• Мәдениет
  • 04 Наурыз, 2009

Періште ақын

Замананың зергер ақыны Зейнолла Шүкіров туралы деректі әңгіме Пенде болмысымен бағаланады. Кейбіреулердің қалпына қарап қарның ашады, ал келесі біреулер жай оғындай жалт-жұлт етіп, қынабына жарасқан алмас кездіктей жарқырап тұрады. Сірә, атам қазақ «түсі игіден түңілме» деп осындайда айтса керек. Орта бойлы, дембелше денелі, қара торы өңді жігіт ағасы Темірбек Серімбетов сөздің шешені, ортасының көсемі. Осыдан жетпіс екі жыл бұрын айдынды Аралдың өр толқындарымен таласып туған ол Ташкентте инженер-механик мамандығын меңгеріп, облысымыздың ауыл шаруашылығын өркендетуде өзінің елеулі үлесін қосты. Кәзір зейнеткер, Алматы қаласының тұрғыны. Ақиық ақын Зейнолла Шүкіровке аталас, жақын інісі болып келетін ол заңғар тұлға туралы тың әңгімелерді өрбіткен. – Зекеңді он бес жасымнан, яғни 1954 жылдан бастап арқаладым, – дейді Темірбек аға күлімсірей әңгімесін бастап. – Әлі ұмытқан жоқпын. 1954 жылдың шілдесінің үшінші жұлдызы. Алғаш рет Зекеңнің ақындығын мойындаған Жұбан Молдағалиев Республикалық Жазушылар одағының 3-ші съезіне біздің облыстан делегат сайлау мәселесімен Қызылордаға келді. Зекеңнің «аяғы» болған соң, үнемі қасында отырамын. «Жұбан жастар творчествосына көп мән береді», – деген облыстық «Ленин жолы» газетінің әдебиет бөлімінің меңгерушісі Әбдікәрім Оңалбаев. Сәлден соң редакцияға ақын Жұбан Молдағалиев келді. Өзі кішіпейіл кісі екен. Бәрімен емен-жарқын амандасып, ұшатын қырандай, томашадай боп отырған Зекеңе келгенде: – Е, қарағым Зейнолла өзің екенсің ғой. «Комсорг» атты поэмаң маған керемет ұнады. Ізденіп, жаза бер інім, – деді мәжіліс басталар алдында. Сонымен Алматыдағы ақын-жазушылардың кезекті съезіне біздің облыстан Асқар Тоқмағамбетов, Әбдікәрім Оңалбаев, Сыдық Алдабергенов, Тілеген Шопашев, Зейнолла Шүкіров, Насреддин Сералиев, Саид Баязитов, Қуаныш Баймағамбетовтер сайланды. «Зейнолланы алып баратын адамға литфондыдан қаржы бөлінеді», – деп Жұбан аға ескертіп өтті. Съездің басталуына әлі табаны күректей үш ай бар. Зекең Бөгенге кетті. Аралда жоғары класта оқып жүрмін. Зекеңнің менің Сыдық, Кемал ағаларыма айтқан өтінішімен мен енді 10-шы класты Бөгенде Әнәпия әкемнің үйінде жалғастырдым. Бір күні мектеп директоры – Зекеңнің нағашысы Қазыбай Қошқаров ақын ағамды түскі асқа шақырды. Содан Бөгеннің суылдаған құмын кешіп Зекеңді көтеріп келе жатырмын. Аптап ұрып тұр. Наубайханадан өте бере ауылдың кәдірменді кәриясы Пірекештің Дүйсенінің кездесе кетпесі бар ма. Содан екеуі амандық-саулық сұрасып алды да, әңгімені соқсын кеп. Өз тұсының белсендісі Дүйсекең ақсақал майын тамыза әңгімені гөй-гөйлетіп тұр. Зекең де қызынып, қоштап қояды. Мен болсам ыссы құмға тобығымнан батып, тыпыршып Зекеңді көтеріп әлі тұрмын. Әзер шыдап тұрғанымды білдірейін деп, әлсін-әлсін көтеріп-көтеріп қоямын. Сол жолғы жан терге түсіп қиналғанымды-ай. Жалпы ақын ағамды менен басқа да үзеңгілес достары, інілері кезектесіп көтеретін. Кезектесіп демекші... Бірде ағаммен сапарлас болған ақындар Оспанхан Әубәкіров пен жас ақын Серік Сейтмағамбетов туралы мынадай күлкілі сөз бар. Оспанхан – ірі денелі, еңгезердей қара кісі. Серік – әлжуаз, жұқалтаң, шағын денелі жігіт. Бірнеше күндер бойы екеуі Зекеңді алма-кезек көтеріп жүреді. Сонда ақын ағамды кезегімен көтеріп келе жатқан Серік тілерсегі қалт-құлт етіп: – Аға-ау, сары күреден, қара есекке ауысып мінетін кезіңіз келді-ау деймін осы, – дегенде Зейнолла ағам мырс етіп күліп жіберген екен. Ақын ағамның алыс-жақынға жол жүруі жаз айларында жиірек те, қыста сиректеу. Өзінің тұстастары Айнаддин мен Тағыберген ауыл мектебінің мұғалімдері. Сейтекеннің Айнаддині «бұқа бұзаулап қапты» десе «е», – деп отыра беретін ірі денелі аңқаулау кісі. Ал, Өтептің Тағыбергені қуақы тілді, шағын адам. Сонда Тағыберген құрдасы: «Зеке-ау, асылы Сізді жазда Айнаддин, ал қыста өзім-ақ арқалайын», – деп жұртты қыран-топан күлдірген. ...Қыркүйек те жақындады. Аралдағы Сексенбай Есжановтың үйіне бірыңғай игі жақсылар жиналып Зекеңді Алматыға съезге шығарып салу жоралғысын жасап жатыр. Көбейсін Исаев, Шабақ Мұхамбетжанов, Әмірәддин Әленов, райком, исполкомнан дегендей. Ақын ағамды туған жездесі Разах алып баратын болыпты. Бірақ, Рекең жездеміз дастархандағы ішімдікті сілтеңкіреп: «Ау, сен кәзір Зекеңді көтересің ғой», – дегенді тыңдамай отыр екен. Мен боқшамды құшақтап есіктен кіріп келгенде, Зейнолла ағам көңілденіп сала берді де, жездесіне: «Реке, алыңқырап отырсаңшы», – деді күлімсіреп. Сол күні Аралдан Қазақстан поезының купесіне жайғастық. Жолай Қызылордадан ақын-жазушылар мініп, біздің купеге келді. – Жігіттер осы поезда Ақтөбеден ақын Қуандық Шаңғытбаев келе жатыр. Олар да съезге бара жатқан көрінеді. Барып сәлемдескеніміз жөн болар, – деді Тілеген Шопашев. Мені вагон ресторанға жіберіп анау-мынау алдырғалы жатқанда: «Ассалаумағалейкум», – деп ұзынша бойлы, аққұба, әдеміше өңіне шағын мұрты жарасқан жігіт купеге кіріп келді. – Зейнолламен амандасып, танысуға келдім, – деді қарапайым мінезді Қуандық ақын. Содан бізді Ұзынағаштан Жазушылар Одағынан бекітілген Сырбай Мәуленов пен Әбдікәрім Ахметов күтіп алды. Бірінші Алматыдан түстік. Ол кезде вокзал құлайын деп тұрған ескі үйде орналасқан. Оның теміржол жағына Энгельс пен Маркстың, ал қала жақ бетіне Ленин мен Сталиннің портреттерін гүлмен өсіріп қойған екен. Бізді Киров көшесі, 142-ші делегаттар үйіне орналастырып, келесі күні съезд Қазақ мемлекеттік университетінің оқу залында ашылды. Сонда алдыңғы қатарда отырған 27 жастағы Зейнолла Шүкіровке президумда отырған Сәбит Мұқанов бір топ ақын-жазушылармен келіп: – Ой, айналайын-ай. Кеше «Жұлдыз» журналынан «Менің достарым» поэмаңды оқыдым. Бәрекелді! Талабың оң болсын, – деп шынайы ризашылықпен қолын қысты. Съезд 3-ші қыркүйекте аяқталып, келесі күні Ұлы Абайдың қайтыс болғанына елу жыл толғанына той болды. Қызылордалықтарға Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының киіз үйінде қызмет көрсетілді. Жезтаңдай әнші апамыз Роза Бағланова жерлестеріне келіп сәлемдесіп, бір-екі ән шырқап берді. Жалпы Зейнолла ағам көзі тірісінде көп ақын-жазушыларға көмегін тигізді. Сол съезден қайтатын жолы Қарақалпақстаннан келген ақын Ғалым Сейітназаров бар ақшасын ұрлатып алып, Зекең Аралға дейін поезға билет алып беріп, аудандық «Социалистік Аралға» бір топ өлеңдерін жариялатып, қаламақы бергізіп, Арал портынан жүретін кемемен Мойнаққа өзі шығарып салды. Ол – тума талант. Көңілі даладай, пейілі баладай Темірбек Серімбетовтың әзиз бауыр, ақсұңқар ақын Аға Зейнолла Шүкіров жөнінде жамиғатқа жағымды әңгімесінен бір нәрсе байқағандаймын. Ол – ізгі жүрекі інінің асыл ағаға деген сүйіспеншілігінен себелеген сағыныш сезімі еді. Аман СҰБХАН-БЕРДІ Қызылорда қаласы.

5286 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы