• Қоғам
  • 19 Қаңтар, 2023

БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ ЗАМАНҒА САЙ ӨЗГЕРІП ТҰРҒАНЫ ДҰРЫС

Бүгінде елімізде жалпы 7 600-ге жуық мектеп, 3 700 000 оқушы бар. Кез келген бала стандартқа сай, заманауи талаптарға лайық жабдықталған, жаңа немесе күрделі жөндеуден өткен жақсы мектепте білім алуға құқылы. Жалпы қазіргі стандартты мектептің құрылысы, білім саласындағы кемшіліктер мен бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова көтеріп, талқыға ұсынып жүр. Біз осы орайда депутатты әңгімеге тартып, жоғарыда аталған мәселелер бойын­ша пікір алмастық. 

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ОҚУШЫҒА  ЖАЙЛЫ БОЛУЫ ҚАЖЕТ

Депутат Жұлдыз Досбергенқызы 2021 жылдан бастап «мектеп құрылысы қандай болуы керек, зертханалар қалай орналасуы керек, жалпы оқу бағдарламасын жүзеге асыру кезде материалды-техникалық базаның жабдықталуы қандай?» деген мәселелер бойынша ауыл, ауданның 500-ден аса мектебін аралаған. Сонымен қатар жаңа мектептердің құрылысын көзбен көріп, бақылап қайтқан маман. Оның айтуынша, 2016 жылы Қазақстанда жалпыға міндетті орта білім беру стандарты әзірленіп, енгізілген. Алайда бұл жоба педагогтардың тарапынан үлкен наразылық тудырды.

«Өйткені стандарт қазіргі таңдағы заманауи деңгейде дағдыландыруға бағытталған стандарт болды. Бірақ оны жүзеге асыруға келгенде мектептеріміз материалдық-техникалық жабдықталу тұрғысынан әлсіз, қауқарсыз еді. Содан бастап мектептің құрылысына қаражат бөлу мәселесі қарастырыла бастады. Қазір не жөнделді?  «Жайлы мектеп» деп аталатын мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Сол мемлекеттік бағдарламаның аясында «Самұрық-Қазына» компаниясы  Оқу-ағарту министрлігіне жалпы жаңа жүйедегі, жағдайы жайлы, яғни бастауыш мектептің балалары бөлек оқитын, бөлек тамақтанатын, спорттық сабақтарды бөлек өтетін, блок-блоктардан тұратын, негізгі мектепте зертханалары, сонымен қатар пәндік кабинеттері, т.б. бар, спорт залы бөлек, кәсіби бағдарға арналған кабинеттері бар осындай жайлы мектептің бағдарламасы басталды. Бағдарламаға мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлінді. Аталған бағдарлама Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында көрініс тапты. Қазір бұл бағдарлама үлкен талқылаудан өтіп, жұмыс жүргізіліп жатыр», –  дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Депутаттың айтуынша, мұндай білім ордасын жасақтаған кезде екі мәселе шешіледі. Біріншісі – үш ауысымды мектептердің проблемасы, екіншісі – апатты жағдайдағы мектептердің проблемасы.

«Бізде 7500-ден астам типтік негіздегі орта мектептер бар.  Оның 6 мыңы ауылдық жерде. Ал 6 мыңның екі мыңы шағын жинақты мектептер, яғни баланың саны өте аз. Төрт мыңы 1200, 2400, 3600  бала оқитын толық орта мектептер. Апаттық жағдайдағы, 30-40 жыл күрделі жөндеуден өтпеген мектептеріміз де бар. Осы мектептерде пәндік кабинеттер жабдықталмаған. Химия, физика, биология, т.б. пәндік кабинеттер, робототехниканың кабинеті жоқ мектептеріміз бар. Ал еңбек нарығы нені талап етеді? Еңбек нарығы биохимия­ны кәдімгі зерттеулермен, зертханалық сабақтармен жүргізу дағдылары қалыптасқан, академиялық алған білімін өмірде қолдана алатындай қабілетті, білімді азаматты күтеді. Білімді азамат мектепте білімін жинақтап, университетке немесе колледжге барып, сол бар дүниені ары қарай мамандану тұрғысынан жетілдіріп, еңбек нарығына жол тартуы қажет.

Екінші үлкен мәселе, күрделі жөндеу. Кемінде жылына 1000 мектепті күрделі жөндеуден өткізуіміз қажет. Өйткені мың деген санды игермесек, басқасының бәрі бекер, апатты жағдайдағы мектептер проб­лемасын шеше алмаймыз. Ештеңеге қарамай, жылда 1000 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге қаражат бөлу керек. Сол кезде ғана ауыл мен қала мектептері арасында білім сапасында, жалпы білім беру ортасында алшақтық азаяды. Ал жылына 100, 200, 300 мектепке жайлап жөндеу жүргізсек, ештеңе өзгермейді. Келесі үлкен мәселе, жылына 5 мың пәндік кабинетті жабдықтау керек. Бұл зерттелген дүние. Осы санды азайтпауымыз қажет. Сонда ғана біз мектеп проблемасын, білім сапасы проблемасын, теңсіздік, алшақтық проб­лемасын шешуге мүмкіндік аламыз. Сол кезде ғана мұғалім мен оқушыдан талап ете аламыз», –  дейді депутат.

 

ДАЛАДАҒЫ ДӘРЕТХАНА

Депутаттың айтуынша, қазіргі білім беру бағдарламалары шын мәнінде оқыған дүниесін өмірде пайдалану үшін бәрін қолмен жасап көруге бағытталған бағдарлама. Егер мектепте зертхана болмаса, еңбек кабинеттері, робототехниканың бөлшектері болмаса оқушы тек базалық теориялық білім алады. Сондықтан біз мектепті толыққанды жабдықтауымыз қажет.

«Тағы бір үлкен мәселе – даладағы дәретханалар.  Жалпы бұған жергілікті атқарушы билік органы жауап береді, қаржыны солар бөледі. Көптеген жаңадан салынып жатқан мектептің ішінде де дәретхана салады, бірақ соған қосымша мектептің сыртында да дәретхана салып жатқанды көзім көрді. «Неге мұны салып жатсыздар?» деген кезде, «Қаражат қарастырылмай, егер су болмай қалған жағдайда пайдалану үшін» деген жауап естідім. Бұл ұстанымды түбегейлі өзгерткен жөн. Бұл жерде құрылысшылардың да, жергілікті басқару органының да, білім басқармасының да жауапкершілігі болуы керек. ХХІ ғасырда мектептеріміздің дәретханасын даладан сала алмаймыз. Оқу-ағарту министрлігін бәрі кінәлайды, бірақ мен аталған министрліктің қаулысы да бар, тексеріс те жүргізгенін көрдім. Жазалайтын шаралар да қолданған. Бірақ мұны жүзеге асырушы жергілікті әкімдік және құрылысшылар. Мұны шектеу керек деп ойлаймын, бұл мәдени тұрғыдан кемшін дүние», –  дейді Ж.Досбергенқызы.

Осындай стандарттан ауытқыған мекемені Оқу-ағарту министрлігінде тексеріс өткізіліп, қауіпсіздік тұрғысынан, баланың құқын қорғау тұрғысына қатысты қолданылатын тәртіптік жазалар қарастырылған. Бірақ оның орындалуы және орындалғаннан кейін жауапкершілікті сезініп, жүзеге асыруын­ қадағалау мәселесі туындайды. Сонымен қатар мектепке білім беруге қатысты бірқатар жаңашылдықтар да керек. Яғни заман өзгерген сайын білім беру бағдарламалары да өзгеруі қажет. Өйткені білім беру бағдарламаларының мазмұны өзінің заманына сәйкес адамдарын тәрбиелеуге, өсіп-дамуға, сонымен қатар еңбек нарығына әкелуге ықпал етеді.

«Көп жағдайда білім деп айтамыз да, оны еңбек нарығынан бөлек қарастырамыз. Ал шын мәнінде заманына, уақытына сай, уақыттың әлеуметтік мәселелеріне, жаһандану кезеңі, технологиялық прогресс бар, соның бәрін негізге алғандағы бір актуалды бағдарлама қажет екені рас. Жапонияны мысалға алсақ, 1980 жылдардан бас-тап өзінің білім беру бағдарламаларында жаңартуды бастайды. Сөйтіп, олар 20 жыл білім беру бағдарламаларын жаңартумен айналысады. Білетінім, бізде 1980 жылға дейін индустриалдық кезең болды. Бұл уақыт Жапония үшін постиндустриалдық кезең. Яғни индустриалдық кезеңді технологиялық прогреске басқан кезеңде өзінің формациясын дайындаймыз деп алдарына мақсат қояды. Осы тұрғыдан, менің ойымша, білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңартып отыру қажет және ол дұрыс. Бірақ екінші мәселе – білім беру мазмұнында ұлттық тақырыпты, ұлттық дәстүрімізді, төл мәдениетімізді насихаттап, қазақ тілін оқыту мазмұнында тілдік нормаларын сақтап және Қазақстан тарихын, дүние жүзі тарихын тәуелсіз Қазақстанның көзқарасымен, бүгінгі таңдағы геосаяси тұрғыдан оқытуымыз қажет. Тіпті, физика, химия, биологияны отандық өндіріс орындары, олардың экономикаға әсері тұрғысынан оқыту өте өзекті. Ауыл баласы да, қала баласы да осы біліммен қатар химия, биологияның арнайы зертханалық кабинеттерінде түрлі зерттеулер жасап, робототехниканы, жаңа заман білімін бір деңгейде оқып, үйренуге тиіс», –  дейді Ж.Сүлейменова.

Мысалы, 2016 жылы Назарбаев зияткерлік мектептері әзірлеген стандартта қазақ тілінің грамматикасы қазақ тілін оқыту мазмұнынан алынып тасталған. Бұл стандарт қайта қаралып, қазақ тілін оқыту мазмұнына грамматика қайтарылуы тиіс. Депутат осы күнге дейін 500 мектепке барып, мұғалімдермен кездескен, әр мұғалімнің үніне құлақ түрген. Қазақ тілінің тілдік нормалары, қазақ тілінің сонау жыраулар кезеңінен бастау алған, Абай кезеңінде қалыптасқан, байыған, Алаш зиялылары, тілдік емле, грамматика, тілдік нормалары, қалыптасқан ережелері тәуелсіздік кезеңімізде 2016 жылғы стандарттың мазмұнында алынып тасталуы, ұстаздарды да, депутатты да қатты алаңдатады. Сондықтан осы мәселе қайта қаралып, дұрыс шешім қабылдануы керек деп есептейді. 

«Сондықтан алдағы уақытта мазмұнды қайта қарайтын болсақ грамматиканы қайтаруымыз қажет. Күні кеше «Аманат» партиясы жанында білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Сол отырысқа оқулық сапасы туралы және білім беру бағдарламаларының мазмұны туралы үлкен эксперттік талқылау өткіздік. Аталған талқылауға мемлекеттен бір тиын қаражат алмай, кезінде репетиторлық орталықтар ашып, қазір оқулықтар, оқу-әдістемелік оқулықтар дайындап жүрген, жалпы білім саласының дамуына үлес қосып жүрген өкілдерді шақырдық. Сонымен қатар орталық мемлекеттік орган, Оқу-ағарту министрлігі, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының және білім мазмұнын қалыптастыруға байланысты орталықтың директорларымен сөйлестік. Үш сағатқа созылған талқылау болды. Ең ірі баспа иелері келді. Оқулықтарда кетіп жатқан қателер, сәйкессіздіктер, физика, математика ғылымдары арасындағы жүйесіздік, бірізділіктің болмауын, барлық мәселені талқыладық. Бұл – ұлттың болашағы туралы талқы. Қазақ жастарының, өскелең ұрпақтың жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті болуын, қоғамдық сын-қатерге төтеп беруін қамтамасыз етуіміз қажет. Соған сәйкес, білім беру бағдарламалары заманға сәйкес өзгеріп отырғаны дұрыс. Ақпараттық технологияны енгізейік. Мұғалімдерді даярлау мәселесі де өзекті. Әрине, Оқу-ағарту министрлігі соңғы үш жылда кезінде жіберілген қателіктердің орнын толтыруға көп күш салды. Бірақ ол жұмыс тоқтамауы қажет. Қателіктердің орнын толтыруымыз керек және оған қосымша бүгінгі  әлемдегі өзгерістерді, технологиялық дамуды, сын-қатерлерді, сонымен қатар экономиканың негізгі бағыттарын негізге ала отырып, білім беру бағдарламаларын осы санатта, осы бағытта дамытуымыз қажет», –  дейді депутат.

«ТӘРБИЕСІЗ БЕРІЛГЕН  БІЛІМБІЛІМ ЕМЕС»

Дәл осы сөзді әл-Фараби айтқан. Келіспеске шара жоқ. Оқушылардың тәрбиесіне, олардың мектептен тыс мінез-құлқына мұғалім жауапты емес десек те, мұғалім – оқушыға үлгі. Ол білім беретін тұлға ғана емес, тәрбиелік тұрғыдан да үлгі. Мектеп те оқушыға тәрбиелік тұрғыдан үлгі-өнеге көрсететін мекеме. Бұл туралы депутат бір жыл бұрын да мәселе қозғаған екен.

«Менің ойымша, мұғалім 45 минут білім беруші ғана емес, сонымен қатар сол уақытта баланы тәрбиелейтін де жан. Жуыр­да тағы да қыздар арасындағы мәселе әлеуметтік желіге тарап, әрине, қызу талқыға түсті. Бізде тәрбие жұмысының негізі бар, сол негізді жүзеге асыру дәстүрге негізделсе деймін. Өзіміздің қазақы мінез-құлықты, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет, ар-намыс, ысырап, кішіпейілділік, мейірімділік, ізгілік секілді құндылықтарды әрбір баланың өмірлік темірқазығына айналдыратын жаңа, мазмұнды бір жұмысы керек. Тәрбие дегеніміз – ұлттың болашағы.

Екінші мәселе – бізде мектептегі полиция инспекторы мен мектептің арасындағы жұмыстың мазмұнын сәл өзгерту керек. Формалды емес, баланың мінез-құлқына байланысты қарым-қатынас орнаса. Мұғалімдердің де кейде байланыс орнатуға уақыты болмауы мүмкін. Үш ауысымды мектеп, мұғалім тапшылығы мәселесі кедергі болады ғой. Мектептегі полиция инспекторының жұмысы формалды болмаса, ол жазалау-шы емес, тәрбиелеуші болса көп дүние шешілер еді. Үшінші мәселе – ата-ана, әке рөлін білім беру саласында ұлғайтсақ, ата-ананың балаға деген сүйіспеншілігін, уақыт бөлуін күшейтсек, сонымен қатар «ақсақалдар кеңесі» сияқты ұзақ жылдық тәжірибесі, айтар тәлімі бар педагогтер кеңесін құрсақ, бұл да жағдайды реттер еді. Жас мұғалім білімді болып келуі мүмкін, ал тәрбие жағынан әлі де ысылмауы ықтимал. Өйткені балаға берер тәрбие, бала мінез-құлқын тап басу тәжірибе арқылы жинақталады. Сондықтан жас мұғалімдерді дайындайтын кеңес керек. Яғни қоғамдық негіздегі институт құрылса құба-құп», – дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Депутат төртінші мәселе ретінде педагогикалық университеттерде, педагогикалық мамандықтарды даярлайтын факультеттерде арнайы тәрбие жұмысының міндетті курстары болуы керек деген мәселені көтерді. Айтуынша, балалардың жалпы ерекшеліктерін, мінез-құлқына байланысты ерекшеліктерін қамтитын жағдай негізінде педагогикалық мамандықтарға ұлттық тәрбие деген міндетті курс енгізу керек. Ол курс үшінші курстан төртінші курсқа дейін жүріп, сол курстан арнайы мемлекеттік емтихан өтіп, біліктілік тестінде де көрініс тапса деген ұсынысын білдірді.

«Қазіргі ұрпақтың сенімі, сезімі, индивидтік ұстанымы, мінез-құлқы мүлдем басқа. Біз оларды бір шетінен қолдап, қолпаштай отырып, екінші жағынан мынауың былай ғой деп айта алатындай дәрежеде тәрбие жүйесін жасайық. Тәрбие жүйесі міндетті түрде қандай да бір шектеу, тек қана тәртіпке келтіру ғана емес.Тәрбие жүйесі мерекелік шараларды өткізу, ұлттық дүниелерді, домбыраны үйретумен қатар, қазақ ұлтының патриоты ретінде осы елге жаны ашып, осы елдің бүгініне, болашағына жауапкершілік қабылдай алатын кез келген, Отанының болашағына аянбай еңбек ететін, оған қоса ата-анасын жақсы көретін, жан-жағын сыйлайтын, жауапкершілік алатын адамның образы. Сол образды сабақ барысында, сабақтан тыс уақытта, мектепте, мектептен басқа жерде, үйде, қоғамда насихаттайтын үлгінің үлкен бағдарламасын қабылдауымыз қажет», – дейді депутат.

Тәрбие мәселесіне қатысты Жұлдыз Досбергенқызының айтары көп. «Қазақ халқының рухани тамыры – қазақ әдебиеті мен қазақ баспасөзінде. Тәрбие жұмысын толыққанды қалыптастырып, дамытып, жүзеге асыруда бұл, әрине, мектептегі әдебиет, Қазақстан тарихы, география пәндерінің  мазмұнына және оқыту методикасына тікелей байланыс-ты. Жаратылыстану-математикалық пәндердің мазмұны да өзекті. Ерекше көңіл бөлгім келетіні, қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінде Абай Құнанбайұлының шығармаларындағы философиялық, дүниетанымдық, «қайтсек, қазақ мықты болады?! Қайтсек, жақсы боламыз?» деген сұрақтарды зерделеудегі терең ойын, сөздік құрамы мен грамматикалық ерекшеліктерін меңгеруге ден қою қажет. Алаш қайраткерлерінің шығармаларымен біздің буын сусындап өстік. Мысалы, 1999 жылы «Рауан» баспасынан жарық көрген «Қазақ әдебиеті» оқулығы әлі есімде. Біздің кезде Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа», «Ақбілек» романдарын оқыдық. Кейін Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Комплексті оқыту жолдары» зерттеулерін іздеп оқыдық.  Жалпы жылдам оқу методикасын, кітап оқуға деген сүйіспеншілік әдебиет пәнінде оянды.

Мектепте газет оқуға дағдыландық. Қазір мектептердің баспасөзге жазылуы баяулады. Жалпы қазақ баспасөзіне жанашырлық мектептердің тәрбие жұмысымен ұштасуы қажет деп ойлаймын.

Жыраулардың өсиетін, ақындары­мыздың, жазушыларымыздың шығар­ма­ларын әдебиет пәнінде оқыту арқылы баланың мінез-құлқын ұлттық дүниетаным тұрғысынан қалыптастырып, жаһанданудың сын-қатерлеріне төтеп беретін адамгершілігі мол, ары таза, ұяты бар, намысты адам ретінде өсіруге ден қою қажет», – дейді Ж.Сүлейменова.

Әзірлеген

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

1113 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы