• Руханият
  • 19 Қаңтар, 2023

ҚҰРМАНҒАЗЫ. МӘМЕН. ҚАЛИ

СУ ЖАҢА МӘДЕНИЕТ МИНИСТРІМЕН ОЙЛАСУ

Әр үйдің төрінде 
домбыра тұруы керек. 
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ 

Қали СӘРСЕНБАЙ
«Ana tili»

Қазақтың аса қасиетті күй өнерінің үш ұстыны. Текті өнердің тұғырлы тұлғалары. Күй қағандары.
Қали Жантілеуовті көрдім. Осы мына Гагарин мен Тимирязев көшесінің қиылысында ескі үйде тұрды. Аңғал, әсершіл кезіміз ғой. Екпіндеп кіріп  барғанымда қаршығадай қара шал тіп-тік болып ат үстінде отырғандай көрінді. Сол сурет қазір еміс-еміс есімде. Осыдан 30 жыл бұрын «Егемен Қазақстанда» «Тарлан» деген мақалам шығып, Асқар Сүлейменовтың «О, Сузакский, шик» (шикарно дегені)  дейтін кезі. Сонсоң күй туралы басталып кеткен әңгіменің бір тереңдеген тұсында «біздің Созақта күй тартпайтын адамды жабылып қызықтайды» дегені бар еді. Жарықтық қай тақырыпқа  болсын әңгімесі дайын еді ғой. Сол жолы Қали қарт туралы да біраз жерге барып қайтқан.

Күй кемеңгері Қали болмаса Құрманғазының күйлері бұл заманға жетер ме еді. Тоқтай тұрыңыз алдымен Мәмен бар ғой. Құрманғазының көп шәкірттерінің бірі де бірегейі (Дина шешеміз туралы айтсақ алысқа кетеміз) осы Мәмен еді. Күй атасының сұрапыл туындыларының басым көбін ұстап қалған да осы Мәмен. Анау-мынауға таңдана бермейтін, Құрманғазының өзі қанатының астына алып, Мәменнің өзі мойындаған дара Динаның Қалидың қағысына қайран қалып, тартысына тамсанып, «әй, шайтан,  бала» дейді екен. Динаны Ахаңа айтып жүріп, Алматыға келуге көндірген де Қали күйші. Сол дана шешемізді бала Қалидың Оқап Қабиғожинмен бірге алғаш рет қалай көргені де қызық. Бір күні Қалиды әкесі  базарға жұмсайды. Бір кезде базар іші «Дина қатын келді» деп шулап кетеді. Сол күні Дина арба үстінде отырып концерт береді. Соны қызықтаған бұл екеуі сатуға әкелген дүниесін ұмытып та кетеді. Содан Дина концертін аяқтап, бір қара үйге кіреді. Үйдің төрінде үйдей боп Мәмен отыр екен. Сонда Дина Мәменге сәлем беру үшін келген ғой. Екеуінің күй тартысын көрген күннен бастап бұл өзгеше бір әлемге енеді.

Айтпағым не? Өткен жылдың соңына тақау Құрманғазы оркестрінің концерт залында Қали Жантілеуовтың 120 жылдығына арналған концерт-дәрісті белгілі күйші Абдулхамит Райым­бергенов жақсы жүргізді.

Он төрт жасынан Мәменнің қа­сына ерген Қали күйшінің әң­гі­месін көрнекті күй маманы майын тамызып айтты.  Мәменнің  күй тартуы оны қатты баурайды. Күндіз-түні есінен шықпайтын болған. Қайда жүрсе де құлағына бір құдіретті әуен келеді де тұрады. Ойын баласы сол күннен ойшылға айналады. Ойынға енді кірісе бергенде  Мәмен келіп қалғандай үйге қарай құлдыраңдап тұра жүгіреді екен. Тіпті қой бағып, ия басқа шаруамен айналысып жүрсе де Мәмен есінен шықпайды. Бір сиқыр болып бау­рап алады. Қысқасы Мәменмен ауырады. Осыны сезген әкесі бір күні Қалиды атына мінгестіріп, бір тоқтысын өңгеріп, күйшінің үйіне келеді. Содан Мәмен Ералыұлы балаға батасын беріп, сол күннен бастап жанынан бір елі тастамайтын болады. Сөйтіп жүріп Мәменнің тартуындағы Құрманғазының бар күйін нотасыз заманда құймақұлақ күйші бала құлағына құйып алады. Осы күнгі алып оркестрлердің репертуарынан түспейтін «Сарыарқа», «Адай», «Серпер», т.б күйлерді Ал­матыға алып келген осы Қали Жантілеуов. Оның бағына орай Ахаң – Ахмет Жұбанов кезігіп, осы күнгі Құрманғазы оркестрінің ең алғашқы он адамдық құрамына кіреді.Құдай шебер ғой, егер Ахаңа кезікпесе күйшінің, Қүрманғазы күйлерінің тағдыр-талайы қалай болар еді!? Тіпті «Адайдың» екі түрі болған екен. Ахаңның таңдауымен тартылып жүргені бүгінгі елге танымал нұсқасы. Әрине, бұл кереметті үздіксіз баяндай беруге болады. Егер әңгімеге тереңдей түскіңіз келсе, Әбіштің тарихи-танымдық бекзат баяны «Күй-құдіретін» (Құрманғазы туралы) оқысаңыз, көп жайға қанығасыз.

 

Күй-шежіре, тарих. Тарихы жоқ елдің күйі де, музыкасы да болмайды. Түркіменде, қырғызда күйдің шалығы болғанымен, негізі күйді ұстап қалған біздің қазақ. Кешегі күні отар­лаушы елдің табанына тапталудан сақтап қалған  да осы бізге ғана біткен құдіретті өнердің киесі мен иесі. Алатау-Арқа, Атырау-Алтай арасының күйшілік дәстүрі де осы Қали тәрізді құймақұлақтар арқылы бүгінге келіп жетті. Айрықша дарын, асқан виртуоз Қалидың қағысымен қалпын бұзбай жеткен Құрманғазы, Дәулеткерейдің күйлері соның бір ғана дәлелі.

Домбыраның шешен пернесіндей шабыт пырағына мініп сөйлейтін А.Райымбергенов осы концерт бойы-на Құрманғазы, Мәмен, Қали линиясына көп басымдық беріп, тарихи танымдық сипатта өрелі әңгіме өрбітті. Әңгімесінен  рухани кемелдіктің көрінісі ұшқындап отырды. Қалидың шығармашылық биік бітім-болмысы алдыңғы абыздардың келешекке аманаты, өнердегі ұлы сабақтастық арқылы ашылды. Бірақ маған   халықты рухтандыруға тиісті осы концерт жұрттан тығылып өткізіп отырғандай әсер қалдырды. Осынау қайталанбас кереметті неге ат төбеліндей көрермен бір бұрышта отырып тамашалауы керек. Не оны жабылып түсіріп жатқан телеарна жоқ. Бізде жалпы халыққа арналған концерт залдары бар емес пе? (Айтқандай олар сырттан келетін келімсектерден босамайды екен ғой). Осынау күй кеші неге жалпыхалықтық сипат алмайды? Күйден артық қандай кереметің бар? Тарихыңды, бар болмысыңды сақтап қалған кешегі «Елім-айлар», ұлы сарындар емес пе еді? Біздің ұлы тарихтың бәрі де ең алдымен күй болып туған. Өте келе соның  бірсыпырасы толғау, терме, дастан, әнге айналған. Осы тарихты халық неге білмейді? Оған кім кедергі?

Кейінгі тұста кері кеткендікті білдіретін бір тенденция – өмір бойына қызыл өкіметке қызмет етіп, рухыңды езген шенеуніктерге құрмет көл-көсір. Тіпті әулие етіп көрсеткісі келетін мақала да, телеарналардағы хабарлар да, салтанатты жиын да солар туралы. Бір ғажабы бұл жиын ел деңгейін шарпиды. Айналып келгенде мұндай той-томалақ ұлтқа емес, руға қызмет етеді. Ағайын-туысы жабылып, әлі де болса қолдан тұлға жасауға жанталасады. Мұнымен біз халықты қайда бастаймыз?

Ал енді халқын ұлттық сана биігіне көтерген ұлы өнердің бастауы-нда тұрған ұлы тұлғалар неге осындай деңгейде дәріптелмейді? Әлде өзі жоқтың көзі жоқ па? Неге олар ауыл-аймақпен ия бір ұжымның концерттік шарасымен шектелуі керек? Тіпті сондай жиында үкімет басы, министр демей-ақ қояйық (олардың қатыспайтыны айдан анық), шала сауатты орынбасары, комитет төрағасы да төбе көрсетпейді ғой. Әлде бұл да өз даусын өзі естімейтін әлдебіреулердің концертінің деңгейінде өтіп, әйтеуір атаусыз қалмады дегенге керек пе?

Рас, қазір айтыс өнерінің деңгейі бір биікке көтерілді? Қазақтың қай өнері де ұлт рухының көзі. Бірақ соның бәрі жиылып келгенде бір күйге татымайды. Ендеше неге оның аясы тарылды?

Күй ұлттың рухани иммунитетін күшейтетін құдіретті өнер. «Қазақтың бар қасиеті күйінде қалды» деп еді Әуезов. Мемлекет басшысы неге «Ұлттық домбыра» күнін жариялады? Бұл тек сол күні ғана күй тарту керек деген сөз емес қой. Бір нәрсе анық: Ендігі күйді қолға алмасаң, қазақтың күйі кете береді (популизм мен білімсіздік – Қ.Тоқаев), дендей береді деген сөз. Қазіргі қоғам дерті – ол – рухани дерт. Саяси, экономикалық қылмысты бір жағына шығаруға болады. Ал рухани қылмысты түзеу қиын. Мынау қалың қолдай қаптап келе жатқан рухани эпидемияға, идеологиялық вирустарға қарсы күш – күй.  Күй – ұлттың, ұлыстың ұраны. Күй –  рух, намыс, жігер, адамгер (Таласбек) өнер. Демек шулаған шоуларға қарсы тұра алатын ұлы рухани жоба қолға алынып, мемлекеттік деңгейде ұлттық құндылықтарға негізделген ұлттың төлтума болмысын бедерлейтін, рухани-тарихи тегін,  бекзат баян, бағдарын айқындайтын тұжырымдама қабылдануы әбден қажет. Оның басы-қасында Шәмілдер, Айтжандар, Секендер, Жанғалилар, Ерландар жүруі керек. Кезінде кемеңгер күйші Қаршыға Ахмедияров Күйшілер Одағын құрып, осы істі қолға алуды ойлап еді. Бүгінде ол одақ бар, бірақ дәрменсіз, көп одақтың бірі. Оған мемлекеттік мәртебе беру керек. «Домбыра» арнасы ашылып еді, оның бар-жоғы белгісіз. Бұл пікірді айтуымызға соңғы жылдар мұғдарында ұлттық құндылықтарға бет бұрған Президенттің өзі дем беріп тұр. Ол кісі бір сөзінде «әр үйдің төрінде домбыра тұруы керек» деді. «Ана тілі» газетімізде «Шенеуніктердің кабинетінде домбыра тұруы керек» деп те жазды. Домбырасы бар үйден кие, қасиет кетпейді. Қазір урбанизацияға түскен қала жұртына дала даналығын, тәрбиесін алып келу керек. Оған оқулық дайындап керегі жоқ. Дайын оқулық күйдің тілі. Сонда ғана дала мен қала өркениеттің тоғысар жеріне айналады. Қазақтың басын күй ғана қоса алады. Әрине, музыкант, күйші болу мақсат емес, домбыра ұстап өскен бала келешекте елді де ұстайды. Күй тартқан бала елді сүйіп өседі, кісәпір болмайды, оның бойында кішілік пен кісілік қатар дамиды. Сондықтан барлық орта мектептерде домбыра пәнін міндеттеу қажет. Ақордадан бастап, Президент ұшағына дейін домбыра тұруы керек.

Кезінде қазақ оркестрлеріне балалайканы тықпалап, мәжбүрлегенде Ахаңдар оны жолатпаудың түрлі жолын да іздеп тауып еді. «Нағыз орыс орыс емес, нағыз орыс балалайка» деп Шәміл (Мұхамеджанов) ақынның Қадырды пародиялайтыны да осы кез.

Түріктерде саз деген домбыра тәрізді аспап бар. Осы қасиетті аспапта орындаушылардың кейінгі кезде азайып бара жатқанын түрік үкіметі тез арада байқап, арнайы қаулы қабылдап, саз орындаушыларының жалақысын мың долларға көтерген. Ал біздің үкімет мұндай сауапты іспен айналыса ала ма? Жоқ деп кесіп айтуға бола ма? Болады. Себебі біздің министрлердің  басым бөлігі министрлер емес, менеджерлік қабілетке ие адамдар.

Мәдениет, өнер – ұлттың ұяты, ұлы мағына, ұлы мазмұн. Сон­дықтан да Мәдениет министрлігі министрліктердің министрлігі әрі эталоны болуға керек. Мәдениетінен мән кеткен елден мазмұн, мағына іздеп керегі жоқ. Біз ұзақ жылдар бойы мәдени, рухани дағдарысты бастан кештік. Содан да әр саланың мәдениеті мешеулеп қалған. Ал мәдениетті басқаратын адамның өзгеге қарағанда өзгешелігі көп болуы керек. Білім-білігіне, парасат-пайымына серпін берер бастамашыл, тамсану, таңдану, талғампаздық секілді қасиеттер жан серігі болмаса, мәдениетті басқарамын деу бекер. Өнер адамын басқармау керек, бағалау керек, бағасын білу керек. Тұлғаларын тану керек, қолдан жасап алған тұлғалардан кеңес сұрамай, араны алыс салу керек. Керек, керек... Біздің жұмыс стилімізден осы қасиет алыстап барады. Мәдениет министрінің өзгеден артықшылығы ол шығармашылық аяда ойлауы керек. Бұл саланың стихиясы бөлек. Мәдениет министрлігі тек мәдениетпен, мәдени саясатпен айналысуы керек. Осы тұрғыдан қарағанда  өз бетінше өмір сүруге әбден хақылы спорт саласын оған қосақтаудың не керегі бар?

Асхат Оралов жас жігіт. Президент жастар кадрлық резервінің мүшесі. Жас та болса талай қызмет сатыларынан өтіп, меритократиялық жолмен көтерілген, тәжірибе жинаған, жігерлі жас. «Кім сүтті қызын береді» демекші, мәдениеттің өз адамы болмаса да жиған ілім-білімін шығармашылық аяда жүзеге асыруы, шенеуніктің шеңберінен шығуы керек. Солай болатынына үміт пен сенім зор.

«Әр ұлт өзінің ең асыл қасиетін адамзатқа ортақ қазынаға айналдыра алмаса, ол ұлттың қасіретті қылмысы саналады» депті Р.Тагор. Ұлы Мұқаң «қазақтың бар қасиеті күйінде ғана қалды» деп бекер айтқан жоқ болар. Ал біздің қазақта адамзаттың ортақ қазынасына айналып, дүниені тамсандыратын рухи күш жоқ па? Өзге салада ашылып, дүниені дүр сілкіндірер жаңалықтар болашақтың еншісі, ал біздің ұлт өнері мен мәдениеті арқылы дәл бүгін әлемді мойындатуға болады. Бес мыңнан астам ән-күйі бар мұндай халықты күндіз шам алып іздесең де таппайсың. Ән әр халықта бар. Күй қазақта ғана. Осы күйімізбен-ақ адамзаттың ортақ қазынасына айналар едік. Біз көбіне бәріне ЮНЕСКО-ның көзімен қараймыз. Біздің бәленбай мұрамызды тізімге алды деп, сол мақтанға мәз болып жүреміз. Дұрыс қой. Ендеше, сол ұлы мұрамызды неге әлемдік деңгейде  көрсетуге қауқарсызбыз? Біздегі бар өнер атаулының алтын сағасы, тұнық бастауы, ноқта түгіл, нотаға басы сыймаған қайнар көзі – күй. Егер осы миссияға өнер тұрғысынан қарайтын болсақ, қазақты әлемдік кеңістікке қазақтың (бесінші мұхит – Әбіш) күйі, музыкасы алып шығады. Міне, осыны ойлау керек министр шырақ. Болмаса бір-екі кино түсіріп әлемнің әр жерінен күнде сыйлық алып келумен өнер өспейді. Тағы да айтайын деп айтпайсың. Алдымен қолыңдағы барыңның бағасын, жоқтың қадірін білуге ұмтылу керек.

Сатыбалды Нарымбетов «біз әлемді кино, музыкамызбен мойындатамыз» дегенді жиі айтатын. «Қыз Жібектерден» кейін бұл халықта кино болған емес, жуық арада болады деу қиын. Кешегі бір ел үстінен күн көріп, күйіңнің тілін байлаған шенеуніктерді әулие санап ат шаптырып, ас беріп, ескерткіш орнатамыз. Ал сенің тарихыңды жасап кеткен тарландарды халыққа шығармай, неге тар қапасқа апарып тығамыз? Қали Жантілеуовтердің концерті бір аудан, облыс көлемінде жай есеп үшін өткізе салатын жиын ба? Бір ғана Қали емес, оның ар жағында ұлылық, қайталанбас ұлы дәстүр, сабақтастық тұр ғой. Егер сақау Мақу күйші, Қызыл мойын Қуандық күйші болмаса Тәттімбет болар ма еді? Мағауиялар болмаса Тәттімбеттің күйлері қалар ма еді? Өнердегі ұлы дәстүр, сабақтастық үзілген жерге «жын-шайтан» үйір. Өнердің озық өкілдері өгей күй кешіп, әркім би, әркім қожа болып, орташа таланттар мінберге шығып кетеді. Сондықтан текті өнердің текті тұлғалары төрге шығуы тиіс. Күй хан Абылайдан, Дәулеткерейдей төрелерден қалған текті өнер. Қазір сол тұнық бастау лайланды. Кім болса сол, тойдағы өнерпаздар үлкен сахнаға шығып кетті. Оны «Авгийдің ат қорасынан» тазартатын уақыт әбден жетті.

Осынау ұлы өнер жапонда болсыншы, ендігі жаһанды жаулар еді.

Қали күйшінің ат төбеліндей кісі жиналып, тамашалаған концертінен туған этнопайымның бір үзігі осы.

1333 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы