• Әдебиет
  • 19 Қаңтар, 2023

МАХАББАТТЫ ӘСПЕТТЕГЕН ӘЗ-АҒА

Қаламгер Қайсар Әлімнің аға-досы, Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік және А.А.Фадеев атындағы мемлекетаралық сыйлықтардың лауреаты Әзілхан Нұршайықов туралы ұзақ жылғы хаттасуларының негізінде жазған кітабы «Махаббат жыршысы» деген атпен «Ана тілі» баспасынан жарық көрген еді. Енді осы «Махаббат жыршысының» екінші кітабы жуырда Алматыдағы «Мереке» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен басылып шықты.

Көрнекті жазушымен жазысқан хаттарда әдебиет, өмір, дәуір, қоғам жайында қызықты да тұмасы терең, ғибраты мол сырлар шертіледі. Сондай-ақ атақты қаламгердің өз оқырманы жайлы жазғандары да хаттарды байыта түсер дәйек болып, ой салар ортақ өрімін тапқан.

Осындай алтын арқаулы хаттар легі топтастырылған жинақтың бұл екінші кітабында да бұрынғысынан желі тартқан бай мазмұн шалқарланып, елдік мәсе­лелер күлтеленіп, тәуелсіздікті тамырландыратын толғақты пайым­дар жосалана түседі.

Кітаптағы «Әзілхан Халимадан соң» хикаятында жазушының 54 жыл отасқан аяулы жарынан кейінгі он жылдай шығармашылық өмірі шыншылдықпен баяндалады. Әзіз жүректің махаббат лүпілі қартайып, қайғы ойлаған шағында да алғы күндерге ынталандырған ересен күші еш әлсіремей, қайта жалындай түскеніне куә боласыз.

Сондай-ақ мұндағы «Әзілхан – күнделіктерімде» топтамасы да мол рухани тағылымымен сүйсіндіреді.

Ел ішінде «Махаббат маршалы» атанған қадірменді қаламгерден бұл ықыласты сөздің өзіне қалай таңылғанын сұраған авторға Әзаға: «Махаббат, қызық мол жылдар» романым ғой, осылайша мені сүйіспеншілік сезімге балдай батырып, дәурендетіп жүрген!» – депті жаны арайланып, жасқа тән жалынға шарпылғандай боп. Осы жүрек сөзінің дәлелді айғақтарымен де кітаптан молынан қауышасыз.

Халықтық қаламгер Ә.Нұршайықовтың 100 жылдық мерейтойына орайластырылған бұл кітаптың жалпақ оқырманның талғамынан шығарына, рухани өрісті боларына сенімдіміз.

Н.СӘБИТҰЛЫ

 

1561 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы