• Руханият
  • 19 Қаңтар, 2023

ӨТКЕННЕН ДЕ СҰРАЙМЫН, КЕТКЕННЕН ДЕ...

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

Ұлт үшін ең басты құндылықтардың бірі – амандық болар-ау деп ойлаймыз. Болашаққа ұлттың аманаты жетуі үшін де оның өзі аман қалуы маңызды емес пе? Осынау бір ұлы міндетті қазақ қара өлеңге сыйғыза салған: «Өткеннен де сұраймын, кеткеннен де, ауылы қалқатайдың аман ба деп»... Аман болса қалғанының бәрі де дұрыс деп сенгені ғой. Бүгінгі қазақтың амандығы да кейінгіге керек.

Жыл сайын ғаламтордан жойылған ұлттардың тізімін оқимыз. Тірілердің тізімінде тұрғанымызға шүкір айтып, амандықтың қадірін сонда тағы түсінеміз. Жойылған ұлт демекші, ұлтпен бірге тіл де тарих қойнауында қалады.

Бұл орайда БҰҰ Бас Ассамблеясы 2022–2032 жылдарды «Әлемдегі жергілікті тілдердің халықаралық онжылдығы» деп жариялағаны бар еді. Онжылды жариялау арқылы жергілікті тілдердің жойылу қаупіне әлемдік қауымдастықтың назарын аударғысы және тілдерді сақтау мен жаңғырту үшін ресурстарды жұмылдырғысы келген.

Осы орайда ЮНЕСКО-ның бас директоры Одри Азуле «адамды адам ететін – тіл. Адамдарға өз тілінде сөйлеу кепілдігі берілмесе, бұл ойлау, пікір және сөз бостандығын, сондай-ақ құқықтар мен мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуді шектейді», – деген еді.

Иә, өз тілінде сөйлеу мен тілін дамыту кепілдігі жойылу алдындағы емес, кез келген ұлт үшін маңызды.

 Біріккен Ұлттар Ұйымы байырғы халықтардың тілдері бүкіл әлемдік қауымдастықтың тіршілігі үшін өте маңызды екенін ұдайы айтып жүр. Өйткені әрбір байырғы тілде қоршаған орта мен мәдениетаралық коммуникациялар туралы дәстүрлі білімнің қайнар көзі бар екені түсінікті.

Біз мәселен, жылқының түсіне қатысты сөз көп екенін мақтан етеміз. Күні суық Сібір халықтарында қардың аспаннан жерге жеткенге дейінгі сәтін сипаттайтын теңеу көп екен. Ал тау халқында тастың түрін сипаттайтын сөз жетерлік. Демек, жойылсын, жойылмасын әр тілдің өз реңкі бар. Демек, амандық барлық ұлтқа, барлық тілге керек.  

БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының төрағасы Чаба Кереши: «Әр екі апта сайын жергілікті тілдердің бірі жоғалады. Бұл бізді алаңдатуы керек, өйткені америкалық лингвист Майкл Краусс айтқандай, тіл жоғалып кетсе, бұл Луврға бомба тастағанмен бірдей», – деген еді. Чаба Кереши сөз сөйлеген жиында әлем тілдерінің 40 пайызының жойылып кету қаупі төніп тұрғаны айтылып, оларды сақтауға, соның ішінде ана тілінде білім беру бағдарламаларын кеңейтуге қатысты мәселе де көтерілді. Мексиканың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Тұрақты өкілі Хуан Рамон де ла Фуэнте: «Байырғы халықтар әлем халқының шамамен бес пайызын құрайды және әлемдегі шамамен жеті мың тілдің 60 пайызында сөйлейді. Әрбір жергілікті тіл – дәстүрлі білімнің қоймасы. Тіл – жай сөзден көп нәрсе. Тіл ұлт пен халықтардың ұжымдық рухының мәні», – деген сөзге алып-қосарымыз жоқ. Тіл ұлттың тарихын, мәдениеті мен дәстүрін сақтайды, демек ұлт амандығының кепілі. Бірақ әлемдегі көп тіл, әсіресе байырғы ұлттардың тілі «зымырандық жылдамдықпен» жойылып бара жатқаны да рас. Тарихтың парағында қалып қоюдың кезегі одан кейін басқа қай ұлттарға келетінін ойласаң да тұла бойың түршігеді...

Аман болайық...

1112 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы