• Мәдениет
  • 19 Қаңтар, 2023

ШЕР ТОЛҚЫҒАН САХНА

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделханның «9 грамм»  интеллектуалды поэтикалық драмасының тұсаукесері өтті. Қойылым режиссері – Жұлдызбек Жұманбай, композиторы Қанат Ибрагимов. Шығарманы Қарасай ауданының «Қарасай жастары» театры сахналады.

Бұған дейін поэтикалық драма Алматы облысының аудан орталықтарында бес рет қойылыпты.

Драмада ғұмыры 9 грамм оққа байланған Әлихан Бөкейханнан бас-тап Алтынбек Сәрсенбайұлының рухы асқақтайды. Достық пен сатқындық, адалдық пен арамдық алма-кезек ауысқан сахнада боқ арқалаған қоңыз бен боқташығын сүйреткен адамның тайталасы басталады. Сахнадағы тор – саясат немесе саясат шырмаған адам. Адамның басы – Алланың добы да мұнда бар. Дүние – боқ та осында.

Пьеса авторы, Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделханның сөзінше, 50 минуттық «9 грамм» пьеасасы – интеллектуалды поэтикалық драма, бастан-аяқ ақ өлеңмен жазылған. Сахнадағы «Шындық», «Көке», діндар мен өзге адамдардың сөзі мен мінезі көрерменді бей-жай қалдырмағаны анық. Қойылымға Бақыт Беделханның жырлары рух берген, режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың шешімі от берген, композитор Қанат Ибрагимовтың сазы жан берген. Осылайша сол күні сахнада қазақтың шері толқып, сөз болып шықты, саз болып төгілді.

«Түнде жалғыз қаңқылдайды

қаз-жұлдыз.

Жар қасында жатсақ тағы жалғызбыз.

Дөңгелентіп, боқ көтерген қоңыздай,

Күлшеленген күнәмызға мәзбіз біз...»

***

Қойылымнан соң «Қарасай жастары» театрына сәттілік тілеп, ақ батасын берген Қазақстанның еңбек ері, кино және театр актері Асанәлі Әшімов пікір білдірді. «Алаш азаматтарының, қазақтың басына төнген қауіп-қатердің салдарынан осы кезге дейін талай азаматтан айрылдық. Соның соңғысы – Алтынбек. Алладан сұраймыз, бұл соңғысы болсын. Біраз жасқа келіп, қаншама формациядан өттім, көрдім, көріп те келемін. Бүгінгі қойылым жүрегімді ауыртты. Жетпей тұрған жерін іштей өзім толықтырып отырдым. Тағы да шыңдап, кеңейте түссе деп тілеймін. Себебі бұл тақырып бәрімізге керек. Мұны көтеру – үлкен батырлық және ерлік», – деді ол.

Қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы қоғамдағы болмысты, бейшара күйімізді сатира, поэзия тілімен әжуалап, драмаға айналдырған құнды шығармаға сәттілік тіледі.

«Бұл – Әлихан Бөкейханнан Алтынбек Сәрсенбайұлына дейінгі Алаш арыстарының рухына бағышталған спектакль. Алаш рухы –  жаңа, әділетті Қазақстанға керек. Кейіпкерлердің барлығы жиынтық бейне. Кім қай кейіпкерді көргісі келеді, қалай қабылдайды, өз шешімі», – дейді Бақыт Беделхан.

Қ.СЕРІКҚЫЗЫ

 

692 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы