• Руханият
  • 26 Қаңтар, 2023

СЮЦАЙ ЖҮЙЕСІ – ШАРИҒАТЫМЫЗҒА ҚАЙШЫ

Сюцай – раджа-йога философиясына негізделген нумерологияның бір түрі. Бұл жүйенің сенімінде адам өміріндегі белгілі сандар (туған күні, неке қиған кезі т.б.) бір планета энергиясымен тығыз байланыста болады. Сандарда адамның мінезі, қабілеті, өмірге келген мақсаты, болашақта орын алатын оқиғалары қамтылған. Егер сандар энергияға сәйкес келсе, өмірі жақсы, ал сәйкес келмесе, келеңсіз жағдайлар орын алуы мүмкін. Сюцай адамдардың тағдырын өзгертеді деп сенеді. Бұған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Ғұламалар кеңесі өз пікірін білдірді.

Діни басқарманың айтуынша, бұл жүйемен шұғыл­дану шариғатымызға қайшы. Себебі, адамның тағдырын сандарға байлап, оның жағымды немесе кері әсері бар деп сендіру.Мұндай нанымның нәтижесінде адамның Аллаға емес, сандарға сенімі артады. Дінімізде мұндай сандар болжамына сеніп, Алланың құдіретіне, тағдыры­на шәк келтіру – үлкен күнә. Ислам сенімі бойынша әлемдегі барлық құбылыстар, өзгерістер Алла Тағаланың қалауымен ғана жүзеге асады. Сонымен қатар тағдырды, болашақты Алладан басқа ешкім білмейді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғайыптың кілті бесеу деп, оның бірі ретінде ертеңгі күні не болатынын бір Алладан басқа ешкім білмейтінін атап өткен. 

Шариғатымызда пал аштыру және жұлдызнамаға сену – харам.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім балгерге, сиқыршыға, не сәуегейге барып бір нәрсе сұрап, оның айтқандарын растаса, онда ол Мұхаммедке түскен нәрсеге күпірлік еткен болады», – деген.

Әбу Жағфар әл-Уаррақ ат-Тахауи өзінің «Ақидату ат-Тахауия» атты кітабында әһлі суннаның сенімін бая-н­­­­­­­­­дап, былай дейді: «Біз ешқандай сәуегейді, көріпкелді және Құран мен сүннетке, сондай-ақ үмбеттің бірауызды пікіріне қайшы келетін нәрсені айтқандарды растамаймыз».

Имам Зәһаби: «Бұл дүниенің және оның тұрғындары мен таулары жоқ болатыны туралы үзілді-кесілді дәлелдер келген. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Оның қашан болатыны бір Алла ғана аян. Кім оны арифметикалық есеппен, нумерологиямен, пал ашу және осыған ұқсас істермен білемін десе ол – адасушылық», – дейді.

Осы және өзге де себептерге байланысты сюцай жүйесіне немесе соған ұқсас басқа да тылсым күштермен айналысуға, оларға жүгінуге шариғатымызда қатаң тыйым салынады. Сондықтан Сюцай жүйесінде сандар болжамына сеніп, Алланың құдіретіне шәк келтіру және адамның тағдырын болжау – харам.Мұсылман адам тағдырға иман келтіріп, жақсылық пен жамандықты бір Алладан деп сеніп, болашақты болжайтын түрлі наным-сенімдерден аулақ болуы тиіс.

682 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы