• Cұхбаттар
  • 12 Қаңтар, 2023

Тәттігүл ҚАРТАЕВА, этнограф-ғалым: СЫР МЕН АРАЛ: АЙМАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ БАР

Тәттігүл Қартаеваның өңірлер­дегі этнографиялық сапарына қатысты суретті, танымдық жазбаларын желіден қызыға бақылаймыз. Қазір қала мен қала арасы тұрмақ, құрлық пен құрлық арасы жақындап, бірінен екіншісіне жылдам барып, кедергісіз аралай аласыз дегенімізбен, кез келген елдің, сол елдің әрбір өңірінің салт-санасы, ұстанымы, дүниетанымы жекелей зерттеліп, ғалымдар тарапынан сол ерекшелік көрсетілген тұста көзбен көріп жүрген мен ғылыми талдау арқылы көпшілікке ұсынылған дүниенің алар орны айырықша екенін байқайсыз. Біртұтас Қазақстанның әр өңірі ерекше зерттеу нысанына айналмаса, біз үшін «күні кеше ғана» болып саналатын ХХ ғасыр естеліктері де құмға көміліп, топырақ астында қалып жоғалмаса екен дейтініміз де сондықтан. Міне, бүгінгі сұхбатта этнограф Сыр бойы мен Арал өңірінің әрбір этнографиялық ерекшелігін зерделеп, ғылыми сараптама жасап, түйген ойының бір парасын бөліседі. Сонымен Сыр мен Аралдың этнографиялық әңгімелері қандай?

– Қазақстандағы этнография ғылымының негізгі мәселелері қандай? Қазір бұл ғылым саласында жас ғалымдар қандай тың зерттеулермен айналысып жүр?

– Этнография ғылымы теориялық зерттеумен қатар, практикалық, яғни далалық экспедициялық зерттеуді қоса талап ететін ғылым. Отандық этнографияда пәнаралық, кешенді  зерттеуді талап ететін тың мәселелер көп. Әсіресе қазір бос қалған, яғни адам қоныстанбайтын, бірақ байырғы кезде қыстау, көктеу, күзеу болған жерлердегі мерзімдік қоныс іздері, баспана қирандылары, қора-қопсы орындары қаншама? Қызылқұмның ішіндегі екі қүмбенің, жал құмдардың арасындағы сайлардан сексеуіл, тораңғыны кіріктіріп жасаған қыстау қоршауларды, ұраларды, жертөле орындарын, сексеуіл қосып өрілген немесе халық «әулиесексеуіл» деп атаған, тек сексеуілдің бұтақтарынан көтерілген күмбездерді, сирек болса да құлпытастарды, Шу-Іле аңғарындағы шатқал сайларынан қыстау орындарын, үйлердің тас едендерін, тас-қоршаулардың ерекше күрделі түрлерін кездестіруге болады. Қазақы қаймағы бұзылмаған шалғай ауылдардағы дәстүрлі мал шаруашылығы, табиғатты дәстүрлі игеру, дәстүрлі кәсіп түрлерінің дамуының жергілікті жердегі ерекшелігін көрсету өте өзекті.



Аққайнар шатқалында тасқа салынған тазы бейнесі.

– Сыр бойы мен Арал өңірін этнографиялық тұрғыдан терең зерттедіңіз ғой. Маман есебінде осы өңірдің  этнографиялық ерекшелігін атап өтсеңіз.

– Сыр мен Арал қазақтарының материалдық және рухани мәдение­тінің ерекшелігінің күрделі, тіпті, әрқайсысы жеке зерттеу обьектісі болардай тақырыптарды құрайды. Сыр мен Арал өңірі орыс әскерилері үшін Орта Азияға кіретін қақпа, өту жолы болғанымен, Сыр мен Арал  қазақтары байырғы салт-дәстүрдің негізгі денін сақтап қалды. Сыр бойы мен Арал өңірінің аймақтық ерекшелігі тарихи дәуірлерде ру-тайпалық құрамынан, көш жолдарын игеруінен, мерзімдік қоныстар иемденуінен, аңшылық, егіншілік, бақташылықтар, салт-дәстүр, наным-сенімдер жүйесінен көрінді. Қазіргі таңда Сыр, Арал өңірі қазақтарының аймақтық ерекшелігі назар аудартады. Солтүстік Қызылқұм, Оңтүстік Қызылқұм, Қарақұм, Арысқұм, Дариялықтақыр сияқты құмды, шөлді жерлерді дәстүрлі тұрмыста игерудің ерекшелігін қалыптастырған мекен.

Сырдария өзенінің төменгі ағысы, Аралдың шығыс бетінде орналасқан әрбір ру-тайпаның өзінің дәстүрлі көш жолдары қалыптасты. Ол мейілінше қашыққа көшіп-қону осы өңірдегі мал шаруашылығының көшпелі түріне сай келеді. Әр ру-тайпаның, әр болыс, ауыл мүшелері мерзімдік жайылымдарға дәстүрлі қалыптасқан көш жолдарымен жүріп отырды. Зерттеу барысында «Сәтбай жолы», «Тау жолы», «Сарысу жолы», «Ұлытау жолы», «Ырғыз жолы», «Елек жолы» көш жолдары байырғы керуен жолдарының толық үстінен түспегендігін, керуен жолдарының бір бөлігін ғана қамтығанын, мал жайылымына қарай көш жолының бір бөлігін суаттар мен құдықтар, табиғи су көздері жалғап жатқан арнайы көш бағыттары құрағанын анықтадық.

Сыр өңірінен бірнеше керуен жолының кесіп өтуі өңірде керуен­басы, кірекеш, ақ­шомшы, шапар кәсіптерін дамытты. Кеме, сол сияқты қатынас құрал­дарын жасау мен оның қолданыс аясы жетіле түсті. Су жолдарын игеруде, бір үйдің жүгін, адамдармен қоса таситын «түйе қайық» сияқты жүк қайығының күрделі түрін жасап, қолданғаны туралы халық арасында сақталған деректер көп.

Қазақ жерінің басқа өңіріне қарағанда Сыр мен Аралда байырғы салт-дәстүрлердің көпшілігінің қаймағы әлі бұзылмаған. Бұл өңірдің қазақтары әдет-ғұрып, салт-дәстүрге, дәстүрлі этикетке берік. Мұның себебі, Сырдың төменгі ағы­сын­да негізінен қазақтар қоныстанып, басқа ұлт өкілдерінің саны­ның өте аз болуында, орыс отаршылдығының тісі батса да, қазақы дәстүрін мықты сақтап қалғанында болып отыр.

Бұл өңірде теректер туысына жататын тораңғы ағашын «тораңғыл» деп атау қалыптасқан. Тұрмыста, шаруашылықта қолданысына қарай, жергілікті «тораңғыл» атауымен тораңғыл шаңырақ, тораңғыл келі, тораңғыл күбі, тораңғыл ер, тораңғыл бесік, тораңғыл астау, тораңғыл аса, тораңғыл тез, тораңғыл қада, тораңғыл қора, тораңғыл қос, тораңғыл қоршау, тораңғыл құдық, тораңғыл ұя, тораңғыл қайық, тораңғыл қан, тораңғыл су, тораңғы белағаш бұйым­дарын қолдану қалыптасқан. Бұлардың әрқайсысының ерекшелігі бар. Яғни өңірді зерттегенде осы ерекшеліктерді назарға алдық.



Шаңырақ сәндеу. Кекірелі. Оңтүстік Қызылқұм.

Сыр мен Арал өңірі дегенде балық аулау кәсібі еске түседі. Осы кәсіпке қатысты жергілікті халықтың нанымы, сенімі, салт-санасы туралы айтып өтсеңіз.

– Сыр мен Арал өңірінде балық­шылық кәсібі орыс қоныстанушылар кел­геннен кейін кең өріс алғаны рас. Дегенмен балық аулау ертеден осы өңірді мекен еткен қазақтардың қосалқы кәсібіне айналған. Ел аузында таралған аңыз бойынша әулие Қармақшы ата Сыр бойының жағасынан жеркепе қазып, сонда тұрған. Қармақ құрып, балық аулаған, балықшылықты кәсіп еткен. Әулиенің шапағатына бөленген елді мекен кейін Қармақшы ауданы деп аталып кеткен.

Н.Остроумовтың дерегіне сүйенсек, Сыр өзенінің төменгі сағасында балық аулау аймағы үшке бөлінген. Бірінші аймақта 40-50 қайық, екінші аймақта 80-100 қайық, үшінші аймақта 200-300 қайыққа дейін болған. Балық түсімі қайық санымен есептеледі. Жалпы үш аймақта жалпы үш жүзден аса қайық болса, әр торға орташа есеппен 80 балықтан түскенде, күніне сексен мың балық ауланған. 1886 жылы бұл өңірде 274 қайық, 1900 жылы 1284 қайық, 1901 жылы 1500 қайықпен балық аулаған.

Өңірдің табиғатын дәстүрлі пайдалану балық аулау кәсібінен де байқалады. Ауланған балық үшін тоңазытқыш қызметін атқарған – қамыстан мардан тоқу тоқымашылық өнердің ерекше үлгісі. Теңізге, өзен, көлге салатын ау, керме, жадыра түрлерін балықшылар қолдан өздері тоқып, ау тоқуды бүгінгі күні де жалғастырып отыр. Балық аулауға шығатын қайық түрлерін жасауға жергілікті материалдарды игерді. Балықшылар балық аулау кәсібінен қалыптасқан күнделікті тәжірибемен бірге Арал теңізі мен Сырдария арнасының суы мен толқынының сырын, табиғатты болжаудың қыр-сырын, халықтық астрономиялық білімді, балық аулауға шығар алдындағы ауа-райын болжауды игерді. Балықтың табиғи тіршілік мекеніне қарай өзен, арық, күріш суында, теңізде балық аулу кәсібінің әдістері қалыптасты. Теңіз, көлге ау салумен байланысты ау тартатын шығыр салудың түрлері, ау шығырға түйе жегудің аймақтық ерекшелігі бар, себебі Сыр мен Аралдың балығы ірі болады, аудың салмағы ауыр болғандықтан, түйенің күшін пайдаланды. Мұз ойып балық алудың, мұз ойыққа түйеге жегілген балық шанамен қатынаудың тәжірибесін тереңдетті. Балықшылар қосы, балық қос сияқты балық аулауды кәсіп еткендер тұратын уақытша баспана жасалып, ол дәстүр бүгінгі күнге дейін сақталып отыр.



Қайрақтас. Сексеуіл зират. 
Мүлкілән әулие қорымы. Іңкәрдария. Солтүстік Қызылқұм.

– Аңшылыққа қатысты этногра­фиялық таным және оның материалдық деректері туралы да білгіміз келеді.

– Аңшылық – жергілікті қазақтардың мал шаруашылығымен қатар айналысқан кәсібі. Жергілікті жердің ерекшелігіне орай жолбарыс аулауға кереге құру, шатыр құру, қуалап аулау, тұзақ құру, тор жабу, тұзақ құру, қақпан құру сияқты дәстүрлі әдіс-тәсілдерін қалыптастырды. Сырдария, Қуаңдария, Қараөзек бойындағы қамысты алқап­тар­да, Жөлектен шығысқа қарайғы жолдың сол жағындағы Қаратау­дың жергілікті қазақтар Идерментау деп атайтын бөлігінде жолбарыс көп болғаны тарихтан белгілі. Жолбарыс сияқты жыртқыш аңды аулаудың қатерлі тәсілінің бірі – кереге құру осы өңірге тән. Өңір аңшылылығының басқа өңірден ерекшелігі құлан алу, тарпаң алудан көрінеді. Сыр өңіріндегі ежелгі қамыстан шарбақ етіп құрған, балшықтан, саздан жасаған аран іздері Арысқұм, Дариялықтақыр аңғарынан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Геоархеология» Халықаралық лабораториясының мамандары Рената Сала мен Деом Жан-Марктің спутниктік барлауы және өңірдегі геоархеологиялық зерттеуі нәтижесінде анықталды. Аранға құлату немесе аранға қаумалауды киік аулауға қолданған. Киіктің суатқа келуін бақылып, үркітіп, аранға қарай қуалаған. Сыр өңіріндегі арандарды зерттеу өзім жетекшілік еткен «Қазақстанның шөлді атыраптарының егіншілік-мал шаруашылық ландшафтарын этнографиялық және геоар­хеологиялық зерттеу: игеру мен бос қалдырулардың тарихи себептері» (2020–2022) іргелі жоба аясында жүзеге асты.



Көмілген сексеуіл шеген. Солтүстік Қызылқұм.

– Ежелгі Түркістан өңірі туралы фото деректерде осы өңір халқының тұрмыстық шаруашылығына қатысты тері өңдеу, сабын жасау, тұз өндіру секілді шаруашылықпен айналысқаны көрсетіледі. Бұл кәсіп түрі үлкен ауқымға көтерілмей қалуының себебі не деп ойлайсыз? Шағын болса да сол ата кәсіп түрін сақтап отырғандардың заттық деректері не дейді?

– Атакәсіптен қол үзбей ұрпақтан ұрпаққа беріп отырған шеберлер және ауылдар бізде баршылық. Сыр мен Арал өңірін аралағанымызда ши тоқу, өрмек құрып басқұр, алаша тоқып отырған ауыл тұрғындары сирек болса да сақталып қалған. Солтүстік Қызылқұм үстінде отырған Т.Көмекбаев, Қуаңдария сияқты ауыл­дарда, Оңтүстік Қызылқұм үстінде отырған Кекірелі, Шопанқазған ауылдарында киіз үй құрып отыру, келінді отау үйге түсіру дәстүрінен қол үзбеген. Қызылқұм қазақтарының сексеуіл сілтісін өртеп күлін алып, түйенің сүйегін қайнатып кірсабын алуы осы күні де кең қолданыста. Дәстүрлі киіз басуды сақтап отырған кісілерді де шалғай, малшы ауылдардан табамыз. Тұз өндіру де Арал маңы қазақтарының ежелден күнкөріс кәсібіне айналғаны рас.

Біз тапқан деректерге сүйенсек, 1911 жылы Қазалы уезінде 14 366 ер адам өндірісті шаруашылықпен айналысушы ретінде тіркелген. Оның 34,4%-ы балықшылар, 16,4%-ы малшылар, 16,1%-ы қара жұмысшылар, 12,9%-ы жүк тасушылар болған. 1910 жылы Перовск уезінде 3351 адам, Қазалы уезінде 3718 адам егіншілікпен айналысқан. 1863 жылдары Перовск форты маңында 25 десятина жерге жоңышқа себілген. 1866 жылғы статистикалық мәлімет бойынша Перов уезінде 22, Қазалы уезінде 9 ағашшы шеберханасы тіркелген. 1911 жылы Қазалы уезінде 276 адам етікші, 103 адам тігінші болып тіркелген. Сексеуілдің күлінен сабын жасап, Арал теңізі табанынан тұз өндірген қазақтар болған. Қамыс шауып, соны сататындар да осы кәсіппен күнелткен. Кірекештер туралы сөзімнің басында атап өттім. Яғни, қазақдаласының әр өңірінде сол жердің жайына орай түрлі кәсіп дамыған, таралған. Оны зерттеп, зерделей беру керек.



Халық қайрақтас немесе Самарқантас деп атаған құлпытас түрі. 
 Жазуы: Ла илаһа ил лаллаһ Мүһаммад Расул Аллаһ. Адамбай оғлы бек Мухаммед 1291 ші жыл опат болды. Қараөткел қорымы. Солтүстік Қызылқұм.

 – Өңір халқының зергерлік бұйымдары мен әшекей тағуындағы этнографиялық құндылықтар қанша­лықты жетік зерттелді?

– Негізі зергерлік бұйым отандық этнографияда жетік зеттелген салаға жатады, дегенмен сол зергерлік бұйымның аймақтық ерекшелігін сақтап соғу, аймақтық ерекшелігіне қарай қолдандану назар аудартатын мәселе. Мысалы, зергерлік бұйымды сіркелеу, сымкәптеу, алтындау әді­сімен жасау, геометриялық, космого­ниялық өрнектер салу батыста басым болса, Сыр өңірінде өсімдік типтес өрнек салып, қалыптау, безеу әдіс­терімен жасау әдісі басым. Зергерлік бұйымды мұрагерлікке беріп отыру ғұрпының ел арасында сақталуы да біздің назарымыздан тыс қалған емес.

Құдық және сутаным туралы арнайы жеке сауал қойғымыз келеді. Суға, айдынға, құдыққа қатысты зерттеуіңіз кітап болып басылды. Оқырман үшін осы зерттеудің бір бөлігі халық аузында сақталып қалған аңыздық желілерін айтып беріңізші.

– Құдық тарихын зерттеу 2018–2020 жылдарға арналған «Қазақстанның аридтік аймақтарындағы сумен қамтамасыз етудің дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тұрғыда қарастыру» атты іргелі жоба нәтижесінде жүзеге асты. Құдық танымы археология, геология, фольклор, этнография және жаратылыстану ғылымдары тоғысында зерттелді. Ертегілік, мифтік дүниетаным бойынша жер асты суы әлеміндегі «ғажайып» тіршілікте, жер асты әлеміне «зиянкес күштер» иелік еткенде «жағымды күш иелері» немесе «қаһармандар» жеңіске жетіп отыратыны белгілі. Құдықпен байланысты аңыздар тарихи шындықтармен немесе бүгінгі күнгі оқиғалармен астасып жатады. Әулиелердің басындағы құдықтардың иесі болуымен байланысты оқиғалар өте көп. Жер асты су көзін танып, қабырғасын жергілікті материалға қарай тас, кірпіш, сексеуіл, жыңғыл, тал, тораңғы, емен, қарағай, жүзгін, көкбұтамен шегендеудің әрқай­сысының әдіс-тәсілі ерекше назар аудартады. Құрылысы күрделі түбіне қарай кеңейген тас құдықтар, үш деңгелі шеген құдықтар қазақ даласында көп. Байырғы қоныстарда, көш жолдарында «ашық аспан асты ескерткішіне» айналған немесе байырғы қонысты күзетіп тұрғандай кейіп танытатын «қарауыл құдықтарды» іздесең табасың. Аралдың шалғай ауылдарында, Нарын құмдарында малды дәстүрлі құдық түрімен суарады.

1912–1913 жылдардағы ауыл шаруашылығы санағы кезінде Қазалы уезі қыстауларынан 400 құдық, перовск уезі қыстауларынан жүзден астам құдық тіркелген.



Бесік үй. Шетінеген бала зираты. Мортық қорымы. Шиелі.

– Тазы мен төбетті қорғауға арналған арнайы заң қабылданғанынан хабардарсыз. Дәл осы тақырыпта ғылыми жоба жүргізу грантын ұтып алдыңыз. Бұл саладағы жаңалықтардан да хабардар болғымыз келеді.

– Қазір Мемлекеттің қаржы­лан­дырумен «Қазақстанның ежелгі және қазіргі мәдениетін­дегі қасқыр мен иттің рөлін этнозооар­хео­логиялық  зерттеу» атты іргелі ғылыми-зерттеу жобаны жүзеге асырудамыз. Жобаны игеру жұмысы 2022 жылдың тамызынан басталды. Жобаның негізгі мақсаты этнографиялық деректер, қорымдар мен қоныстардан археологиялық қазбадан табылған қасқыр мен ит сүйектерінің қалдықтары, қолданбалы сәндік өнер туындыларындағы және жартастағы суреттердің бейнелерін, сондай-ақ 14С остеологиялық және генетикалық талдаулармен бекітілген зооархеологиялық зерттеулерді зерделеу арқылы Қазақстанның голоцен және дәстүрлі мәдениеттеріндегі адамдар және қасқыр мен иттердің өзара қарым-қатынасын зерттеу. Қасқырлар мен иттерге байланысты мәдени-антропологиялық ерекшеліктер: көне жәдігерлердегі бейнелер, киелі культ және наным-сенім жүйелері, этнолингвистикалық деректер, қасқыр аулаудың дәстүрлі әдістері, қасқыр терісін өңдеу, тазы мен төбеттерді аңшылық пен бақташылыққа үйрету, этномедицинадағы қолданысы сияқты іргелі мәселелер зерттелінеді.

Қасқырларға, иттерге және оларға бай­ланысты қоныс, тайпа­ларға қатысты археологиялық және этно­гра­фиялық деректердің мәлі­­меттер базасын жасауға кіріп кеттік. Ол 4 дерекқордан тұрады: жер­ленген қасқыр мен ит сүйектері (тұрақ­тарда, тұрмыстық/шаруашылық шұңқырларда, қарапайым бейіттерде, элиталық қорымдарында, қоныстарда және т.б.); қолданбалы нысандардағы көркем бейнелер (тас, ағаш, металл, сүйек, саз, тоқыма материалы); Қазақстанның петроглифтік ескерт­кіштерінің жартас-өнер суреттері; тарихи-этнографиялық жазбалар (деректер, статистикалық мәліметтер). Зерттеу жұмысына отандық археолог, зоолог, этнограф мамандармен қатар, шетелдік зооархеолог, геоархеолог мамандар тартылып отыр.

Қасқыр мен итті бірге зерттеуге алуымыздың себебі, зоологиялық тұрғыда екеуі ит тұқымдастарға жатады. Біздің зерттеу нысанымыз, әрине, төбет пен тазы. 2022 жылғы зерттеуімізде жартас бетіндегі бұрын белгісіз болып келген, жаңа қасқыр адамдар (басы қасқыр, денесі адам), сонымен қатар төбет-адам, ит-адам (басы ит, денесі адам) сияқты ерекше мифтік бейнелі жартас суреттерін және жартасқа қашалған төбет-адам бейнесін таптық. Қазір ғылыми өңделуде. Археолог мамандарымыз арнайы жерленген тазы, төбет сүйектерін зерттеуді бастады. Толық интерпретация жасағаннан соң нәтижесін жария­лаймыз.

– Этнографиялық зерттеулер барысында ел аралайсыз. Адамдармен кездесіп, сөйлесесіз. Жалпы өңір халқын аралағанда этнографиялық, бүгінгі тұрмыстық ерекшеліктер көзге айқын көрінеді ғой. Байқаған, көрген, ойға түйген дүниелеріңізді қандай?

– Бүгінгі күнге дейінгі далалық зерттеулер жүргізуден жасаған қорытындым: батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік қазақтарының аймақтық ерекшелігі, орналасқан жері, ландшафты, ру-тайпалық құрамы дәстүрлі және қосалқы шаруашылықты қалыптастырған, жергілікті шикізаттың, материалдың аймаққа тән өзгешелігін қалыптаған. Аймақтық ерекшелік дәстүрлі тұрмыстың барлық қырынан көрінеді. Түйенің Маңғыстау, Арал, Қызылқұмдары бағылымы мен түр, типтерінде айырмашылық бірден байқалады. Арал, Қызылқұм қазақтары осы күні де жылқы мен түйеге өз руларының таңбасын басады, таңбабасар темірді ұстаға соқтырып алады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз СІМӘДІЛ

2914 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы