• Тіл
  • 19 Қаңтар, 2023

ТІЛІНЕН АЙЫРЫЛҒАН ЖҰРТ – ЖОЙЫЛҒАН ЖҰРТ

Қазақ елінің үлкен қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедұлының сөзін тақырыпқа шығаруымыздың бір себебі – біз тілімізден айырылмайтынымызға, яғни жойылмайтынымызға сенеміз. Алайда қазір көп дүние сеніммен ғана шектеле ме? Яғни бұл сөзді тақырып етіп алуымыздың екінші себебі – тіл мен жойылып кетпеудің бүгінгі жауапкершілігі өзімізде екенін түсінсек дейміз.

Қазақ тілінің қаймағы бұзыл­мауына өзіміз мүдделіміз ғой, оны айтпаса да түсінікті. Алайда жаһандану мен сөздік қолданы­сымызға күніге енетін жаңа сөздер қатары тіл аясын байыта ма, әлде тіл дамуына тұсау ма? Осы күні шетелдік сөз көбейді, оның аударылғаны бар, аударылмай, сол қалпында тілімізге енгені бар: терминжасамның мәселесі бізді қаншалықты алаңдатады? Иә, біз пікірін берген мамандардың сөзіне келісуге де, келіспеуге де болар. Бірақ бір нәрсе анық, сол саланың қазанында қайнап жүрген маман сөзіне құлақ асу, осы тақырыпты індете зерттеп, болашағын болжай алатын тұлғаның айтқанын кәдеге жарату да маңызды.   

«…Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жолбасшы болады. Оқығандар өзіне ылайық әдебиет тілі деген тіл түзейді.

Түзеген жаңа тілін ел ішіне жая бастайды, көбіне зорлап кіргізеді. Әдебиет тілі дұрыстап түзелмесе, қара тілдің затымен жүрмесе, әдебиет тілі көп бұқараға түсініксіз жат тіл болады, елге сіңбейді. Сондықтан жер жүзіндегі жұрттың көбі әдебиет тілін қара тілге жақын қылып, елге түсінікті қылуға тырысады» дейді Х.Досмұхамедұлы.

Ендеше елдің тілін бұзушы болмай, түзеушілердің қатарынан көріну де бүгінгінің бір ісі.

Халел Досмұхамедұлының «Жат сөздерді қолданғанда, тіліміздің заңымен өзгертіп тілімізге ылайықтап алу қажет. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер, дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады» деген сөзі де әлі күнге өзекті. Күніге бірнеше жаңа сөз қатары толығып жататын осы күні оның қазақ тілінде қолдану ерекшелігін, шартын, ережесін анықтап, зерттеп білудің де маңызы арта түскен. Ендеше осы күні тілге енген терминдер санын анықтап, жазылу, айтылу ережесін де қаттап, көпшілікке таныстырып отыру мәселесі де бар екенін ұмытпайық. Терминдер қазақ сөзін ғана емес, қазақы тілдің дыбысталу ерекшелігін де өзгертіп жіберуге қабілетті. Сырттан енген сөздердің қазақы мәнерде дұрыс айтылуы да талқылануға тиіс тақырып. «Бір сөздің ішінде жуан- жіңішке айтылатын дыбыстар аралас келмейді. Сондықтан бір сөздің ішінде бір жағынан «қ», «ғ» екінші жағынан «к», «г», «е» дыбыстары кірмесін. Жуан сөздерге жіңішке жалғаулар, жіңішке сөздерге жуан жалғаулар жалғанбасын» деген Халел Досмұхамедовтың сөзіне алып-қосарымыз бүгінгі термин мәселесі де ғалымдар тарапынан ерекше талданып, сараланып отырса дейміз. Әрине, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанына күмән жоқ. Сол жұмыстардың ерекшелігі мен қиындығын да оқырманға жеткізіп отыру біздің мақсат болса керек-ті. Осы орайда терминдердің қатары қалай толығып жатыр, терминдерді жазуда, айтуда, оқуда нені ескерген дұрыс, қандай мәселе өзекті деген тақырып төңірегінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қызметкерлерінен сөз сұраған едік. Сөзіміздің басында айтқанымыздай, олардың айтқан пікірімен біреу келісер, біреу келіспес. Алайда, осы саланың маманы айтқан сөз әбден екшелген, зерттелген, сарапталған сөз болғандықтан, құлақ қою сауап­ты іс...

 

Ақмарал БИСЕНҒАЛИ,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, 
Терминология орталығының ғылыми қызметкері, PhD:

ТІЛІМІЗДІҢ ТӨЛ ТҮБІРІН САҚТАУ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

 

Кез келген тілдің лексикалық қорына басқа тілдерден сөздің енуі – заңды құбылыс. Бұл үдеріс әсіресе, ғылым мен техника қарқынды дамып, олардың бұқаралық ақпарат құралдары, ғаламтор және адам қызметінің барлық салаларын қамтыған XXI ғасырда қарқынды белең алып отыр.

Қазіргі жағдайдағы жаһандану үдерісіне байланысты шет тілдерде пайда болған терминдер бұрын тілімізге орыс тілі арқылы қабылданса, қазіргі кезде жаңа сөздер ағылшын тілінен көптеп еніп жатыр. Мұны көру үшін баспасөзге көз жүгіртейік: Одан әрі іс-шара «Медиа­менеджменттің жаһандық өзгерістерге ұшырауы жағдайында ақпараттық интеграция» және «Отандық продакшн индустриясының даму эволюциясы: жаңа трендтер мен бейне өнім тенденциялары» тақырыбындағы пікірталас алаңында жалғасын тапты (Ана тілі, 08.10.2015); Аумағы 70 гектардан асатын университеттік кампус аймағын тазарту және жинау жұмысына аталмыш оқу орнының басшылығы, оқытушылар құрамы мен студенттер, қызметкерлер – барлығы 17 мыңнан астам адам қатысты (Егемен Қазақстан, 19.04.2012); Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойлық эмблемасының (логотип) үздік эскиздік жобасына байқау жарияланды (Алматы ақшамы, 10.11.2014).

Сонымен қатар қазіргі кезде кейбір БАҚ-тарда ономастикалық атауларды, брендтік аталымдарды және т.б. тікелей ағылшын тілінде жазу жайттары байқалады. Мысалы: Астанада «World snow day» қар фестивалі өтті (Егемен Қазақстан, 16.01.2023); Бұл туралы ақпарат «Elmedia» Telegram-арнасында жарияланды (Жас Алаш, 16.01.2023); Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Instagram парақшасына келіп түскен сұрақтардың біріне жауап берді (Айқын, 14.01.2023).

Бір қарағанда, бұл үдерістер тілімізді жаңа атаулармен, жаңа терминдермен байытатындай көрінуі мүмкін. Алайда шет тілдік терминдердің орыс тілі арқылы немесе шет тілден сол қалпында алынуы тіліміздің иммунитетін әлсіретіп, лексикалық қорымызды жаулап алуы мүмкін деген қауіп бар. Қазіргі таңда туыстас түрік тілі тап болып отырған үлкен мәселе – жаңа сөздерді тұп-тура ағылшын тіліндегі формасымен жазу үрдісі бізге де келмейтініне кім кепіл?! Қазақ әліпбиі латынграфикалы жаңа қаріпке көшкенде бұл мәселенің күрделене түсетіні анық.

Сондықтан қолымыздан келгенше, жаңа сөздерді тіліміздің төл түбірлерінен жасалған сөздермен атау – өзекті мәселе. Бұл жұмыстар шұғыл әрі жоспарлы, қарқынды түрде жасалуы қажет. Өйткені ғылым мен техника саласынан күнделікті сөйлеу тіліне, содан кейін ғылыми, көркем әдебиет тіліне сіңіп кететін жаңа сөздер аз уақытта қазақ тілінің ішкі құрылысын одан әрі бұза түсетіні анық.

 

Жарас ЕСКЕНДІР, А.Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институтының қызметкері:

ЖАТ СӨЗДЕРДІ ТІЛІМІЗДІҢ ЗАҢЫНА ЛАЙЫҚТАСАҚ...

Жас ғалым ретінде елімізде мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану өрісін арттыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға оң баға бергім келеді. Кеңестік идеология мен саяси мүдде орыстың танымы, көзқарастары, түсінігі кирилл графикасы арқылы санамызға еніп, орыстандыру саясаты тіл арқылы жүзеге асырылып келді. Бүгінде әліпбиімізді латын қарпіне көшіріп, тілімізді қайта жаңғыру іс-шаралары жасалып жатыр. Осы ретте әліпбиімізден ц, щ, э, ь, ъ, ю, я әріптерін алып тастау тіліміздің ұлттық сипат ала бас­тауына, яғни жазуды жаңғырту арқылы ұрпағымыздың бойына отаншылдық, ұлттық тәрбиемізді бойына сіңіріп, мемлекетіміздің және ұлтымыздың жоғалмай мәңгі өмір сүруіне жол ашады деп санаймыз.

Тіліміздің дамуына Мемлекет бас­шы­сының тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп отыр. Мемлекет басшысының арнайы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры А.Фазылжанованы Ақордада жеке қабылдап, тілдің жай-күйін анықтап, қолдау білдіруі, қазақ тіл білімінің қара шаңырағына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың келіп, қазақ тіл білімінің бүгінгі жай-күйін анықтап, ары қарай дамуының жолдарын жоспарлауы – осының айғағы. Жыл сайын білікті тіл мамандары ұсынған жобаларды қабылдап, мемлекеттік бюджеттен қаражат бөліп отыруы тілге бей-жай қарамауынан деп есептеймін.

Тіліміздегі күрделі саланың бірі – терминология мәселелерімен тек тіл ғалымдары ғана айналысып қоймауы қажет. Себебі терминология тек тіл ғылымының ғана мәселесі емес. Әр терминнің белгілі бір атқаратын қызметі және мағынасы болады. Ол қызметті сол сала мамандары жақсы біледі. Тіл мамандары әр түрлі ғылым салаларының мамандарымен бірлесе жұмыс атқарса, өнімді нәтиже болар еді деп есептеймін.

Кезінде Х.Досмұхамедов «жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзімізге лайықтап алу қажет» деген. Ал қазір шетел сөздерін игеру һәм қазақ сөздігіне қосу жұмыстары осыған сай толықтай болмаса да, жеткілікті дәрежеде жүргізіліп жатыр. Мысалы, «smokiñ» (смокинг) терминіндегі «нг» дыбыстық тіркесі қазақ тілінде сөз соңы ұяң дауыссызға аяқталмайтындықтан, «ң» болып, «mach» (мач) терминіндегі «тч» дыбыстық тіркесі қазақ тілінде жоқ болғандықтан, «ч» болып өзгерген. Сол сияқты жаңа емледе «aktór» (актөр), «element» (елемент), «parashút» (парашүт) сияқты кірме терминдердегі төл дыбыстарымызды көруге болады. Ондай мысал көп. Бұның өзінен осы бағытта жұмыстар жасалып жатқанын байқаймыз. Осылай жалғасып, жазу нормасына енсе, тіліміздің өз заңдылығы сақталады деп сенемін.

 

Қуатбек ДҮЙСЕН, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Әлеуметтік лингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері:

САЛАЛЫҚ ЗАҢДАРДА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МҮДДЕСІН ҚАРАСТЫРАТЫН БАП ЖОҚ

Қазақ тілінің мүддесі білім беру саласы, соның ішінде мектепке дейінгі, бастауыш және орта білім деңгейінде жақсы қорғалған. Алайда қазір тіл мәселесі мектептен тыс, яғни қоғамдық қарым-қатынаста өзекті болып тұрғанын байқаймыз. Мәселен, еңбек қатынастарын реттейтін заңдар мен заңнамалық актілерде мемлекеттік тілдің мүдделерін қарастыратын баптар жоқ. Бұл жағдай, өкінішке қарай, еңбек нарығында теңсіздіктер туындатып жатыр. Осы ретте мемлекет тарапынан еңбек қатынастарын реттейтін заңдар мен заңнамалық актілерде мемлекеттік тіл мүдделерін белгілеп, қазақтілді азаматтардың ана тілінде еңбек ету құқығын қорғайтын толықтырулар енгізсе, Қазақ тілінің қолданыс ауқымы кеңейе түсуіне әжептәуір демеу болар еді.

Қазақ тіліне технология қаржы саласынан еніп жатыр. Бұл Қазақстанда жүріп жатқан цифрландыру үдерісімен және қалың бұқара арасында қаржы құралдарының кең таңдауымен тығыз байланысты. Сонымен қатар алдағы уақытта бұл үдеріс сақталады деп болжап отырмыз. Соның арқасында тіліміздің сөздік қоры жаңа терминдер мен ұғымдарға байи түседі, қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігі арта түседі деген ойдамыз.

 

 

1169 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы