• Тіл
  • 12 Қаңтар, 2023

БАНКТЕР ҚАШАН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДІ?

Aқбoтa МҰCAБEКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Ұлттық банк ұсынған ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда екінші деңгейлі 21 банк бар, шетелдік банк­тер саны – 9. Ал бұл банктер қай тілде сөйлейді? Мемлекеттік тілге мойын бұра ма? Негізі банктің қазақшасының ақсап тұрғаны бүгін пайда болған жыр емес. Қанша жырланса болса да, қаржы институттары бұл келеңсіздіктің түзеуге тырыспайды. Неге?

Осы орайда бірнеше банктің сайтына кіріп, орысша және қазақша нұсқасын шолып шыққан едік. Ұлттық банктің ресми сайты қазақша ашылғанымен, Қазақстанның барлық жұмыс істейтін мемлекеттік және жетекші коммерциялық банктері туралы анықтамалық ақпарат беретін  Bankchart.kz сайты тұтынушыны «алдайды». Мәселен, қазақ тілінде ақпарат қарап отырып, банкттерге қатысты ақпартты толық ашсаңыз, әлі қабылданбаған латын әріптерімен орыс тілінде оқуға мәжбүрлейді екен.

Сонымен қатар еліміздегі ең ірі банк болып саналатын Halyk Bank, Kaspi.kz, Eurasian Bank, NurBank сайтының алдымен орысша нұсқасы ашылады. Ал Отбасы банкі мен Bank RBK сайты бірінші қазақша нұсқасын ұсынады екен. Бұл біз қараған 21 банктің бірнешеуі ғана...

Экономика саласында орыс тілінен аударылған мәліметтің көпшілігі түсініксіз. Ендеше орыс тілінде жазылып, бекітілген мәліметті аудармай-ақ, түпнұсқаны қазақ тілінде жазатын маман тартуға болмай ма? Осы ретте тіл маманы, филология ғылымының докторы, академик Шерубай Құрманбайұлы қаржы, банк жүйесіндегі қазақ тілінің қолданысы, мемлекеттік тілдің мәртебесі деген мәселенің көтерілуі өте заңды екенін айтады.

«Өйткені, қаржы саласына, банктерге көпшілік жүгінеді, әсіресе екінші деңгейлі банктерге. Сондықтан бұл саладан қызмет көрсету, мемлекеттік тілде болғаны, мемлекеттік тілдің банк жүйесінде кеңінен қолданылғаны біздің тіліміздің өрісін мейілінше кеңейтеді. Елімізде банк қызметін кез келген адам тұтынады.

Біз банк жүйесінде 2014–2015 жылдары Алматыдағы Ұлттық банк-те қызмет істедік. Сол жылдары ол жерде көптеген мемлекеттік тілде насихаттауға, мемлекеттік тілдің банк жүйесіндегі қолданысын кеңейтуге арналған бірқатар шаралар, конференциялар, семинарлар, шеберлік сыныптар өткіздік. Біз қызмет еткен уақытта Ұлттық банк жүйесін мемлекеттік жүйеге көшіру жөніндегі арнайы бұйрық  шықты.Барлық құрылымдар іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізіп, қазақ тілін оқыту курстары ашылды. Дәл сол кезеңде біз қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде банк терминдерін шығардық. 12 тілді қамтитын банк-қаржы қызметкерлерінің сөздіктерін, банк қызметкерлеріне арналған қазақ тілі оқулықтарын пайдалануға бердік. Банк қызметіндегі мамандардың, аударманың, терминдердің мәселесін бірнеше рет талқыладық.

Жалпы қаржы – экономика саласында мемлекеттік тіл кеңінен қолданылса, онда тілдің аясы мейілінше кеңейеді. Сондықтан қаржы институттарына қазақ тіліндегі маман тартуға ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын. Өйткені тәуелсіздік алғанға дейінгі кезеңде жағдай басқаша болатын. Ал қазір жоғарғы оқу орындарында экономика факультеттері, қаржы мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындары жетіп артылады. Оларды бітіріп шыққан қазақ тілінде дайындалған мамандар да жеткілікті. Қаржы саласына маманданған филолог, журналистер де бар. Қаржы саласының іс-қағаздарына, терминологиясына, аударма мәселесіне сапалы жұмыс істей алатын мамандар жетерлік. Сондықтан қаржы саласындағы қазақ тілінің аясын кеңейтуге ешқандай да кедергі жоқ. Оған бірінші басшылардың ниеті түзу болса, тілге, мемлекеттік тілдің қолданысына мән беретін болса,  мәселенің мәнін терең түсінсе, қазақ тілінде құжат дайындауға, іс-қағаздарын жүргізуге мүмкіндік мол, – дейді Шерубай Құрманбайұлы.

Рас, бүгінгі күні қазақ тілінің қолданысы экономика саласында кенже қалып келеді. Аударма тілге айналғаны аздай, сол аударылып берілетін ақпараттың сапасы да көңіл көншітпейді. Орашолақ сөздер, сапасыз аударма, кейбір терминдерді ретсіз-орынсыз пайдалану, орфографиялық, стилистикалық қателер, тағы басқа олқылықтар бар. Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, қаржы, банк саласы ғана емес, жалпы өмірдегі қазіргі қазақ тілінің жағдайы отбасылық, күнделікті тұрмыстық жағдайда ғана тиімді қолданылып отыр.

«Біздің мемлекеттік тіліміз қазақ тілі саяси-дипломатиялық, қаржылық деңгейге әлі көтеріле алған жоқ. Мысалы, Экономика министрлігінің, Қаржы министрлігінің, Ұлттық банктің есептерінің сайттарын қарасақ, бірінші орысша жазылады. Сосын барып оның қазақшаға аударылғанын, сапасы өте нашар жасалғанын байқаймыз. Қарапайым халық күнделікті банкке  барғанда да қазақ тілі аясын кеңейту үшін жоғары жаққа талапты қоюы қажет. Яғни мемлекеттік тіл біздің ұлттық идеологиямызға айналуы керек. Егер бірінші басшы мемлекеттік тілде халықпен кездесу өткізе алмайтын болса, оның басқарып отырған мекемесі құжаттарын мемлекеттік тілде жүргізбейтін болса, ол бірінші кезекте басшының жауапкершілікке тартылуына әкелетіндей ережелер жасауымыз керек. Сол кезде ғана мәселе шешіліп,  жүйелі жұмыс жоғары жақтан бастау алады.

«Ал жалпы экономика тілі неге қазақша емес?» дейтін болсақ, неғұрлым біз тілді көп пайдалансақ, ол тіл халыққа жаттанды болады. Мысалы, кейбір банк-терде кредит, кей банктерде несие деп беріледі. Бізде мемлекеттік терминология комитеті бар. Ол жерде ресми түрде әрбір экономикалық терминологиялардың қазақша нұсқасы бар. Сол қазақша нұсқаны тиімді жүргізетін шарттарын әзірлеу керек. Мысалы, бізде бірде-бір экономикалық терминология аударылмай қалды деуге болмайды. Барлығының да өзінің баламалы аудармасы бар немесе кейбірі халықаралық термин болса, сол күйі қалыптасқан сөздер де бар. Жалпы қазақ тілінің ақсап тұруына, былайша айтқан кезде, заңды тұрғыдан ешқандай шектеу жоқ. Бізде терминологиясы бар, сұраныс та бар. Бұл жерде жоғары жақтағылардың қазақ тіліне деген құрметінің төмендігі», – дейді Бауыржан Ысқақов.

Экономистің айтуынша, мемлекеттік тілдің қаншалықты жоғары дәрежеде пайдаланылатынын көрсеткіші ретінде, халықаралық статистика бар. Сол мемлекеттік банкоматындағы үш тіл болса, соның ішінде қай тілді көп таңдайды, сол тілдің үстемдігі орнап тұр деген түсінік бар көрінеді.

«Бізде қазіргі уақытта осындай статистика жүргізген кезде 70-80 пайызға дейін банкоматта орыс тілін таңдайды екенбіз. Яғни көбі «орыс тілі тиімді» деп қабылдайды. Ал қазақ тілін таңдайтын болса, банкомат істемей қалуы мүмкін немесе жазған сөздер, қазақша аударымдар сапасыз жазылған болуы мүмкін. Бір кездері бұрынғы Сбербанкте мынандай оқиға орын алды, қазақ тілін таңдаған кезде банкомат мүлде істемей қалған. Осындай әрекеттер арқылы қазақ тілінің аясы да төмендеп жатыр. Мұның ең қарапайым жолы, қазір Kaspi.kz халықтық банкке айналып отыр. Біз төлем жасаған кезде QR кодпен пайдалансақ, бізге хешбек түседі. Біз не үшін Kaspi.kz қосымшасымен аударғанды жақсы көреміз, өйткені бізге пайдасы бар. Сол сияқты, егер банк қосымшасында қазақ тілін таңдап, қазақ функциясын көп пайдаланатын адамдарға да осындай хешбек сияқты ынталандыратын, мотивация беретін дүниелер қолға алатын болса, ол да өте жақсы әсер етуі мүмкін.

Бірақ бірінші кезекте, біз тілдің дәрежесін көтеру үшін жоғары жақтағы саяси элита, қаржылық элита, дипломатиялық тілдің барлығына қазақ тіліне көшуді 180 градусқа дейін өзгертіп, олар осыған  бет алу керек. Ал іс жоғары жақтан басталмайтын болса, төменде ешкімді мәжбүрлей алмаймыз», – дейді Бауыржан Ысқақов.

Айтпағымыз, қазақ тіліне қатысты мәселелерде әрбір азамат күнделікті өмірде өзінің заңды құқықтарын талап етіп отырса, бұл саладағы кемшіліктер жойылар еді. Қаржы, банк саласы тәрізді мекемелерде қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ету, мемлекеттік тілде ақпарат сұрау дағдылы жайтқа айналуы қажет. Сонда ғана қазақ тіліне деген сұраныс бар екені мойындалып, сәйкесінше нәтиже де болатыны сөзсіз.

1420 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы