• Қоғам
  • 19 Қаңтар, 2023

ҰЛТТЫҢ ҰЯТЫ САНДА МА, САПАДА МА?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ 
«Ana tili»

Жаһандану кез келген ұлтқа қатерін төндіреді. Егер ол ұлттың иммунитеті мықты бола алмаса. Әрине, адам баласының өзгеруіне қоршаған орта әсер етуі мүмкін. Бірақ ұлтты ұлт ретінде оның ұяты, құндылығы ғана сақтап қала алады. Осы ретте біздің  жүзіміз үнемі намыстан қайралып, ұятымыз кез  келген істе көрініп жүр ме? Мәселе сонда. 

ҰЛТТЫҢ ҰЯТЫ

Қазақтың «ұят болады» деген сөзінің астарында көп ой жатыр.Қазақтың философиялық өмір сүру салты ұятқа негізделетінін ескерсек, бүгінгі таңда біз сол асыл қасиетті сақтап жүрміз бе? Сақтап қала алдық па? Бір ғана өткен аптада болған оқиға бүкіл қазақты жерге қарата жаздады. Айтуға да ұят, намысың келеді, лифтіде аймаласып сүйіскен екі жігітті біз жыға танымасақ та, аты-жөнін түстей жаздадық. Мәселенің мәнісінің өте ұят екенін түсіндік. Бірақ олардың кім екенін білмей жатып, неге фамилиясын атап жібердік? Неге әлеуметтік желіде, бүкіл қазақ баласының жеке чаттары мен ватсабында бұл оғаш қылық көрсеткен екеу «ел аралап» кете бар-ды? Намысы өртенген екеу енді қайтіп өмір сүрмек? Олардың да ата-анасы, ағайын-туысы, дос-жараны, ұл-қызы бар емес пе? Біз осыны ойладық па? Жерден жеті қоян тапқандай, «олар пәленше екен» деп бір министрліктікте қызмет істейтін, өте жоғары лауазымы бар екі жігіттің суретін жарыса жарияладық. Мәселенің ақ-қарасын енді сот анықтайды. Ал о баста сол анықталмаған суретті жариялаған кім? Енді соттың алғашқы сауалы осыған барып тірелетін болады. Мейлі, ол біздің елден емес шығар. Бірақ оларды біздің екі вице-министрге ұқсатып, суретін жариялап жібергенде не ұттық? Мәселенің анық-қанығын білмей жатып, біреуді кінәлі ету бүгінгі қоғамның деңгейінің қаншалықты дәрежеде екенін көрсеткендей. Бүкіл ұлтты жазғыру орынсыз шығар. Бірақ біреуді жамандасақ, біз неге оны іске алғысыз етіп, қаралап, жерге тастап жібереміз? Қазақтың «ұят боладысының» астарында ұлттың асыл қасиеті жатқанын көп жағдайда таразыға сала бермейміз.

Ашығын айтайық, қазір әлеуметтік желі әлеуметтің ашық ойын айтатын саяси алаңына айналды. Бірақ мұнда мақтау да, даттау да, кейде белгілі бір тұлғаға астарлап жағымпаздану да көзі ашық, таразылап қараған адамға анық көрініп тұрады. «Жалданып жұмыс істейтіндер» туралы әңгіме айтудың өзі де ұят. Биліктің сойылын соғатындар да, оппозицияны біржақты етіп жамандайтындар да, тіпті белгілі бір тұлғаны ақтап алу мен іске алғысыз ету, бәрі, бәрі де бар. Осыдан 10-15 жыл бұрын журналистер саясаттанушылардың көзқарасын беріп, белгілі бір саяси оқиғаны солардың көзқарасы арқылы таразылап, елеп-екшейтін. Қазір олай емес. Әлеуметтік желіде екінің бірі – саясаткер. Әрине, әркімнің пікірін айтуға құқы бар шығар. Алайда бүкіл мәселені өз көзқарасымен өлшеу арқылы жалпақ жұртқа оны таңа беруге болмайды.

Ұялмаймыз. Қазақ баласының намысын келтіретін оқиғалар бар. Амал жоқ, тағы да әлеуметтік желідегі оқиғаны сөз етеміз ғой. Өткен аптада украин блогерінің қазақ баласымен сөйлескен видеосы жарияланды. Өз тілін білмейтін қазақтың ұлы. Бала «пятница» деген сөздің қазақшасы жұма екенін де білмейді. Айта алмай тұр.Намысың келе ме? Келеді. Ұяттан өрттей болып қызардық па? Иә. Бұл – ата-ананың кінәсі. Баланың кінәсі. Қазақ тілінің мәртебесін арттырмай, осындай ұятты жағдайға жеткізген биліктің кінәсі бұл. Біз кеше 70 жыл бойы қазақты орысша сөйлеткен Кеңес Одағын кінәлап келдік. Ал бүгін ше? Тәуелсіздік алдық. 30 жылдан бері әлі де тілімізді төрге шығара алмай келеміз. Папаның – әке, маманың – шеше екендігін білмей тұрған ұл мен қыздан ертең дүбәра ұрпақ туса, сонда кімді кінәлаймыз?

– Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құнды­лықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден бас-талады, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Рас, бұл пікірді қуана құптаймыз. Бірақ «әкеңді білмеген ештеңе емес, қаптаған халықтың ішінен ұлтыңды білмеген не деген сұмдық!». Бұл ақын Қадыр Мырза Әлінің сөзі. Қазақша бір сөзді білмеген және оны түсінбеген адам ұлттың ұятын, ұлттың құндылықтарын сақтай ала ма?

Мақаш Тәтімов өмірден өткенге дейін «қазақтың санын көбейтсек» деп армандап кетті. «Біздің халқымыз үшін демографиялық майдан – ең шешуші ұлттық майдан. Осы басты майданда жеңсек – ертең саясатта да, экономикада да, тіл мен ділде, мәдениет пен дінде, салт-дәстүрде де біржола жеңіп шығамыз. Дербестігіміз – демографияда». Рас шығар. Бірақ «жұманың» не сөз екенін ұғына алмай тұрған ұлдан не үміт күтеміз? Қазақтың ұяты санда ма, сапада ма? Демографиялық өсім керек, бірақ ұлттың ұяты мен сапасы да жақсаруы тиіс қой.

Бізді үштілділік құртты. Білім ми­нистрі болған Сағадиевтер білім жүйе­сіне үштілділікті ендіре жаздады. Соның зардабынан 2016 жыл­дардан бастап, баласын орыс мек­те­біне мәжбүрлеп сүйреген ата-аналар көбейді. Біз мұның зардабын әлі де тар­тамыз. Не­гізі әңгіме биліктің байыр­ғы ұлтқа қа­тысты дұрыс ұтымды идео­логия жүргізуіне келіп тіреліп тұр ғой.

 

ҰЛТ ПЕН ҰЛТШЫЛДЫҚ

Әлемде тәуелсіздігі үшін тіресіп, дербестігін аңсап жүрген елдер бар. Әрине, «олардың барлығы да тәуелсіздігін алуы керек» деп, қазір біржола тұжырым жасау ерте. Ал олардың күрескерлігі ұлтшылдық па, ұлтжандылық па? Бұл әлемде жүргізіліп отырған саясатқа, геосаяи жағдайларға байланысты. Бірақ қалай айтқанда да, аз ұлттардың өз құндылығы бағалануы керек. Ал бізге тәуелсіздігімізді баянды ету қажет. Бірақ ұлтжандылықтан кейбіреулер неге қорқады? Қазақтың ұлтжандылығы мен ұлтшылдығының мән -мағынасында не жатыр?

Осыдан 7 жыл бұрынғы сұхбатында қайраткер азамат Дос Көшімнің былай дегені бар. Ұлтжанды азаматтың бұл пікірі қазір де маңызды.

–Кейде ұлтшылдық пен патрио­тизмді қатар қойғысы келетіндер де бар. Меніңше, бұл екі ұғымның мағыналары екі түрлі. Патриотизм – жеке адамның өзі азамат болып тұрған еліне деген қатынасы, байланысы жағынан бағаланатын мемлекеттік идеология болса, ұлтшылдық – сол ұлттың мемлекеті болмаса да өмір сүре береді.

Барлық зерттеушілер ұлтшыл­дықтың екі түрін көрсетеді. Біріншісі – басқаларға үстемдік жүргізуші ұлттың ұлтшылдығы, екіншісі – басқа елдің қоластындағы ұлттың еркіндік үшін күресудегі ұлтшылдығы. Қазақ ұлтшылдығы өмір бойы өзін қорғау, ұлттық құндылықтарын сақтап қалу бағытындағы ұлтшылдық болып келді. Қазіргі қазақ ұлтшылдығы да қарсыластарының жапқан жаласы мен ойдан шығарған өсектеріне қарамастан осы бағытта қалдық. Бұл – қазақ ұлтшылдығының өзіндік ерекшелігі. Басқа ұлттарға үлгі болар­лық ерекшелігі.

Қазақ халқы өзінің аз ғана ғасыр­лық тарихында ұлтшылдықтың үш кезеңінен өтті. Оның біріншісі – қазақтың халық болып қалыптасу кезеңі. Мен тарихшы емеспін, бірақ бұл кезеңнің жылнамасы – «Батырлар жыры» деп білемін. Ұлтшыл­дықтың екінші кезеңі – жоңғар шап­қыншылығынан басталып, кешегі тәуелсіздікке дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл – басқа елдің бодандығына қарсы күрес жылдары мен бодандықтан азат болу жолындағы ұлт-азаттық күресі. Ұлт ретінде сақталып қалу күресі екі ғасырға созылды. Ал 20-ғасырдың басынан басталып, «Алаштың» сая­си күресіне ұласқан үшінші кезең – қазақ ұлтының жеке мемлекетін құру жолындағы күрес кезеңі болды. Бұл кезең 1991 жылға дейін созылды. Бұлардың барлығы басқа ұлттардың да тарихында болған кезеңдер. Алайда Қазақстанда осылардан басқа тағы бір кезең – көп елдерде жоқ, ерекше ұлтшылдық бар сияқты. Ол – тәуелсіздік алған халықтың өзінің ұлттық құндылықтарды қайтару, ұлттық мемлекетін құру кезеңі, – деді Дос Көшім.

Біз үшін қазір ең маңызды мақсат – тәуелсіздігіңді қорғау, қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету. Ұятты, ұлттық құндылықтарды қайтару. Жаһандық қауіптен қазақты ұлттық салт-сана, дәстүр, әдет-ғұрып пен ұят қана сақтап қала алады.

Біз ұят туралы әңгімені бекер қозғап отырған жоқпыз. Қазақстанның халқы жас. Сондықтан жас ұрпаққа саналы тәрбие беруіміз керек. Саналы ұрпақтан сапалы қазақ шығады. Әрине, қазақтың жас өскіні қаулап өсіп келеді. Қуанатын ең үлкен нәрсе, Қазақстанның – халқы өте жас. Еліміздегі 18 жасқа толмаған балалардың саны – 6,5 миллион. Ал 30 жасқа дейінгілер халық санының 60 пайызынан асып отыр. Ал Қазақстан халқының саны жыл аяғында 20 миллионға жетуі мүмкін. Бізге демографиялық өсім, яғни санымыздың көбейгені де керек. Ұят болмасын, сапа да керек.

 

797 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы