• Руханият
  • 19 Қаңтар, 2023

МӘҢГІ ЖҮРЕГІМІЗДЕСІЗ, АСЫЛ ӘЖЕ!

Ұстаз жолы-ұлы жол. Сондықтан бұл жолмен жүрудің жауапкершілігі мен аманаты зор. Ұлтқа қызмет етудің ең маңызды іргетасы да осы киелі мамандықтан басталады. Кез келген саланың биігіне көтерілсеңіз де  ұстаз еңбегінің нәтижесі көрінеді. Ал өмірде саналы ғұмырын тек қана ұстаздыққа арнап, бүкіл бір әулетті ұстаздар жанұясына баулыған жандар да болады. Өткен жылдың соңғы айының ортасында өмірден өткен асыл әжем Шолпан Балабекова да сондай жандардың қатарынан болған еді. Амал қанша, сұм ажал ардақты ана, асыл әже, құрметті ұстаз Шолпан Балабекқызын арамыздан алып кете барды. Енді міне, қабырғамыз қайысып, қырық күндігін өткізерге ұл-қыз, ағайын-туыс, ауыл жұрты да жиналғалы отыр.   

Әжеміз 1942 жылы 20 шілдеде Алматы облысы Кеген ауданы (бұрынғы Райымбек ауданы) Жалаңаш ауылында туған. 1949 жылы Жалаңаш орта мектебінің 1-сыныбының табалдырығын аттап, 1959 жылы жақсы білімімен бітірген. Күнгей Алатауының тұмса табиғатында туып-өскен тау қызының арманы Алматыда білім алу болатын. Сол жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының жаратылыстану-гео­графия факультетінің «биология» мамандығына оқуға түсіп, оны 1960 жылы бітірген.

Марқұм атам Балабек Беркім­баев­пен сол оқу орнында танысып, Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Ерназар ауылына келін болып түседі. Әулиеата өңірінде ұзақ жылдар бойы география-биология-химия пәндерінен Б.Кейкиев атындағы орта мектебінде марқұм атам екеуі бірге сабақ береді.

Ұстаздық еңбегінің нәтижесінде еңбектегі Ерлігі құрмет грамотасы, ҚазКСР оқу медалі, Қазақстан Респбуликасының «Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. 1994 жылы зейнеткерлікке шық­ты. Сол жылдан бері ауылдағы қа­рашаңырақтың түтінін түтетті, отбасының берекесіне, шуағына айнала түсті.

Атам өмірден өтсе де, әжем орнын жоқтатпаушы еді. Енді әжеміз де мәңгілік сапарға аттанып кетті. Орны ойсырап тұр.

Ауылға әр барған сайын әжем жылы жүзімен қарсы алып, өзі қатты ауырса да шығарып салушы еді. Асылдың сынығы, көненің көзіндей болған әжеміздің жарқын бейнесін амалсыз сағынышпен еске аламыз. Кейде қатты ауырып, төсек тартып қалса да, Алматыда жүрген бізді және біздің денсаулығымызға алаңдап, жылы сөзімен, көңіл-күйімізді көтеріп, жылу сыйлап тұрушы еді. Кейде ауырып қалсақ,  ауырып жатқан әжемізден дауа іздейтінбіз. Сөзінің өзі шипа еді ғой, келесі күні жазылып кететінбіз.

Ол кісінің көрген қиындықтары да аз болмады, соның бәрін көтеріп, өзгені жұбата білетін, ауыр науқасын білдіртпей, өзгенің көңілін сұрайтын асқан сабырлығы мен шыдамдылығының, парасаттылығы мен табиғи таза болмысының, ұстаздық ұлы қасиетінің биіктігі қашан да үлгі болып қалары сөзсіз. Мәңгі жүрегіміздесіз, асыл әже! Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын. Алла жұмақтан етсін!

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

 

511 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

жүрегімізді төрінен орын алатыны сөзсіз

19 Қаңтар, 2023

Мен Балабек қызы Бақытжан марқұм Шолпан Балабакованың бірге туған сіңлісімін 14 қаңтар күні сүйікті әрі анамыздай болған қамқор әпкемізден айырылып қалдық немересі Досжан Ба лабек ұлының Ана тілі газетіне жариялаған Мәңгілік есіміздесіз әже атты мақаласы

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы