұйымдастырылды. Аз уақыт ішінде, осындай қыруар  іс тындырған экспедиция мүшелеріне, экспедиция басшысы И.Қарағұловқа ерекше алғыс білдіреміз».

Жүректен шыққан шынайы ықылас. Көңіл марқайтады. Сонымен бірге, мұндай ықыласқа бөлену үшін дәрігерлік шағын топтың қысқа уақытта қандай тұрмыстық қиындықтарды бастан кешіргенін де еріксіз көз алдыңа келтіресіз. Дәрігер С.Маров Киевте қалған әйеліне жолдаған хатында: «... төрт ай болғанымда не нан, не жарманы, не қантты көргенім жоқ» деп шағынды.

Сергей Федорович Маров, Л.Мирзоян айтқан Мәскеуден, Украинадан тағы басқа республикалардан тартылған мамандардың бірі, 1904 жылы туған. 1928 жылы Аштархан медицина институтын бітірген, терапевт дәрігер. 1937 жылғы 28 мамырда экспедиция жұмысына қатысу үшін Алматыға арнайы шақырумен келді. Киев қаласында тұрады, сондағы клиникалық медицина институтында қызмет атқарады. Әмбебап дәрігер, жылжымалы медициналық бригаданың бригадирі ретінде уақытының сексен пайызын ауылдарда өткізді. Қалған уақытында аудан орталығындағы ауруханада сырқаттарды қабылдады, дәрігерлік кеңестер жүргізді.

Александр Владимирович Ильченко. Отыз жеті жаста. 1928 жылы Том мемлекеттік университетінің медицина факультетін тәмамдаған. Тоғыз жыл, төрт айлық дәрігерлік тәжірибе жинақтаған, оның жеті жылында таза көз дәрігері қызметінде болды. Молотов атындағы Қазақ бас  мемлекеттік клиникасында және Алматы қаласындағы өлкелік көз институтында қызмет етті. Қазақ Денсаулық сақтау халық комиссариатының 1937 жылғы 9 сәуірдегі 5 нөмірлі бұйрығымен болашақ Табын экспедициясының құрамына көз дәрігері болып тағайындалды. Экспедициядағы М.Проскурин, В.Бергман, З.Наурызғалиев, Н.М.Бизин де осындай сараптаудан өткен білікті мамандар. Табын аудандық атқару комитетінің жоғарыда аталған қаулысында айтылғандай, мұндай тәжірибелі мамандардың қызметіне сүйсіну әбден орынды. Дей тұрғанмен, тұрмыс ауыртпалығы, отбасынан алыстағы сағынышты көңіл-күй өз дегеніне көндірмей қоя ма, Киевтегі әйеліне шағымды жолдар жазған Сергей Федорович Маровтың өзі де, пенделік әлсіздіктен ада емес-ті. Алыстағы елді мекендерге барудан әлденеше рет бас тартты. Соңғы айларда, дәрігерлер арасындағы аштық жайлы қаңқу сөздер таратты, ауруханада өзіне бекітілген сырқаттарға екі тәулік бойы ем тағайындамай қойды, сырқат парақтарын толтырмай, салғырттыққа бой ұрды. Ал оташы дәрігер М.Глинко белгіленген жалақыға разы болмай жазбаша шағым түсірді, сөйтіп мамандар, әсіресе, медбикелер арасында кәдімгідей толқу туғызды. М.Глинконың институт қабырғасында берген кәсіби антына әділетсіздік жасағаны сонша, жұқпалы ауруға ота жасау кезінде морфийдің бір пайыздық мөлшерін он пайызға дейін көтеріп жіберді. Онсыз да ауыр тұрмыстық жағдайда жұмыс істейтін экспедицияға тірек боларлық дәрігерлердің мұндай іріткі әрекеттеріне жас басшы шыдамады. Ұйымда қалыптаса бастаған өзара түсіністік ахуал сондай күрделі күндерде қандай ықпалды күш екенін көрсетті, жиналыстағы намыс қайраған жолдастық өткір сын діттеген жеріне жетті, тек экспедиция үшін ғана емес, дәрігерлік көмекке аса зәру аудан тұрғындары үшін де жүрекке кәдімгідей салмақ түсіретін кеселдің жолы кесілді.

О, о, кеселдің қайдан дерің бар ма? Тіпті қанша құшақ жайып қарсы алды дегенмен, аудандық, одан әрі облыстық кейбір тиісті мекеме басшыларының бюрократтық дертке шалдығуы да экспедиция басшысына аз тоқпақ болған жоқ. И.Қарағұлов күнделігінде Табын аудандық  атқару комитетінің арнайы қаулы қабылдауына себепші болған осындай бір дөрекі әрекет жайлы ашына жазыпты. Күн, түн демей еңбек етіп, сырқаттанған балалардың тізімін жасап, рентгенге түсіру үшін облыс орталығына жіберілген оларды ешқандай дәрігерлік бақылаудан өткізбей үш жүз-төрт жүз шақырым жердегі ауданға кері қайтару не деген сұмдық?! Көліктің қайбір жетісіп тұрған кезі, ұзақ жолдағы азап өз алдына, ондағылар Жарқамыста арнаулы рентген аппаратының жоқ екенін де жақсы біледі. Ауру қысқан балаларды тағдыр тәлкегіне салудың бұдан асқан бюрократтық көрінісін көргендер бар ма?! Көрмесе көру керек. И.Қарағұлов бастан асқан шаруалардың бәрін жиып қойып, сол үшін аудандық атқару комитетінің қаражатымен Ақтөбе қаласына амалсыз іссапарға шықты.

Бір  экспедиция, жас маман, жас басшы үшін шыдап, ширығуды талап ететін бір әлем. Бір-бірімен қайшыласқан сәттілік пен сәтсіздік әлемі, тұп-тура – өмір мектебі. Л.Мирзояннан шыққан күні-ақ сезімтал, қызба жігіттің ойы болашақ экспедицияның болашақ қызметін шарлап кетіп еді-ау! Жауапты тапсырманың мақсат-мүддесін өзінше саралап,оны ойдағыдай орындаудың өзіндік жолдарын белгілеген күнделік дәптерінде  экспедицияның қамшының сабындай қысқа  уақытын үш кезеңге бөліпті.

Бірінші кезеңде экспедиция құрамы, ең алдымен Алматының, Қызылорданың, аудан орталығы – Жарқамыстың тиісті мамандарымен – дәрігерлерімен, медбикелерімен толық жарақталуы тиіс. Орталықтың, жергілікті биліктің көмегімен ол сол кездің мүмкіндіктеріне орай, жартылай болса да, орындалды.

Екінші кезең, аудан халқы түгелдей дерлік дәрігерлік тексерістен өткізілуі қажет, оларды тікелей ауруханада емдеудің тиімді жолдары іздестіріліп, олай істеу мүмкін болмаған жағдайда, басқа да жолдары қарастырылуы қажет. Ал жағдай ойлағаннан әлдеқайда күрделі болып шықты. Елді мекендері Жарқамыстан жүз елу – екі жүз елу шақырым жерде орналасқан (Мысалы, Шошқакөл, Доңызтау, сегізінші ауыл, он төртінші ауыл және басқалары), ең жақыны деп есептелетін Жұрын теміржол станция-сы екі жүз қырық, ал Ақтөбе қаласы үш жүз елу шақырымдағы аудан халқын негізінен ат, түйе, өгіз жегілген көлікпен аралап, дәрігерлік көмек көрсету қандай да болсын романтикалық жігердің өзін шайқалтып жіберуі сөзсіз-ді. Оған экспедиция құрамындағы кейбір мамандардың уақытша қиындыққа төзбей, сыр берген мінез-құлықтарын қосыңыз. Дегенмен экспедиция жұмысы аяқталғаннан кейін, орталыққа берілген жұмыс қорытындысы жайлы арнаулы есепте экспедиция мамандарының ауыл тұрғындарының сексен пайызын дәрігерлік тексеруден өткізгені, жайлы айтылады. Қалай болғанда да, «аштықта жеген тамақтың дәмі ауыздан кетпейді» деген әріден келе жатқан сөз бар емес пе, қысылтаяң шақтағы қиындықпен айқаса жүріп атқарылған мұндай қызметтің басқа кездегі қиындықпен атқарылған қызметтен сәл де болса қадірлі екені екінің біріне белгілі. Жә, ауыртпалық аз емес, бәрін бірдей тізбелей беру оқырманға да сыни салмақ, алайда айтылмаса сөз өледі, бас тіреп барғанда, сырқатты қабылдайтын басты тірек аудан орталығындағы жалғыз аурухана бар болғаны он беске жетер-жетпес сырқатты ғана қабылдай алады. Амал жоқ, аурухана ауласында аннан-мұннан сұрастырылып, киіз үйлер тігілді. Жедел жәрдем құрақ қалқаларда көрсетілді. Орталықтағы аурухана он бес адамды емес, тоқсан адамды қабылдап, тұрақты емдей алатын күйге жетті.

Үшінші кезең, диагноз қойылған ауруларды емдеу орындарына орналастырып, оларды алыс елді мекендерден аудан орталығына жеткізуді ұйымдастыруды, бастауыш, орта мектептерді тізімдеп, оқушыларды түгелдей дерлік дәрігерлік тексеруден өткізуді қамтыды. Жұқпалы ауру ошақтарын дереу анықтап, оның жайылып кетпеуін бақылау, бақылап қана қоймай, дәрігерлік қалқан тұрғызу қажет. Мұндай қауіппен кез келген сәтте бетпе-бет келу мүмкін-ді. Келгендеріне ай, ай жарым өтті ме, жоқ па, дәлірегі шілде айының ортасында экспедиция басшысына нақ осындай суыт хабар жетті. Сағыз өзенінің бойындағы жағасы жайлау жайлы алқапта орналасқан Егіндібұлақ ауылында жиырма шақты адам бір мезгілде белгісіз сырқатқа ұшырапты. Жылжымалы бригада бағытты дереу Егіндібұлаққа бұрды. Зертханадағы тексеру қайталама сүзек ауруының асқынғанын анықтады. Сырқаттарға ем-дом жасау шараларымен бір мезгілде Егіндібұлақ, сонымен бірге онымен іргелес елді мекен тұрғындарының да денсаулығы қатаң бақылауға алынды. Экспедицияның бес бірдей дәрігері дереу іссапарға аттандырылды, олар жергілікті мамандармен қоян-қолтық араласып, тек адамдарды ғана емес үй жануарларын, мекен-жайларды, топырақ беттерін жұқпалы бактериялардан мүмкіндігінше толық тазартуға күш салды. Нәтижесінде, қауіпті ошақтағы алаң көңіл-күй сейілді, сырқаттардың бәрі дертінен толықтай айықты.

Тері, қан тамыры ауруларының асқынуына байланысты экспедиция басшысының 30-шілдедегі бұйрығымен дәрігер С.Маров бірінші қыркүйекте  Доңызтауға келді. Салыстырмалы түрде, басқа елді мекендерге қарағанда, сенетіні жалғыз фельдшер болса да, мұнда дәрігерлік пункттің жағдайы алқам-шүкір болатын. Доңызтаудан басқа бір де бір елді мекенде, оның ішінде аудан орталығындағы жалғыз аурухананың жанында да, монша жоқ, санитариялық жағдай сын көтермейді. Ол ол ма, осы Доңызтаудың өзінде тері, қан тамыры ауруларының белең алуы аудандағы денсаулық сақтау саласының қаншалықты күрделі екенін тағы да айқын көрсетсе керек. Эспедиция басшысының бұйрығы негізінде, С.Маров тері ауруына ұшырағандарды дені сау адамдардан алшақтату мақсатымен, арнайы ағаш үйлер тіктірді. Емді сонда бастады. Ертесіне қолдағы азын-аулақ медициналық құрал-жабдықтарын буып-түйіп М.Проскурин де жетті.

Жалпы экспедиция жұмыс істеген кезеңде экспедиция мүшелері ауруханада тұрақты ем қабылдаған 342 адамның үшеуінің ғана өмірін сақтап қала алмады.  Сол кездегі жағдай бойынша, әр сырқатты емдеудің өзіндік құны шамамен үш сом сексен бес тиын деңгейінде болған кезеңде бұл, мамандардың пайымдауынша, тіпті де жаман көрсеткіш емес-ті.

Төртінші кезең, атқарылған жұмыстың кейін нәтижелі жалғасуы үшін қажетті шаралардың ұзын жобасын жасалды. Материалдық-техникалық қиындықтар қолды күрмегендіктен, басты күш өздеріне тікелей байланысты рухани, ақыл-кеңестік шараларға жұмылдырылды. Ата-аналар арасында конкурс ұйымдастырылып, мәдени-тұрмыстық эталондарға, балаларын тазалыққа, санитариялық жинақылыққа тәрбиелеу бойынша үш санатты он сыйлық белгіленді. Бұған ауданның денсаулық сақтау, халыққа білім беру бөлімдері қорларынан 1 700 сом көлемінде қаражат бөлінді. Жергілікті медицина қызметкерлерінің білімін көтеру мақсатында медбикелерді оқытатын арнаулы курс ашылып, оларға жеке-жеке білікті, тәжірибелі мамандар бекітілді. Сырттан келген орыс тілді дәрігерлерді қазақ тіліне үйрету ісі де назардан тыс қалған жоқ. Қағаздағы және нақты істегі игі шаралардың үйлесіммен бір ізге түсуі үшін дәрігерлер арасында айына екі рет, ал экспедиция мүшелерімен айына кемінде бір рет жалпы жиналыс өткізу көзделді.

Экспедицияның ауданға келуі де, ауданнан кетуі де салтанатты жағдайда ұйымдастырылды. Қызығы да, шыжығы да жетіп артылатын күндердің аласапыранымен жүргенде байқамапты, желкесінен ауыр жүк түскендей, қоштасар сағаты соққанда Ишанбай туған жерін сағынғанын сезді. Ырдуан арбаларға тиелген жетім балалармен бірге Ақтөбе қаласына жолға шыққан сол сапардан бері де он жылдан астам уақыт өте шығыпты-ау! Қайран ана, қайран әке жатыр ма екенсіңдер, ащы Ойылдың кермек жусанын жамылып. Біресе Теке, біресе Орынбор, біресе Алматыны кезіп, енді міне, Қарағұлдың сары баласы экспедиция бастап келмесе Табын ауданының халқына шешек шығатындай, дәрі-дәрмектің ащы исін құныға жұтып, құдай салды, біз көндік деп күндіз-түні мігір таппай шапқылап жүргені мынау! Және жүрек түкпірінен әлдебір сезім шымыр еткендей болды. Жігіттік намыс қалғымапты. Татар қызының бота көзі мөлдіреп, қимай қоштасқан, аққұба жүзі қызара балбырап, қол бұлғап қала берген сағынышты бейнесі жүректі жұлқып, сезімді астан-кестен қылды да жіберді. Сүйеді екен-ау! Алғашқы махаббаттың азабы осындай болар ма?! Екі жыл, ылғи да осылай, әсіресе шаршаған, жалғыз қалған сәттерде теңіз астынан шыға келген су перісіндей жалт етіп көрінеді де, мұңға малып, тереңге қайтадан батады да кетеді. Алматының сері, сергек жігіттерін ертіп алып, Текеге құдалыққа барғаны, шалқып барып, толқып қайтқаны ... ол да бір дерт, қанша қусаң да, айналсоқтап, санаңда шырқ айналып, тұрып алады. Қумағанда қайтеді?! Байлыққа кеуіп, піскен кулак әйелінің, кірпігі тікірейіп, «енді детдоммен құда болмақшы екенбіз ғой» деп кергігенін ұмыту мүмкін бе?! «Детдоммен құда болмақшы екенбіз ғой ...!». Одан да үн-түнсіз шыбыртқымен тартып жібергені дұрыс еді. Қызын кім зорлап әкетеді, баяғы заман емес ... жалшының баласы екені рас, бірақ өмір бойы жалшы боламын деп келіп пе өмірге! Қош Мария, қош сүйіктім менің! Ишанбай темір төсегін сықыр еткізіп аунап түсті. Зиялы замандастарына ұқсап, татардан әйел алмаса, қатардан қала ма екен, құдайға шүкір, бұйырғанын татып жүріп жатыр. Сол сәт, Л.Мирзоянның қабылдау бөлмесіндегі арудың сұлу бейнесі «аппақ қарға қан тамар, қанды көр де, бетім көр» деп сыбырлап, көз алдына көлбеңдеп тұра қалды. «Ақжүніс, тура Ақжүніс, нет-кен сұлулық … Ер Тарғыны қайда жүр екен?»деп еді-ау сонда. Шынында, Ер Тарғыны қайда жүр екен? «Мүмкін мен шығармын» деп жымия күлімсіреп, Ишанбай тағы да екінші жағына аунап түсті.

Экспедиция мүшелерін Алматыға шығарып  салып, Ишанбай ертесіне  туған жеріне, Ойылға беттеді.

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

1647 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы