• Тұлға
  • 12 Қаңтар, 2023

ЖАНКЕШТІ

Сол, сол ел-жұртқа есімі белгілі қарымды қаламгер, жүйрік журналист Ержұман Смайыл жайлы мақаланы әп-сәтте жазып тастаймыз ғой деп оқталғанбыз. Бұл тақырыпқа бұрын-соңды да екі-үш мәрте қалам сілтегеніміз бар-ды. Өмір бойы іргеміз ажырамаған достығымыз, жолдастығымыз бірінші кезекте. Қай тұстан кіріссек деп, сәл кібіртіктеп жүргенде ойламаған жерден оқыс соғылған қоңыраудың «шабыттандырып»  жібергені! Телефон тұтқасын көтерсек, Ерекеңнің Алматыда тұратын қызы Айжан: –  Аға, сізден сүйінші сұрайын деп тұрмын. Мәселе шешілді. ҚазМУ-дің журналистика факультеті әкеме арнап, аудитория ашатын болды. Безендіру жұмыстарына өзіміз кірісеміз. Жетпіс бес жылдыққа мұнан артық сый-сияпат бола ма?!..
Дауыс ырғағынан ризашылықтың иірімі еседі. Қуанышында шек жоқ. Университет ректорына да, осы шаруаның сәтімен жүзеге асуына мұрындық болған Президент аппаратында жауапты қызмет істейтін Ерағаңның шәкіртіне де айтар алғысы шексіз. Біраз нәрсенің ауа-жайын аңғаратындай жасқа келдік қой, асығыс сөйлегенімен аржағынан әкесінің көптің бірі болмағанын, аты-жөні аталған жерде елдің құрмет көрсетуге дайын тұратынын, қайда барса да  – бір кезде бірге қызметтес болғандармен, Ерекеңнің ақыл-кеңесін тыңдаған кейінгі толқын әріптестерімен ұшыраса қалғанда, олардың қолдарынан келсе өзіне қамқорлық, жақсылық жасауға бейім ниеттеріне бөленіп жүргенін де аңғартып қалды. Әдемі, мұндай эпизодты дәлме-дәл қағазға түсірудің өзі қиямет.

Аталмыш университетті қызыл дипломмен үздік бітірген Ерекеңнің жастау кезінде бір-екі жыл атақты оқу орны басшыларының шақыртуымен ұстаздық қызметкеде араласқаны бар. Сол жылдары Смайылдың лекциясын тыңдаған, бүгіндері бір-бір газет-журналды басқарып отырған шәкірттері ұстазының ұшан-теңіз біліміне арадан сонша жыл өтсе де, әлі күнге дейін таңғалады. Осы таңғалыстық ыстық-суығы суымағай! Қазақ топырағында дүниеге келген, кәріс ұлтының өкілі, қазіргі тамаша орыс жазушысы Анатолий Ким орайы келіп бір кездескенімізде былай деген еді: «Мына дүниеде ғажайыптар көп, бірақ оған таңғалатын адам жоқ!..» Біздікі де сол таңғалыстан туған тосын ой: университетте оқып жүргенде де, одан кейін республикалық жастар газетінде жауапты қызмет істегенде де, жалпы Ерағаңның тумысынан бойына біткен ерекше қасиет –  міндетіне алған шаруаны үлкен-кіші демей, соңына дейін нәтижелі, тиянақты аяқтау. Күмәнданатындай жағдай кезіксе оны ертеңге қалдырмай, бүгін бітіру және соның бәріне ерік-жігерін үнемдеп жұмсау. Шаршау, шалдығу деген ұғымды ол баяғыда-ақ лексиконынан сызып тастаған-ды.

Несін жасырайық, университеттегі ондай жылы орын кез-келгеннің маңдайына жазыла бермесі анық. Оған рабайда қолы жеткендер қапелімде желкесінің күжірейгендігін аңғармай да қалады. Ал Смайыл мырза қашан көрсең де бір тоға. («Мырзаны» өзі естімейтін болған соң айтып жатырмыз. Оның мұндай қолпаштауға зәрулігі шамалы). Егер ол сол университетте жүре бергенде әлдеқашан докторлығын қорғап, профессор, академик атанар еді. Ең бастысы –  лекциясынан бірде-бір студент қалыс қалмайтын үлгілі ұстаз атанар еді. Үлгілі... осы бір жер басып жүрген жұмыр бастылардың әдрестеріне сирек айтылатын түсінік-пайым Ержұманның тұлға-бітіміне еш талассыз жарасып тұрған жоқ па?!

«Лениншіл жасқа» («Жас Алаш») бас редактордың орынбасары болып келді. Келді де жұмыс ахуалына бой үйретейін, редакция алқасымен танысайын, кімнің қай тақырыпқа бейімі барын байқайын деместен, бірден бел шешіп кірісті де кетті. Грамматикалық қате  –  газет біткеннің қас жауы. Қанша шұқшиып оқыдым-ау десең де, үтір-нүктесі құрығыр есебін тауып, сыналап кіреді  де кетеді, не түсіп қалады. Ержұман алдымен, газеттегі қатеге көңіл аударды. Түн жарымына дейін кезекшіге де, корректорға да сенбестен «хош иісті» табақтай газеттің гранкасын бастан-аяқ қадалып өзі оқиды. О кезде «Лениншіл Жас» үш жүз мың данамен жарық көретін. Осынша  қалың оқырманның редакцияға артар сенімі мен жауапкершілігін жақсы түсінді. Ол – бүгінгідей топан газет, әлеуметтік желі деген атымен жоқ және газеттің тасқа басылған әрбір жолы жерде қалмастан, ықтиятпен оқылатын заман еді ғой. Соған орай Орталық Комитеттегілер де әрбір нөмірді асыға күтіп, кірпік қақпай бақылайтын. Осы жолдар авторы ол «тарихты» жақсы біледі. Ерекеңнің жастар газетіне қызметке келуі талай түйінді мәселелердің шешімін табуына түрткі болды. Газеттің саяси сауаттылығы биік деңгейге көтерілді. Баяғы Шерағаң салған даңғыл жолды Ерағаң да орайын тауып жалғастыра білді. Ербол, Нұртөре, Қайнар секілді ақмылтық журналистер республиканың өзге өңірлерінен Алматыға шақырылды. Ерағаң «Егеменге» ауысатын болғанда қарадай-қарап, оның орынын басатын адам табылмай қалатындай, марқұм Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың қимастықпен қатты қиналғанын жақсы білеміз.

Ал Ержұман Смайылдың «Егеменнің» бас редакторларымен қандай қатынаста қызметтес болғаны ескірмейтін, ел есінен өшірілмейтін «аңыз-ертегі». Шерағаң, Әбіш аға, Көрік аға, Нұрлан, Уәлихан, Сауытбектердің Ержұман жайлы айтқан, әлі де айта түсуден жалықпайтын жылы лебіздерін біздің де азды-көпті естіп қалғанымыз бар. Осы кісілердің өмірлік бай тәжірибелерін бойға жинаған Ерекең де біраз жыл сүйікті газетінің басшылығында болды. АҚ-ның президенті талай атпал азаматтармен бір жеңнен  – қол, бір жағадан – бас шығарып, түсіністік жағдайда қызмет істеді. Ұжым Алматыдан Астанаға көшкенде көш тізгінін өзі ұстады. Маған «Лениншіл Жас-тан» «Егеменге» ауысудың ыңғайы келмей-ақ қойды. Жатқан жері жайлы болғыр, «Мұстай Кәрімнің Алматыдағы жеке аудармашысы», «СҚ»-ның бөлім меңгерушісі Зұлқарнай Сахиев ағам ана жылы «бала, Сапекеңмен, Сапар Байжановпен келісіп шықтым, кешікпей бізге келесің» деп алдын-ала емексітіп қойған-ды. Артынша мен астыртын ұйым құрып дүниені төңкеріп тастайтындай, «редакцияда қызылордалықтар көбейіп кетті. Шыдай тұрсын» депті бас редактордың бірінші орынбасары. Қош, сонымен алаңсыз басқа тірлігіммен айналысып жүргем, Астанаға орналасып алған соң, қақаған қыстың бір күнінде Ерекең хабарласты: «Жиенбаев, ойланбастан бізге кел. Екі бөлмелі пәтердің кілті қалтамда, келесің де іске кірісесің!» Арадағы төрт-бес жас айырмашылығын елеместен, әзіл-қалжыңды алға оздырып жіберетін қайран уақыт-ай! «Ереке, – дедім,  – Құдайдың әділдігіне шек жоқ екен ғой...» «Ей, не болып қалды?» «Мен өмір бойы пойызбен селкілдеп, Алматы мен Аралдың арасын жол қылдым.  Сүлеймен екеуіңіз пойыздың не екенін білместен, іргедегі ауылдан Алматыға топ ете қалдыңыздар. Астана мен Алматының арасын жалғап, енді сіздер де пойыздың «рахатын» көріңіздер!» «Сөзің бар болсын, мұндай мүмкіндік күнде туа бермейді, ойлан!..» Тұз-дәм айдап кейін Астанаға көшіп келіп, Ерекеңдермен қайта қауыштық қой.

Иә, оның да ойламаған тұстан «дүңк» ете қалатын доғалдау мінезі болатын. Ол жеке бастың мүддесін күйттегендіктен пайда бола кететін «дүңкіл» емес-ті. Асылық қылмасын, бәріміз де «бір терінің пұшпағын илеп жүргендіктен» біраз жайды сырттай бақылаймыз ғой, тап осы Ерекеңдей «Егеменге» бойындағы барын; талантын, қайрат-күшін, денсаулығын, тіпті көз жанарын да аямай берген ақ жүрек адамды көрсек, кәні!..

Анатолий Андрейұлы айтатындай, таңғажайыптарға таңғалатындар азайды ғой десе де, мына жайды қайтіп елеусіз өткізіп жіберерсіз. Ерағаң «күн шықпаса да, «Егеменнің» шығатынына» ерте бастан бой үйреткен азамат. Бірақ соған қарамастан, газет баспахана мәшинесінен сартылдап басылып, кезекті нөмір қолға тигенше байыз таппай, бір нәрсесі ұмыт қалғандай, алаң көңілмен жүретінін талай мәрте аңғарғанбыз. Сөйтіп, таң атқанын да байқамай қалатын. Сағат таңғы төрт-бестің шамасында үйіне қайтқан  Ерекең түк болмағандай, жинақы қалпын жоғалтпай, сол күні жұртпен бірге жұмыс орнынан табылатынын айтсаңшы! Және бұл процесс ол үшін күнделікті тіршілік ырғағына айналған. Жанның темірден жаралмағаны белгілі ғой, бұл неткен жанкештілік?! Ерекең сәл сырқаттанып қалыпты, ауруханаға түсіпті дегенді де естіген емен. Жыл сайын берілетін бір айлық демалысында да мұхит асып, шипажайға шөбі түскені шамалы. Өлшеулі уақыт біткен соң, жұмыстан бір күн кешікпейтін Смайыл­ды ертеңінде редакциядан табасыз. Тағы да сұрапыл сүргін. О кезде бүгін біз бастан кешкен тәуелсіздік түске кіретін, әсіресе партиялық газеттегілер Кремль көсемдерінің бірінің республикамызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әлдебір жерде сөйлеген сөзін жариялау үшін ТАСС-тың, ҚазТАГ-тың қазақша аудармасын тосып, түннің бір уағына дейін сарсылып отыратын еді ғой. Мұны газет шаруасына енді-енді ғана араласа бастаған жастар жағы білмесе  –  білмес, ал алдыңғы толқын ағалардың жүйкелерін жұқартқан бұл жайды естен шығарулары  мүлдем мүмкін емес. Ойпыр-ай, жоғары жақтың талай сүзгісінен өткен ресми материалдарда не шатағы бар деп, іштей күйінеміз ғой біз пақыр, ал Ерекеңнің қабағынан титтей реніш белгісін білдірместен газетке кетіп бара жатқан сондай ресми дүниелерді орысшасымен салыстырып, қайта оқып шығатынын қайтерсің. Аудармасымен де ешкімнің қолына су құя қоймайтын Смайыл талай сөйлемдерді түбірімен өзгертеді, келесі күні «Егемен» жұтынып шығады.

«Егеменнің» алты бірдей бас редакторларына орынбасар болған оған деген құрмет те жоғары еді. Редакцияның жетістіктері мен табыстары айтыла қалған тұста сол бас редакторлар алдымен Ержұманның ешкімге ұқсамайтын еңбекқорлығын тілге тиек етер еді. Шын ризашылықтарын білдіріп жататын. Ондай жан жадыратар лебіздерді талай естідік. Бірге жүрген тағдырлас, үзенгілес дос жайлы өзгелердің айтқаны қандай жарасымды! Қарадай қарап, жүрегің айнитын аласапыран тірлік арасынан Ерекең өзінің жазу-сызу шаруасын да естен шығармайтын. Бұл қайдан келіп, қайдан науалап құйылып жатқан күш-қайрат?! Елден ерекше жаратылыс па, әлде жетпісінші жылдардың басында әскери борышын Қызыл тулы Солтүстік теңіз флотындағы сүңгуір қайық экипажында өткізген үш жылдың шарболаттай шынықтырған пайдасы ма? Біздікі сол баяғы таңғалыс. Газетте жарияланған өткір ойлы, танымдық мақалаларымен қатар, «Өмір деген жол үсті», «Туғанбай ауылының адамдары» дейтін деректі кітаптары «Егеменде» жүргенде жарық көрді. Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, республика Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының тұңғыш лауреаты... (Кішкене шегініс жасайық, таңғалмасыңа қоймайтын бұл да бір құнды дерек). Тұңғыш лауреат дегеннен шығады-ау, Ерекең өзі бас болып, жеті жігіттің отбасымен тонның ішкі бауындай, бірге туғандай қоян-қолтық араласты. Олар – Ербол Шаймерденов, Құдайберген Тұрсынов, Сүлеймен Мәмет, Құдиярбек Ағыбаев, Қожахмет Назарбетов, Әділ Аманжолов және осы жолдар авторы. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, лауреаттықтан түскен тиын-тебенді жамбасына баспастан, бала-шағамызды арнайы автобусқа салып алып, Қапшағай теңізіне апарып қыдыртты. Қалғанын пышақ үстінен бөліп берді. Бұл неткен жомарттық?! Балаларымыз үйленсе, қыздарымыз тұрмысқа шықса Ерекеңнің жеке қорынан бөлінетін материалдық көмек әркез дайын тұратын. Не айтары бар, қайран Ерағаңның таңғаларлық тірліктері көп еді ғой.

Құрметті демалысқа шыққан күннің ертеңінде жұмысқа барған жоқ. Қызметтің қызығын бір көрген адам мендей-ақ болар деді де, бәрімен қош айтысты. Ал редакция ұжымы әлі де жандарында жүре тұрғанын жақсы көрген-ді. «Газет басшысына кеңесші болып келсеңізші, жалақыңыз сақталады, көлік екі бастан, сізді жұмысқа қашан келді, қашан кетті демейік» деп өтінді. Бірақ Ерекең бұл қолпаштауға жібімеді. Сыр бере бастаған денсаулығы туралы тірі жанға сездірмесе де, қалған ғұмырды  Жақан жеңгеміздің жанында өткізгенді жөн көрді. Зейнетке шыққан соң әлгіндей ұсыныс айтылар ма екен деп, жан-жағына елеңдеп жүретіндер қаншама! Кезінде Шерағаң да үйінде тыныш жата алмай, редакцияға қайта айналып соққан-ды. Алаш арыстарының ізі қалған киелі шаңырақтың төрінде емес, босағасында отырсам да шүкірлік деді. Оны «Бір кем дүниесінен» оқығанбыз.

Ерекеңнің редакциядан жиі төбе көрсетпегені болмаса, бүкіл бітім-болмысымен «Егеменмен» бірге-тін. Жақан жеңгеміздің айтуынша, Ерекең сағат ертеңгі онның шамасында газет әкелетін пошташыны үздіге күтеді екен. Өзі жүгіріп төменге түседі. Содан түске дейін дүние күйіп кетсе де «Егеменді» бастан-аяқ оқып шықпай, орнынан қозғалмайтын көрінеді. Бұған біз де куәміз. Жан жадыратарлық бір мақала оқыса, дереу телефон соғады: – Көзімнің ауырғанына қарамай, Жақанның ескертпесін тыңдамай түгел оқып шықтым, сендер де оқыңдар...

«Егеменнен» еншісі бөлінбеген деп, Ерекеңді ғана айтар болар. Мұнан бес жыл бұрын Смайыл 70-ке келді. Бүкіл үрім-бұтағын ерітіп, шұбырып алдымен «Егеменнің» шаңырағынан табылды. Алғашқы тойын ұжыммен бірге өткізді:  –  Ереке, үлкен тойға қашан шақырасыз? – деп әзілдейміз баяғы.  – Сәл шыдаңдар, бір-екі жылдан соң Жақан екеуміздің үйленгенімізге жарты ғасыр толады. Бұйырса екі тойды бірге жасаймыз...

Тағдыр оған үлгіртпеді. Жеңгеміздің ертеңгі шайы дайын болғанша әдеттегідей Есіл жағалауымен серуендеп қайтатын адал дос, сүйікті жар, еңсесін тіктеп үйіне қайтып оралмады. Мұны айту қиын, қиын-ақ, бірақ амал қанша...Ерекеңнің демалыстағы әрбір күні қуанышты оқиғаларға толы болды. Жақын-жуық ағайынмен, дос-жаранмен жиі араласты. Ұлы Ержан Санкт-Петербордан көзіне ота жасатып қайтты. Екі бірдей кітабы жарық көрді. «Достар еске түскенде», «Ағалар естен кетпейді» – үйіміздегі қымбат қазынамыздың бірі. Шәкірті, «Қазақпарат» баспасының директоры марқұм Қонысбек Ботбай бір тиын шығармастан, тегін бас­тырып берді. Ерекеңнің алдағы арман-мақсаттары көп-тін. Үлкен немересі Санжарды өз қолыммен үйлендірсем дейтін. Санжар қазір зіңгіттей жігіт.

Жарық дүниемен қоштасар күннің ертеңінде Ерағаң Жетісу жеріне, туған топырағы Туғанбай ауылына соңғы рет «сапар шекті». Мәйіт біз мінген ұшақпен бірге ұшып келе жатты. Өзінің өтініші бойынша Туғанбайдың топырағына жамбасы тиды. Ұлы Ержан мен қызы Айжан басына күншілік жерден көзге шалынатын айшықты күмбез орнатты. Сол күні Ерекеңмен қоштасуға  жан-жақтан жи­нал­ған жұрт Туғанбай ауылына сыймай кетті.

Жетпіс бес  – бүгінгі өлшеммен алғанда ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жас емес, екінің бірі келіп жатқан өлшем. Ерекеңнің артында өшпейтін ізі қалды, жазған кітаптары, Жақан жеңгеміз, бала-шаға, немере-шөберелері қалды. Соған шүкірлік айтамыз. Ерағаңды іздейтіндер, сағынатындар, құрметтейтіндер шаштың түгінен көп. Туған жеріндегі, Талғар ауданындағы бір орта мектептің аты, Астанадағы бір көше Ерекеңнің атына берілсе дейміз. «Егемен» жыл сайын жас журналистерге арнайы сыйлық тағайындайды, соны Ержұман Смайыл атындағы сыйлық десе қалай жарасар еді!

Алматыдан Айжан қызымыз телефон шалады: – Аға, әкемнің Астанадағы ұзақ жыл тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш-тақта орнатады деп едіңіз. Соның жайын білейік деп...

–  Айналайын, оған алаңдама, тиісті құжаттар қала әкімдігінің осы шаруамен айналысатын департаментіне тапсырылған. Ұзын-ырғасы отыз бес жыл өмірін ел газетіне арнаған ердің еңбегі елеусіз қалмайды. Күтейік. Бәрі орындалады...

Әлі күнге дейін жетпіс бес жылдық тойының төрінде таудай болып, Ерекең, Ерағаң отырғандай сезімдеміз.

 Қуаныш ЖИЕНБАЙ

 

 

1130 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы