• Руханият
  • 19 Қаңтар, 2023

ЫБЫРАЙ ТУРАЛЫ ТОЛҒАҒАН СӘКЕН

Ол Қазақстанның тарихына «жеті жылдық мектепті аяқтап, Орынбор шекара Комиссиясында тілмаш болып қызмет атқарған» деп қана енген жоқ. Ол «Білім деңгейін көтеруді жалғастырып, туған елінің тарихын, әдебиетін, Шығыс және Батыс мәдениетінің ғылыми еңбектері мен көркем шығармаларын ықыласпен оқып үйреніп, елінің көрнекті ағартушысы, педагог, ақын, қоғам қайраткері ретінде танылған тау тұлға» деп жазылды. Туған халқына қалай пайдамды тигізсем деген зор ынтамен еңбектенген Ыбырай педагогикалық жұмыспен айналысуды армандайды. Алайда соттың көмекшісі, біресе судья, уезд басқармасының көмекшісі, басқарманың міндетін атқарушы қызметіне тағайындалып барып, асқақ арман болған ұстаздықта 20 жылға жуық жыл жүреді. Халық ағарту саласында басшылық қызметтер атқарады. Өз заманында көрегендікпен «Мектеп – қазақтарға білім берудің басты құралы, барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі – осы, тек осы мектептерде», – деп жазды. Білімді адамның ардақты борышы – балаларға білім беру деп санады.

Шалғай түкпірде мектеп ашу жұмысының қиыншылықтарына қарамастан, ағартушылық идеялармен қанаттанған Ыбырай көздеген мақсатына кірісті. Ауыл-ауылды аралап, халыққа кәсіптік білімнің маңызы мен мақсатын түсіндіреді. Халықтан жиналған қаражатқа мектеп-үйін салуды қолға алып, Торғайда, Елек қорғанында және қазақ қыздары үшін Ырғызда (жанында интернаты бар мектеп), Ақтөбеде орыс-қазақ мектептерін ашқан. Торғай қолөнер мектебінің негізін қалаған. Бүкіл өмірін туған халқына арнаған ұстаз.

Бүгінгі таңға дейін Ыбырай Алтынсарин шығармашылығы тарих, филология, педагогика, психология, этика тәсілімен ерекшелінетін қазақ зиялыларының ішіндегі бірегей тарихи тұлға екендігі, зор қайрат­керлігі С.Аспандияров, М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Б.Сүлейменов, М.Ақынжанов, Б.Ысқақов сияқты ғалымдар мен жазушылардың зерттеулерінде жан-жақты зерделеніп сомдалды. Тағы бір сіз бен біз білмейтін қыры жөнінде дәл қазір белгілі жазушы Нұрдәулет Ақыш жазу барысында. Сыншыл реализм рухында жазылған көркем шығармалары арқылы шығармаларының тілдік ерекшелігін зерттеген ғалымдардың қатарын С.Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, Қ.Жармағамбетов, С.Хасанова құрайды. Белгілі түрколог А.Самой­лович «Түркі халықтарының әде­биеті» атты зерттеуінде Ыбырай Алтынсаринді жас қазақ әдебиетінің негізін салушы деп таниды.

Шығармашылығы қазақ әде­биетінде үлкен орын алады. Қазақ публицистикасының қайнар көзіне айналған. Еңбектері Қазан төңкерісіне дейін үш рет жеке кітап болып басылса, кеңестік дәуірде ондаған жеке кітап, жинақ болып, антология мен христоматияларға, оқулықтарға енді. Бұл еңбектер ҚазКСР ОМ мұрағатының, 1885–1890 жылдар аралығын қамтыған 733, 4, 1692 қорларындағы деректерге және Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатындағы 1846, 1862–1864 жылдарды қамтитын 6 қордағы мәліметтерге негізделіп жазылған. Бірі білсе, бірі біле бермейтін тағы бір кітабы бар. Ол – Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың «Кітап музейінде» Алтынсары ұлы Ыбырай «Өлеңдер жинағы» деп аталатын кітап. Алматының Қазақстан көркем әдебиет баспасынан 1935 жылы шыққан. Латын қарпінде, қазақ тілінде жазылған алғашқы кітаптарының бірі.

Жинап баспаға дайындаған: Сайполла ұлы Сәкен, яғни Сәкен Сейфуллин. Жауапты редактор: Н.Нұрғожин, корректоры Ахметов. Кезінде 5000 тиражбен шығып, талай қолдан-қолға өткен кітап, бізге құрастырушысы сия­мен боялып өшірілген күйде жеткен.

Мұнда Алтынсарыұлы турасында толық және тың ақпараттар­мен мәліметтер беріліп, алғы сөзін жинақтаушы 1934 жылдың көкек айында жазғандығы туралы үзінді берген.

 

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРЫҰЛЫ

Ыбырай Алтынсарыұлы Қостанай маңында 1841 жылы туып 1889 жылы өмірден өткен.

Ыбырай бір жағынан ақын болса, екінші жағынан халық ағарту майданында қызмет қылған адам. Ең бірінші рет қазақтың ана тілінде оқу құралын жазған және ана тілінде қазақ баласын оқытқан тұңғыш оқытушысы болған.

Ыбырайдың шығармаларының мәні, санасы-негізінде билер (феодалдар) табыныкі, сол заман­дағы орыс елінің, өнерге, өнер кә­сіптеріне аяқ басу арқасындағы орыс оқығандарынан шыққан, жаңашылардың әсерімен, қазақ даласына сауда капиталының отаршылықтың мықтап шеңгел салуы­ның әсерімен Ыбырай жастарды оқуға, өнерге шақырды. Елде одан басқа жолдың жоқ екенін біледі.

Ыбырай қазақ еліне білімнің тез игерілуіне араб әліппесінің бөгет болатынын сол заманда-ақ білген. Араб қарпіне қарсы болған. Сондықтан қазақтың ана тілінде жазған өзінің оқу құралын орыс қарпімен жазған. Бұл ретте Ыбырайды орыс миссионерлері пайдаланбақ болып, Ыбыраймен жақындасқан, Ыбырай олардан қашпай оларды өзі пайдаланып жүрген, сондықтан қазақ ескішілдері оны шоқынды деп шығарған талай өсек таратқан.

Осы күнде кейбіреулер Ыбы­райдың істерімен таныс болма­ғандықтан, сол бұрынғы ескішілерде таратқан өсектерінің қалдық сарынымен «Ыбырайдың заманында қазақ көпшілігіне қадырсыз болған еді»  деген сияқты теріс сөздерді қолданатын сияқты. Талпына бастаған қазақ жас-тарына Ыбырай айрықша қадірлі болған адам. Жас буынға арнап шығарған Ыбырайдың «Кел балалар, оқылық» өлеңін жатқа білмеген оқушы болмаған. Ал «жас буын қадірлеген Ыбырайдың қазақ көпшілігіне қадірі жоқ еді»  деушілік тек қазақтың кешегі күнінен ештеңе білмегендіктен туған сөз. Әдебиет тарихымызда керек болсын деп, әзірше Ыбырайдың осы сөздерін жинап жібердік.

Сәкен

20-ІV-1934 жыл. Алматы

МАЗМҰНЫ

1. Ыбырай Алтынсары ұлы

2. Кел балалар, оқылық!

3. Балқожа бидің оқудағы баласына жазған хаты

4. Өнер-білім бар жұрттар

5. Ей, достарым

6. Ей, жігіттер

7. Араз бол кедей болсаң ұрлық пенен

8. Бұл кім

9. Жаз

10. Өзен

11. Жаз шыққанда

12. Қарға мен түлкі

13. Ханға бидің айтқаны

14. Орақ батырдың баласының қанға айтқаны

15. Сейтахмет сөзі

16. Нұржан бидің бір сөзі

17. Орынбай ақынның Ерден батырды мақтауы

18. Әділдік көрмеген үшін бір төреге айтқан сөз

19. Бір ақынның Әділ төреге айт­қаны

20. Қобыланды батыр мен тайбурыл

21. Шәлкездің Жәнібек ханға айтқаны

22. Әбілхайыр мен Қаналы турасында

23. Шектібайды Қарқұлдың мақ­тауы

24. Өсиет өлеңдер

25. Жанақ пен баланың айтысқаны

Бары 25 қана өлеңі енген. Ал соңғы жылдары шыққан кітаптарына 80-нен астам өлеңдері мен әңгімелері еніп, берілген.

Бір қызығы, әдебиет зерттеушісі, филолог ғалым С.Әсіпов «Ұлы ұстаз» мақаласында оның ағартушылық, педагогикалық еңбегіне тоқталып кітапхана ісінің негізін қалаушы екендігін ерекше атап көрсетеді. Расында да, мектеп қана емес, алғаш қазақ жеріндегі кітапханалар негізін де қалаған ұлт ұстазы. Ал С.Ешімхановтың «Ұстаздан ұлағат, ұлыдан өнеге» атты мақаласы Ыбырай Алтынсариннің мектептер жанынан физика, химия кабинеттерін ашып, дала балаларын алғаш рет барометр, микроскоп, электромагнит, телеграфтың жұмыс істейтін модельдерімен, ғажайып шам, әртүрлі коллекцияларымен таныстырған ағартушы ғалым ретінде танытуымен ерекшеленетініне де тоқталып өткен.

Мөлдір  ТӨЛЕПБАЙҚЫЗЫ,

ҚР Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері

1134 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы