• Мәдениет
  • 19 Қаңтар, 2023

ЭТНОГРАФИЯНЫҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТКЕН КІТАП

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында этнограф-ғалым Тәттігүл Картаеваның «Сыр-Арал этнографиясы» («Qazaq kitaby» баспасы) атты кітабының таныстырылымы өтті. Кітап «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы аясында жарық көрген.

Тәттігүл Картаева – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымының кандидаты, «Музеология және ескерткіштану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі. Зерттеу бағыты: тарихи этнография, ескерткіштану, этноархеология. Үш жүзге жуық ғылыми және ғылыми-танымдық еңбектердің авторы. «Қазақстанның аридтік аймақтарында сумен қамтудың дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тұрғыда қарастыру» (2018–2020); «Қазақстанның шөлді атыраптарының егіншілік-малшаруашылық ландшафтарын этнографиялық және геоархеологиялық зерттеу: игеру мен бос қалдырудың тарихи себептері» (2020–2022); Қазақстанның ежелгі және қазіргі мәдениетіндегі қасқыр мен иттің рөлін этнозооархеологиялық зерттеу» (2022–2024) атты іргелі ғылыми-зерттеу жобаларының ғылыми жетекшісі.

Тәттігүл Картаева Сыр-Арал этнографиялық экспедициясы, Сыр-Арал, Дариялық тақыр геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы, Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы, Шу-Іле аңғары, Қызылқұм геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясына жетекшілік еткен.

«Сыр-Арал этнографиясы» атты зерттеу еңбегінде XIX ғасыр және XX ғасырдың басындағы Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойы, Арал теңізінің шығыс, солтүстік-шығыс жағалауы қазақтарының дәстүрлі этнографиясы, өңірдегі қазақ ауылдарының дәстүрлі келбеті сипатталған. Сыр-Арал өңірі қазақтарының ру-тайпалық құрамы, тарихи дәуірлерде орын алған көші-қон ағымдары, дәстүрлі шаруашылығы, мерзімдік қо­нысқа көші-қоны, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптағы аймақтық ерекшелігі кешенді түрде қарасты­рыл­ған. Сыр-Арал қазақтарының аймақтық ерекшелігін айғақтайтын этнографиялық ескерткіштер далалық зерттеулер материалдары негізінде айғақталған.

«Сыр-Арал этнографиясы» атты зерттеу еңбегінің таныстырылымын­да киіз үй тігу, киіз үйдің шаңырағын сәндеу мәдениетімен, суды пайдалану әдістері, соның ішінде құдық қазу және оның қабырғасын тас, кірпішпен қалау, сондай-ақ жүзгін, сексеуіл, тораңғымен шегендеу сияқты табиғатты игерумен байланыс-ты қазақ халқының дәстүрлі білімдер жүйесінің аймақтық және жергілікті жерге тән ерекшелігімен таныстыратын көрме өтеді. Аймақты зерттеу барысында белсенді қолданыстағы құдықтар түрлерімен қатар, жойылу қаупі бар және шұғыл қорғауды қажет ететін кейбір қарауыл-құдық түрлері анықталды. Қызылқұм, Арал аймағында тұратын қазақтардың мал қора соғу, түйені таңбалау арқылы тіркеуге алу сияқты шаруашылық жүргізу қызметінің түрлері, сондай-ақ үй кәсіпшілігін жүргізуі және күнделікті өмір мен тұрмыстағы дәстүрлерді көрсететін фотосуреттер қойылды.

Жиынға отандық этнограф, археолог, тарихшы ғалымдар, зиялы қауім өкілдері қатысты. Іс-шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов жүргізді. «Оқырман кітапты неге қазақ этнографиясы деп айтпады деп ойлап қалуы мүмкін. Бұл қазақ этнографиясының бір құрамдас бөлігі – бір өңірдегі этнографиялық ерекшеліктерді саралаған еңбек. Бір халықтың мәдениетін, өнерін асқақтатқан туынды», – деді ол.

Этнограф Нұрсан Әлімбай: «Тәттігүл Ерсайынқызының шығарып отырған кітабы қазақ тарихы, этнографиясы үшін зор құбылыс. Тәттігүл, ұмытпасам, төртінші шәкіртім болып ғылыми жұмысын қорғады. Ол содан бері ең үздік, ең беделді, ең көрнекті ғалым ретінде қалыптасты десем, артық айтқаным емес. 2014 жылы Сыр өңірінің этнографиясы деген көлемді еңбегі жарыққа шықты. 445 беттен тұратын еді. Қазіргі кітабы 512 бет. Бұл кітаптың түбегейлі айырмашылығы бар. Мүлдем тың мәселелер қалыптасқан. Қазақ этнографиясының 32 аспектісі енген. Ішінде үлкен үлкен ғылыми параллелдер келтірілген. Өзім мүлдем білмейтін мәліметтер кездестірдім. Теориялық қолданбалы бағыт та сақталған. Қолданбалы бағытының ең көрнекті өкілі ретінде қалыптасты десем, асырып айтпаймын», – деп пікір білдірді.

Ғалым Аманжол Боранбайұлы: «Бұл монография күрделі тақырыпты қаузаған. Кезінде мұндай жұмысты отандық этнологияның ақсақалдары бастап еді. Қазақстанның түрлі өңірлерін аралап, зерттеулерін тасқа бастырған. Әрбір ғалымның ғылымға қосар үлесі ерекше. Тәттігүл Ерсайынқызының бұл кітабында бірнеше жаңалығы бар. Бірінші, тарихи этнографияға байланысты дәстүрді түгел қамтыды деуге болады. Екінші, ел арасынан жинаған мәліметтерді сәтті келтірген. Үшінші, көрме ұйымдастырған. Төртінші, салыстырмалы түрдегі талдаулары бар. Бесінші, пайдаланған әдебиет­тер тізімін қарасаңыз, жан-жақты әдебиеттерді толық қарап, салыстырмалы зерттеулер жүргізген. Алтыншы, осы салаға қатысты қазақ тілінде шыққан кешенді еңбекті бірінші рет көріп отырмыз. Жетінші, этнография ғылымының қолданбалы қырын ұмытпай, халыққа түсінікті тілмен жеткізген. Сегізінші, осы кітап біздің студенттерге ең керек оқулық болайын деп тұр», – деп кітап­тың жаңалықтарын санамалап берді.

Жиын соңында іс-шараға келген қонақтар Тәттігүл Қартаеваның жеке коллекциясындағы этнографиялық көрмені тамашалады.  

Қ.СІМӘДІЛ

 

837 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы