• Руханият
  • 19 Қаңтар, 2023

ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕ ОРТАҚ ТҰЛҒА

Алматыдағы Ұлттық кітапханада қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, дипломат Мұрат Әуезовтің 80 жасқа толуына орай «Өткірдің жүзі» мерейтойлық кездесуі өтті. Мерейтойға орай өткен іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, Төрегелді Шарманов, қаламгерлер Смағұл Елубай, Сағымбай Қозыбаев, Марат Сембин, Ермек Тұрсынов, Бигелді Ғабдуллин, Бақытжан Қанапьянов, Елдар Қонаев сияқты зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиынды белгілі қаламгер Бақыт Жағыпарұлы жүргізді.

Мәдениет және спорт минстрі Асхат Оралов Мұрат Әуезовтің  руханият пен мәдениетті дамытуға үлес қосып жүргенін атап өтті: «Мұрат Мұхтарұлы кешегі Алаш арыстарының аманатын ауырсынбай арқалаған, ел мен жерге деген шексіз махаббатты ту еткен, түркі әлеміне ортақ тұлға. Шығыстанушы, түркітанушы, көркемсөз шебері, қазақ дипломатиясының қайраткері. Асқар таудай әке тағылымынан нәр алған,  ұлт абызының өмірі өскелең ұрпақ үшін қашанда өнеге. Тамырында тулаған ұлтшыл мінезді Мұрат аға «Жас тұлпар» ұйымында қабырға газетін шығарудан бастап, қабырғалы қайраткер тұлғаға айналғанға дейін еш тыным таппай келеді. Қазірдің өзінде қаламын қолынан түсірмей, қалғып кеткен қалың бұхараның рухын оятуда, рухани мұратты дамытуда, ұлттың тарихи мұрасын зерттеуде атқарып жүрген жұмысы аз емес. Жас буын Сізді ділмар дипломат, терең философ, танымның туа бітті иесі деп ұғуы қажет. Замана заңғарының өнегелі өмір жолдары жас ұрпаққа қашанда темірқазық болуы қажет. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген. Оның айшықты сөзін осы орайлы жерде айтқанымыз дұрыс. Мұрат Әуезовтей алыптар шоғырының білімі де, мінезі де, парасаты да, керек кездерде ұлт кәдесіне ұпай болып жарады. Бұғаудағы рухты бостандыққа шығарып, арда ұл ретінде аянбай тер төктіңіз. Егемен елдің еңсесін тіктеп, Тәуелсіздікке тұғыр болдыңыз. Біз өз кезегімізде сіздер салған тағылымды жолмен жарқын болашаққа айқын бағыт ұстануымыз керек», – деді.

Ақын Олжас Сүлейменов М.Әуезовтің жастық шағы мен сол күндерден бергі ұлтқа қызмет етудегі табандылығын атап өтті: «Мұраттың жас кезін, тіпті балалық шағын да жақсы білемін. Ол кезде мен де жас едім. Анасы Фатима Ғабитова да өте ақкөңіл кісі болды. Менің анамның да аты Фатима. Санжар Оразовтың да анасы – Фатима. Мұрат інілері Болат Жансүгіров-Ғабитов, Азат Сүлеевке жақсы аға бола білді. Ол мені де тәрбиеледі. Мұрат Әуезов әкесі сияқты көп том кітап жазбаса да, ол біздің буынның қалыптасуына серпіліс әкелді. Мұрат Әуезов бір сұхбатында «жас болсақ та, саналы қазақ болдық» депті. Шынында да, біз ерте есейдік. Жеңді түріп тастап, жұмысқа белсене араластық, бірге дамыдық. Еліміздің мәдениеті мен ғылым саласын көркейтуге барынша атсалыстық. Қазақ халқы білімді болса деген мақсат болды».

«Мүкеңменен бірге көп жыл жұмыс істедік. Әсіресе, бір қиын уақыттарды бастан өткердік. «Біз үндемей отыра алмаймыз» дейтінбіз, жауапкершілігі мол, бірақ қиындыққа қарама-қайшы жағдайда жұмыс бастадық. Сол жолда Мүкеңмен бірге жүрдік, бір туды ұстадық», – дейді академик Төрегелді Шарманов.

Жазушы Смағұл Елубай: «Мұрат Мұхтарұлы – тарихи тұлға, күрескер тұлға. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында біз мектепті бітіріп жатқанда, ол университетте ұйым құрып, дүниені дүбірлетіп жүрді. Сол кезде ұйымға қосылуды армандаған мектеп оқушыларының бірі едік. Сонау советтік тоталитарлық режим қазақ деген халықты аштан қырып, кейін оның рухын, рухани мұрасын құртуға беттеген шақта, онымен келіспейтін жастар тарих сахнасына шықты. Сол жастарды Мәскеуде оқып жүрген студент Мұрат Әуезов бастады. «Жас тұлпар» бейресми ұйымын құрып, қазақтың мәдениетін, тілін, ділін қорғау жолында күресті бастады. Оның дүбірі тым алысқа кетіп, Қазақстанның өзінде сол қозғалыстың негізінде 5-6 ұйым құрылды. Бұл кеңестік тоталитарлық жүйенің зәресін ұшырды. Содан бас-тап Мұрат Мұхтарұлының ізіне ҰҚК шам алып түсті. Тек Тәуелсіздіктен соң ғана ол осы қудалаудан құтылды. Бұл Мұрат Әуезовтің өмір жолындағы бір ғана басынан өткергені», – деген пікірін білдірді.

Алматы қаласы Мәдениет басқар­масының басшысы Ғани Майлыбаев Алматы әкімі Ерболат Досаевтың құттықтауын оқып берді.

«...Осы белеске халқымыздың сый-құрметіне бөленген мәдениеттанушы, қоғам қайраткері ретінде жеттіңіз. Бұл – сіздің халық талғамынан шығып, рухани әлемін байытқан шығармашылық еңбегіңіздің жемісі. Әйгілі «Жас тұлпар» ұйымынан басталған қайраткерлік қалпыңыздан таймай елге үздіксіз пайдалы қызмет етіп келесіз. Елшілік қызмет атқарған кезіңізде еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға үлес қостыңыз. Жан-жақты тұлға ретінде білім беру мен мәдениет саласында бірқатар орталық азиялық жобаларға бастамашы болып, қазақ әдебиетінің жас шығармашылық күштерінің дамуына ықпал еттіңіз», – делінген қала әкімінің құттықтауында.

«Атамұра» Корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед Мұрат Әуезовтің шығармашылық ерекшелігіне тоқталса, Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов Мұрат Мұхтарұлының зерттеушілік қырын атап өтті. «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов: «Мұрат ағамыздың өмірі мен шығармашылығы кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің асыл мұрасын сақтауға, келер ұрпаққа жеткізуге арналды. Сонымен бірге Мұрат Мұхтарұлы Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени құндылықтарын зерделеу мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосты. Сексенге келген ағамыздың қаламы қолынан түскен жоқ. Одан бөлек, ағамыз жас жазушылар мен таланттарға ұдайы қолдау жасап, бағыт-бағдар сілтеп келеді», – деді.

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан мерейтойы иесін құттықтай келе, 2018 жылдан бері «Қазақ әдебиеті» газетінің жанынан «Жас тұлпар» қосымшасы шығатынын айтып, мерейтой иесіне сый-құрмет көрсетті.

Жиын барысында Мұрат Әуезовке «Абай облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Арнайы сөз алған Мұрат Әуезов іс-шарада жиналғандарға жүрекжарды сөзін жеткізді: «Еліміздің мәдени тарихы бай. Меркіге бардым, ерекше шабыттандым. Сол сияқты Абай еліне де барсам деймін. Абайды зар замансыз түсіне алмайсың. Айтатын әңгімем көп. Абайлықтарға барып, сырласып қайтсам деймін», – деді ол.

Кездесу аясында іс-шара қонақтары мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдіріп, сый-сыяпаттарын табыстады. Сондай-ақ ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан Мұрат Әуезовтің қызметі мен шығармашылығына арналған «Өткірдің жүзі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Э.ЫБЫРАЙҚЫЗЫ

 

1152 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы