• Қоғам
  • 19 Қаңтар, 2023

СЕНІМДІ ӘРІ БАСТЫ СЕРІКТЕС

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі «Әл-Уатан» сарайын-да өтті. Мемлекет басшысының құрметіне  21 рет зеңбіректен оқ атылып, Қазақстанның Әнұраны орындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян бір-біріне ілтипат білдіріп, Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Президенттер екі елдің ресми делегация мүшелерін таныстырғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін екі ел басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз  жүргізді.

 

Мемлекет басшысы құрмет көрсеткені үшін шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға алғыс айтты. Сондай-ақ биыл шетелге алғашқы ресми сапары Біріккен Араб Әмірліктерінен басталып отырғанын атап өтіп, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуда бұл сапардың маңызы зор екеніне назар аударды.

– Әмірліктер – ислам және араб әлеміндегі біздің сенімді әрі басты стра­тегиялық серіктесіміз. Сіздің еліңіз тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанға қолдау көрсетіп келеді. Қазақ халқы мұны ешқашан ұмытпайды. Әсіресе, елордамызды көркейтуге Араб Әмірліктері зор үлес қосты. Бұл – шынайы достықтың айқын көрінісі, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақ­стан мен БАӘ арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын еске салды. Сонымен бірге осы кезеңде түрлі саладағы ынтымақтастық нығая түскенін, екі ел арасында мазмұнды әрі ашық саяси диалог орнағанын атап өтті. 

– Екі елдің қарым-қатынасында түрлі салада жетістіктер аз емес. Дегенмен екі мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді. Осы сәтті пайдаланып, Сізге зор алғысымды білдіремін, – деді Президент.

Өз кезегінде Біріккен Араб Әмірлік­терінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян  1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғаннан бері екі елдің ынтымақтастығы жоғары деңгейге көтерілгеніне тоқталып, Қазақстанмен саяси және экономикалық байланыстар аясын кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.

– Елдеріміздің энергетика, ғарыш, технология, сауда салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті жоғары деп санаймыз. Осы сапар барысында жаңартылатын энергия саласында маңызды құжаттарға қол қойылды. Келісілген жобалардың толыққанды жүзеге асатынына зор үміт артамын. Елдеріміздің ауаға таралатын көміртегі мөлшерін азайту жөніндегі жоспарлары да ұқсас. Біріккен Араб Әмірліктері көміртегі бейтараптығына  2050 жылға дейін жетуді жоспарласа, Қазақстан бұл мақсатты 2060 жылға дейін орындауды көздеп отыр. Бұл – біздің болашақ ұрпақ үшін өте маңызды мәселе, – деді Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті.

Келіссөз барысында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың  басым бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, тараптар жаңартылатын энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы, тау-кен, көлік-логистика, құрылыс-девелопмент және халықаралық қаржы орталықтары арасындағы ынтымақтастық сынды перспективалы салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаласты.

Екіжақты ынтымақтастықтың басқа да басым бағыттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен  Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның Бірлескен мәлімдемесінде жарияланды.

Ресми сапар аясында  9 құжатқа қол қойылды.

ЕРКІН ҚАЛДАН

 

760 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы