• Қоғам
  • 19 Қаңтар, 2023

БАЛА ҚҰҚЫҒЫН БӨЛІП ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ 
«Ana tili»

Мемлекет басшысының бастамасымен 2022 жыл Қазақстан Республикасында балалар жылы аталып өтті.  Президент өз сөзінде: «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деген еді. Сонымен, балалар жылы балаларға не берді? 

Әлеуметтанушы Нұрболат Айекешовтың айтуынша, балалар жылында балаларға қатысты қабылданған ең жағымды шешім – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. 
«Президент Қазақстан халқына Жолдау-ында Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Ол бойынша 2024 жылғы 1 қаңтарынан бастап, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалардың  есепшотына аударылып отырады. Жинақталған қаржы балалар кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Сондай-ақ биылдан бастап бала күтіміне байланысты төлемдер бір жарым жасқа дейін төленетін болып, ұзартылды. Десе де, отбасы саясаты саласында бірқатар проблемалар: соңғы жылдары некеге тұру коэффициентінің төмендеуі, аборт пен ана мен нәресте өлімі, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері әлі де өзекті», – дейді әлеуметтанушы.
Ал Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл бағытта жұмыс атқарылып жатқанын айтады. Комитет басшысы Насымжан Оспанованың министрліктің алқа отырысында жасаған баяндамасына сүйенсек, елімізде зорлық-зомбылықтың, суицидтің алдын алудың, балалардың әл-ауқатын арттырудың және олардың құқықтарын қорғаудың 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары жасалып жатыр. Оның ішінде білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шараларын күшейту, психологиялық қызметтерді дамыту, оқушыларды тасымалдау қауіпсіздігі, балалар әл-ауқаты индексінің жұмысын жетілдіру жұмыстары қолға алынған. «Соңғы 3 жыл ішінде жетім балаларға арналған ұйымдардың саны 14 ұйымға қысқарды. 22 мың жетім баланың 80 пайызы қазірдің өзінде отбасында тәрбиеленіп жатыр. Бұл өз отбасында бала өсіргісі келетін ата-аналардың көбеюінің нәтижесі. Сонымен бірге, Президенттік сайлау бағдарламасының 108-тармағын орындау мақсатында біз отбасын орналастырудың баламалы нысаны – кәсіби патронаттық отбасыларды енгізудеміз. Бұл норма биыл заң жүзінде бекітіледі», – деді Насымжан Оспанова.
Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет «Өркен» балалардың әл-ауқатының Ұлттық ғылыми-практикалық институты пайда болады. Ол балалардың құқығын қорғау саласында ғылыми-әдістемелік қолдауды жүзеге асырады. Сондай-ақ комитет білім басқармаларымен бірлесіп, бастауыш сынып оқушыларын тегін сапалы тамақпен қамтуды кезең-кезеңімен арттыру, 50 балалар сауықтыру лагерін құру үшін өңірлік жол картасын әзірлеу және қабылдау, балаларды зиян ақпараттан қорғау, 10 балалар үйін қиын өмірлік жағдайдағы балаларға қолдау көрсету орталықтарына айналдыру, аз қамтылған отбасылардан шыққан 10 мың баланы қосымша біліммен 100% қамту шараларын қабылдауды, балалар құқықтарының өрескел бұзылу фактілеріне жедел ден қоюды жоспарлап отыр.
Десе де халықаралық құқық маманы Әйгерім Құсайынқызы балалар жылында балалар құқығын қорғау мәселесінде ешқандай оң өзгеріс болмағанын айтады.
«Өзгерістер ретінде «Балалар құқығы туралы» заңның 6-бабында «кибербуллинг» деген ұғымның пайда болуы, өңірлердегі бала құқығы бойынша омбудсмен қызметінің тағайындалғанын айтуға болады. Бірақ заңға енгізілген өзгерістер – Қазақстан азаматтарының интернеттегі сөз бостандығын шектеу арқылы мемлекеттік биліктің медианы бақылауға алу мақсатымен жасалған дүние. Ол бала құқығын қорғауға арналмаған. Себебі барлық дамыған мемлекеттерде кибербулингпен күресте мұндай әдіс қолданылмайды. Балаға онлайн платформада қандай да буллинг жасалса, мемлекет ол платформаны бұғат­таумен емес, сол буллинг жасаған адамды табумен, жазалаумен, тәрбиелеу-ақпарат­тан­дыру жұмысымен айналысуы керек», – дейді заңгер.
Сонымен қатар Әйгерім Құсайынқызы Қазақстанда баланы адами капитал ретінде емес, демографияның көрсеткіші ретінде көру үрдісі басым екенін айтады. Маманның айтуынша, Қазақстан бала құқығы саласындағы Вашингтон конвенциясына, одан басқа да барлық құжаттарға қосылғанымен, елдегі балаға қарсы жасалатын зорлық-зомбылық, педофилия деңгейі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жетім балалардың әлеуметтік қамтылу жағдайы, мектептегі буллинг, кибербуллинг жағдайлары бойынша көрсеткіштер жақсармаған. 
«Себебі баланы Қазақстанның қандай да бір халықаралық құжаттарға қосылуы емес, қоғамның балаға деген көзқарасы бақытты етеді. Мысалы, Қазақстанда жүргізілген бірнеше зерттеулерге сәйкес, ата-аналардың 70%-ға жуығы балаға күш қолданады немесе оған жеку, дауыс көтеру, эмоционалдық түрде қорлық көрсетеді. Өте қорқынышты сан. Ата-анасы балаға күш қолдануды ақтайтын қоғамда баланың бақыты туралы айту мүлдем күлкілі», – дейді құқық маманы.
Сонымен қатар маман бала құқығын сақтау, оның дені сау, толыққанды азамат болып қалыптасуы ата-ананың да, мемлекеттің де міндетіне кіретінін атап өтті. 
«Қоғамда қандай да бір конфликт туын­дағанда үнемі ата-анасын кінәлауға дайын тұрамыз. Мәселенің тамыры тереңде екенін түсінуіміз керек. Бала құқығы дегеніміз – баланы тек қана физиологиялық қажетті­лік­терімен қамтамасыз ету ғана емес, сол баланың психологиялық жағдайын жасау, денсаулығын күту, дені сау толыққанды адам болып қалыптасуына барлық жағдайды жасау. Балалар уақытының басым бөлігін мектепте, балабақшада өткізетіндіктен, бала құқығын қорғауды балабақша тәрбиешілері мен мектеп мұғалімдерінен бастауымыз керек. Олар бала құқығы туралы конвенциямен танысқан ба? Мүмкін мұғалімнің өзі балаға буллинг жасайтын шығар. Осындай мәселелер ортаға өте көп салынуы керек, желіде айтылып, медиа көбірек жариялауы керек. Себебі Қазақстанда болып жатқан буллинг тек қана Қазақстанға тән дүние емес, бүкіл әлемде бар проблема. Бала құқығын қорғаймыз деп адам құқығына қайшы дүниелерді қолданбауымыз керек. Бала құқығын адам құқығынан бөліп қарастыруға болмайды», – дейді Әйгерім Құсайынқызы.


 

746 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы