• Мәдениет
  • 19 Қаңтар, 2023

«ӨЗІНЕ ӨЗІ КҮЛЕ БІЛГЕН ХАЛЫҚ – ҰЛЫ ХАЛЫҚ»

Алматыдағы ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде елімізде танымал карикатуршы-суретші, Мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер, Журналистер, Жазушылар одақтарының мүшесі Нұразхан Еркін Ибрагимұлының 70 жасқа толу мерейтойына орай «Карикатура тарланы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Еркін Нұразхан – қазақ бейнелеу өнерінде карикатура, достық әзілді портрет, яғни шарж жанрының қалыптасып, дамуына өзіндік қолтаңбасын қосқан, бүгінде танымал көшбасшысы саналатын белгілі суретші. 1982 жылдан бері әдебиет, өнер, қоғам қайраткерлерінің әзіл портреттер галереясын жасап келеді. Еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси өміріміздегі келеңсіз құбылыстарды сынға алған сатиралық суреттер топтамасы да жұртқа кеңінен таныс. Сондай-ақ оқырманға өзекті мәселелерді көтерген мақалалары мен деректі дүниелерімен де танылған қаламгер. «Ана тілі» ұлт газетінің бетінде де оқырманы асыға күтетін «Оспанхана» әзіл-оспақ отауы жиі жарияланып тұрады.

Суретші әр алуан тақырыпты қамтиды. Бейнелеген кейіпкерлері сан қырлы мінез-құлықты болса, сурет салудағы техникасы тым қарапайым. Қағаз, қаламұш, тушь, акварель бояуы, гельді қалам, түрлі-түсті қарындаш. Карикатуршыны шығармашылыққа жетелеген де – өмірдің өзі.

Қоғам мен адам, саясат пен заман кеңістігінде қайшыласқан мүдделер майданы мен кереғар көзқарасты жіті бақылап, ақ-қарасын анықтап, жиған-түйгенін ел назарына ұсынады. Көрерменін бей-жай қалдырмай қоғамымыз бен заманымыздың кілтипанын табуға үндеп, сол процес­терге қатысуға, ой түюге, әркім өз позициясын анықтап алуға шақырады. Содан да суретшінің азаматтық позициясы анықтала түседі. Ол әділдік пен адалдық, шындық пен ақиқат жағында болса, қара халықтың мұң-мұқтажын айтып, өмірдегі өзгерістерге сол тұрғыдан қарап бағасын бере алса – нағыз халықшыл суретші, өз елінің патриоты деген сөз.

– «Карикатура тарланы» көрмесі соның дәлеліндей, көрерменін шыншыл да айқын сырларға толы дүниетанымымен табыстырады. Еліміздің дамуына кедергі келтірер керітартпа күштерді келекелеп көз алдымызға әкеледі. Бейқам да немқұрайлы жүрмей, ел мен жер үшін белсенді күрескер болуға шақырады. «Өзіне өзі күле білген халық – ұлы халық» деп француздар айтқандай, күле білудің бір жолы осы карикатуралық туындылар. Карикатура – ащы айтылған сын. Ащы шындықты астарлап, образ арқылы ой тудырып, болмысымыздың күнгейі мен көлеңкесін көрсетуге тырысамын. Күлкінің ар жағында мазақ емес – мазасыздану, жазғыру емес – жан ашу жатқанын жұрт түсінсе деймін. Құлағанды тұрғызу, қирағанды бүтіндеу, жылағанды жұбату, керенау-ды ояту, мұңайғанды езу тартқызу – сатиралық суреттердің абзал борышы болып қала бермек, – дейді Еркін Нұразхан.

Айта кетерлігі, музей қорына 500-ден астам еңбегін сыйға тартқан суретшінің бүгінгі көрмесіне 200-ден астам туындысы қойылды. Көрмені осы айдың аяғына дейін тамашалауға болады.

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

 

582 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы