• Қоғам
  • 19 Қаңтар, 2023

Төрегелді Шарманов, академик: БАРЛЫҚ ҒЫЛЫМНЫҢ АНАСЫ – ОҚУ

–Таңғы жұпар – тәннің азығы. Мүмкін­ді­гінше ерте тұруға тырысамын. Жетіден кейін жата алмаймын. Әдеттегідей жуынып-шайынып, Алатаудан ескен салқын самалмен тыныстап, таза ауада серуендеймін. Күнделікті жарты сағаттық жаттығуларым бар. Отырып-тұрып, қолды әрлі-берлі сермеп жүрекке, тыныс алу жолдарына пайдасы мол жаттығу түрлерін жасаймын. Одан соң міндетті түрде душ қабылдаймын. Мөлшерімен таңғы ас ішіп, жұмысқа келемін. Барлық ғылым­ның анасы – оқу. Газет-журнал, кітап оқу – өмір салтымызға әбден сіңген дүние. Мер­зімді басылымдарды парақтап, соңғы жаңа­лықтармен танысып шығамын, танымдық дүниелерді көзім шалса, қойын дәптеріме түртіп алатыным бар. Өзім басқарып отырған академияның күнделікті жұмыстарымен айналысамын. Жан-жақтан түсетін ұсыныстар, маңызды кездесулер, әртүрлі ғылыми конференциялар мен мәдени іс-шаралар Алматыда толастамайды.
Тоқсанның үшеуіне аяқ бассам да қоғам өміріндегі маңызды оқиғалардан тыс қала алмаймын. Тамақтану рационым өте қарапайым. Жасы келген адамның артық тамақты қабылдауы да қиын ғой. Түскі асқа тек сорпа яки көже ішемін. Арнайы құрт көже жасатып қоятыным бар. Себебі құрт энергияға өте бай тағам. Оны жегеннен кейін екінші тағам артық. Шәйді жақсы көрем. Жас келген сайын уақыт деген дүниенің ең қадірлі, ең аяулы құндылық екенін түсінесің. Сондықтан уақытымды болымсыз іске жұмсамауға тырысамын. 
Шақыратын жерлер де көп, оның бәріне бару мүмкін емес. Сұхбаттасып, әңгіме дүкен құрсақ дейтін тілшілердің де қатары қалың. Оларға: «Айналайындар, мен қырық жылдан бері үздіксіз сұхбат беріп келемін, маған қойылмаған сауалдарың болса қойыңдар, әйтпесе уақытымызды құр өлтірмейік» деп бірден айтамын. Қоғамдағы келеңсіз жағдайлар да, елеулі жетістіктер де көңіл күйімізге әсер етеді. Қазақ болса екен, қазақ толса екен деп бүйрегіміз бұрып отырады. Осылай өтіп жатқан өмір.
 

824 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы